June 12, 2019

Мені сайлау учаскесінен қалай заңсыз қуып шықты?

(ескерту: тым көбәріп пост)

Сайлау жайлы пост жазуға кешелі бері мүлде қолым тимеді. Бүгін 1 сағат отырып, ойыма келгеннің бәрін ретсіз түрде жазып шықтым. Өзіңіз реттестіріп аларсыз.

(ескерту: бұл пост кеше жазылды)

Тоқаевтың кепілдік берген әділ сайлауына сенбесем де, ең болмаса бір учаскеде сайлау таза өтсін деп, 9 маусымдағы сайлауда тәуелсіз бақылаушы болдым. Алматыдағы №542 сайлау учаскесінде бақылаушылық жасадым. Бұл мен сайлаушы ретінде тіркелген уческе еді, яғни дауыс та беріп, бақылаушылық та жасау үшін осы жерді таңдадым. Негізінде студенттер көп келетін бөлімшелердің бірін алғым келген еді. Маған сенім артып, бақылаушы куәлігін берген "Еркіндік қанаты" ұйымына алғыс білдіремін.

Сайлау таңғы 7-ден кешкі 8-ге дейін үлкен заңбұзушылықтарсыз-ақ өтті. Басқа учаскелердегі заңсыздықтар жайлы хабарды естіп, не бізде бәрі таза өтіп жатыр, немесе бізге білдірместен фальсификация жасап жатыр деп екіұдай ойда болдым. Тек бюллетеньдер ашылған сәтте тырп еткізбей бақылағанымызды түсіндім.

Сайлау комиссиясы менің еркін бақылау жүргізуіме шектеу қоймақ болды. Атап айтқанда, бақылаушыға арналған орындықтан тұруға болмайтынын, рұқсатсыз фотоға, видеоға түсіруге болмайтынын айтты. Мен де өз құқықтарымды дәлелдеп, соңында барынша еркін бақылау жүргізуге мүмкіндік алдым.

Менен бөлек 4 бақылаушы болды. Бірі "Абай жолы" ұйымының атынан қатысты. Кейін оларға бақылаушы куәлігін берген ұйым куәліктерді қайтарып алып, ол түнгі бірден кете учаскені тастап шығуға мәжбүр болды. "Аманат" пен Нұр Отаннан да бақылаушылар келген. Олар сайлау бойы смартфон шұқылап отырды, бақылаушылық жасаған жоқ. Комиссиямен конфликт болған сәттерде, маған емес, комиссияға жақтасты. Нұр Отанның бақылаушысы түс ауа қайтып кетті. Аманаттікі кешкісін қайтты. Ал төртінші бақылаушы кешкісін, учаске жабылатын уақытта бір-ақ келді. Қателеспесем, SCD деген ұйымның атынан. Іс-әрекеті өте күмәнді көрінді, комитеттің адамына ұқсаттым.

Сайлау кезінде комиссия төрайымының орынбасары ауырып отырғанын байқағам. Кешкісін жағдайы тіптен нашарлап кетіп, учаске жабылған соң жедел жәрдем шақыруға мәжбүр болды. Мектептің екінші шетіндегі 543-учаскенің хатшысы да ауырып, оған да жедел жәрдем келіпті. Бейшара мұғалімдер! Сайлау деп күндіз-түні шапқылап, әбден зорыққан ғой. Бәрі төрайым орынбасарының жағдайын ойлап, жүгіріп жүргенде жарты сағаттай уақыт өтті. Кейін сайлау комиссиясы кешкі ас ішеміз деді. Біз окей деп келісім бердік. Таң атқаннан учаскеде тынымсыз еңбек еткен мұғалімдерге жанымыз ашыды. Оларды 40 минуттай күттік. Сөйтіп комиссия мүшелері жиналған кезде сағат тоғыз болып қалған еді. Содан комиссия төрайымы әлдебір құжаттарды іздестіріп, кейін орынбасарды күтіп, әйтеуір уақыт созып жүріп алды. Бір кезде жоқ болып кетті. Сөйтіп оның жоқтығы түнгі сағат үшке дейін созылды.

Ал комиссия мүшелері не төрайымсыз, не орынбасарсыз урнаны ашпаймыз деп отырып алды. Өзара әңгімелерінен естіп қалдым, төрайым мен кетпей, бюллетендерді санамаймыз деп айтыпты. Мұны естіп тіпті қырсықтығым ұстап қалды. Соңына дейін отырып, бақылау жүргізуге шешім қабылдадым.

Сөйтіп түнгі сағат бірге қарай акт жаздым. Негізі Сайлау Туралы Заң бойынша, учаске жабылған соң, дауыстарды санау бірден басталуы керек еді. Алайда біздің учаскеде дауыс санау 7 сағатқа кешіктірілді. 7 сағатқа! Тек түнгі 3-те комиссия төрайымы келіп, бюллетендерді ашу процесі апыл-ғұпыл басталып кетті.

