Өмірді жинақтық сақтандыру туралы ақпарат
1-бөлім: Жалпы ақпарат
Қазақстанда сақтандырудың көптеген түрлері бар, бірақ түсінуге жеңіл болу үшін біз оларды екі түрге бөлдік: «жойылатын» және «жойылмайтын». Мысалы, сіз көлігіңізді 15 000₸-ге бір жылға сақтандырдыңыз делік, бірақ сол уақыт ішінде ешқандай жол апаты болған жоқ. Бұл жағдайда ақша сіздің қалтаңызға қайтпайды, яғни қаражат «жойылып кетеді», сондықтан келесі жылы сақтандыру полисін қайтадан сатып алу керек болады. Осыған ұқсас мысалдар қатарына шетелге шығу кезіндегі медициналық сақтандыру, КАСКО, тұрғын үйді сақтандыру сияқты басқа да сақтандыру түрлері жатады. Қағидаттары бірдей.
Бұл мақалада біз өмірді жинақтық сақтандыру мәселесін талдауды жөн көрдік, себебі бұл әдіс бір жағынан отбасыңыздың қаржылық қорғанысын қамтамасыз етсе, екінші жағынан ақша жинауға мүмкіндік береді.
Өмірді жинақтық сақтандыру – қысқаша айтқанда үнемі толықтырып отыруды қажет ететін жинақ сандықшасы десек те болады, яғни жинақ үнемі толықтырылып отырса, келісімшарт мерзімі ішінде жинақ иесінің өмірі сақтандырылған болады. Төлем мөлшері тұлғаның жасына, жынысына, қызмет түріне байланысты қойылады. Компания сақтандыру қаржысын екі жағдайда төлейді:
1) Егер адам өз-өзіне қол жұмсау жағдайларынан басқа кез-келген себептен қайтыс болса.
2) Егер адам келісімшарт мерзімі аяқталғанға дейін аман болса.
Басты артықшылығы неде?
Айталық, X тұлға жинақтық сақтандыру полисі арқылы өмірін 15 жылға сақтандырып, 300 000₸ көлеміндегі бастапқы жарнасын жасады делік. Келесі күні қайғылы жағдай орын алып, Х тұлға қайтыс болады. Сол кезде оның мұрагерлері Х тұлға бір ғана жарна енгізгеніне қарамастан, 15 жыл бойы жинақ жасап жүргендей толық соманы (5 104 064₸) алады. Ал егер Х тұлға 15 жыл ішінде ешбір қайғылы оқиғаға ұшырамай, аман болса, онда ол кепілді түрде барлық жинақ сомасын 5 104 064 ₸ + кепілдендірілген шағын кіріс алады (бұл жайлы сәл кейінірек).
Яғни, егер барлығы жақсы болса, онда адам қаражат жинақтап, сол қаржысын өзіне алады. Ал егер қаза болса, онда оның отбасы сол адам жинағысы келген соманы алады. Оның үстіне ұзақ уақыт күттіріп емес, 30 күнтізбелік күн ішінде.
Басқа да артықшылықтары:
- Икемділік: төлемдердің жүйелілігін өз бетіңізше белгілеуге болады, яғни сомасын немесе мерзімін арттыруға, азайтуға болады.
- Бұл әдіс белгілі бір мақсатқа жету үшін ұзақ мерзімді жинақтау кезінде өте қолайлы.
- Декларациялауға жатпайды және салық салынбайды.
- Ажырасу кезінде қаражат қамауға алынбайды немесе бөлінбейді.
- Тәуекелді демалыс түрлерін ұнатсаңыз, экстремалды спортпен шұғылдансаңыз, онда сіздің төлемдеріңіз жайбарақат, тыныш өмір салтын ұстанатын адамдардікіндей болады.
- Аталмыш сақтандыру шетелде де жұмыс істейді.
- Егер сіздің алимент, несие, ажырасу бойынша мүлікті бөлу сияқты қарыздарыңыз болса, онда міндеттемелерді өтеу үшін аталмыш сақтандыруға қол сұғылмайды.
- Егер бір жыл бұрын ол туралы өтініш жазсаңыз, сақтандыру төлемін азайтуға болады.
Егер сақтандыру компаниясы банкротқа ұшыраса, қаражат күйіп кетеді ме?
