Жол апаты орын алған жағдайдағы егжей-тегжейлі нұсқаулық
1 бөлім — Жол көлік оқиғасы орын алды. Не істеу керек?
2 бөлім — Екі жүргізуші де кім кінәлі екенімен келісіп тұр
3 бөлім — Өзара келісе алмасаңыздар немесе / және зиян айтарлықтай болса (барлық сақтандыру компанияларының байланыс деректері)
4 бөлім — Екі тарапқа да көлікті кім қалпына келтіру керек?
Апат болған бойда
1) Көлікті оқиға орнында тоқтатыңыз (ешқандай жағдайда ешқайда қозғалмаңыз, көлікті жылжытпаңыз) және апат шамдарын (аварийка) қосыңыз.
2) Жағдайды бағалаңыз:
• Зардап шеккендер/құрбандар болса, апат туралы дереу хабарлау керек – 102 телефонына хабарласыңыз. Олар жедел жәрдемді өздері шақырады.
• Егер шағын жол апаты болса және зардап шеккендер болмаса, әрекет етудің бірнеше нұсқалары бар (соның ішінде полицияның қатысуынсыз):
б) Еурохаттама арқылы рәсімдеу(жеделдетілген рәсім, бірақ ол бойынша тек 100 АЕК-ке дейін төлейді).
в) жоғарыда аталған нұсқалар жарамаса, 102 телефоны бойынша полицияға хабарласыңыз
3) Апаттық тоқтау белгісін қойыңыз да, жол көлік оқиғасына қатысы бар заттарды орынынан жылжытпаңыз.
4) Көліктің жан-жағынан барлық зақымдануы туралы егжей-тегжейлі суреттер мен видеожазбаларды түсіруді ұмытпаңыз (бір-екі сурет жеткіліксіз).
Кеңес: жазатайым оқиға болып қалуы мүмкін деген оймен әрқашан өзіңізбен бірге 2 қалам мен 4-5 парақ А4 қағазын алып жүріңіз. Олар сұрақты сол орынында шешуді қаласаңыз полиция құжаттарын немесе түбіртектерді толтырған кезде керек болады.
Екі жүргізуші де кім кінәлі екеніне келісіп тұр.
1-нұсқа. Сол жерде келісу. Егер сіз және екінші жүргізуші полиция шақырғыңыз келмесе, соманы сол жерде келісуге болады. Көлігіңіздің барлық зақымданған жерлері көрсетілген фото және видеоматериалдар бұл жағдайда да керек екенін есте ұстаңыз.
Бұл нұсқа кезінде нені ескерген жөн:
1) Кінәлі тараптан келіскен соманы бірден алу керек. Егер тек бастапқы салымға келіссеңіз, ертеңіне кінәлі тарап ешқандай апат орын алмады деп, сізге қарыз екенінен бас тартуы мүмкін. Мұндай жағдайда бір нәрсені дәлелдеу қиынға соғады, себебі сіз оқиға орын алған жерден кетіп қалдыңыз. Сондықтан алдын-ала толық соманы талап етіңіз. Оқырманымыздың басынан өткен жағдай туралы сілтемеде жаздық.
2) Сомманы толық алған соң (немесе басқа нәрсеге келіскен соң) екі тарап та барлық деректер жазылған еш талабы жоқ екені жайлы қолхат рәсімдеп, олармен алмасады:
• Жәбірленушіден: оның жазатайым оқиғаға кінәлі тарапқа бұдан былай талап-арызының жоқтығы, аты-жөні, күні, қолы (кінәлі үшін – бұл сақтандыру. Егер жөндеу құны келісілген сомадан жоғары болып шықса, онда жәбірленуші енді онымен байланыспайды).
• Кінәлі тараптан: оның жазатайым оқиғаға қатысты талаптарының жоқтығы, аты-жөні, күні, қолы (жәбірленуші үшін – бұл кінәлі тарап кенеттен жазатайым оқиғаға өзін кінәлі емес деп шешкен жағдайда сақтандыру).
Сондай-ақ, қолхат сізді мынадай жағымсыз жағдайдан қорғайды. Апатқа ұшыраған екі тарап сол жерде келісімге келіп, одан кейін бірі өз ісімен айналысуға кетіп қалатын жағдайлар болапы тұрады. Екінші қатысушы оқиға орнында қалып, кейін жол полициясын шақырып, біріншісінің оқиға орнынан қашып кеткенін айтады. Нәтижесінде жүргізуші куәлігінен айыру мен ірі көлемдегі айыппұл салынады.
2) Егер соған қарамастан соманың белгілі бір бөлігіне ғана келісуді шешсеңіз, кінәлі тарап соманы көрсете отырып, ол келтірілген зиянды өтеуге немесе оны өзі жөндеуге міндеттенетінін, мерзімін көрсете отырып, қолхат жазуы керек. Бірақ бұл нұсқаның сенімділігі азырақ.
