Балалардың оқуына ақша жинау. Aqyl депозитіне талдау.
1 бөлім – Білім беру депозиттері дегеніміз не және олар қалай жұмыс істейді?
2-бөлім - Банктер қандай шарттар ұсынады?
3-бөлім - Сақтандыру компаниялары қандай шарттар ұсынады?
4-бөлім - Білгеніңіз жөн маңызды тұстары
5-бөлім - Нені таңдаған дұрыс, Aqyl немесе кәдімгі сақтандыру полисі?
Білім беру салымдары дегеніміз не және олар қалай жұмыс істейді?
Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі (МБЖЖ) - бұл ҚР кез келген азаматының өз атына немесе баласының атына AQYL білім беру жинақтау салымын ашу мүмкіндігі. Жиналған қаражатты Қазақстанның университеттерінде немесе колледждерінде оқу ақысын төлеуге, сондай-ақ шетелде оқудың кез келген түрін, соның ішінде білім беру мен тіл курстарын төлеуге жұмсауға болады.
Мұндай депозиттің басты артықшылықтарының бірі - оның жоғары табыстылығы. Салымға тек банк сыйақысы ғана емес, мемлекет сыйақысы да есептеледі.
Яғни, жәй сөзбен айтқанда, сіз %-ды банктен ғана емес, мемлекеттен де аласыз (теңгемен де, доллармен де).
Қанша? – Мемлекеттік сыйақы банктен алынатын сыйақыны ескере отырып, салымның барлық сомасына жыл сайын есептеледі, бірақ жылына 100 АЕК-тен аспайды (2024 жылы 369 200 ₸):
- 7% басым санаттар үшін: жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, мүгедектер, көп балалы және аз қамтылған отбасы балалары;
- 5% басқалары үшін.
Оның үстіне мемлекет сыйақысы мен банк сыйақысы капиталдандырылады, яғни негізгі салымға қосылады. Білім беру депозиті Қазақстандық депозиттерге кепілдік беру қорымен 10 миллион ₸ дейінгі сомаға сақтандырылған және мемлекет тарапынан да, үшінші тұлғалар тарапынан да кез келген өндіріп алу мен бұғаттаудан қорғалған. Мемлекет сыйақысына табыс түрі ретінде салық салынбайды.
• Жиналған қаражатты Қазақстан мен басқа елдердегі кез келген университетте оқу ақысын төлеуге жұмсауға болады. Қазірдің өзінде кейбір университеттермен, колледждермен келісімшарттар бар. Бірақ егер сіз басқа оқу орнын таңдасаңыз, ештеңе етпейді. Бағдарламаға жауапты «Қаржы орталығы» мемлекеттік мекемесі қажетті шарттарды жасап, банк қаражатты сіз таңдаған оқу орнына аударады;
• Егер депозит иесі немесе оның баласы грант бойынша оқуға түсе алатын болса, онда үш нұсқа бар: мемлекет сыйақысымен бірге ақшаны толығымен алу, білім берудің басқа деңгейлеріне жинақтауды жалғастыру немесе ақшаны басқа баланың атына аудару;
• Депозитті толтыру мөлшері мен жүйелілігін салымшының өзі отбасылық бюджет мүмкіндіктері мен жүктемесіне қарай анықтайды. Ең төменгі жарна айына 3 АЕК (2024 жылы 11 076₸);
• Жинақтау мерзімі 3 жылдан 20 жылға дейін;
• Білім беру мекемесіне төлемдер үлестік түрде (әр оқу кезеңі немесе оқу жылы үшін) немесе оқудың барлық кезеңіне толық төленеді.
2024 жылдың 1 қыркүйегіндегі жағдай бойынша бағдарламаға 5 банк қатысады: Halyk Bank, Jusan Bank, Нұрбанк, ВТБ, Отбасы банк, сондай-ақ 5 сақтандыру компаниясы: Halyk life, Freedom finance life, Nomad life, Standard Life, Eurasia Life.
Банктер қандай шарттарды ұсынады?
AQYL білім беру жинақтау салымы 3 жыл немесе 5 жыл мерзімнен бастап ашылуы мүмкін. Депозит ең аз үш жыл мерзімге ашылса, мөлшерлеме жоғары болады.
• Нұрбанк:
- 3 жылға 14,1% (ГЭСВ (жылдық пайыздық мөлшерлеме) 15%) + мемлекеттік сыйақы (5 немесе 7%);
- 5 жылға 10% (ГЭСВ 10,5%) + мемлекеттік сыйақы (5 немесе 7%);
• Halyk Bank:
- 3 жылға 12,0% (ГЭСВ 12,9%) + мемлекеттік сыйақы (5 немесе 7%);
- 5 жылға 9,5% (ГЭСВ 10,1%) + мемлекеттік сыйақы (5 немесе 7%);
• Отбасы банк:
- 3 жылға 12% (ГЭСВ 12,9%-дан 13,1%-ға дейін) + мемлекеттік сыйақы (5 немесе 7%);
- 5 жылға 9,5% (ГЭСВ 9,5%-дан 10,1%-ға дейін) + мемлекеттік сыйақы (5 немесе 7%);
• Jusan Bank: 3 жылға 13,2% (ГЭСВ 14%) + мемлекеттік сыйақы (5 немесе 7%);
• VTB банк: 3 жылға 13,2 (ГЭСВ 14%) + мемлекеттік сыйақы (5 немесе 7%).