Кешкісін келген бақылаушы бар ғой, сол бюллетендерді санауды күтіп отырғанымда маған қайта-қайта келіп, қайтайық деп айтумен болды. Күні бойы бақыладың, шаршадың, енді үйге барып демалсаңшы, басқа учаскелерде дауыс саналып қойды, бұл учаскенің дауыстары ештеңе шешпейді, уже жеңімпаз анықталып қойды деп қайта-қайта айналсоқтаумен болды. Оның әрбір сөзі намысыма тиіп, соңына дейін қалуға деген мотивациямды оята түсті.

Сөйтіп дауыс санау басталған сәтте әлгі бақылаушы маған тиісе бастады. Бақылау жүргізуіме кедергі келтіргісі келді. Сол бақылаушы комитеттің адамы-ау деймін. Өйткені камераны ашқан сәтімде қараңғы бұрышқа тайып тұрады. Учаскені күзеткен полицей сандық ашылмай тұрып, мені сыртқа шығарып тастамақ болды. Алайда видеоны қосқан сәтімде бірден моп-момақан, жұп-жуас бола қалды. Бірер минуттан соң әлгі бақылаушы тағы келіп, маған провакация жасай бастады. "Жүр сыртқа, еркекше сөйлесейік" деген әңгімелер айтты.

Камераны қоса бергенім сол еді, ол смартфоныма жармасып, менен тартып алмақ болды. Маған қорған болар үмітпен полицияға жалтақтай қарадым, ал олар менің қолымды қайырып, сыртқа қуып шықты. Сыртқа шығарды да, есікті ішінен іліп алды. Бірер минуттан соң есік ашылды, ішке кіргізер деген үмітпен жүгіріп едім, үлгермедім. Учаскеде қалған рюкзагімді сыртқа шығару үшін ашыпты. Сөйтіп мені заңсыз түрде сайлау учаскесінен шығарып тастады.

Сөйтіп түнгі үш жарымда үйге қайттым. Ешкімге өкпелеген жоқпын. Комиссия мүшелеріне де, полицейге де. Олар менің жүзіме тік қарай алмады. Ұялды. Өздерінің әділсіз іс атқарып жатқанын түсінді. Олардың ықылассыз әрбір әрекетінен жоғарыдан келген бұйрықты амалсыз орындап жатқанын түсінуге болар еді. Мені сыртқа шығарып жатқанда, 1 комиссия мүшесі мені қорғап, "тиіспесеңдерші балаға" деді. Басқалар басын төмен салбыратып, үнсіз ғана дауыс санаумен болды. Комиссия мүшелеріне үлкен жүк болдым. Оларды қатты қинадым. Тіпті біреуінің "бұлай позор болып, өтірік сайлаудың комиссиясы болғанымша, үйде отыруым керек еді" дегенін естідім. Түнгі екіде бір мұғалімнің күйеуі келді учаскеге. Айғайлап, боқтап. Оған қарсы сөз айтуға қорықтым. Түрі тым ашулы еді. Кейін біздің учаскедегі бір мұғалім шығып сөйлесті. Әйелі көрші учаскеде екен. Соған кетті. Соңы не болғанын білмедім.

Күндіз сайлау кезінде комиссия мүшелерімен конфликтілерді видеоға түсіргем. Комиссия мүшелері "бізді түсірме, әлеуметтік желіге салма деді". "Салмаймын" деп едім, "сенің стористеріңді көрдім, біраз нәрсе салып тастапсың ғой" деді. Шын-өтірігін білмедім. "Бізді интернетке салма, оқушылар көрсе ұят болады. Онсыз да былық болған жердің бәрінде шапқылап жүреміз, абыройдан абырой қалмады" деді.

Комиссия мүшелері таңертең де, түсте де тамаққа шақырды. Бармадым. Шайға шақырды. Бармадым. Өзіңмен қатарлас жас қыздар, солармен танысасың, әңгімелесесің деді - бармадым. Ал кешкісін шақырмады, маған әбден ызасы келген ғой. Енді бірде маған сөзбен тиісті, "неге бізбен жағаласып мында отырсың, мықты болсаң неге өзге жігіттер сияқты армияға барып Отан қорғамайсың" деп. Комиссия мүшелерінің ешбір сөзіне, ешбір әрекетіне ренжімедім. Керісінше, олардың мүшкіл халіне жаным ашып, жылағым келді. Комиссия төрайымы бізден сескенді ме, әлде шынымен принципшіл жан ба, білмедім, әйтеуір сайлауды таза өткізді. Заңсыздықтарға жол бермеді. Тірекелмеген адамдарды кіргізбеді. Мүмкін дауыс санаудан қашқақтауына сайлаудың сол шектен тыс таза өтуі себеп болған ��ығар. Оны да білмедім.