Кеңес: Кінәліден келтірілген шығынды төлеу үшін қанша сома сұрау керектігін түсіну үшін таныс шеберлеріңізге қоңырау шалып, кеңес сұраңыз. Егер ондай таныстарыңыз болмаса,2GIS-ті ашып, кез келген техникалық қызмет көрсету орталығына немесе автобағалаушыға қоңырау шалып, WhatsApp-та оларға фото/бейне жібере аласыз.
2-нұсқа. Еурохаттама арқылы тіркелу. Зақым аз болса (100 АЕК-ке дейін), Еурохаттама механизмін пайдалануға болады, яғни https://dtp.kz/ сайты арқылы немесе қосымша арқылы өзіңіз онлайн тіркелесіз. Бұл жағдайда ешкім айыппұл төлемейді. Негізгі артықшылығы - сақтандыру компаниясынан жылдам төлем алуда (шамамен 10 күн).
Europrotocol қосымшасы немесе https://dtp.kz/ сайты арқылы жүргізушілер жол-көлік оқиғасы фактісін өздері тіркеп, сақтандырушыларға келтірілген материалдық шығынды өтеу туралы өтініш бере алады. Бұл жағдайда жол полициясын қалауыңыз бойынша шақыруға болады, бірақ апатты тіркеу үшін емес, Еурохаттаманы толтыруға көмектесу үшін.
- ЖКО(жол-көлік оқиғасы) қатысушы екі жүргізушінің де жарамды сақтандыру полисі болуы;
- жазатайым оқиғадан келтірілген шығын мөлшері 100 АЕК-тен аспаса (2025 ж. 393 200 теңге);
- жазатайым оқиғаға қатысушылар кімнің кінәлі, кімнің жәбірленуші екенін өз бетінше анықтап, келіссе;
- Жол-көлік оқиғасына қатысушылардың мобильді нөмірлері Азаматтардың мобильді деректер базасында тіркелген болса;
- Апат үшінші тұлғалардың денсаулығына немесе мүлкіне зиян келтірмесе.
Қосымшаны қалай пайдаланамыз? Екі қатысушы да телефондарына қосымшаны жүктеп алып, тіркелуі керек. Содан кейін барлық деректерді толтырып, оқиғаның фото/бейнежазбасын қосу керек (нұсқаулық сілтемеде). Барлық процесс 15 минуттан аспайтын уақыт алады деп жазылған. Барлық сұрақтар бойынша тәулік бойы жұмыс істейтін 2570 немесе +7 (727) 339 3188 байланыс орталығына хабарласуға болады.
Сайтты қалай пайдаланамыз? Екі қатысушы да dtp.kz сайтына кіріп, ондағы нұсқаулыққа сәйкес өтініш толтыруы керек. Тіркеу процесі 15 минутқа дейін созылады, төлемді картаңызға 5 күн ішінде аласыз. Сайтты барлық сақтандыру компанияларының клиенттері пайдалана алады. Барлық сұрақтар бойынша тәулік бойы жұмыс істейтін 5777 немесе +7 (727) 339 1105 байланыс орталығына хабарласуға болады.
Маңызды ақпарат: кейін жасырын ақау немесе зақым табылса да, 100 АЕК-тен астап қаражат алмайсыз.
Егер келісімге келу мүмкін болмаса және/немесе залал ауыр болса
Жол полициясын шақырыңыз - мұны кез келген тарап жасай алады. Жол полициясын күтіп отырғанда, кінәлі адаммен жол-көлік оқиғасының уақытын келісіп алыңыз, оны екеуіңіз де құжаттарда көрсетесіз.
Сондай-ақ, күту кезінде кінәлі жүргізушіден оның сақтандыру компаниясы мен ЖСН-ін біліп алу керек. Содан кейін оның сақтандыру компаниясына қоңырау шалыңыз. Зардап шеккен тарапқа хабарласудың қажеті жоқ (тек КАСКО болған жағдайда. Сақтандыру компаниясына жазатайым оқиға туралы хабарлау артық болмайды. Жазып алсын). Сақтандырушыларыңызға соқтығыс болғанын айтыңыз - олар сізге нұсқаулық береді.
Сақтандыру компанияларының байланыс деректері:
• Freedom Insurance — 5777 (24/7 ұялы телефоннан тегін).
• Halyk — 797 (ұялы телефоннан тегін) немесе +7 (727) 331-00-00
• «Еуразия» сақтандыру компаниясы — 5678 (ұялы телефоннан тегін) немесе8 800 080 0099 (Қазақстан бойынша тегін желі).
• НСК — 2258. Қазақстан бойынша тегін қоңырау немесе +7 727 258-18-00 Бас кеңсе.
