May 25, 2019

КТК арнасының ромалықтарға қатысты жаңалықтарындағы этикалық мәселелер

"КТК" арнасы - елімізде талай жылдан бері қызмет атқарып келе жатқан беделді телеарна. Көрермені көп, аудиториясы кең. Өкінішке қарай, бұл телеарна көрерменді қызықтыру үшін түрлі “эксклюзивтер” мен “сенсацияларды”, этикаға қайшы ақпараттарды көптеп ұсынып жатады. Осы мақалада КТК арнасы жаңалықтарындағы ромалықтарға (Romani People) қатысты этикалық мәселелерге тоқталып өтпекпіз.

Өздерін “ромалықтар” деп атағанына қарамастан, Қазақстан медиасында ромалықтар “сыған” деп таныстырылады. Қазақ халқын “мамбет” немесе “киргиз” деп атау қаншалықты орынсыз болса, ромалықтарды “сыған” деп атау соншалықты қате деп ойлаймын. Сол себепті бұл мақалада қазақстандық аудитория үшін үйреншікті “сыған” сөзінің орнына “ромалықтар” тіркесі қолданылады.

Ромалықтар тек Қазақстанда емес, бүкіл әлем бойынша дискриминацияға ұшырап келе жатқан (теңқұқылы екені тек халықаралық құжаттармен шектеліп, шынайы өмірде жүзеге аспаған) этникалық азшылықты құрайтын топтардың бірі. Ромалықтар ерте заманнан-ақ кемсітуден көз ашпай келеді. Мәселен Осман империясында бұл этнос өкілдерін “жарты ұлт” ретінде қарастырған. Ромалықтарға деген жеккөрініш бүгінгі күнде де азайған емес. Мысалы, қазіргі уақытта Еуроодақта гемосексуалдарға қарағанда ромалықтар көбірек кемсітуге ұшырайды. Өкінішке қарай, біздің күнделікті өміріміздің айнасы болып табылатын медиа ромалықтарға деген жеккөрінішті одан әрі ұлғайтып, ромалықтар образы жайлы қате стереотиптер қалыптастырып жатыр. Мұны КТК арнасының жаңалықтар бағдарламасынан байқай аламыз.

Ktk.kz веб-сайтының жаңалықтар бөліміндегі материалдарға “сыған” кілтсөзімен іздеу жүргізгенімде, 11 нәтиже шықты. Бұл жаңалықтардың екеуінде “сыған” сөзі журналист емес, оқиға куәгері тарапынан негатив мағынада (бірінде куәгер сығандардың қорымдарды қиратқанын айтады, екіншісінде сығандар секілді қаңғыбас емес екенін алға тартады).

3 жаңалықта “сыған” сөзі (сыған скрипкасы, “Сыған қызы Аза” фильмі, сыған ұлттық киімі) кездескенімен, бұл жаңалықтар ромалықтарға тікелей қатысты емес. Ал 6 жаңалықта ромалықтар журналист тарапынан қылмыскер, алаяқ, үйсіз-күйсіз қаңғыбас, сиқыршы ретінде ұсынылады.

Ромалықтардың ұлттық бірегейлігіне (идентификация) тиісу

Қылмыскер, қандай да бір ұлттың, тілдің, нәсілдің, діннің, мәдениеттің, жыныстың, жыныстық ориентацияның өкілі болғанына қарамастан, қылмыскер болып қала береді. Егер әлдебір халықтың өкілі қылмыс жасаса, ол белгілі бір ұлттың өкілі болғаны үшін емес, қылмыскер болғаны үшін қылмыс жасайды. Сол себепті қылмыскердің ұлтын атап көрсету - медиа этикасына жат дүние. Алайда КТК арнасындағы жаңалықтарда қылмыс жасаған ромалықтардың “сыған” екендігіне назар аударылады: “Қылмыстық топты 51 жастағы сыған әйел басқарған”, “Сыған әйелдің бұл сұмдығын Ольга кейін, жеке сот орындаушылары келіп үйден қуып шыққанда бір-ақ біліпті”, “Қарт адамдардың ақшасын ұрлап жүрген сыған келіншектер құрықталды”, “Қылмыс әлемінде “Маша апай” лақап атымен танымал сыған әйел есірткі саудасын 10 жылдан бері дөңгелетіп жүр екен”, “Петропавлда есірткі саудасын қыздырған сыған әйел ұсталды”. Ромалықтарға қатысты жаңалықтарда қылмыскердің ұлтымен қатар, жынысы да аталып өтеді. Алайда күнделікті өмірде кездесіп жататынына қарамастан, КТК жаңалықтарында есірткі саудасымен немесе алаяқтықпен ұсталған “қазақ әйел” жайлы ақпарат берілмейді.