Қазақстан Ұлттық Банкі Халықаралық сақтандыру қадағалаушылары қауымдастығының (IAIS) мүшесі. Демек, Ұлттық Банк сақтандыру компанияларының қызметін жіті қадағалайды. Заң бойынша әрбір сақтандыру компаниясы өз тәуекелдерін басқа сақтандыру компаниясы арқылы сақтандыруға міндетті, әдетте бұл халықаралық рейтингі жоғары шетелдік сақтандыру компаниясы болып келеді. Бір сақтандырушы екінші сақтандырушының көмегімен қайта сақтандырылады. Осылайша, жинақтық сақтандыру бағдарламалары бойынша сақтандыру сомасы банкротқа ұшыраған жағдайда да барлық сақтандырылған тұлғаларға төленетініне кепілдік беріледі. Дереккөз.
Оның үстіне банк банкрот болған жағдайда тек 10-20 млн теңге аралығындағы ғана сома төленсе, ал сақтандыру компаниясы банкрот болған жағдайда барлық сақтандыру сомасы шектеусіз төленеді.
Тек өлімнен ғана сақтандырылуға болады ма?
Жоқ. Қажет болса, өмірді жинақтық сақтандыру полисіңізге бүкіл келісімшарт мерзімі бойы жарамды болатын қосымша опцияларды қосуға болады (қандай опциялар қосатыныңызды өзіңіз таңдап аласыз):
- Жарақат алған жағдайда төленетін төлемдер;
- Қатерлі сырқаттар мен онкологиялық аурулар кезіндегі төлем.
- 1 және 2 топтағы мүгедектік бойынша төлем;
- 1 және 2 топтағы мүгедектік бойынша төлемдерден босату (ары қарай сақтандыру полисі бойынша жарналарды енгізу қажет емес).
- Ресми түрде денсаулық жағдайына байланысты еңбек демалысына шығуға байланысты төлем (7-ші күннен бастап);
- Қайтыс болған жағдайдағы қосымша төлем (мұрагерлер алатын сома көбейеді).
Бұл опция түрлері сіздің полисіңіздің үстінен шағын ғана жылдық төлем түрінде қосылады, бірақ бұл сома «жойылатын» сақтандыруға жатады. Бірақ оның артықшылығы бұл қосымша опциялар үшін төлемдер сіздің жинақтарыңыздан АЛЫНБАЙДЫ.
Мысалы, егер сіз полисіңізге «жарақаттан қорғау» опциясын жылдық 4500₸ жарнамен қосып, абайсызда қолыңызды сындырып алғаныңыз үшін 200 000₸ төлем алсаңыз, онда бұл сома сіздің жинағыңыздан АЛЫНБАЙДЫ.
P.s: жарақат үшін өтемақы мөлшері арнайы кестемен белгіленеді, мақалада оны егжей-тегжейлі талқыламаймыз. Жай ғана дененің әр мүшесінің өз құны бар екенін айта кетеміз.
Сондай-ақ, қосымша төлемнің көлеміне байланысты бірдей қосымша опция құны әртүрлі болуы мүмкін екенін айта кеткен жөн. Мысалы, долларлық сақтандыруда қаза болу жағдайына байланысты сіз полисіңізге 3000$, 9000$ немесе 12 000$ көлемінде қосымша төлем қоса аласыз (таңдауыңыз бойынша). Қосымша төлем сомасы неғұрлым көп болса, қосымша опцияны қосу құны да соғұрлым жоғары болмақ.
Қосымша опциялар үшін төлем негізгі сақтандыру төлемінің ішіне кіретіндей етіп жасауға болады (бірақ кейін қайтыс болған жағдайда немесе келісімшарт мерзімі аяқталған кезде алатын төлемдер мөлшері азырақ болады). Немесе қосымша опциялар төлемін бөлек төлеуге болады, негізгі сақтандыру төлеміне қоса.
Шарттары:
Қазақстанда полисті 7 жастан 70 жасқа дейін рәсімдеуге болады. Таңдауыңыз бойынша: теңге немесе доллар түрінде.
Теңгеде: жылдық минималды сома – 180 000₸ (айларға, тоқсандарға немесе жарты жылға бөлуге болады). Минималды мерзім – 10 жыл, максималды – сақтандырылған тұлға 70 жасқа толғанға дейін.
Долларда: жылдық минималды сома – 500$ (айларға, тоқсандарға немесе жарты жылға бөлуге болады). Минималды мерзім – 8 жыл, максималды – 15 жыл.
