December 11, 2019

Көшбасшылар форумы

Желтоқсан айының 5-6 аралығында НЗМ-нің Өзін-өзі басқару ұйымдарының көшбасшыларының форумы өтті. Бұл форумға қатысып, өз мектебімнің атынан шығып, оны таныстыру жəне тəжірибе алмасу бақыты маған бұйырыпты.

Форумның негізгі тақырыбы салауатты өмір салты жайлы болды. Бұл тақырып аясында аталмыш форумның екінші күні неше түрлі іс-шаралар ұйымдастырылды. Дегенмен, ең алдымен, бұл ауқымды шараның өткізілуінің негізгі мақсаты болған - "Менің мектебімнің ерекшелігі; Мектебімдегі өзекті мəселер мен олардың шешу жолдары" тақырыбы бойынша айтылған маңызды идеялар мен ақпараттар жайлы бөлісемін.

Барлық, мені ескермегенде, 20 мектеп президентінің айтқан сөздерінен маңызды деп білген ақпараттарды түртіп алып отырдым. Байқағаным бойынша көп мектептің ерекшеліктері бір-бірімен ұқсайды екен. Ақтаудағы НЗМ-де жоқ бірегей жобалар мен ұйымдар жəне біздегі жобалардың атқарылуының тиімдірек тəсілдері бірнеше мектепте ғана бар. Ал біздің мектептің ең ерекше, бірегей жобасы "Caspian Start Up" екендігіне көзім жетті.

Көп мектепте Шаңырақтар рейтингісі жобасы аясында әр Шаңыраққа ондағы оқушылардың жетістігіне байланысты ұпайлар береді екен, ал мектеп ережелерін бұзған оқушының Шаңырағынан ұпайлар алып тасталады. Мәселен Атыраудағы НЗМ-де апта сайын ең аз ұпай жинаған (сәйкесінше ережелерді көп бұзған және белсенді болмаған) Шаңырақ міндетті түрде сенбілікке шығады екен. Шаңырақтар рейтінгісіне ұпайлар жүйесін енгізу оқушылардың линейкаға кешігуі, сабаққа кешігуі, мектептен (әсіресе жиынтық бағалау болатын күндері) себепсіз қалуы, форма сақтамауы, тәртіп бұзуы мәселелерін шешудің тиімді жолы деуге болады. Себебі әр оқушы өз Шаңырағының атына кір келтірмеу үшін және тұтас бір Шаңырақтың сенбілікке шығуының себепшісі болмауы үшін мектеп ережелерін сақтауға тырысады. Екіншіден, Туған елге тағзым жобасының жеңімпаз Шаңырағын осы ұпайлар жүйесін енгізу арқылы анықтасақ, әрбір оқушы өз Шаңырағының жеңімпаз атануы үшін тырысып, белсенді болады деп болжай аламыз.

Бірқатар мектептерде TEDx конференциялары ауқымдырақ деңгейде өтеді. Нұрсұлтан Халықаралық Мектебінде (International School of Nur-Sultan - ISN) TEDx-ке оқушылармен қатар мұғалімдер де қатысады. Сондай-ақ өзге мектеп оқушылары да бұл конференцияға қатысып, тәжірибесімен бөлісе алады. Алматыдағы ФМБ НЗМ-де “TEDx Education” атты конференцияда оқушылар “experience exchange and development” (тәжірибе алмасу және даму) және “social abilities” (қоғамда табысты болуға қажетті әлеуметтік қабілеттер) атты тақырыптар аясында презентациялар жасайды. Бұл концеренциялар оқушылар және мұғалімдер арасында идеялар алмасу алаңы, сондай-ақ, шешендік өнер мен көшбасшылыққа баулитын маңызды жоба бола алады.