• Сентрас Иншуранс — +7 (727) 259 77 55 (тәулік бойы қолдау қызметі).
• Jusan Garant — 3264 (Қазақстан бойынша тегін қоңырау).
• АСКО — 5670 (Қазақстан бойынша тегін қоңырау).
• Номад Иншуранс — 2233 (барлық ұялы операторлар үшін тегін) немесе +77010330229
• Amanat — +7 (705) 306 00 00 (тәулік бойы жұмыс істейтін байланыс орталығы).
Кеңес: егер сақтандыру компаниясына хабарласа алмасаңыз, оларда тек авто жауап беру құрылғысы/робот тұрса, қоңырау жазбасын қосып, оларға жазатайым оқиға, уақыт, орналасқан жер мен хабарласа алмай жатқандығыңыз туралы айтып беріңіз. Сонымен қатар, қоңыраулар журналы сіздің шынымен қоңырау шалғаныңызды дәлелдейді.
Сақтандыру комиссарлары бұл күндері жазатайым оқиға болған жерге бармайтын көрінеді. Сақтандыру компанияңыздан олардың қызметкерлерінің апат болған жерге келуі талап етіледі ме жоқ па сұрап біліңіз.
Әдетте сақтандыру компаниясы келесі әрекеттер алгоритмін айтады: екі түсіндірме жазбаның, хаттама мен апат диаграммасының көшірмелерін алыңыз (олар 3 жұмыс күні ішінде беріледі. Оларды алып кетуге болатын мекен-жайды дереу жол қозғалысы қызметкерлерінен сұрап біліңіз). Содан кейін осы құжаттармен олардың мекенжайына бағалау үшін баруыңыз керек.
Астана қаласы бойынша құжаттарыңызды С.Мұқанов көшесі, 4, 14 кабинет мекенжайы бойынша Әкімшілік тәжірибе бөлімінен алу қажет.
Екі тараптың да көлігін кім қалпына келтіруі керек?
• Егер сіз жәбірленуші болсаңыз, көлігіңізді кінәлі тараптың сақтандыру компаниясы қалпына келтіреді. Сондай-ақ, егер қаласа, клиент тікелей есеп айырысу үшін өзінің сақтандыру компаниясына жүгіне алады. Тікелей есеп айырысу төлемін алсаңыз, кінәлі тараптың сақтандыру компаниясы сіздің сақтандыру компанияңызға төлем сомасын өтейді. Төлем алу процесінде екі жағдайда да айырмашылық жоқ.
Кеңес: егер сіз немесе жазатайым оқиғаның екінші тарапы қай жерде сақтандырылғаныңыз есіңізде болмаса, сақтандырудың қай жерде жасалғанын білу үшін Egov Mobile қызметін пайдалануға болады.
Өтемақының ең жоғары мөлшері – 600 АЕК (2025 жылы 2 359 200 теңге). Заң бойынша, сақтандыру компаниялары залал құнын есептеген кезде көлік құралының тозуын да ескеруі тиіс, ол жүрген жолға, шығарылған жылына, көлік түріне байланысты.
Мысалы, егер жәбірленушіе 2007 жылғы 170 267 км жүрісі бар жеңіл көлік болса, бұл жағдайда амортизация 73% құрайды. Зиянды бағалау актісі бойынша агрегаттар мен бөлшектердің құны 1 млн теңгені құрайды, бірақ тозуды есепке алғанда агрегаттар мен бөлшектердің құны 270 000 теңгені құрайды (1 млн* (1-73%)). Сондықтан, егер сізде жаңа көлік болмаса, амортизацияға байланысты төлем сомасы азаяды. Сақтандыру компанияларының сайттарында, сондай-ақ интернетте тозу калькуляторы бар, оның көмегімен сіз өзіңіздің көлігіңіздің тозуын есептей аласыз.
Кеңес: сақтандырудың міндетті түрі бойынша төлем сомасы көп жағдайда жөндеуге жеткіліксіз болатындықтан, ерікті КАСКО болған дұрыс. Көптеген сақтандыру компаниялары тек жазатайым оқиғалардың тәуекелдерін жабатын КАСКО ұсынады - бұл әдеттегіден арзанырақ. Сондай-ақ, кейбір компанияларда КАСКО жазылым ретінде рәсімделуі мүмкін, яғни сақтандыру үшін барлық соманы бірден емес, ай сайын төлейсіз.
• Егер кінәлі тарап сіз болсаңыз және сізде КАСКО бойынша ерікті сақтандыру болмаса, көлігіңізді өзіңіз қалпына келтіруге тура келеді. Несиеге автокөлік сатып алу кезінде берілген міндетті КАСКО бар болса, онда КАСКО несие бойынша ай сайынғы төлемдерді жабады, ал сіз автокөлікті өзіңіз қалпына келтіруіңіз керек. Егер ерікті КАСКО сақтандыруы болса, сізге көлігіңіз қалпына келтіріп беруі керек.