*сақтандыру компаниясына байланысты шарттары өзгеруі мүмкін.
Сондай-ақ 2 жастан 7 жасқа дейінгі балаға да полис рәсімдеуге болады, бірақ шектеулер (лимит) бар. Мысалы, теңгедегі сақтандыру кезінде полисті жылына 80 000₸ аспайтын сомаға ғана толтыруға болады. Бұл ата-ананың пайдакүнемдік мақсатпен балаға зиян келтіруін болдырмау үшін жасалған.
Полисті кімдер аша алмайды: кәсіпқой спортшылар, өміріне қауіп төну мүмкіндігі жоғары кәсіпорын қызметкерлері, жасы келген зейнеткерлер, мүгедектігі бар жандар (егер сіздің мүгедек балаңыз болса, өзіңіздің атыңызға сақтандыру полисін аша аласыз).
Есептеу мысалы:
28 жасар ер адам 15 жыл мерзімге жыл сайынғы төлемі 180 000₸-ні құрайтын полис ашты делік, төлем құрамына барлық ықтимал қосымша опциялар құны енгізілген (қосымша қамтудың минималды мөлшері, қорғанысты арттыруға болады, бірақ онда төлем жоғары болмақ).
- Қайтыс болған кездегі немесе шарт соңына дейін аман болған кездегі төлем сомасы – 3 089 584₸
- Шарт соңына дейін тірі болған жағдайда күтілетін табыс сомасы – 4 168 707₸
- Әрбір дене жарақаты үшін төлем – 1 000 000₸ бастап (бұл опция үшін жылдық төлем – 4444₸)
- Жазатайым оқиға салдарынан 1 және 2 топтағы мүгедектік алған кездегі біржолғы төлем – 1 000 000₸ бастап (бұл опция үшін жылдық төлем – 833₸)
- Қатерлі сырқат немесе онкологиялық ауру кезіндегі төлем – 1 000 000₸ бастап (бұл опция үшін жылдық төлем 4621₸).
- Ресми түрде денсаулық жағдайына байланысты еңбек демалысына шығуға байланысты төлем – 1 000 000₸ бастап (бұл опция үшін жылдық төлем – 2667₸).
- Жазатайым оқиға салдарынан ауруханаға түсу кезіндегі төлем – 1 000 000₸ бастап (бұл опция үшін жылдық төлем – 533₸).
- Жазатайым оқиға салдарынан қайтыс болған жағдайдағы қосымша төлем – 1 000 000₸ бастап (бұл опция үшін жылдық төлем – 1390₸). Сондай-ақ қайтыс болған жағдайда сақтандыру сомасынан екі еселендеру (x2) нұсқасы бар, ол үшін жылдық төлем 15-17 мың ₸ құрайды.
- 1 және 2 топтағы мүгедектік алған кезде төлемдерден босату үшін жылдық төлем – 1281₸.
Осылайша, барлық қосымша опциялардың жалпы құны жылына 15 769₸ құрайды (айына 1314₸). Бұл «жойылатын» сома, сақтандыру компаниясына байланысты сома көлемі әртүрлі болуы мүмкін екенін айта кеткен абзал.
Сонда сақтандыру төлемінің өзі 164 231₸ құрайды (180 000₸ - 15 769₸). Егер сіз жай ғана жыл сайын 164 231₸ жинап отырдыңыз деп есептесек, онда 15 жылдан кейін 2 463 465₸ көлеміндегі соманы аласыз. Ал жинақтық сақтандыруды рәсімдеген жағдайда, 3 089 584₸ мен 4 168 707₸ аралығындағы кепілді соманы аласыз, оған қоса өміріңізді сақтандыруға ие боласыз.
Егер теңгелік полис бойынша 300 000₸ жылдық жарнамен есептесек, онда қайтыс болған жағдайда берілетін кепілдік төлем сомасы 5 331 010₸ құрайды. Ал келісімшарт мерзімінің соңына дейін аман-есен жеткен жағдайда, инвестициялық кірісті ескере отырып – 7 193 005₸ дейін соманы алуыңыз мүмкін.
Егер сақтандыру 20 жылға 500 000₸ көлеміндегі жарнамен рәсімделсе, келісімшарт мерзімінің соңына дейін аман-есен жеткен жағдайдағы жалпы сома шамамен 19 млн ₸ құрайды, оның 10 млн ₸ сіз өзіңіз жинадыңыз.