Депозитті бала кәмелетке толғанға дейін ұзартуға болады.
Банктер мөлшерлемелерді жиі өзгертетінін есте ұстаған жөн, бірақ депозиттер бойынша мемлекеттік сыйақы өзгеріссіз қалады.
Мысалы: білім беру депозитіне жылына 1 миллион ₸ сала алсаңыз, онда банктен 14,1% және мемлекеттен 5% сыйақы алу арқылы, 12 айдан кейін салымыңызға 191 мың ₸ пайыз қосылады: банктен 141 мың және мемлекеттен 50 мың.
Ең жоғары 369 200 ₸ мемлекеттік сыйақыны алу үшін AQYL депозитінде 7 миллион 384 мың ₸ жиналуы керек.
Сақтандыру компаниялары қандай шарттар ұсынады?
Ата-ана сақтандыру мерзімін, салым сомасы мен төлем жиілігін таңдайды. Сақтандыру мерзімінің соңына дейін жинақтың кепілдік берілген сомасы (сақтандыру компаниясы ұсынатын табыс мөлшерлемесін ескере отырып) шартта көрсетіледі. Сақтандыру мерзімін ата-ананың өзі балаға университетке түсуге дейін қалған уақытты ескере отырып белгілейді. Алайда ең аз сақтандыру мерзімі 3 жыл болуы керек. Ең ұзақ мерзім – 20 жыл.
Банктегі білім беру салымдарынан бірнеше маңызды айырмашылықтары бар:
• Пайыздық мөлшерлемелері төменірек, бірақ кейбір сақтандырушыларда теңгемен емес, доллармен жинауға мүмкіндік бар. Сақтандыру компанияларының сыйақысынан бөлек, мемлекеттік сыйақы аласыз (5 немесе 7%)
• Егер ата-анасы сақтандыру жағдайына тап болса (қайтыс болса немесе 1-2 топтағы мүгедектіктік алса), компания сақтандыру сомасы мен мемлекеттік сыйақыны оқу ақшасын төлеуге бағыттай отырып, толық өтейді.
• Standard Life: 3 жылдан 20 жылға дейін, 8% + мемлекеттік сыйақы (5 немесе 7%);
• Halyk Life: 3 жылдан 20 жылға дейін, 8% + мемлекеттік сыйақы (5 немесе 7%);
• Freedom Life: 3 жылдан 20 жылға дейін, 8% + мемлекеттік сыйақы (5 немесе 7%).
$-дағы жинақ (төлемдер төлем/төлеу күніндегі $ айырбас бағамына байланысты ₸ арқылы жүзеге асырылады):
• Nomad Life: 3 жылдан 20 жылға дейін, мөлшерлеме 4,1%-ға дейін + мемлекеттік сыйақы (5 немесе 7%);
• «Еуразия» ӨСК: 3 жылдан 20 жылға дейін, мөлшерлеме 4,2%-ға дейін + мемлекеттік сыйақы (5 немесе 7%).
Білу маңызды тұстары
Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі өте қатаң мақсатты көздейді. Бала міндетті түрде оқуға баруы керек. Егер ол ешқайда түспесе, онда ата-ана инвестициялық кірісті ескере отырып, бірақ мемлекеттік сыйақыз соманы төлеу арқылы «жазаланады». Немесе келісімшартты ұзарту не басқа баланың пайдасына қайта рәсімдеу ұсынылады.
Егер бала университеттен шығарылса, онда жағдай осыған ұқсас: ол үш жыл ішінде қайта оқуға кіруге немесе басқа оқу орнына түсуге міндетті. Олай болмаған жағдайда мемлекет сыйақысы бюджетке қайтарылады.
Ішінара алу да қарастырылмаған. Депозитті тек банк бөлімшесінде мерзімінен бұрын жабуға болады. Көп жағдайда мемлекет сыйақысы сақталмайды.
Депозитті жабу кезінде мемлекет сыйақысы салымшыда үш жағдайда ғана қалады:
- оқудың барлық кезеңіне білім беру қызметтерін төлегеннен кейін депозитте қалдық болған жағдайда;
- білім беру гранты тағайындалған жағдайда;
- қайтыс болған, сот хабар-ошарсыз кеткен, әрекетке қабілетсіз деп таныған немесе қайтыс болды деп жарияланған немесе салымшының денсаулық жағдайына байланысты оқуын жалғастыра алмайтын жағдайда.