Егер сізде ерікті КАСКО болса: егер сіз зардап шеккен тарап болсаңыз және автокөлікке 2 359 200 теңгеден астам зиян келгенін білсеңіз, онда сізде 2 нұсқа бар.
Біріншісі, кінәлінің сақтандыру компаниясынан 2 359 200 теңгеге дейінгі төлемді алу, ал тәуелсіз бағалаудан кейін қалған соманы медиация немесе сот тәртібімен азаматтық іс жүргізу арқылы кінәлі тараптан өндіріп алу.
Екінші, көлігіңізді КАСКО сақтандыруыңыз бойынша жөндей аласыз, бұл жағдайда сіздің сақтандыру компанияңыз кінәлі сақтандыру компаниясынан және кінәліден соманы өндіріп алады.
Көлікті жөндеуге кететін уақыт шамамен бірдей.
Егер сіз зардап шеккен тарап болсаңыз және көлік жаңа болса (5 жылға дейін және бұрын үлкен апатқа ұшырамаған болса), онда екі жағдайда да сіз кінәліден көліктің нарықтық құнын жоғалтуды өндіріп ала аласыз, бірақ біз бұл туралы кейінірек айтамыз.
Маңызды! Егер сіз КАСКО (ерікті немесе міндетті) көмегімен көлігіңізді қалпына келтіргіңіз келсе , апат болғаннан кейін 2 сағат ішінде (дұрысы бірден) медициналық куәлендіруге барғаныңыз жөн. Себебі сосын өтінішіңізді жәй ғана қабылдамай қояды. Қайда бару керектігін сақтандыру компаниясының байланыс орталығынан біле аласыз. ОГПО бойынша,медициналық куәлендіруден өтуге тек кінәлі тарап баруы керек, ал жәбірленушіге оның қажеті жоқ.
Жол полициясы келді
Полиция келгенде тіркеу құжаты мен жүргізуші куәлігін дайындаңыз. Соңында құжаттарыңызды алуды ұмытпаңыз.
Олар апаттың сызбасы мен хаттамасын жасап жатқанда, сізге толтыру үшін бланкілер береді: дереу қарау туралы өтініш пен түсіндірме жазба.
Түсіндірме жазбада толық аты-жөніңізді, оқиға болған күні мен уақытын, тұрғылықты мекенжайыңызды, лауазымыңызды, телефон нөміріңізді және жеке сәйкестендіру нөміріңізді көрсетіңіз. Автокөліктің үлгісін, нөмірін, жылдамдығын сипаттайсыз. Егер сіз тоқтап тұрған болсаңыз, жолаққа 0 км/сағ жылдамдық деп жазасыз. Не болғанын, не бүлінгенін, асфальттың қандай болғанын, көрінуі мүмкіндігі мен басқалар туралы да жазасыз.
Дереу қарау туралы өтініште сіз өз мәліметтеріңізді де көрсетуіңіз керек. Еурохаттама туралы бағанда, егер сіз одан бас тартсаңыз, «Иә, бас тартамын» деп жазу керек. Зардап шеккен тарап сіз бұзушылықпен келісесіз бе деген сұраққа сызықша қояды. Егер екі тарап кінәлінің кім екеніне келіссе, басқасының бәрінде «иә» деп жазуға болады, сонда сот талқылауы сіздің қатысуыңызсыз өтеді. Егер кім кінәлі екенін шешпесеңіздер, онда не жазу керектігін жол полициясының қызметкерімен ақылдасыңыз.
Бұл уақытта қызметкерлер апаттың сызбасын жасап бітіреді. Сізге көлікті жолдан қашан шығару мүмкін болатынын айтады. Содан кейін жол полициясының қызметкерлері құжаттар мен хаттамаға қол қоюды сұрайды.
Оқиға орынында болған кезде көліктен бірдеңе түсіп қалмауын тексеріңіз (камера, белгі беру құралдар (датчиктер), кем дегенде оларды суретке түсіріп алңыз, дұрысы өзіңізбен бірге ала кетіңіз (зақымды бағалау кезінде қажет болады).
Кеңес: ЖКО сызбасын, хаттаманы, түсіндірме жазбалар мен екі өтінішті де суретке түсіруді ұмытпаңыз. Бұл сізді құжаттардың көшірмелерін алып кетуге бару сияқты артық жұмыстан құтқарады.
Керек болып қалуы мүмкін екенін ескеріп, екінші жүргізушінің нөмірін алып қалыңыз.
Содан кейін кінәлі медициналық куәлендіруге барады (егер жол полициясы оқиға орнында құрылғыға үрлеуді сұрамаса). Жәбірленуші көлігін КАСКО бойынша қалпына келтіруді шешсе, ол да медициналық куәлендіруге барады (қалай болғанда да бара салған дұрыс, қажет болып қалуы мүмкін).