Егер долларлық полис бойынша есептесек, онда 15 жылға жылдық 1000$ жарнасымен рәсімделген сақтандыру мерзімнінің соңында сіз шамамен 16 580$ аласыз.
*сақтандыру компаниясына байланысты сома көлемі сәл өзгеруі мүмкін.
Бұдан көбірек сомаға сақтандыру рәсімдеуге болады ма?
Иә. Мысалы, 20 жылға жылдық жарнасы 1 млн ₸ құрайтын полис ашсаңыз, келісімшарт мерзімінің соңында кепілдендірілген кірісті ескере отырып, сіз шамамен 39 млн ₸ аласыз. Қосымша опциялар үшін төлемдерді де көбейтуге болады. Егер сіз осы полиске «соманы х2 көбейту» опциясын қоссаңыз, онда жазатайым оқиға салдарынан қайтыс болған жағдайда сіздің мұрагерлеріңіз тағы 39 млн ₸ алады (бұл опция үшін жылдық төлем – 36 398 ₸). Барлығы 78 млн ₸ болуы мүмкін.
Басқа қосымша опциялар бойынша да төлем сомасын көбейтуге болады. Мысалы, қауіпті сырқат анықталған жағдайда 3 млн ₸ төлем алу опциясы жылына 16 103 ₸ тұрады.
Кіріс:
Өмірді жинақтық сақтандыру шарты бойынша сақтанушы компания ұсынатын төлемдерді жүйелі түрде енгізіп отырады, соның арқасында сақтандырылушы пайыздар алады. Сақтандыру компаниялары инвестицияны мемлекет кепілдік беретін тәуекелі төмен салалар мен компанияларға салады. Сондықтан өмірді жинақтық сақтандыру полистері бойынша кіріс көлемі төмен. Сондай-ақ, заңға сәйкес, қазақстандық сақтандыру компаниясы активтер мен бағалы қағаздарды тек біздің елдің ішінде ғана инвестициялай алады (шетелдік компанияларға инвестиция сала алмайды), бұл да табыстылық деңгейіне әсер етеді. Бірақ айта кету керек, біз кепілдендірілген табыс туралы сөз қозғап отырмыз, яғни минусқа кетпейтініңіз 100% анық.
Теңгелік полистер бойынша келісімшартқа қол қойылған сәттен бастап 5%-ға дейін кепілдендірілген кірістілік бар, сонымен қатар + төлемдер енгізудің үшінші жылынан бастап сақтандыру компаниясының инвестициялық қызметінен түсетін қосымша кірістілік бар.
Долларлық полистер бойынша келісімшартқа қол қойылған сәттен бастап 2%-ға дейін кепілдендірілген кірістілік бар (долларлық депозиттерге қарағанда жоғары).
Бұл жерде өмірді сақтандыру полисін алдыңғы кезекте ҚОРҒАНУ құралы ретінде, содан кейін ғана қаражат жинау әдісі ретінде қарастыру керек екенін атап өту өте маңызды. Егер сіз жинақ ақшаңызды көбейтуді қаласаңыз, ондаинвестициямен айналысқаныңыз дұрыс.
Бір қаржылық өнім өмірді сақтандыруды қамтамасыз ете отырып, сонымен қатар кепілдендірілген жоғары кіріс әкеледі деп ойлау жаңсақ пікір. Бұл жағдайда сақтандыру компаниялары мүлдем болмес еді, себебі олар үшін аталмыш қызметпен айналысу тым тиімсіз, әрі тәуекелі жоғары болар еді.
Кемшіліктері:
Егер сіз теңгелік полисіңізді жабуды шешсеңіз, бірақ әлі келісімшарт мерзімінің жартысы да өтпеген болса, онда сіз өзіңіз салған ақшадан аз сома аласыз. Егер мерзімнің жартысы енді ғана өткен болса, онда сіз шамамен дәл сол соманы қайтарып аласыз. Ал, мысалы, полисіңіз 20 жылға ашылған болса, ал сіз оны 18 жыл толғаннан кейін жабуды шешсеңіз, онда іс жүзінде ештеңе жоғалтпайсыз. Сондықтан теңгелік полисті мерзімнің ортасына дейін мүлдем жаппаған абзал.
