September 9, 2023

ӨНЕРКӘСІП ӨНІМДЕРІН КӨБЕЙТУ

Президент Шавкат Мирзияевтың төрағалығымен 8 сентябрь күні салалар мен аумақтарда өнеркәсіп өнімдерінің өндірісін арттыру іс-шаралары талқыланған бейнеселекторлық жиналыс өтті.

Экономикаға инвестиция құйылып, озық технологияларды белсенді тарту нәтижесінде сала дәйекті түрде дамып келеді. Биыл­ғы жылдың жеті айында елімізде өнеркәсіп өнімінің көлемі 5,7 па­йызға өсіп, 345 триллион сумға жетті. Бұл көрсеткіш электртехника өнеркәсібінде 46 пайызды, жеңіл автокөлік өнеркәсібінде 16 па­йызды, құрылыс материалдары өнеркәсібінде 12 пайызды, дайын киім-кешек өндірісінде 11 пайызды құрады.

Істер дұрыс жүріп жатқан жерлерде де өзгерістер болып жатыр. Атап айтсақ, өнеркәсіп көрсеткіші Бандихонда 45 пайыз, Китабта 19 пайыз, Қызырықта 18 пайыз, Кегейліде 14 пайыз өсті. Осындай 25 аудан мен қалада өнеркәсіп көлемі 10 пайыздан астамға көбейген.

Жалпы, жыл басынан бері елімізде 2 мың жаңа өнеркәсіптік жоба іске қосылып, жыл соңына дейін қосымша 1 триллион сумның өнімін шығаруға мүмкіндік туды.

Мысалы, “Пистали” алтын кенішіндегі жаңа металлургиялық комбинаттың мерзімінен бұрын іске қосылуына байланысты биыл қосымша 840 миллиард сумдық өнім өндірілмек. Зауыттағы 50 миллион долларға жуық құрал-жабдықтар өндірістік кооперация негізінде өзімізде жасалған.

Дегенмен, барлық сала мен аумақтарда мүмкіндіктер толық пайдаланылмай отыр. 34 аудан мен қалада өткен жылмен салыстырғанда өнеркәсіп өнімдерін өндіру көлемі төмендеген. Кейбір салаларда, соның ішінде фармацевтика, былғары-аяқ киім және тоқыма өнеркәсібінде өндіріс пен экспорт қарқыны төмендеді.

Жиналыста атап өтілгендей, саладағы жаңа мүмкіндіктер мен резервтерді анықтау үшін өңірлерге жұмысшы топтары жіберілді. Мәселен, Тошлоқ ауданында 23 кәсіпорынның қуатын қалпына келтіріп, 22 жаңа жобаны жеделдетіп, жыл соңына дейін қосымша 1 триллион сумның өнімін шығаруға болатыны анықталды.

Тағы бір мүмкіндік — аудандарда өндірістік кооперацияны кеңейтіп, импорттың орнын басатын өнім шығару.

Мәселен, Алмалық тау-кен металлургия комбинаты жергілікті өнеркәсіп кәсіпорындарымен ынтымақтастық орнатып, полимер, құйма қосалқы бөлшектер, химиялық реагенттер сынды 1 триллион сумның өнімін алып отыр. Мұндай мүмкіндіктер Әндіжан, Қашқадария, Науаи, Самарқант және Хорезмде де бар.

Өндіріс тұрақтылығындағы басты мәселелердің бірі — энергиямен қамтамасыз ету. Сондықтан Премьер-министрдің басшылығындағы комиссияға қосымша өндірісті ескере отырып, өңірлердің ай сайынғы энергетикалық балансын әзірлеу міндеті жүктелді. Өнеркәсіптік кәсіпорындарды алдын ала ескертпей электр қуатын тоқтату мүмкін еместігі қатаң айтылды.

Жыл соңына дейін 232 жергілікті өнеркәсіптік кәсіпорын өнім көлемін арттырып, 210 ірі өнеркәсіптік жобаны толықтай іске қосу қажет екені айтылды. Өнеркәсіп қорын тиімді пайдалану, шығынға батқан өнеркәсіп кәсіпорындарын қалпына келтіру, экспорттаушыларға көлік жағынан көмек көрсету бо­йынша тапсырмалар берілді.

Жиында сала басшылары мен облыс әкімдері жыл соңына дейін жоспарланған өндірістік және экспорттық көрсеткіштер, күзгі-қысқы маусымда өнеркәсіп кәсіпорындарын энергия ресурстарымен қамтамасыз ету шаралары туралы ақпарат берді.

ӨзА