Тағы бір маңызды мәселе: ата-ана ауыр жарақат алуы немесе ауырып қалуы мүмкін. Бұл жағдайда ол біраз уақыт бойы төлем жасай алмайды. Бағдарлама жұмыс істеуі үшін қандай жағдай болмасын, кесте бойынша жарналар енгізу керек екенін де ескеру қажет.
Сонымен қатар, Қазақстандағы білім беру жинақтау жүйесі аса танымал емес. Сондықтан бұл бағдарламаға жауапты «Қаржы орталығы» АҚ-ның байланыс орталығында да аталмыш бағдарлама туралы бәрі біле бермейді. Біз оларға хабарласып, шетелдегі барлық университеттерге (немесе кейбіреулеріне ғана) түсуге болатынын / болмайтынын бігіміз келген, бірақ сұрағымызға жауап ала алмадық. Сондықтан, қандай да бір мәселе туындаса, көмексіз қалуыңыз немесе кеш қол жеткізуіңіз мүмкін.
«Қаржы орталығы» АҚ деректері:
• Тегін сенім телефоны: 8 800 080 28 28
• Мекенжайы: 010000, Астана қаласы, Мәңгілік даңғылы, 18
• Тел.: 8 (7172) 695-047, 695-044, 695-045
• mail: [email protected]
Оқырманымыз 2020 жылы осындай жағдайға тап болған: «Біз аталмыш депозитке сонау 2015 жылы банктердің біріне ақша салғанбыз, ол кезде банк басқаша аталатын. Қызым Астанадағы колледжге оқуға түсті. Ақшамызды әрең алдық. 1,5 ай жүгірдік. Сансыз құжат жинатты. Депозитті толық берген жоқ, 9000₸ көлеміндегі төмендетілмейтін қалдық қалдыруға тура келді. Оны қашан толық алуға болады деген сұрағымызға жауап ала алмадық. Банк қызметкерлері аударым кезінде қатты қиналды, қайта-қайта біреулерге хабарласып, кеңесіп жатты. Себебі депозит танымал болмағандықтан, бұрын мұндай жағдайларға тап болып көрмеген болып шықты.
Бізден қосымша: бұл бағдарлама соңғы жылдары белсенді түрде жүргізілуде, сондықтан бюрократиялық тұрғыдан алғанда жағдай бұрынғыдан жақсаруы керек.
Нені таңдаған дұрыс, Aqyl ма, әлде кәдімгі сақтандыру полисін бе?
Сақтандыру компаниясында білім алу үшін үнемдеу қызықты нұсқа сияқты. Мұнда валютадағы жоғары табыстылық пен келісімшарт жасасқан ата-ана үөмірін сақтандыру да бар.
Дегенмен, бағдарламада екі нұсқа бар: кез келген себеппен өлім мен мүгедектік. Кәдімгі полите оларды қосымша қосып, ол үшін қосымша ақы төлеу керек.
Мерзімінде де айырмашылықтар бар: доллардағы кәдімгі полисті ең көбі 15 жылға ашуға болады, ал білім беру полисін бала 18 жасқа толғанға дейін ашуға болады.
Бірақ мамандар мұндай салымның қатаң мақсаты барлық артықшылықтарынан басым түсіп кетеді дейді. Оны білімге жұмсаудан басқа амал жоқ.
Қорытынды: қағаз жүзінде бұл керемет шарттары бар бағдарлама болғанымен, оның Қазақстанда аса танымал емес екенін ескеру қажет. Соған байланысты барлық кезеңдерінде бюрократиялық қиындықтар туындауы мүмкін.
Сондай-ақ бағдарламаның қатаң белгіленген мақсаты бар екенін есте ұстаған жөн - оқу ақысын төлеу. Бала грантқа түскен жағдайда ғана ақшаны қолыңызға толық (мемлекеттік сыйақымен қоса) ала аласыз.
Банктегі салым мен сақтандыру компаниясы арасында қайсысын тағдаған дұрыс? Егер сіздің балаңыздың жасы 14-15-те болса немесе одан үлкен болса, яғни оқуға түсуіне көп уақыт қалмаса, онда табыстылығы жоғары болғандықтан, теңгемен жинаған дұрыс. Ал егер ұзақ уақыт жинауды жоспарласаңыз, онда девальвация тәуекелдерінен қорғану үшін шетел валютасында жинаған жақсы.
Менің балаларым 3,5 және 1,5 жаста. Сондықтан менің отбасым үшін екінші нұсқа (шетел валютасындағы жинақ) тартымдырақ. Алайда сақтандыру агентімен кеңескеннен кейін ол білім беру депозитін емес, өмірді сақтандыру полисін ашуға кеңес берді. Онда да доллармен жинауға болады, кірістілігі 4,2%, алайда шарттары әлдеқайда икемді. Яғни, ақшаны тек оқуға жұмсамай, өз қалауыңыз бойынша кез келген мақсатқа пайдалануға болады. Бірақ, онда, әрине, мемлекеттік сыйақы жоқ. Шешімді өзіңіз қабылдайсыз.
Өмірді жинақтық сақтандыру сұрақтарын мына материалда талдағанбыз.