Бұл жағдай не себептен орын алады? Себебі компания өз тәуекелдерін де ескеруі керек. Сақтандыру сомасы полис рәсімделген күннің ертеңінде толық мөлшерде төленсе, бұл әркімнің-ақ қызығушылығын тудырушы еді, бірақ пайда екі жаққа да, соның ішінде сақтандыру компаниясы үшін де тиімді болы керек.
Долларлық полистерде жағдай басқаша. Оны бірінші жылдан кейін-ақ жауып тастауға болады, бірақ ол үшін комиссия төленеді. Егер полисіңізге енгі ғана бір жыл толса, онда сіздің бастапқы жарнаңыздың 72% қайтарады. Жабу кезеңі неғұрлым ұзақ болса, комиссия соғұрлым төмен болады. Бірақ теңгенің құнсыздануын ескерсек, бұл комиссияны ішінара немесе толық өтеп алуға болады. Мысалы, сіз бір жыл бұрын полис ашып, 1 доллар – 370 теңге бағамымен (яғни 370 000₸) 1000$ салдыңыз делік. Бір жылдан кейін сіз полисіңізді жабуды шештіңіз, ал сол кезде доллар бағамы бір доллар үшін 440 теңге құрады деп алайық. Комиссияны шегергеннен кейін сізге 720$ қайтарылады, бұл қазіргі бағам бойынша 317 000₸ (ал өткен жылғы бағам бойынша есептесек 266 400₸ қайтарып алатын едіңіз). Мұндай жағдайлар пандемия кезінде шынымен де орын алған.
Кең таралған сұрақтарға жауаптар:
Қаза болғаннан кейін сақтандыру сомасы жарыма емес, балама түсетіндей етіп жасауға болады ма? — Иә, бұл тұсын полисті ашқан кезде атап көрсету керек, бірақ қаражат бала 18 жасқа толғанда бірақ аударылады (бірақ күту уақыты кезінде кіріс есептеліп отырады).
Егер алдымен қатерлі сырқат / онкология жайлы ақпаратты біліп, сосын полис ашса не болады? — емханаларға (тіпті шетелдегі болса да) барғаныңыз жайлы ақпарат арқылы сақтандыру компаниясы бұл жайлы біліп, нәтижесінде сізге полис рәсімдеуден бас тартады.
Ресми түрде денсаулық жағдайына байланысты еңбек демалысын рәсімдеген жағдайда төлем қалай жүреді? — 7-ші күннен 60-шы күнге дейін қосымша опцияның таңдалған құнына байланысты күнделікті 2000₸, 4000₸ немесе 6000₸ және т.б. төленеді.
Өмірді жинақтық сақтандыру МӘМС орнын баса алады ма? — Жоқ, себебі мұнда тек өмір + қосымша опциялар аясында денсаулығыңыз сақтандырылған болса, МӘМС бойынша тіркелген жеріңіздегі емханаға жүгіну аясында қызметтердің кең спектрі қолжетімді.
Көптеген адамдар МӘМС жүйесінде сақтандырылған деген мәртебе алу үшін БЖТ (ЕСП) төлейді. Сақтандыру полисінің қандай да бір түрін рәсімдеп, жеке емханада медициналық қызмет алуға болады ма? — Иә, жеке емханамен тікелей байланысу арқылы рәсімдеуге болатын медициналық сақтандыру полистері бар. Алайда мұндай полис жинақтық өмірді сақтандыруға жатпайды («жойылатын» сақтандыру түрі болып есептеледі).
Тек бір ғана адамды емес, толық отбасын сақтандыруға болады ма? — біздің елімізде өмірді жинақтық сақтандыру тақырыбы әзірге танымал емес, сондықтан сақтандыру өнімдерінің таңдауы кең емес. Freedom Kids полисі бар – онда сіз бүкіл отбасын: әкесін, анасын және баланы сақтандыра аласыз. Ал ата-анасының бірі қайтыс болған жағдайда, полисті толықтырып отыру міндеті екіншісіне түспейді. Яғни, компания баланың шотына ақшаны өзі жинай береді және мерзім аяқталғаннан кейін балаға барлық соманы аударады (осылайша оның оқуына немесе ата-анасы жинауды жоспарлаған басқа да мақсаттарға қаражат жинайды). Дегенмен, тәуекелдердің жоғары болуына байланысты бұл полистің табыстылығы өте аз екенін атап өткен жөн. Сол себепті жоғары қорғаныс пен табыстылыққа ие болу үшін әдетте әр ата-ана мен бала үшін бөлек полистер ашып жатады. Сондай-ақ бүкіл отбасын қорғайтын «жойылатын» полистер де бар. Freedom Life ұсынатын «Қатерлі дерттерді шетелде емдеу» полисі жайлы немесе Home Credit Bank ұсынатын «Отбасын қорғау» полистері жайлы ақпарат іздеп көрсеңіздер болады.