Қызықты деректерге келсек, Өзін-өзі басқару ұйымының құрамы мен құрылысы әр мектепте әр түрлі екен. Солардың ішінен ең ерекше деп тапқаным Көкшетаудағы ФМБ НЗМ-нің Өзін-өзі басқару ұйымының 4 бірдей президентінің болуы. Бұл өзгеріс президенттікке үміткер оқушылардың сұранысы бойынша енгізілген екен. Әр президент өзі атқаратын және жауап беретін сфераны бөліп алып, өзінің командасымен жұмыс жасайды. Президенттер бір-бірімен ақылдасып, бүкіл Өзін-өзі басқару ұйымының жұмысын үйлестіріп отырады. Көкшетаудағы НЗМ-де сайлауға президенттікке үміткер болып жеке оқушылар қатысады. Сол себепті бәсекелестік пен белсенділік деңгейі біздегі партиялардың сайлауалды жарысынан төмен болады. Егер бізде де осындай жүйе енгізіліп, алдыңғы орындағы 3 партияның президенті Өзін-өзі басқару ұйымының президенттері атанып, атқаратын міндеттері мен жұмыстарын бөліп алса, белсенділік деңгейі қазіргіден де жоғары болады деп ойлаймын. Партиялар арасындағы бәсекелестік оқу жылы бойына сақталады және әр партия таныстырылым кезінде ұсынған жобаларын орындауға тырысады. Осы орайда ең маңыздысы партиялардың аққу, шортан, һәм шаян болмай, үйлесімді жұмыс жасауы шығар.

Өзге де бірегей жобалар:

Қарағандыдағы ХББ НЗМ-де “Ice party - салауатты өмір салты мен қысқы спорт түрлерін насихаттау, мұз айдынында қызықты уақыт өткізу. Кофехана – оқушылардың өзін үйдегідей сезінуі.” - Серік Мерей

Қызылордадағы ФМБ НЗМ-де “Ұрпақ жаңғырту денсаулығы жайында өткізілетін тренингтер (Тренинги о сохранении репродуктивного здоровья)” - Темірбек Әсел

“Нұр-Сұлтандағы ФМБ НЗМ-нің оқушыларының бастамасымен “NIS Volunteers” ұйымы құрылды. Менің мектебімнің оқушыларының үштен бір бөлігі осы ұйымның құрамында. NIS Volunteers-тің еліміздің 9 қаласында бөлімшелері бар. Ұйым НЗМ-нен дербес жұмыс жасайды және қалада болатын кез келген шараның ұйымдастырушыларына көмек көрсетуге тырысады.” - Еркін Ерхан

Біз қарастырған мәселелер жайлы:

Кестеде Форум қатысушыларының ұсынған мектептерімізде кездесетін маңызды мәселер мен олардың шешу жолдары көрсетілген. Біздер өзіміз байқаған барлық мәселелердің түп тамырын анықтауға тырыстық. Талқылай отырып, мәселенің түп тамыры әр оқушының сана-сезімінде, құндылықтарында және тұлғалық дамуында деп шештік. Егер әр оқушы өзінің тұлға ретінде дамуы үшін жұмыстанса; әр оқушының сана-сезімінде ең алдымен өзін дамыту, сонан соң өзі өмір сүретін қоғамның дамуына үлес қосу идеясы болса, онда біздер келтірген бірқатар мәселер өздігінен шешілетін еді. Онда бұл форумда белсенділік пен мотивацияның төмен болуы, оқушылардың жаман әдеттерге бейім болуы секілді проблемаларды мүлдем қозғамайтын едік. Сол себепті барлық мәселелердің ортақ шешімі мектеп оқушыларының тұлғалық дамуына ерекше мән беру және оған жан-жақты қолдау көрсету деген қорытындыға келдік.

Бұл форумның нәтижесінде мен ұмытылмас әсер мен үлкен тәжірибе алдым. Екі күннің ішінде бір-біріміздің презентацияларымызды тамашалаудан бөлек өз ісін жетік меңгерген маман иелерімен және жетекші университеттерге оқуға түсіп, әлеуметтік жобаларын жүзеге асырып жүрген студенттермен кездестік; Нұр-Сұлтандағы IB мектебінің Өзін-өзі басқару ұйымы ұйымдастырған тимбилдинг, тренинг, квесттеріне қатыстық; Нұр-Сұлтан қаласы бойынша экскурсия жасадық... Осындай іс-шаралар мен кездесулерге толы Көшбасшылар форумының ұйымдастырушыларына, әсіресе Нұр-Сұлтан қаласындағы IB мектебінің өзін-өзі басқару ұйымына үлкен алғысымды білдіремін.

Сондай-ақ, 10 сыныптан бері мектепте өтіп жатқан неше түрлі шараларға қатысуға итермелеп, серпін берген Ақгүл Амандосовнаға ерекше алғыс айтқым келеді. Мектеп президенттігіне үміткер болып, класстастарымызбен партия құрып, жеңіске жетуіміз және менің осы форумға қатысуым да Ақгүл апайымның арқасы деп білемін.