Егер сізге медициналық куәлендіруге бару қажет болмаса, аптығыңызды басып, өз жұмыстарыңызбен айналыса берсеңіз болады: келесі қадамдарға уақыт қажет. Оларды апаттан кейінгі келесі күні де жасай аласыз.
Зиянды бағалау
Мұнда сізде оқиға дамуының екі нұсқасы бар: не сіз барлық кезеңдерден өзіңіз өтесіз немесе автозаңгерлерге жүгінесіз, олар барлығын сіз үшін жасап береді (уақытыңыз болмаса және көлікке тиген зиян үлкен болса, жақсы нұсқа).
Егер сөз бетіңізбен өтуді шешсеңіз, әрекеттер алгоритмі келесідей болады:
3) Бағалау үшін кінәлі тараптың сақтандыру компаниясына барасыз
Оқырманымыз айтқан маңызды кеңес: бағалау құжатын (өтелетін сома көрсетілетін парақ) алу үшін сақтандыру кеңсесіне келгенде Заңға сәйкес оны 3 күн ішінде қарап шығуға болады. Және сомамен келіспеуге толық құқығыңыз бар. Ешбір жағдайда сақтандыру компаниясы ұсынатын кез келген басқа құжаттарға дереу қол қоймаңыз, өйткені олар жауапкершіліктен құтылуға тырысады. Бар керегі - бағалау парағындағы жолаққа (бағалаумен таныстым) күнін, аты-жөнін, жазып, қол қойы, одан бөлек төлем сомасымен келіспейтініңзді қолмен жазу керек. Сосын сізге осы құжаттың көшірмесін жасап береді.
Сондай-ақ бағалау күнін, уақыты мен орнын көрсете отырып, тәуелсіз бағалау жүргізетіндігіңіз туралы еркін нысанда мәлімдеме беруіңіз керек. Бұл өтінішті бас кеңседе қабылдап, құжаттың кіріс нөмірін беруі керек.
4) Тәуелсіз бағалау жүргізіңіз (2gis-те көлік бағалаушылары бар).
5) Төлемді арттыру үшін сақтандыру омбудсманына жүгініңіз
Сақтандыру омбудсманының шешімін сақтандырушы орындауға міндетті. Бұл жағдайда дау өтеусіз қарастырылады, салық төлеудің қажеті жоқ, тек өтініш беру керек. Сақтандыру омбудсманына жүгінуден үш күн бұрын өтініш беруші сақтандыру компаниясына хабарлауы керек. Бұл оған дауды шешуге мүмкіндік беру үшін жасалады. Толық ақпаратты Сақтандыру омбудсманының сайтынан білуге болады - https://fomb.kz/home-kz/.
6) Сақтандыру компаниясы төлем сомасын көбейтпесе, онда сотқа жүгініңіз.
Ал егер сомамен келіссеңіз, онда құжаттарға қол қойып, 15 жұмыс күні ішінде төлемді күтесіз.
Осы тармақтардың арасында сізге сот бұйрығын алу керек болады. Маған кінәліге сот отырысы тағайындалғаны туралы смс жол апатынан 3 күннен кейін келді. Ал 10 күннен соң ол дайын болды, мен оны SMS-тегі мекенжай бойынша алып кеттім (бірақ онлайн түрде office.sud.kz сайтынан кінәлінің деректемелері арқылы алуға болады екен. Оны мен үшін автозаңгер жасап берді).
Ары қарай осы мақалада жеке тәжірибемізбен бөлісеміз.
2024 жылдың 26 қарашасында біз жол апатына ұшырадық. Біздің кіріс деректеріміз төмендегідей:
б) Бізде 2024 жылғы жаңа көлік, жүрісі 3000 км-ден аз.
в) Оқиға Астана қаласында болды.
г) залал ауыр. Жөндеу құны 600 АЕК максималды сомадан жоғары екенін бірден білдік.
Жол-көлік оқиғасына қатысты барлық істерді қарауға уақытымыз болмағандықтан, бізге автозаңгердің көмегі қажет екенін анық білдік. Олар әдетте сақтандыру компаниясы сізге беретін соманың 10-15% алады. Төлем соңында жүзеге асырылады, басында ештеңе төлеу қажет емес.
Алға жылжып айта кетсем, өз таңдауыма өкінбедім, себебі ауыр зиян келген жағдайда өз құқығыңызды қорғау қиын екен. Сізге қарсы болып тұрған сақтандыру компаниясының мұндай жағдайларда тәжірибесі мол, ал сіз мұндай жағдаймен бірінші рет бетпе-бет келіп тұрсың, ештеңеден хабарыңыз жоқ. Сақтандыру компаниялары мұны пайдаланып, бағалауды төмендетуі мүмкін (мысалы, қосалқы бөлшектерді жөндеу керек деп жазуы мүмкін, ал шын мәнінде оны ережелерге сәйкес, мұндай жағдайда оны жаңасына ауыстыру керек болуы мүмкін).
