«Төл дауысынан айырылғандар». «Тори мен Локита» фильмі және субалтерн топтардың қасіреті
Автор: Сафина Ақтай
Сан қилы тағдырды өз өмірінің ақиқатымен кездестіріп, нысанға айналған адам жанын камера кескінінде анықтай білген бельгиялық режиссерлер ағайынды Дарденндердің шығармашылығын үзбей бақылап келемін. «Розетта» әлеуметтік драмасы олардың кинематография тарихындағы ең маңызды картиналарының бірі.
«Өнер адамды өлтірмейтін жолдардың бірі болуы мүмкін бе?» деген сауал қойған режиссерлер 2022 жылы «Тори мен Локита» атты төл кино тарихындағы ең маңызды фильмдерінің бірін жарыққа шығарды. Мақалада осы кинотуынды туралы сөз қозғаймыз. Біз осы мақалада субалтерн топтар туралы да айтамыз.
Фильм не туралы?
Бұл кинокартина 2022 жылы халықаралық Канн кинофестивалінде арнайы жүлдеге ие болды. Ағайынды Дарденндердің фильмін киносыншылар кино тарихындағы ең күрделі фильм деп бағалады. Дарденндер бұған дейін де, әсіресе, Еуропада өте өзекті тақырып саналатын көші-қон тәжірибесі туралы фильмдер түсірген еді. Ол қатарда Еуропаға отбасымен келіп, ауыр еңбек процесінде оқыс жағдайдан көз жұмған мигрант туралы «Уәде» фильмі де бар. Бірақ бұл жолғы картинаның жайы басқа.
Тори мен Локита – қаны бөлек болса да, жаны егіз бауырлас жандар. Торидің жасы тоғызда, ал Локита он бес жасқа аяқ басқан, бой жетіп қалған қыз бала. Екеуі Африкадан Еуропаға баратын кемеде танысқан. Бірақ Африкадан Бельгияға келген бойда құжат алу үшін жергілікті әлеуметтік қызметкерлерге өздерін «туған бауырлармыз» деп таныстырады. Әрине, әлеуметтік қызметкерлер қыздың бұл сөзіне сенбейді.
Сондықтан қанша тырысқанымен, Локита құжат ала алмайды. Ал Торидің мұнда қалуға мүмкіндік беретін құжаты бар. Осылай, екі жаққа айрылуды қаламайтын өрімдей балалардың Еуропаның бюрократиясы мен еңбек бөлінісінде сарсаңға түскен ауыр тағдыры басталады. Олар есірткі тасиды. Локита одан тапқан аз-маз ақшасын Жерорта теңізі арқылы өткізіп, Еуропаға жеткізген контрабандашыларға беруге тиіс. Локита Африкада қалған отбасына да ақша жіберуге міндетті.
Тори мен Локита және Гаятри Спивак
Философ және жазушы Гаятри Спивак «Езгіге ұшырағандар сөйлей ала ма?» деген еңбегінде қазіргі халықаралық еңбек бөлінісі ХІХ ғасырдағы территориялық империализмнің сарқыншағы екенін алға тартады.
«Бірінші әлемдегі елдер тобы капиталды инвестициялау құқығына ие, ал басқа топ – әдетте үшінші елдер компрадор жергілікті капиталистер арқылы, сондай-ақ әлсіз қорғалған және тұрақсыз жұмыс тобы арқылы инвестицияға кеңістік береді», – деп жазады ол.
Бұл жағдайда авторитар басшылар өз мүддесі мен жеке байлығы үшін барын салса, жергілікті білім саласы, өндіріс, елдегі еңбек бөлінісі құлдырай түседі. Бұл нәрсе еңбек бөлінісі мен өмір сапасы жақсы «жаңа өмір» іздеуге мәжбүрлейді. Ал «жаңа өмірдің» соңы үнемі бақытты аяқталмайды. Көп жағдайда өз еліндегі еңбек бөлінісіндегі дискриминация жаңа кеңістікте де бар. Бұл нәрсеге перифериялық бөтендік сезімі мен өз дауысына иелік ете алмауды қосыңыз.
Тори мен Локитаның кәмелетке толмай жатып туған үйлерін тастап шығуға мәжбүр болуы, көші-қон тәжірибесін бастан кешіріп «жаңа өмір» үшін ақы төлеуге міндеттелуі, заңсыз еңбек етуі және ақысын толық ала алмауы – халықаралық еңбек бөлінісіндегі ең сорақы проблемалар. Ал әйел болсаңыз, оның үстіне қара нәсілді мигрант әйел болсаңыз, жағдай одан сайын ушыға түседі. Мәселен, «Тори мен Локита» фильмінде Локита әйел болғаны үшін зорлық-зомбылыққа ұшырап, фильмнің соңында аяусыз өлтіріледі.
