February 21, 2023

Фейк белгілері

Қазақстанда мәжіліс пен мәслихаттардың сайлауы өтуіне бір айдан аз уақыт қалды, үміткерлер үгіт-насихат жұмыстарын бастап та кетті. Сайлау алдындағы кезең қауесеттер мен жалған ақпараттар таратуға қолайлы уақыт. Мысалы, Newsroom 99 редакциясындағы әріптестеріміз Павлодар облысындағы аудандардың бірінде «мәслихаттағы барлық орындардың иесі белгілі (брондалған)» деген расталмаған ақпаратқа назар аударды.

FactCheck.kz-пен бірлескен жобамыздың аясында Кристина Опёнкова мұндай хабарламалардағы қандай белгілер сенімсіздікке негіз болатынын және қандай белгі сақтықпен қарауды ескертетінін еске түсіреді.

Кликбейт тақырып

Кликбейт — трафикті ұлғайту және/немесе ақша табу (жарнама көрсету және кейбір тауарларды немесе қызметтерді ұсыну арқылы) үшін сілтемені басуға мәжбүр ететін әдіс. Кейбір жағдайларда мұндай тақырыптар адамды тек адастырып қана қоймай,  сонымен қатар резонанс тудыратын фейктерді кеңінен тарату немесе вирусты парақтарды немесе файлдарды алға жылжыту үшін пайдаланылады. Кликбейтке «Шок! Сенсация! Эксклюзив! Адам сенгісіз!» секілді жұртқа белгілі лептік сипаттар тән. Журналистер бұл әдісті үлкен абайлықпен пайдаланады, әдетте, БАҚ тақырыптарында астар жасырылады, ал лептік сипат әлсіздендіре қолданылады.

Қателер

Қателер — фейк (жалған) хабарламалардың жиі кездесетін белгілерінің бірі болып табылады. Біріншіден, мысалы, егер ол басқа тілден автоматты түрде аударылған  болса, мәтіннің өзінде жаңсақтықтар (орфографиялық, лексикалық, синтаксистік, стилистикалық) болуы мүмкін. Екіншіден, сайттың веб-мекенжайында қате болуы және «offer» немесе «.infonet» секілді сирек кездесетін домен кеңейтімі  пайдаланылуы ықтимал. Егер сайт сізге таныс болмаса, «Компания туралы» бөліміне өтіңіз және ол туралы көбірек біліңіз, іздеу жүйелері арқылы тексеріп көріңіз, деп кеңес береді киберқауіпсіздік мамандары.

Жасырын дереккөз

Медиа сауаттылық саласындағы сарапшылар анонимді мәтіндер мен арналарға аса сақтықпен қарауды бірауыздан ұсынады. «Проверено.Медиа» негізін қалаушы Илья Бер: «Контентті кім жазғанын білмей тұрып, олардың мотивациясын, мақсаттары мен міндеттерін түсіну мүмкін емес, олар өз сөздеріне жауап бермейді», — дейді. Автор «инсайдерге», «тысқары» ақпаратқа сілтеме жасаған немесе ашық дереккөздерде автордың өзі туралы деректер болмаған жағдайда да солай. Жасарын телеграм арналарын оқығанда, мессенджерде қатаң модерация жоқ екенін есте сақтаңыз, сондықтан бұл жерде фейктер еш кедергісіз таратылуы мүмкін.

Эмоциямен жазу стилі

Фейк немесе жалған ақпарат оқырмандармен эмоция арқылы «сөйлеседі», — деп атап көрсетеді  Украинаның медиасауаттылық бойынша сарапшысы Александр Гороховский. Манипуляция, оның ойынша, аудиторияның қандай да болмасын сезімінің қылын шерту арқылы суреттелген нәрсенің шынайылығына сендіруге негізделген. Бұл фактор әсіресе төтенше жағдайларда немесе қиындықта өткірлене түседі. Сондықтан осы кезеңдегі вирустық хабарламалар біздің жоғалтып алудан барынша қорқатын  құндылықтарымызға: отбасымыз, ақшамыз бен мүлкімізге бағытталады.  Осындайда бұл хабарламалар  бойымызда тудыратын алаңдаушылық, қорқыныш, ашу сезімдеріне қарсы тұру аса қиын болмақ.

