November 16, 2023

Жануарлар да жайлы өмір сүруге құқылы

Жануарлардың құқығын ойлаушылар азайып бара жатыр. Өз - өзін қорғап, сөйлей алмайтын жануарлардың өмірі үшін кім жауапкершілік алмақ?

фото: Сағынғали Аяулым

“Котопёс” қоғамдық қорының табалдырығын аттағанда алдымыздан сұр түсті мысық атып шықты, бет - бейнесіне анық қарасақ аузынан сілекейі ағып тұрған. Бұл жануарлар баспанасының ұзақ жылдардан бергі тұрғыны - Марфа. Марфа - тісі жоқ, сұр түсті мысық. Қазіргі үйіне келер алдында өз марғауларын құтқарам деп тісінен айырылған. Жануарлар баспанасында қажетті емін алғанына қарамастан, тістерін алып тастауға тура келген. Баспана қызметкері Александраның айтуынша, Марфадан бөлек Джуно есімді мысық та жануарлар баспанасында ұзақ уақыттан бері тұрып келе жатыр. Олардан бөлек, жануарлар үйінде барлығы 85 мысық бар.

Марфушаны (Марфаны қызметкерлер еркелетіп осылай атайды) көрген кезден-ақ оның өмір бойы қиналғанын көруге болады. Бір қызығы, адаммен ойнағанды ұнатпайды, мияулап дыбыс шығармайды. Соған қарамастан, адам қолына үйренгені көрініп тұр.

"Мысықтар тек аурудан не ем алу барысында ғана емес, құсалықтан да қайтыс болады. Өзім жасаған төрт жылда 3 рет жаңа үйге барып, жануарлар баспанасына қайта келген мысық болды.. Баспанада бұрынғы қожайынын сағынып, іздеген. Бір күні біз оның өлі денесін таптық”,-дейді баспана қызметкері Александра.

фото: Аяулым Сағынғали

Баспана фельдшері Натальяның айтуынша, мысықтарға арналған тамақ та жоспарлы түрде алынады. Мысалы, Марфаға құрғақ емес тағамдар алыну керек. Жалпы барлық мысыққа арнайы сұрыпталған өнімдер, тағамдар тағайындалады. Әрдайым алынатын дәрілер де бар. Александраның айтуынша, 16 мың теңге тұратын әрдайым алынатын дәріден бөлек, 7 мың теңгелік вирусқа қарсы дәрі алынады.

"Бір мысыққа тамағы мен өзге де қажеттілігі үшін 5 мың теңге жұмсалады. Дәрі мен емделуін қосқанда 10 мыңға дейін қаржы қажет болады. Егер мысық жарақаттанып келсе немесе арнайы ветеринар емін қажет болса, ветеринарлық орталыққа апарамыз. Кейбір дәрілер арнайы тапсырыспен алынады”,-дейді Александра.

Баспанаға мысықтар инстаграм арқылы келеді. Оның ішінде жарақаттанған, ауырып жүрген мысықтар ғана алынады. Ал денсаулығы жақсы немесе кішкентай марғауларды өзге серіктес ұйымдарға жібереді. Мысықтарды емдеген соң, баспанада қалады. Ал мысықтарды асырап алу үшін немесе қаржылай көмектесу үшін сайтта тіркелу керек. Ол жерде барлығы аноноимді. Тіпті жануарлардың баспаналы болуына себепкер болған - анонимді демеуші. Сайтта тіркелуші туралы ақпарат құпия түрде сақталған.

Жалпы баспанада 4 қызметкер жұмыс жасайды. Олар кезек-кезек жануарлардың жағдайын қарайды. Келген еріктілердің жұмысына жәрдемдеседі. Ауру мысықтардың тағайындалған дәрілерін уақытылы береді. Баспанада мысықтарға арналған жайлы төсеніштер, тамақ ішетін орындары мен ойнау үшін арналған “көпірлер” мен тырнау бағаналары бар. Мысықтарды сыртқа шығармайды, дегенмен жазда шығуға арналған ойын алаңы жасалған.

фото: Аяулым Сағынғали

“Соңғы бір аптада осы жерде ерікті болып жұмыс істеп жүрмін. Маған мысықтар ұнайды. Олардың жағдайы мені алаңдатады. Түске дейін еріктімін. Түстен кейін өзімнің тұрақты жұмысыма барамын”,-дейді Аида есімді ерікті.

фото: Аяулым Сағынғали

Баспана қызметкері Александра да бастапқыда ерікті ретінде келген екен. Еріктілер инстаграм, сайт арқылы келеді. Топпен немесе жалғыздан келетіндері де бар. Сонымен қоса, баспананың тұрақты қонақтары да бар екен. Асель де - осындай қонақтардың бірі. “Өз басым сөмкемде әрдайым мысықтарға арналған тамақтар алып жүремін. Көшеде қаңғыбас мысықтарды көп көремін. Оларды тамақтандыруға тырысамын”,-дейді Асель. Ол осыған дейін баспанадан 2 мысықты алған. Оның бірі - Санчес, Марфа сияқты тісі жоқ мысық. Одан бөлек тағы бір мысығы бар екен. Үйдегі үш мысықтан бөлек, баспанадан тағы бір мысық алу жоспарында бар. Оның айтуынша, 3 мысыққа тек тамақтың өзіне 15 мың теңге жұмсайды.

фото: Аяулым Сағынғали
«Бюджеттен қараусыз қалған жануарларды ұстайтын баспаналарға ақша бөлінеді. 15 күнге бір итке 92 мың теңге жұмсалады. Былтыр облыста қаңғыбас иттерді аулау мен жоюға бюджеттен 69,5 млн. теңге бөліпті. Оның 28,7 млн. теңгесіне 6 528 қараусыз ит жойылған. Қалған ақша игерілмей бюджетке қайтады. 2 аудан мен 3 қала Ұлытауға кеткендіктен, сәйкесінше биыл бөлінетін ақша да азаюы тиіс еді. Десек те, осы жылы қаңғыбас жануарларды ұстау, вакцинациялау мен зарарсыздандыруға 146,7 млн. теңге бөлініпті».-дейді Қарағанды облысы мәслихат депутаты Ләззат Қожахметова:

Соған қарамастан, ғаламтор желісі арқылы қаржының нақты қайда кеткенін біле алмадық. Ал мәслихат депутаты биылғы жылы қанша бөлінгенін білмейтінін жеткізді.

Ресми дереккөзге сүйенсек, облыста 13 баспана бар. Ал Экология және табиғи ресурстар министрлігі (ЕҚМ) Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің мәліметі бойынша, өткен жылдың қыркүйек айының соңында елімізде тіркелген иттер мен мысықтардың саны 730,7 мың бас болған. Оның 83,5 пайызы немесе 610,2 мыңы - үй жануарлары мен қызметтік иттер, 16,5 пайызы немесе 120,5 мыңы - қараусыз қалған жануарлар.

Бұл мәселе бойынша, Алматы облыстық мәслихат депутаты мен акиматқа сұрау салатын боламыз. Оның жауабы - келесі мақалада айтылатын болады.

“Котопес” баспанасының қонақ болып келген Асель, ерікті ретінде жұмыс істеп жүрген Аида, баспана қызметкері Александра сияқты жануарларға жәрдемдесіп жүрген адамдар арамызда бар. Біз де, осы ретте, жануарлардың өз мұңын жеткізуге тілі жоқ екенін естен шығармағанымыз жөн.