Қысқы шиналарды таңдау бойынша нұсқаулық
1. Өлшеміңізді анықтаңыз. Анықтаудың ең оңай жолы —көлігіңіздің қазіргі дөңгелегін қарап көру. Әр дөңгелекте 205/55 R16 пішіміндегі өлшем көрсетіледі. 205 — бұл мм өлшеміндегі шина ені, 55 — енінен пайыз бойынша есептелген профиль биіктігі, R — радиалды конструкция (диагоналды конструкция D әрпімен белгіленеді), 16 — шеңбердің (обод) дюймдегі диаметрі.
Егер сіз көлікті қолдан сатып алған болсаңыз, яғни өлшемнің дәлдігіне күмәніңіз болса, гуглдан моделін іздеу арқылы өндірушінің немесе дилердің сайтынан деректерді қайта тексеріп көргеніңіз дұрыс. Шиналар мен дисктердің өлшемдері туралы ақпарат әдетте «Техникалық сипаттамалар» немесе «Автокөлік жабдықтары» бөлімдерінде болады.
Шыққан өлшемді негізге ала отырып, қысқы шиналарды сатып алсаңыз болады. Бірақ кейбір сарапшылар қыста ені сәл кішірек шиналарды пайдалануға кеңес береді. Тар резеңке бос қарда көліктің орнықтылығын арттырады деп есептеледі.
2. Жылдамдық пен жүктеме индексін дұрыс таңдаңыз. Шинада олар әріппен және санмен көрсетіліп, өлшемнің жанында орналасады. Мысалы: 91V, 82S, 98H (суреті жоғарыда). Жүктеме индексі сан түрінде көрсетіледі. Бұл шиналар көтере алатын салмаққа, көлік жайлылығы мен отын шығынына әсер етеді.
Оны есептеу үшін көліктің жалпы салмағын (оны көліктің максималды рұқсат етілген салмағы деп те атап жатады) дөңгелектер санына, яғни 4-ке бөлу керек. Алынған мәнді арнайы кестеде салыстыру керек.
Шатасып кетпеу үшін бірден нақты мысалды қарастырайық: оқырманымыздың 2006 жылғы Mitsubishi Galant көлігі. Техникалық төлқұжатынан максималды салмағын қараймыз — 2460 кг.
2460 кг / 4 = 615. Енді аталмыш санды төмендегі кестеден іздейміз, сол арқылы көлігіміздің жүктеме индексі 91 екенін көреміз. Аталмыш мәндегі немесе сәл биігірек (92-94) шиналарды алуға болады, мамандар солай істеуге кеңес береді. Бұдан аз болуына болмайды. Бірақ 96-дан жоғары болмағаны да дұрыс, себебі резеңке сіздің көлігіңіз үшін тым қатты болуы мүмкін.
Әрі қарай латын әрпімен белгіленетін жылдамдық индексін анықтаймыз. Бұл дөңгелектің максималды жүктеме кезінде жүре алатын максималды жылдамдығын көрсетеді.
Мұнда әріпті таңдау кезінде жылдамдық сіздің тас жолдардағы жүргізу нормаңызға сәйкес келетіндей етіп таңдау керек. Егер сіз әдетте 150 км/сағ жылдамдықпен жүрсеңіз, P-ден төмен белгілерді алмағаныңыз дұрыс. Сондай-ақ, көлігіңіздің максималды жылдамдығын гуглдан қарап, шыққан мәнді негізге алсаңыз болады.
Бір айта кететіні, әріп V-ге жақын болған сайын (максималды деуге болады), жолмен тіркесу (сцепление) қолайлырақ болмақ. Оқырманымыз 2006 жылғы Mitsubishi Galant көлігіне T немесе U белгісін алады.Бірақ V қоюға да болады.
Жүктеме мен жылдамдық индекстері көлікте орнатылған жазғы шиналардан төмен болмауы керек екенін ескеріңіз. Әйтпесе, резеңке әдеттегіден әлдеқайда жылдам тозуы мүмкін. Сарапшылар қыс мезгілінде жылдамдық индексін кем дегенде T мәнінде ұстауды ұсынады.
Қорытынды: аталмыш көлік үшін оңтайлы жүктеме және жылдамдық индексі 91T. Дәл сәйкес келетіні: 93V.
Бұл негізгі тұстары, енді қосымша тармақтарға көшсек, оларды да білген артықтық етпейді.
Шина түрі. Өз аймағыңызда қыстың қолайлы немесе қолайсыз екеніне көз жеткізіңіз. Негізінен қандай жолдармен жүретініңізді ескеріңіз. Қысқы шиналар тікенекті және тікенексіз (фрикциялық) болып келеді. Тікенекті шиналар қар мен мұзда жүруге қолайлы. Бірақ, егер сіз қалада тұрсаңыз және негізінен асфальтпен жүретін болсаңыз, ауа-райының кең ауқымына арналған фриңциялық шиналарды таңдауға кеңес береді. Олар, өз кезегінде, скандинавиялық (қыс қатты аймақтар үшін) және еуропалық (жиі жылымық (оттепель) болатын және қысы жылы климат үшін) болып бөлінеді.
Қазақстандықтардың көпшілігі тікенекті шиналарды таңдап жатады, себебі аулаларда қар мен мұз үстінде жүруге мәжбүр.
Белгілеу (маркировка). Қысқы шиналар қар мен мұзда жақсы тартуды (сцепление) қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін ерекше сипаттамалар мен белгілерге ие.
— M+S (Mud and snow) — балшық пен қарда жүруге арналғанын көрсететін ең көп таралған белгілердің (маркировка) бірі. Бұл резеңкенің тиімділігіне кепілдік бермейді, бірақ қыстың жеңіл жағдайларына төтеп бере алатынын көрсетеді. M+S белгісі бар шиналарының барлығы тек қысқа арналмаған.
- «Қар ұшқыны (снежинка)» белгішесі шинаның сынақтан өткенін және қыста пайдалануға рұқсат етілгенін растайтын арнайы таңба. Бұл белгі резеңкенің төмен температура мен тайғақ жолдарда тиімділігіне кепілдік береді. Егер мұндай белгісі болмаса, шинаны қыста пайдалану қауіпті болуы мүмкін.
Мүмкін болса, қысқы шиналардың жарамдылық мерзімін тексеріңіз. Кейбір модельдерде шығарылған жылы шетінде жазылып тұрады. Заң бойынша, егер шиналар қоймада дұрыс сақталса, бес жылға дейін жаңа болып қалады.
Протектор суреті. Симметриялық суреті бар модельдер (бір жағы екіншісінің айналық шағылуы) мұз бен қарда жақсы жүреді, бірақ қар еріген кезде, яғни жолда қар, кір мен реагенттердің жиынтығы пайда болған кезде тиімсіз. Мұндай кездерде бағытты суреті (направленный рисунок) бар резеңке тиімді. Бірақ ол жоғары жылдамдықпен жүруге арналмаған және асфальтта жүргенде қатты шу шығарады. Асимметриялық суреті бар шиналар ылғалды тиімді қайтарады, тіпті жолдар езіліп жатқан кезде де жақсы қозғалады және жолда жылдамдықты жақсы ұстайды. Дегенмен, мұндай модельдер баламаларына қарағанда айтарлықтай қымбат.