Міне, нақты мысалдар: біздің жүк салғыштың есігі апаттан кейін ашылмады. Сақтандыру өкілі оны ашудың қажеті жоқ екенін айтты, бірақ тәуелсіз бағалаушы табандылық танытты. Нәтижесінде қақпақты (есікті) ашып қарағанда, жөндеу қымбат тұратын ішкі бөліктерінде жарықтар бар екенін көрдік.
Сондықтан автозаңгерлердің іскен асы адал, алатын қаражатына 100% лайық. Уақытыңыз көп болмаса, мамандарға сенгеніңіз дұрыс. Сондай-ақ, көлік апатынан кейін жасырын ақаулар болуы мүмкін, сондықтан автозаңгер (дәлірек айтқанда, оның тәуелсіз бағалаушысы) мұны анықтауға және төлем мөлшерін арттыруға көмектеседі.
Сондай-ақ, істі автозаңгер қараған кезде, сақтандыру компаниясы әдетте бағалауды онша төмендетпейді, себебі соманы омбудсмен мен сотта даулайтынын біледі. Спойлер: сақтандыру компаниясы бізге 600 АЕК ең жоғары төлем сомасын тағайындады.
Қай автозаңгерді таңдадық? Апат болған соң 26 қараша күні бойы автозаңгер іздеумен айналыстық. 2ГИС-тегі Астанадағы компаниялардың пікірлерін қарадым, бірақ бәрінде жақсы пікірлермен қатар өте жағымсыз пікірлер болғаны да мені алаңдатты, сондықтан таңдау қиынға түсті.
Арнамызда 27 қарашада болған апат туралы жазба жариялаған болатынбыз, содан кейін жолы болар жігіттің жеңгесі алдынан кездесті.
Мәселенің мәні мынада, біз осыдан 3 жыл бұрын, арна өте шағын болған кезде (сілтемеде) апат болған жағдайда автозаңгерлерге хабарласу туралы кеңес жариялаған болатынбыз. Сол кезде де алматылық оқырмандарымыз «BDA Lawyer» ЖШС компаниясынан Лаураны ұсынған еді. Біз оның мәліметтерін сол кезде тегін қалдырғанбыз (себебі ол бізге телефон арқылы жазба бойынша кеңес берді), содан бері бұл компанияға ешкім шағым түсіріп келген жоқ. Керісінше, екі жыл ішінде оның жұмысы туралы оң пікірлер ғана естідік).
Айтпақшы, ол жазба есімде болатын, бірақ біз Астанада Лаура Алматыда болғандықтан мұндай нұсқаны тіпті қарастырмаған да едім. 27 қарашадағы жазбадан кейін оқырмандарымыз жақсы автозаңгерлердің деректерімен бқлісіп жатты. Мен біршамасына хабарласып көрдім, арасында Лаураның да нөмірі бар болып шықты (арнада бірнеше жыл бұрын қалдырған нөмір бойынша хабарласып тұрғанымды білмедім).
Ол менің нөмірді қайдан алғанымды білген соң мені бірден таныды. Телеграмнан деп едім, Казахстан Подешевле екенін бірден түсінді (сол жазбадан кейінгі бірнеше жыл ішінде оған клиенттер жиі келіп тұрған). Осылайша бір бірімізді танып, жолымыз бола кетті.
Ол бізді, біз оны танығандықтан, бірден бірге жұмыс істеуді шештік. Жол көлік апаты бойынша істерді басқа қалада отырып-ақ жүргізуге болатын болып шықты (керісінше, барлық сақтандыру компанияларының бас кеңселері Алматыда орналасқан). Әрі ол Астана мен басқа қалалардағы істерді көп мәрте жүргізген.
Оның деректерін қалдыра отырып, нұсқаулықты жалғатырсам +7(701)-675-61-34. Олардың 2GIS-і, пікірлерін оқып шықсаңыздар болады.
Әңгімеден ойысып кеткенім үшін айып етпессіздер, бұл оқиғамен бөлісуім керек болды.
Жол-көлік оқиғасынан кейін бізде екі жол болды: КАСКО сақтандыруымыз бойынша автокөлікті қалпына келтіру, содан кейін кінәліден нарықтық құнын жоғалтуды (тауар құнын жоғалту) өндіріп алу немесе оның ОГПО-сына барып, сосын залал мөлшері 600 АЕК-тен көп болса, одан қалған соманы одан және нарықтық құнын жоғалтудан өндіріп алу.