Теңгелік полисті рәсімдеп, бірінші жарнаны енгізгеннен кейін ары қарай төлем жасауға мүмкіндігім болмаса ше? Екі жыл ішінде өмірді жинақтық сақтандыру бойынша келісіміңізді комиссиясыз қайта қалпына келтіруге болады, бастысы қажетті соманы толықтырсаңыз жеткілікті. Егер полис екі жылдан астам уақыт бойы төленбесе, оны қалпына келтіру мүмкін емес. Егер сіз бір ғана жарна енгізсеңіз, онда сома жойылып кетеді, ал егер сіз екі жылдан астам уақыт бойы төлем жасасаңыз, онда полисті жауып, соманы қайтара аласыз (бірақ салған қаражатыңыздан аз мөлшерде). Сондықтан, берер кеңесіміз: ақша салуды тоқтатқаннан кейін келісімшарт мерзімінің жартысы немесе толық кезеңі өткенге дейін қаражатқа тиіспей-ақ қойғаныңыз жөн. Осы уақыт ішінде полис бойынша сіз салған жарналарға табыстылық есептеліп тұрады, оның үстіне сақтандыру жүрмесе де сіз қаражатты толығымен + пайыздарын ала аласыз. Егер сіздің полисіңіз енді ғана іске қосылса, соманы бірден толықтай шешіп алуға асықпаңыз.
2-бөлім: Полис рәсімдегісі келетін жандарға арналған ақпарат
Қай полисті таңдаған тиімдірек: теңгелік әлде долларлық?
Бір қарағанда, долларлық полис әлдеқайда тиімді болып көрінуі мүмкін. Себебі теңге жыл өте келе құнсызданады, ал теңгелік полис бойынша табыстылық деңгейі инфляциядан әлдеқайда төмен. Дегенмен, бұл сұраққа бір сөзбен жауап беру мүмкін емес. Мұнда барлығы сіздің мақсаттарыңызға байланысты.
1) Егер сіз өмірді сақтандыруды тек белгілі бір мақсатқа қаражат жинау мақсатында пайдаланғыңыз келсе, онда қосымша опцияларСЫЗ, долларлық полис ашқаныңыз дұрыс.
2) Ал егер сіз өзіңізді жазатайым оқиғалардан барынша қорғап, полиске қосымша опциялар қосқыңыз келсе, онда теңгелік полис ашқаныңыз дұрыс. Себебі, жасыңыз ұлғайған сайын қосымша опциялар құны қымбаттай түседі, себебі тәуекелдер жоғарылайды.
Теңгелік полисте сіз қазіргі жасыңыздан бастап бірден 70 жасқа дейін сақтандырыла аласыз. Сол кезде қосымша опция құны бүкіл кезеңге бекітіледі (сондықтан, неғұрлым ертерек сақтандырсаңыз, соғұрлым тиімдірек болмақ). Ал долларлық полисті максималды түрде 15 жылға ашуға болады. Яғни, осы мерзім біткеннен кейін сіз қайта сақтандырылғыңыз келсе, онда қосымша опция құны әлдеқайда жоғары болмақ (егер 15 жыл бұрын жасыңыз 28-де болса, ал қазір 43-те). Сонымен қатар қосымша опциялар құны долларлық полистерге қанағанда теңгелік полистерде арзанырақ.
Ал инфляция ше, соның салдарынан теңге бәрібір де құнсызданып кетпейді ме? Бізбен бұл мәселені айналып өтудің кейбір лайфхактарымен бөліскен болатын:
а) полисіңіз бойынша төлемдер сомасын жыл сайын инфляция қарқынына сәйкес көбейтіп отыруға болады. Кейбір сақтандыру компанияларында төлем мерзімі жақындаған кезде менеджерлер өздері осындай ұсыныс жасайды.