Дәлелдердің баламасыздығы

Егер тікелей бақылауды алып тастайтын болсақ, барлық ақпарат көздері біржақты болуы мүмкін, — дейді ресейлік БАҚ маманы Александр Амзин. Желілік контент жасаушылар мен медиа мамандары көп жағдайда өздері жазған немесе айтатын дүниелері туралы толық ақиқатты біле алмайды. Сондықтан, егер материалда сізге мәселенің бір ғана түсіндірмесі нағыз шындық ретінде ұсынылса және бұдан өзге негіздемелер айтылмаса, мұндай хабарламада елеулі бұрмалаулар болуы әбден мүмкін. Мәтінде конспирологиялық нарративтердің болуы да сізге белгілі бір көзқарасты таңу әрекетінің айқын көрінісі болып табылады.

Фейктердің түрлері

Изображение от Freepik

Зомби-фейк. Бұл желіде мерзімді түрде жаппай таратылатын қолдан жасалған контент. Мұндай хабарламаларға, мысалы, теңгенің  алтынға айырбасталатыны туралы жаңалық жатады. «Алтын» Қазақстан валютасына айналады деген қауесет 2015 жылы тараған болатын. 2019 жылы жаппай таратулардың жаңа кезені басталуына қиындықта қалған азаматтардың қарыз жүктемесін азайту туралы президент жарлығы себеп болды.

Фейк суреттер. Сенсацияның соңына түскен кейбір интернет пайдаланушылары арнайы бағдарламалардың көмегімен вирустық фотосуреттер жасайды, ол әлеуметтік желілердің арқасында ауқымды аудиторияға таралады. Айқын түрдегі фото- алаяқтықтың сыртында, адамдардың қабылдауын өзгертуді көздеп, басқа оқиғаны суреттеу үшін пайдаланылатын нақты фотосуреттер де жиі ұшырасып жатады. Осылайша, өткен жылдың желтоқсан айында қазақстандықтар бір-бірімен алдағы қатты аяз туралы жалған ақпаратпен белсенді түрде бөлісті.

Фейк бейнежазба. Жалған ақпараттың бұл түрін тексеру қиынырақ және адамдар мұндай контентке шынымен сенеді. Мысалы, 2021 жылы мессенджерлер арқылы қазақстандықтар арасында әлдебір техниканың зиянды-мыс заттарды шашып жатқаны туралы видео белсенді түрде тарады. Бұл деректі тексерушілер видеоның осыдан бірнеше ай бұрын Ресей Қорғаныс министрлігінің сайтында жарияланғанын және әскерилердің жаттығулар кезінде арнайы техниканың көмегімен тұман шымылдығын орнату оқиғасын көрсетілгенін анықтады.

Тереңдетілген фейктер. Бұл видеоконтенттің көмегімен жасалатын алаяқтықтың салыстырмалы жаңа бір түрі. Онда авторлар тұлғаны ауыстыру үшін түрлі бағдарламалық жасақтамаларды пайдаланады. Терең фейктердің (дипфейк) кейіпкерлеріне көбінесе танымал адамдар айналады. Мысалы, өткен жылы TikTok-та голливуд әртісі Том Круздың «қатысуымен» жасалған терең фейк үлкен танымалдылыққа ие болды. Кино жұлдызы гольф ойнап, трюк жасап және Михаил Горбачев туралы әзілдер айтып жатқан бірнеше бейнематериал тараған болатын.

Медициналық фейктер. Коронавирус індеті бүкіл әлемдік фактчекерлер мен журналистерді бірнеше айлар бойы медициналық жалған ақпараттарды жоққа шығаруға ғана назар шоғырландыруға мәжбүр етті. Жұқпаның шығу тегіне, оның таралуына, аурудың ерекшеліктеріне, өлім көрсеткіштеріне, вакцинацияға және, әрине, алдын алу немесе емдеу әдістеріне арналған көптеген жалған деректер тарады. Оның ішінде сарымсақ суын, сода ингаляциясын, лимон шырынын, тромбозға қарсы аспирин қолдану туралы айтылды.

Тарихи фейктер. Көбінесе мұндай фейктер қоғамда белгілі бір насихаттық материалды тарату үшін жасалады. Мәселен, өткен жылдың сәуір айында әлеуметтік желілерде Германияның федералды канцлері Олаф Шольц пен басқа да еуропалық саясаткерлер атақты СС қайраткерлерінің немерелері  деген ақпарат пайда болды. Ал журналистер пен фактчекерлер қазіргі саясаткерлер мен осы әскери құрылым арасындағы барлық ықтимал байланыстың болу мүмкіндігін дәйекті түрде жоққа шығарды.

«Маңызды мәселе туралы нақты» арнайы жобасы

Бұл жарияланым Еуропалық Одақтың қаржылай қолдауымен әзірленген. Басылымның мазмұны «Shishkin_like» жауапкершілігінде және Еуропалық Одақтың көзқарасын білдірмейді.

@Shishkin_like