March 6, 2019

Вайнштайн vs Слуцкий. 2 Different Stories of Harassment.

2017 жыл - гендерлік теңдік пен әйел құқығы жолындағы күрестің жаңа бір деңгейге көтерілуімен есте қалды. Әйелдер қауымын кемсіте сөйлеген Трамптың АҚШ президенті болып сайлануы - қоғамның ашу-ызасын тудырған-ды. Трамп саясатына наразылар мен әйелдер құқығын жақтаушылардың ойы бір жерде түйісіп, нәтижесінде әйелдер маршы өтті. Бұл маршқа Вашингтон қаласының өзінен 500 мың адам қатысты. Ал дәл сол күні әлемнің әр түкпірінде өткен шерулерге 5 млн-нан астам белсенді қатысқан еді.

Shalkar Nurseitov on Medium: Мен неге Вашингтондағы "Әйелдер Маршына" қатыстым?

Әйелдер маршымен басталған жылға Харви Вайнштейн оқиғасы, жыныстық зомбылық құрбанына айналған (көбіне жұмыс орнында) әйелдердің әлеуметтік желідегі #metoo, Time's Up қозғалыстары нүкте қойды.

Дегенмен бұл оқиғалардың ішіндегі ең шулысы - Вайнштейн ісі болды. Осыған ұқсас жағдай биыл Ресейде де орын алған. Алайда ол АҚШ-тағы секілді нәтижелі бола алмады. Мен бұл екі құбылыстың қалай басталып, қалай өрбігенін түсіндіріп берейін.

Ескерту: Sexual Harassment/(домогательство) сөзі материалда "жыныстық бопсалау" деп ұсынылды.

1) АҚШ. Вайнштайн оқиғасы.

Қалай басталды?

Барлығы The New York Times басылымының 5 қазан күні жариялаған зерттеу мақаласынан басталды. Бұл мақалада голливудтық бірнеше актриса продюсер Вайнштайн тарапынан жыныстық зорлық көргенін айтады. Бірнеше күннен соң осыған ұқсас зерттеу материалы The New Yorker журналында да жарияланды. Бұл мақалада зомбылыққа ұшыраған актрисалар Вайнштайнның тұзағына қалай түскенін әңгімелеп береді.

Вайнштайн алғашында тағылған айыптарды жоққа шығарғанымен, зомбылық құрбандарының аудиожазбасы жарияланысымен, кінәсін мойындады.

Харви Вайнштайн

NYT пен New Yorker-дің зерттеу материалы жарияланысымен, жылдар бойы үнсіз келген жүздеген әйел өз оқиғасын ашық айта бастады. Нәтижесінде үлкен қоғамдық қозғалыс пайда болып, Кевин Спейси, Джеймс Тобак, Бретт Рэтнер, Дастин Хоффман, т.б. танымал Голливуд тұлғаларына шағымдар түсті.

BBC: Harvey Weinstein Timeline: How the scandal unfolded

Meduza: Стыдные вопросы про дело Харви Вайнштейна

Meduza: После Вайнштейна: В чем обвиняют Кевина Спейси, Дастина Хоффмана и других звезд Голливуда.

Нәтижесі не болды?

Жұмыс орнында, қоғамдық орында, үй жағдайында зомбылыққа ұшыраған әйелдердің оқиғалары талқыланып, кінәлілер жауапқа тартыла бастады. Үлкен қоғамдық наразылық акциясы дүниеге келді. #MeToo, Time's Up қозғалыстары белең ала бастады. Батыстың "демократиялы", "өркениетті" қоғамындағы әйел мәселесі күн тәртібіне әкелінді. Ал Вайнштейннің жеке өзіне келер болсақ:

  • Әйелі тастап кетті.
  • Өзі негізін қалаған Weinstein Company оны жұмыстан қуып жіберді.
  • Британ киноакадемиясы мүшелігінен шығарылды.
  • Американ киноакадемиясы мүшелігінен шығарылды.
  • Буффалодағы Нью-Йорк штатының Университеті "гуманитарлық ғылымдар докторы" құрметті атағынан айырып тастады.
  • Гарвард университетінің "Дюбуа" медалінен айырылды.
  • Симон Визенталь Орталығының "Гуманитарлық награда" сыйлығынан айырылды.
  • Францияның "Құрметті легион" орденінен айырылды. Қысқасы, бүкіл атақ-абыройынан айырылды.
  • FBI және британ полициясы оның үстінен тергеу жұмыстарын жүргізіп жатыр.

2) Ресей. Слуцкий оқиғасы.

Қалай басталды?

24 ақпан күні Дождь телеарнасы 3 әйел журналистің жыныстық бопсалау жайлы аноним ақпаратын таратты (ақпарат Дождь арнасының ақылы бөлімінде болғандықтан, сілтемесін бөлісе алмадым). 3 журналист ЛДПР партиясының өкілі депутат Леонид Слуцкий тарапынан жыныстық бопсалауға ұшырағанын айтқан. Кейінірек бұл топқа RTVI телеарнасы бас редакторының орынбасары Екатерина Котрикадзе қосылды.