28 қарашада біз «BDA Lawyer» ТОО компаниясына сенімхат жаздық, барлығы осы жерден басталды (WhatsApp-қа скан жіберіп, ортақ чат аштық). Бірінші айта кететін нәрсе, біз әртүрлі қалаларда болсақ та, ешқайда барудың қажеті болмады (сот шешімінен басқа, бірақ оған бармай-ақ қоюға да болады екен).
Мен барлық құжаттарды, хаттаманың фотосуреттерін, түсіндірме жазбаларды, апат сызбасы мен өтініштерді WhatsApp-қа жібердім. Бұл құжаттар сақтандыру компаниясына онлайн өтініш беру үшін жеткілікті болды (әкімшілік тәжірибе бөліміне алыс жол жүріп барудың қажеті болмады).
Сондай-ақ бағалау үшін кінәлі тараптың сақтандыру компаниясына барудың да қажеті болмады. Көлік кепілдікте болғандықтан, Лаура бізден салонға ақауларды тексеруге жазылуымызды және сақтандыру компаниясымен келісу үшін нақты уақыт пен мекенжайды көрсетуімізді сұрады. Біз оны 5 желтоқсанға белгіледік. Көлік өте лас болса, барлық ақаулары көрінуі үшіналдын-ала жуып алыңыз.
Бұл күні Алматыдан «BDA Lawyer» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің тәуелсіз бағалаушысы Михаил келді, сонымен қатар оқиға орнында кінәлі тараптың сақтандыру компаниясының бағалаушысы да болды. Белгіленген уақытта ақауды анықтау үшін барлығымыз автосалонда кездестік. Олар сол жерде барлығын суретке түсіріп алды.
Тексеру нәтижесі – ақау актісі, ол 3 күннен кейін дайын болады.
Салонда болған кезде ереже/сағат есебімен автокөлікке кепілдік берілгені туралы анықтама алыңыз (олар мұның не екенін біледі). Мен бұл куәлікті суретке түсіріп алып, Михаилге бердім. Сондай-ақ қызмет кітапшасының бірінші бетін (көліктің қобдишасынан, татпасынан) суретке түсіріп, оған суретті жібердім.
Айтпақшы, егер сіз басқа қаладан болсаңыз және оларға жүгінсеңіз, Михаилге өзара әрекеттестіктің басында рәсімдеген сенімхаттың түпнұсқасын беруді ұмытпаңыз (оны да суретке түсіріп алыңыз).
Сондай-ақ кінәлі тараптың сақтандыру компаниясының бағалаушысы үшін кепілдік сертификатының фотосуреті мен қызмет көрсету кітабының бірінші беті қажет. Мен оларды оған жіберген жоқпын, «BDA Lawyer» мұны өздері жасады.
Сондай-ақ, сақтандыру компаниясының бағалаушысы көліктің кепілдігін растау үшін оған көлікті сатып алу-сату шартын жіберуімді талап етті. Мен көлікті қолдан сатып алғандықтан (жүрісі тек 17 км жаңа болса да), ол менде болмады. Михаил бәрі кепілдік сертификатында көрсетілгендіктен, келісімшарт қажет емес екенін айтты (расымен солай болып шықты). Бірақ мен оларға жүгінбегенімде, олар осы негізде маған төлем сомасын азайтуы мүмкін еді.
• «B&D Assistance» сенімхаты 4000 теңге.
• Салондағы ақауларды анықтау 61 000 теңге (әдетте 40 000 тұрады, бірақ біздің жағдайда олар жүк салғышты аша алмады, сондықтан күрделі манипуляцияларға жүгінуге тура келді). Кейін автозаңгері бұл соманы апатқа кінәлі тараптан өндіріп алады.
• Тәуелсіз бағалау 100 000 теңге (Алматы-Астана рейсі кіреді). Егер бағалаушы сіздің қалаңызда болса, онда әдетте 40 000 теңге тұрады. Кейін автозаңгері бұл соманы апатқа кінәлі тараптан өндіріп алады.
Үш күннен кейін мен салоннан ақау туралы актіні алып, «BDA Lawyer-ге» суретін жібердім. Жалпы алғанда, салон жөндеуге + қосалқы бөлшектерге 600АЕК-тен артық сома есептеді, сондықтан қалғанын кінәлі тарап өтейді (медиация немесе сот арқылы).
Егер сізде ақша болса, салон оларға тапсырыс беруі үшін бөлшектердің 50% бірден төлей аласыз, осылайша көлікті ертерек жөндей аласыз. Немесе сақтандыру компаниясынан төлем күтуге болады, бірақ қосалқы бөлшектер кейінірек келеді.
Содан кейін, шамамен 10 күннен кейін, кінәлі тараптың сақтандыру компаниясынан бағалау дайын болды (олар максималды есептеді). Ал тағы 10 күннен кейін тәуелсіз бағалау дайын болды.
