«Көк тудың бетіне қалқып шығады біздің өлігіміз» Қаңтар оқиғасы жайлы жырлар
Газдың қымбаттауына байланысты басталған наразылық шаралары елдегі ең ірі қақтығысқа айналды. Билік ресми мәлімдеме жасап, трагедияның себеп-салдарын түсіндірмегендіктен бұл оқиға «Қаңтар қырғыны», «Қаңтар оқиғасы», «Қаңтар трагедиясы», «Қанды қаңтар» деп түрлі нұсқада айтылып жүр. Бұл оқиға туралы көптеген деректі фильм түсіріліп, әдеби шығармалар жазылды.
Біз осы жазбада Қаңтар оқиғасына байланысты жазылған өлеңдерді топтастырып шықтық.
Файзулла Төлтайдың «Көккөңбек қабырғалар» өлеңінен үзінді
Көккөңбек қабырғалар –
көк туды есімізге салады;
Ақорда төрінде ілініп тұрғанын емес,
алаңда желбірегенін
есімізге салады көккөңбек қабырғалар.
Біз бейне сол туды жамылып
Алаңда көз жұмған
адамның мәйіті басында
айналып жүрген
әруақтар секілдіміз –
Дәлізден «Тоқ...», «Тоқ...» етіп,
Аяқ киім даусы жақындап келеді.
Әннәс Бағдаттың «Алаң» өлеңінен үзінді
Алаң
Іздер қызыл қырау басқан,
Тазалап жүр оны
бұйрық алған әлдебіреулер.
Бір қолында билік,
Бір қолында күн болса да
Өшіре алар емес
Іздерді қызыл қырау басқан.
Ақан Серіктің «Қай аға мені атқан?» өлеңінен үзінді
Ел болсақ бақ тұрған,
Баланы ата ма?..
«Ескертпей аттырған»,
Атамдай Ата ма?..
Кеттім мен аттанып,
Жар болмай Жаратқан.
«Террорист» – деп танып,
«Қай аға мені атқан»?..
Еділбек Дүйсеннің «Ұйқысырау ІІ» өлеңінен үзінді
(Мұның бәрі де әу баста қиялда құрылған).
Ескі [Жаңа] Өзен көшелерінде де,
Аспан тамып тұратын Алматыда да,
Қазақ болып өмір сүру мүмкін емес секілді.
Тек, алдымызда күтеді бізді-
Үстіне өрмекшілер тор құрып үлгерген қалың тұман.
Файзулла Төлтайдың «Қаңтар қырғынына» байланысты «Азаттық радиосының» жиналысында» өлеңінен үзінді
тек қана көзімізді төмен салуға қауқарымыз жетеді,
тарихтың өзі көтере алмайтын кеудеміздегі ауыр қасіреттен
еңсеміз езіліп, еңкейе береміз –
бүгінге бөтен қап-қара түнекке құлдилап,
қарманар бірде бір ой таппай,
оянғымыз келетін тарихтың шейіттеріне тап боламыз еңкейген сайын:
барлығы «Мәңгілік елдің» босағасында бас құрап отыр,
орталарына сынған шаңырақтың мүрдесін алып.