July 12, 2023

ИНВЕСТИЦИЯЛАР ЖҰМЫЛДЫРУ БОЙЫНША ҚОСЫМША МІНДЕТТЕР БЕЛГІЛЕНДІ

Президент Шавкат Мирзияевтың төрағалығымен 11 июль күні инвестициялар тартуды одан әрі кеңейту жөніндегі іс-шараларды талқылау бойынша бейнеселектор жиналысы өтті.

Мемлекет басшысы сөзінің басында елімізде Президенттік сайлау жоғары деңгейде өткенін, бұл халқымызды ұлы мақсаттар жолында одан әрі бірлестіргенін атап өтті.

Ендігі міндет — белгіленген мақсаттарды кідіріссіз, бұрынғыға қарағанда көбірек қажырлылықпен орындау. Бүгін әлемдік қақтығыстар, қатал бәсекелестік дәуірінде, бұл оңай болмайды, әрине. Сауда және инвестициялар, тауарлар мен қызметтер айналымында көлік-логистикалық жүйе күрделене түсуде.

— Осындай ауыр жағдайда, адамдарымызға қолайлы жағдай жасау үшін біз жүз-мыңдаған табысы жоғары жұмыс орындарын ұйымдастырып, әлемдік нарықта бәсекеге түсе алатын өнімдер санын көбейтуіміз керек. Ал бұл үшін жаңа технологиялар, заманауи өндірістік қуаттар, білікті мамандар қажет, — деді Президент.

Сондықтан жиналыста салалар мен аумақтардағы инвестициялық көрсеткіштер, жобаларды іске асыру және жыл соңына дейінгі басым міндеттер талқыланды.

Үстіміздегі жылдың соңғы алты айында салаларда 3,6 миллиард доллар инвестиция игерілген. Әндіжан қаласы, Бұлақбашы, Ромитан, Ғалла­орол, Фарыш, Кармана, Давлат­абад, Чуст, Каттақорған, Сырдария аудандарының әрқайсысына 50 миллион доллардан астам тікелей инвестиция келген. Бұның есебінен бұл аудандарда жалпы 50 мың жаңа жұмыс орны және қосымша 1 триллион сум кіріс болды.

Бірақ кейбір аумақтар мен салаларда бұл көрсеткіш төмен, инвестициялық орта қанағаттанарлықсыз. Мұндай аудандар мен қалалардың әкімдері, министрлердің орынбасарлары, мемлекеттік кәсіпорындардың басшылары қызметінен босатылды, кейбіреулеріне сөгіс берілді.

Жиналыста инвестициялық бағдарламалардағы 1 мың 500 жобаны іске асыруды жеделдету және 12 миллиард доллардан астам шетелдік инвести­цияларды жұмылдыру бойынша қосымша міндеттер белгіленді.

Мемлекет басшысы әрбір сала мен аумаққа инвестициялар тарту, сондай-ақ жобаларды іске асыру бойынша нақты әрекеттер алгоритмін көрсетті.

Атап айтқанда, мемлекеттік инвестициялық бағдарлама шеңберінде құны 11,5 миллиард долларлық 272 ірі жобаны мерзімінен бұрын пайдалануға беру бойынша “жобалық” жұмыс ұйымдастырылатын болады. Мысалы, құрылысты жеделдету арқылы 29 жоба, ал жабдықтарды әкелу мен орнатуға көмектесу арқылы 49 жоба іске қосылуы мүмкін. Осының есебінен 700 миллион доллар инвестициялардың 2-3 ай бұрын игерілуіне қол жеткізіледі.

Осыған байланысты көлік министріне және еліміздің шетелдегі елшілеріне тапсырмалар берілді. Аумақтардағы жобалардың инфрақұрылымын қамтамасыз ету үшін көзделген 1,2 триллион сумға қосымша 100 миллион доллар бағытталатыны айтылды.

Салаларда 230 жоба шеңберінде 4,4 миллиард доллар, аймақтардағы 1 мың 200 жоба аясында 4,6 миллиард доллар тікелей шетелдік инвестицияларды игеру қажет. Бұл жобалар 3 санатқа бөлініп, олармен мекенді жұмыс істеледі. Яғни, ірі жобаларға облыс әкімінің инвестиция бойынша орынбасары, орта жобаларға аудан әкімі, шағын жобаларға аудан әкімінің инвестиция бойынша орынбасары жауапты болады. Бұл жүйені тиімді жолға қою және мәселелерді сол жерде шешу үшін әр аумаққа жауаптылар бекітілді.

Жиналыста ынтымақтас елдермен инвестициялық серіктестік нәтижелері де қаралды. Соңғы екі жылда Сауд Арабиясы, Франция, Венгрия, Сингапур, Египет, Германия, Қытай, Италия, Катар және басқа елдермен жоғары деңгейдегі кездесулерде көптеген келісімдерге қол жеткізілді.

Бұл ретте Венгрия, Пәкістан, Таиланд, Чехия және Жапониямен ынтымақтастықта оң өзгерістер байқалғаны, бұл елдерден инвестициялар тарту осы жылдың өзінде 450 миллион долларға өскені атап өтілді.

Қазір шетелдік келісімдер шеңберінде инвесторлармен жұмыс істеудің жаңа жүйесі құрылды. Оған сәйкес, Инвестициялар және сыртқы сауда министрлігінде “инвестициялық менеджер” лауазымы құрылады және тікелей министрге бағынады. Олар шетелдік инвесторлармен үнемі байланыста болады және қажетті мәселелерді шешіп отырады. Бұл жүйе негізінде істеп, биыл қосымша 3 миллиард долларлық инвестиция тартуға болатындығы айтылды.

Көптеген облыс, аудан және қалаларда қалыптастырылған инвестициялық жобалар бастапқы мүмкіндіктерге сәйкес келмейтіні көрсетілді. Атап айтқанда, соңғы екі айда өнеркәсібі төмен дамыған 60 ауданға консалтингтік компаниялар жұмылдырылып, 6,5 миллиард долларлық 2 мыңнан астам болашағы зор жобалар табылды. Бұл әр ауданда орта есеппен 110 миллион доллар инвестиция, жүздеген жұмыс орындары дегені.

Осыған орай, консалтингтік компаниялармен бірлесіп барлық аудандар мен қалаларда “зерттеу — өндіріс — енгізу” қағидаты бойынша жаңа жобаларды қалыптастыру міндеті қойылды. Оларды шетелдік инвесторларға таныстыру үшін жыл соңына дейін әрбір облыста инвестициялық форум өткізіледі.

Сонымен қатар, Үкімет комиссиясы экономикаға үлкен серпін беретін 97 ауқымды өнеркәсіптік жобаны дайындады. Олардың арқасында 6,7 миллиард доллар игеріліп, 3 миллиард долларлық өнімді өндірудің, 27 мыңнан астам жұмыс орнын жаратудың мүмкіндігі бар.

Үкімет комиссиясына осы жобаларды тезірек іске асыруға, шетелдік несиелерді тиімді пайдалануға тапсырмалар берілді.

Жиналыста талқыланған мәселелер бойынша Премьер-министрдің орынбасарлары, министрлер мен әкімдер есеп берді.

ӨзА