Қазіргі уақытта (2025 жылғы 16 қаңтар). Біз сақтандыру компаниясынан сома түскенін күтіп отырмыз, сонымен қатар «BDA Lawyer» жөндеу жұмыстарының қалдық құны мен тауар құнының жоғалуын алу мәселесімен айналысатын болады.
Көліктің тауар құнын жоғалтқаны үшін өтемақы деген не?
Егер көлігіңізге 5 жылдан аз болса, оның пайдалану тозуы 35%-дан аспаса, автомобиль бұрын айтарлықтай зақымданған апатқа ұшырамаған болса және жөнделмеген болса, жол көлік оқиғасынан кейін көліктің тауар құнын жоғалтқаны үшін өтемақы ала аласыз (әдістемесі бар ресми құжат).
Сонымен қатар, егер көлік сіздің ақша табу құралыңыз болса және бұл сіздің еңбек шартыңызда көрсетілген болса, онда сіз апатқа кінәлі тараптан көлік жөндеуде тұрған кезеңде мәжбүрлі тоқтап қалғаны үшін өтемақы талап етуге құқылысыз».
Көліктің тауар құнын жоғалтқаны үшін өтемақы алу үшін не істеу керек (егер сіз бәрін өзіңіз жасасаңыз)?
1. Сотқа Көліктің тауар құнын жоғалтқаны туралы есеп дайындай алатын кәсіби бағалаушыға жүгініңіз.
2. Жол көлік оқиғасынажауапты тұлғамен сотқа дейінгі тәртіпте байланысып, есеп нәтижелері бойынша өтемақы сұрай аласыз, бірақ шағымның қанағаттандырылу ықтималдығы әдетте өте төмен, сондықтан бірден келесі тармаққа көшсек.
3. Сотқа жүгіну. Әдетте, сақтандыру компаниясы да бір мезгілде сотқа тартылады, себебі көп жағдайда жөндеу төлемдері төмен бағаланады. Осылайша, іс бойынша екі жауапкер бар - сақтандыру компаниясы мен ЖКО-на кінәлі тарап. Өкінішке қарай, Қазақстанда көліктің тауар құнын жоғалтқаны үшін өтемақыны сақтандыру төлемінің сомасына (сол 600 АЕК) қосуға болмайды.
4. Сот тауар сараптамасын тағайындауы мүмкін, сондықтан сот сарапшысы сіздің көлігіңізді тексермейінше көлікті жөндеуге болмайды.
Мен барлығын автозаңгер мен тәуелсіз бағалаушы арқылы жасағандықтан, олар бәрін өздері жасайды.
Бұл туралы бізге сақтандыру компаниясы бастапқыда 356 мың теңге шығын деп есептесе де, апаттан кейін шамамен 1,8 миллион теңге төлем алған оқырманымыз айтып берді. Оның 1 480 296₸ сақтандыру төлемі, 161 935₸ – жазатайым оқиғаға кінәлі тарап төлеген тауар құнын жоғалту бойынша өтемақы, 20 000₸ – көліктің тауар құнын жоғалтуын бағалау құны, 19 000₸ – ресми дилерден келтірілген залалды тексеру үшін комиссия, 12 860₸ - мемлекеттік баж, 3 795₸ нотариус қызметі (заңгерге сенімхат), 120 000₸ - заңгер қызметіне төлем + көліктің зақымдануын бағалау.
Егер бұл мақала сізге пайдалы болса, онда @podeshevlekz Instagram-ынан бөлек, біздің «Казахстан Подешевле» Telegram арнамызға жазыла аласыз. Онда күн сайын түрлі тақырыптар бойынша осындай пайдалы мақалалар мен нұсқаулықтар жарияланады (толығымен тегін).
• Pinduoduo бойынша тегін курс. Өту(1688 бойынша да)
• Freedom-нан қалай оңай 1000 теңге алуға болады? Алу.
• Тұтынушылық құқықтарыңызды қалай қорғауға болады? Оқу.
• Барлығына арналған кешбэк бойынша табыс. Нұсқаулық.
• Отбасы банк ипотекасы бойынша шегерімдер. Оқу.
• Ақылы медициналық қызмет алу кезіндегі шегерім (стоматологиялық қызметтерді қоса алғанда). Оқу.
• Қазақстанда iHerb-тан қалай тапсырыс береміз? Жаңадан қосылғандарға арналған толық гайд.
• Туған күнге арналған барлық науқандар мен бонустар. Оқу.
• Халықтың осал топтарына арналған барлық жеңілдіктер мен науқандар. Оқу.
• Шетелдік сайттардан қалай сауда жасаймыз? Нұсқаулық.
• Жеке сот орындаушылары бұғаттаған шоттарды қалай өз бетіңізбен шешуге болады? Оқу.
• АҚШ-қа ГРИН КАРТА: қалай өтініш береміз? Нұсқаулық.