Ромалықтарға қатысты жаңалықтарда драматизация

Жаңалықтардағы драматизация деп ашу-ыза, аяушылық секілді cезімдерді оятып, аудитория назарын өзіне аудару үшін журналистің түрлі мимика, эмоция, әсірелеулер, әдеби сөздер қолдануын атаймыз. Мұны көрерменнің көңіл-күйімен ойнау, көрерменнің эмоциясы есебінен арнаның рейтингін көтеру деп айтсақ та болады. КТК арнасындағы ромалықтарға қатысты жаңалықтарда да драматизация элементтері байқалады. “Жүзі жылы 2 әйел құшақ жая қарсы алған бірнеше тұрғынды тақырға отырғызып кеткен”, “Әбден шошынып қалған жұрт болған жайтты әлі байыптай алар емес”, “78 жастағы зейнеткер көмірге деп жинаған зейнетақысынан айырылып қалған”, “Қорғансыздың күйін кештірген сәт қорқынышты түстей есінен кетер емес”. Жоғарыдағы үзінділерде КТК журналистері тұрақты тіркестер мен әдеби сөздер, қажетсіз ақпарат ұсыну арқылы оқиғаға өзгеше келбет беріп, көрерменнің сезімдеріне әсер етуге тырысады.

Журналистжүзі жылы 2 әйел құшақ жая қарсы алған бірнеше тұрғынды тақырға отырғызып кеткен” деп, “құшақ жая қарсы алған” тұрғындарды аңғал, ақ ниетті етіп көрсеткісі келеді. Ақ ниетті адамды алдасаңыз да, қара ниетті адамды алдасаңыз да, алдаудың аты – алдау. Жәбірленушінің құшақ жая қарсы алғанын жазу - көрерменнің әсерленуіне себеп болады. «Әбден шошынып қалған жұрт болған жайтты әлі байыптай алар емес», «Қорғансыздың күйін кештірген сәт қорқынышты түстей есінен кетер емес» сөйлемдері де әдеби сөздермен безендірілген.

78 жастағы зейнеткер көмірге деп жинаған зейнетақысынан айырылып қалған”. Бұл сөйлемде драматизация элементтері анығырақ байқалады. Біріншіден, “78 жастағы зейнеткер” деп, жәбірленушінің қарт кісі екенін түсіндіреді: журналист әлсіз әрі қарт адамға аяушылық оятумен қатар, ромалықтарға қарсы ашу-ыза тудырып жатыр. Зейнеткерді болсын, орта жастағы адамды болсын, кімді жәбірлесе де, жәбірдің аты – жәбір. Екіншіден, жәбірленушіге аса қажет қаржыны ұрлағаны айтылады (көмірге деп жинаған зейнетақы). Көмір, той, қыдыру үшін жинаған, немесе жай ғана сандықта жатқан ақшаны ұрлаудың қайсыбірі болса да қылмыс болып есептеледі. Көмірге жинаған ақшаны ұрлаудың үкімі - төртінші қымбат көлігін сатып алу үшін жинаған ақшаны ұрлаудың үкімінен ауыр емес.

Күдіктіге соттан бұрын үкім шығару

“Сығандар Ақтөбелік судагерді дуалап тастаған”, “алаяқ”, “ақша үптеумен айналысқан”, “сан соқтырып кеткен сығандар”, т.б. айыптау сөздер ромалықтарға қатысты КТК жаңалықтарында жиі ұшырасады. Екі кішігірім хабарламада “алаяқ” сөзі 7 мәрте аталған. Ең қызығы, бұл екі материалда да ромалықтар алаяқтықпен күдіктеніп қамауға алынғаны болмаса, қылмыстары толық дәлелдебеген. Кінәсіздік презумпциясы бойынша, қылмыс дәлелденіп, сот үкімі шықпайынша күдіктіні “қылмыскер” деп атауға бо��майды. КТК журналистері “алаяқтықпен айыпталған кісі”, “алаяқтық бойынша тергеліп жатқан күдікті”, т.б. сөздерді қолданғанда, эттикалық мәселе туындамас еді.

Қорытындылай келе, КТК арнасының ромалықтарға қатысты қазақша жаңалықтарында жеккөрініш тілі (hate speech) жиі көрініс табатынын айтуға болады. Өкінішке қарай, медиа этникалық азшылықты құрайтын топ мүшелері жайлы стереотиптермен күресудің орнына, бұл стереотиптерді одан әрі ұлғайып, таралуына үлес қосып жатыр. КТК арнасы басшылығына жаңалықтарда қылмыскердің ұлтын атап көрсетпеуді, оқырман сезіміне әсер ету үшін драматизация әдістерін қолданбауды және кінәсіздік презумпциясы ережесін қатаң сақтауды ұсынамыз.