б) теңгедегі төлемді доллар бағамына ойша теңестіруге болады. Мысалы, өткен жылы сіз полис рәсімдеп, 180 000₸ жарна енгіздіңіз делік (сол кездегі бағам бойынша 443$ болған). Ал биылғы жылғы төлем кезінде доллар бағамы 447₸ көрсетіп тұр. Бұл дегеніміз алдыңғы жылғы 443$ қазір 198 021₸ құрайды дегенді білдіреді. Демек биыл осы соманы енгізу керек.
Сонымен қатар мынадай ойды да атап өткен жөн: әрине, он жыл бұрынғы 5 млн ₸ мен қазіргі 5 млн ₸ мүлде басқа сомадағы қаражат. Дегенмен, қазірдің өзінде бұл сомадан бас тартатын адамды таба алмайсыз. Солай емес пе?
Негізі полистер қалағаныңызша аша берсеңіз болады. Сарапшының кеңесіне сүйене отырып, біз өзіміз үшін сақтандырудың тиімді жиынтығын жасап шығардық: бір полис – долларлық, қосымша опцияларсыз, қаражат жинау мақсатында. Екіншісі – минималды сомаға (жылына 180 000₸), қалауыңыз бойынша қосымша опциялары бар, 70 жасқа дейін ашылған теңгелік полис (қатерлі дерттердің қаупі жоғарылайтын кез осы 65-70 жасқа жуық болады).
Сақтандыруды қайда рәсімдеуге болады?
Қазақстанда лицензияланған 9 сақтандыру компаниясы бар:
- «Еуропалық сақтандыру компаниясы» өмірді сақтандыру компаниясы» АҚ
- «Қазақстан Халық Банкінің өмірді сақтандыру бойынша «Халық-Life ЕК»АҚ
- «Nomad Life» өмірді сақтандыру компаниясы» АҚ
- «Евразия» өмірді сақтандыру компаниясы» АҚ
- «Freedom Life» өмірді сақтандыру компаниясы» АҚ
- «КМ Life» өмірді сақтандыру компаниясы» АҚ
- «Сентрас Коммеск Life» өмірді сақтандыру компаниясы» АҚ
- «Өмірді сақтандыру Мемлекеттік аннуитеттік компаниясы» АҚ
- «Standard Life» өмірді сақтандыру компаниясы» АҚ
Таңдау кезінде ең бастысы - сақтандыру компаниясының тұрақтылық рейтингін білу. Бұл ретте қазақстандық емес, тәуелсіз халықаралық рейтингтерге жүгінген абзал. Мысалы, S&P Global Ratings рейтингтік агенттігінің деректеріне жүгінсек тұрақтылық бойынша бірінші орындарды «Евразия», «Nomad Life», «Халык-Life», «Freedom Life» және «Standard Life» компаниялары алады.
Бұл компаниялардың шарттары бір-бірінен айтарлықтай ерекшеленбейді. Бұл негізінен сақтандырудың минималды / максималды мерзіміне, төлем сомасына және т.б. қатысты болып келеді.
Маңызды түсініктеме: «Евразия» өмірді сақтандыру компаниясында банкротқа ұшыраған жағдайда оны қайта сақтандыратын компания жоқ, бірақ S&P Global Ratings деректері бойынша компания ең жоғары BBB тұрақтылық рейтингіне ие (мұндай көрсеткіш тіпті жетекші шетелдік сақтандыру компанияларының кейібірінде жоқ). Оның жеке капиталы Қазақстандағы барлық сақтандыру компанияларының жиынтық құнынан жоғары.
Сондай-ақ, полиске өтініш бергенде, қосымша төлемдер құны сіздің жинағыңыздан алынады ма, жоқ па соны анықтап алу маңызды (кейбір сақтандыру компанияларында олар сіздің төлемдеріңізден шегеріледі).
Қандай полис таңдаған құрыс?
9 компанияның әрқайсысында жинақтық (жойылмайтын) сақтандыру полистерінің көптеген түрлері бар, бірақ таңдау кезінде келісімшарт мерзімінің соңында ақшаны қайтарып алатын және оны қайда жұмсайтыныңызды өзіңіз шешетін нұсқасына басымдық берген дұрыс («Евразияда» бұл «Тарлан» полисі, «Freedom Life-та» «Future»).
Мысалы, сіз жинақтық полисті арнайы балаңыздың оқуы үшін таңдадыңыз делік, онда мерзім аяқталған кезде сақтандыру компаниясы жиналған қаражатты тек ЖОО-на оқу ақысын төлеу үшін ғана аудара алады. Ал егер бала грантқа түссе ше?