«Төл дауысынан айырылғандар»
Локита құжат алып, Бельгияда тұрақтап қалуы үшін заңсыз марихуана өсіретін аңғарға «бағбан» болып жұмысқа орналасады. Аулақта орналасқан аңғардың ішінде адам тұратындай жағдай жасалмаған. Ғимараттың іші ылғал, жарық бірде бар, бірде жоқ. Локитаны қарауылдаушы оған ара-тұра тамақ әкеліп тұрады, басқа біреулермен хабарласпауын да қатаң қадағалайды. Ешкіммен байланыс орнату мүмкіндігі жоқ меңіреу кеңістікте Локита өз шындығымен жалғыз қалады.
Локитаны ұрланып көруге велосипедін тізгіндеп Тори келеді. Төл дауысынан айырылған немесе дауысы оған иелік етуші субъект тарапынан түсіндірілетін әлемде олар осы адам төзгісіз жұмыстың өзіне қанағат етуге, бүлік шығармауға тиіс. Олардың не ішіп, не киетінін, кімге хабарласып, кімнен аулақ жүретінін де басым тарап шешеді. Керек болса, фильмнің соңындағыдай еш аяусыз ата салады және өлімінің еш сұрауы болмайды. Фильмнің соңында ғана үшінші әлемнің езгіге ұшыраған өкілі Ториға сөйлеу мүмкіндігі беріледі.
Ауыр еңбекке тартылу барысында оқыстан немесе жұмыс берушілер тарапынан өлтірілу, құқықтың тапталуы көші-қон тәжірибесі туралы фильмдердің басты тақырыбы. Мәселен, 2016 жылы жарық көрген италиялық режиссер Джанфранко Розидің «Отқа оранған теңіз» деректі фильмінде Тори мен Локита сияқты «жақсы өмір» іздеп, Еуропаға ағылған мигранттардың кемеде көз жұмуы, өмір үшін күрестегі қатыгез қоғамның бейнесі айқын беріледі.
Қорытынды
Фильмде репрезентация мәселесі де ойға оралады. «Еуропалық режиссерлер мигранттардың тағдырын қаншалық терең түсіне алады?», «Проблеманы әлемге қаншалық шынайы көрсете білді?» деген сұрақтар пайда болады. Бұл тақырыпта саясат репрезентациясы емес, өнер репрезентациясы басым рөл ойнайтыны рас. Біз фильмнен этикалық сұраудан гөрі отарланған тағдырлардың қатыгез гегемония алдындағы сұраусыз әрі меншіктелген бейнесін көбірек көретін сияқтымыз.
Бұл фильмде кейіпкерлер өзара тіл қатысады, бірақ әлемге қарап сөйлемейді. Олар бұйрықты ғана орындайды. Олардың жеке адам ретінде белгілі бір жер мен кімдікке тиесілігі жойылған. Тори мен Локита өз туған жерлері, ата-анасы мен мектепке барған сәті сынды әдемі естеліктері туралы ештеңе де айтпайды. Біз олардың тағдырын олардың өз ауыздарынан емес, репрезентациялаушылар тарапынан білеміз. Олар құдды өткен сәтті ұмытқандай, тек осы сәтте бар. Ал болашақта Локита сияқты жоқ болуы да мүмкін.
Әлемді шарпыған соғыс жағдайында көші-қон тәжірибесі көбейді. Көп адам өз отанында болып жатқан зорлық-зомбылық, соғыс өрті, әлеуметтік құлдырау мен езгіге ұшырау салдарынан туған үйлерін, қалыптасқан тұрмыстарын тастап «жат отан» іздеуге мәжбүр. Тори мен Локитаның тағдырластары өте көп және олар әр жыл сайын жаңа сын-қатерлермен бетпе-бет келуге мәжбүр. Ал Дарденндердің кейіпкерлері сынды құтқарылуға деген үміт оты оларды алға жетелеп келе жатқан соңғы шырақтай.
Сафина Ақтай 1996 жылы Қарағанды облысында дүниеге келген. Еуразия ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Журналистика саласында бірқатар ақпарат агенттіктерінде қызмет еткен. М.Хайдеггер, М.Фуко, Ж.Делөз, И.Бергман, Э.Юнгер, Ш.Лоут, секілді батыс авторларының мақалалары мен сұхбаттарын қазақ тіліне аударған.