"Абай жолынан" келген бақылаушы урнаға тасталған бюллетеньдерді санаумен болды. Мен де арасында санауға көмектесіп тұрдым. Әрбір сайлаушының сандыққа тастағанын қағазға түртіп отырдық. Санауымыз бойынша, 926 сайлаушы келген. Учаскеге тіркелген сайлаушылар саны - 2696. Яғни біздің учаскеде явка 34% болды. Салыстыру үшін айтайын, бүкіл Қазақстанда явка 77%, ал Алматыда 52% болған.

Бюллетеньдердің 5-10 проценті ашылуының куәсі болдым. Қосановқа дауыс бергендер мен парақты бүлдіріп кеткендер тым көп еді. Бірақ уже кімнің жеңгені маңызды емес.

Сайлауда Еркіндік қанаты ұйымының атынан бақылаушы болдым ғой. Бұл ұйым мүгедектігі бар жандардың сайлауға еркін әрі тең дәрежеде қатыса алу мүмкіндігіне көп назар аударады. Мен бақылаушылық жасаған учаскенің табалдырығы арбамен кіруге қолайсыз болды. Сырттағы арбамен келетін сайлаушыларға арналған лифтіні сайлау күні қосып қоямыз деп уәде бергенімен, күні бойы өшіріліп тұрды. Сайлауға үйден дауыс беруге өтініш жасаған кісілердің үйін аралай дауыс жинадық. Бір зейнеткер көзім көрмейді, ешбір кандидатты танымаймын деп, бос бюллетеньді сандыққа салмақ боп жатқан жерінен келіні қағазды жұлып алып, бос кеткенше мына кандидатты белгілейік деп, әженің орнына белгілеп тастады (Қосановқа дауыс бергенін көріп қалдым. негізінде, менің кімге дауыс бергенін көруімнің өзі заңбұзушылық еді). Комиссия бұл заңсыздыққа үндемеді.

Күні бойы смартфоным қуып, көп нәрсені енді видеоға түсірем дегенімде, түсіргелі жатқан іс-әрекет аяқталып қалып отырды, сондықтан көп ештеңе түсірмедім. Комиссия мүшелерінің жоғарыдағы сөздерінен кейін олардың видеосын жарияламауға шешім қабылдадым.

Негізі протокол шыққан соң сөз сөйлеп, комиссияны күні бойы қинағаным үшін кешірім сұрап, "әділдік дегеніміз не?" тақырыбында спич жасаймын деп ойлағам. Сайлау бөлімшесінен қуып шықты ғой. Терезені тоқылдатып ем, біреуі де бұрылып қарамады.

"Абай жолынан" келген бақылаушы ауыз бекіткен екен. Үйден өзіммен бірге су, тоқаштар, құрма ала шыққанмын. Сөйтіп ораза ұстаған жанның аузын аштыру мәртебесіне ие болдым. Учаскенің жанындағы мешіттен азан дауысы естілді. Неге екенін білмеймін, сонда барғым келді. Мешітке кіріп дәрет алып, жамағатпен таң намазын оқыдым. Сосын үйге жаяу қайттым. Жаңбырдың астында, таза ауада ұзағырақ жүргім келді. Үйге таңғы алтыда келдім. Тұп-тура 25 сағат ояу жүрген едім.

Кейбір достарым айтады, "учаскеден сені қуып шықты ғой, күні бойы бақылағаныңнан не пайда, егер дауыс санауды көрмесең" деп. Пайда сол, мен өзімнің азаматтық позициямды көрсеттім. Мені оқитын жастардың көп екенін білем, солар әсерленіп, принцип деген не екенін түсінер деп ойлаймын. Менің дауыстарымды олар ұрлай алмады, күшпен тартып алды. Алайда ұтылған тарап мен болмадым. Кісі ақысын қорғап, әділдік үшін қолымнан келгенді істедім. Басқаларға үлгі болған сияқтымын.

Сайлау кезінде өзімді сондай еркін әрі күшті сезіндім. Бастапқы сәтте аздап қобалжығам, алайда кеш батып, басқалар шаршаған сайын мен күш алып, батылдана түстім. Мүмкін әділдік жақтасы болғаным үшін бе, менікі дұрыс болғаны үшін бе, өте батыл болдым. Бүкіл бір учаске: 9 комиссия, 2 полицей, 1 мектеп күзетшісі, сосын 1 "бақылаушы" түнгі 3:15-ке дейін маған ештеңе істей алмады, менің алдымда шарасы күй кешті.

Бұл сайлаудан үлкен сабақ алдым және өзім сияқты жандар көп болса, әділдікке қол жеткізуге болатынын түсіндім. Әлбетте, мұнымен тоқтап қалмаймын. Маған қарсы жасалған әділетсіздіктер жауапсыз қалмас үшін әрекет ететін боламын.