депутат Слуцкий

Депутат Слуцкий болса тағылған айыптардың бәрін жоққа шығарып, ар-намысына нұқсан келтірген Дождь телеарнасын сотқа беретінін мәлімдеді. Бұл оқиғадан кейін Би-Би-Си тілшісі Фарида Рустамова аноним дереккөздің бірі екенін ашық хабарлайды. Оның алдында Дождь арнасының продюсері Дарья Жук Слуцкий тарапынан зомбылық көргенін айтқан-ды. Фарида Рустамова тіпті off the record сұхбаттың кейбір фрагменттерін де жариялаған болатын.

BBC Russian: журналистка Би-Би-Си стала объектом домагательств депутата Слуцкого.

Депутатқа қарсы шағымды 21 наурыз күні Ресей думасының этика комиссиясы қарап, Слуцкий ісінен жыныстық зомбылық белгілерін байқамады. Слуцкийді ақтап шықты. Комиссия ВВС тілшісі Фарида Рустамованың қолындағы дәлел - аудиожазбаны тыңдаудан бас тартқан. Этикалық комиссияның шешімі ресейлік журналистердің ашу-ызасын тудырды. Медианың қарсылығы Ресей думасына бойкот жариялаумен жалғасын тапты. Ал өз кезегінде Ресей думасы бойкот жариялаған басылым қызметкерлерін дискредитациялап, 48 журналисті дума отырысына қатысу құқығынан айырып тастады.

Думаға бойкот жариялаған басылымдар

Петербургтық "Новости Купчино" басылымы жыныстық бопсалауды ақтап шыққан дума депутаттары жайлы хабар таратқан кезде, "жексұрын" (мерзкий) сөзін пайдаланатынын мәлімдеді. Мыс, мерзкий депутат Михаил Романов, мерзкий депутат Виктор Сысоев, т.б.

Өзінің редакциялық ұстанымын жиі жариялай бермейтін Медуза болса, Слуцкийдің отставкаға кетуі тиіс екенін ашық мәлімдеді.

Нәтижесі не болды?

Слуцкий жанжалынан кейін ештеңе өзгермеді деп айтсақ та болады.

  • Билік пен медианың күресінде медиа жеңіліске ұшырап тынды.
  • Леонид Слуцкий - сол баяғыша дума депутаты.
  • Оны әйелі тастап кетпеді.
  • Алған орден-наградаларын ешкім қайтарып алмады.
  • Үстінен қылмыстық іс қозғалмады. Этикалық комиссия тіпті оның кешірім сұрауын да талап етпеді.
  • Ресей қылмыстық кодексінде жыныстық зомбылыққа қатысты арнайы бап та жоқ. Мұндай бап енгізу мәселесі де көтерілмеді.
  • Депутаттар, үкімет мүшелері, МГУ журналистика факультетінің деканы "ерлердің жыныстық бопсалау жасауы табиғи нәрсе. Ал журналистердің жылдар бойы үнсіз келіп, сайлау науқанында шағым түсіруінде саяси астар бар" деп, Слуцкийді қолдап шықты.

Қазақстанда не болды?

Біздегі жағдай Ресейдегі жағдайдың айналасында. Біздің де Қылмыстық Кодексте жыныстық зомбылықтан қорғайтын арнайы заң жоқ. Дегенмен Қазақстанда да Вайнштейн мен Слуцкий оқиғаларының әсері байқалады.

Бір топ қазақстандық журналист пен құқық қорғаушылары, белсенділер мен еріктілер KORGAU123 кампаниясын бастады. 123 - Қазақстан Қылмыстық Кодексіндегі жыныстық бопсалаудан қорғайтын жалғыз баптың нөмірі. Алайда 1998 жылдан бері бұл бап бойынша тек 25 сот үкімі шыққан. Ал бас бостандығынан айыру жазасы бір де бір рет қолданылмапты.

KORGAU123 кампаниясы жұмыс орнында жасалған жыныстық бопсалау кейстерін жинап, зомбылық құрбандарына сот процесі кезінде заңгерлік көмек көрсетуді мақсат етеді.

Осыдан бірер күн бұрын журналист Ақсәуле Әлжан әлеуметтік желіде өз басынан кешкен оқиға жайлы жазбамен бөліскен болатын. Әрине, әрі "өнер қайраткері" әрі депутат кісінің есімін ашық жарияламаған.

Дегенмен бұл процестер ерте ме, кеш пе, Вайнштайн құбылысының Ресей мен Қазақстан қоғамына да келетінін көрсетіп берді. Ерлер қауымы кінәсін мойындамай, адам құқығына назар аудармай жүре берсе, әрине.