Қалай сақтанған дұрыс?
Арнайы осы мақала үшін 7 жылдық тәжірибесі бар сақтандыру сарапшысы Мира Мурзалина өз кеңестерімен бөлісті (оның Instagram парақшасы). Бізге көптеген сақтандыру агенттері көмектесу туралы ұсыныспен хат жазды, бірақ біз Мира Мурзалинаға жүгінуді жөн көрдік, себебі жыл басында осы тақырыпты зерттеп бастаған кезде Youtube-та «Қазақстандағы өмірді сақтандыру» сұрақтары бойынша тек осы маманның сұхбаттары мен подкасттары ғана ұсынылатын (түсіндіруі мен дәлелдеуі ұнады).
Сәуір айында мен Мирадан «Nomad Life» бойынша 15 жылға долларлық полис рәсімдеген болатынмын. Алдағы уақытта маған және Асельге максималды мерзім 70 жылға дейінгі, қосымша опциялары бар теңгелік полис рәсімдеуді жоспарлап отырмыз.
Сондай-ақ полисті рәсімдеу үшін де Мираның көмегіне жүгінсеңіздер болады, ол өз кеңесін беріп, барлық кезеңдерін сіз үшін өтіп береді (қызмет тегін). Ол сондай-ақ келісімшарттың бүкіл мерзімінде сізді сүйемелдейтін болады (төлемдерді алу, төлемдер сомасын ұлғайту / азайту және т.б.). Мира үш сақтандыру компаниясымен жұмыс істейді: «Евразия», «Nomad Life» және «Freedom Life» (үшеуінде де қосымша опциялар бойынша төлемдер жинақтарыңыздан ұсталмайды).
Төменде оның кеңестерінің тізімі:
- Егер полисті долларда рәсімдеуді шешсеңіз, «Nomad Life-қа» жүгінген дұрыс.
- Егер сізге жеке кабинет пен менеджерлердің жылдам ақпарат беруі маңызды болса, «Freedom Life» таңдаңыз.
- Егер сіз қатерлі дерттер бойынша қосымша опция қосуды қаласаңыз, онда төлемдерді алу кезінде «Евразия» өмірді сақтандыру компанисясында қайта сақтандыру болмауы, керісінше сіз үшін тиімді болмақ. Себебі олар барлық сұрақтарды жергілікті деңгейде шешеді (толығырақ Мирадан сұрауға болады).
- Егер сіз максималды мерзімге қосымша опцияларды қоса отырып сақтандырылғыңыз келсе, онда «Евразияны» таңдаған дұрыс, себебі онда полисті 70 жасқа дейін рәсімдеуге болады (басқа компанияларда 65 жасқа дейін), ал негізгі тәуекелдер көлемі 65-70 жас аралығында ұлғайып жатады.
- Сақтандыру несие сияқты қабылданбауы үшін төлемді жылына немесе жарты жылда бір төлейтіндей белгілеу керек және егер табысыңыз азайған жағдайда төлем сомасын алдын ала азайту үшін де осы нұсқа тиімді болмақ.
Кезеңдері (процесс толығымен онлайн): сіз оған биодағы сілтеме арқылы WhatsApp-қа жазасыз → қажет болған жағдайда кеңес алуға жазыласыз немесе бірден қандай полис ашқыңыз келетінін айтасыз → сұрақтарға жауап бересіз (ұзақтығы, сомасы, қосымша опциялар, жиілігі, сырқатыңыз бар ма, жоқ па, мұрагер ретінде кімді көрсетесіз деген сияқты) → жеке куәлігіңізді жібересіз → нұсқаулық бойынша төлем жасайсыз (Nomad Life полисін Halyk Homebank қосымшасы арқылы төледік). Онлайн-консультацияны қосқандағы толық процесс шамамен 1 сағат уақытымызды алды (осы мақаладан кейін сіз аз уақыт жұмсайтыныңыз анық, біз өте көп сұрақтар қойған болатынбыз).
Сосын 1 жұмыс күнінен кейін сізге жеке кабинетке кіру деректері бар сақтандыру полисінің рәсімделгені туралы SMS келеді.
Егер қосымша сұрақтарыңыз болса, консультация кезінде Мирадан сұрай аласыздар.