May 29, 2023

Алаяқ – «меценаттарға» тап болмау амалы

Биылғы жылдың алғашқы үш айында құқық қорғау органдары алаяқтық фактісі бойынша 10 мыңнан астам бұзушылықты тіркеген. Олардың жартысына жуығы интернет-алаяқтығы бойынша. Келтірілген шығын көлемі 80 млрд теңгеге жуықтады, деп хабарлайды Ranking.kz.

Кейбір алаяқтар өздерін еріктілер немесе қайырымдылық қор өкілдері ретінде таныстырады. Авторымыз Әйгерім Мекішева Қазақстанда қайырымдылықпен кәсіби түрде айналысатын адамдармен әңгімелесіп, алаяқтарға жем болмай, жақсы ниетті жаманнан ажыратуға көмектесетін әмбебап ұсыныстар тізгінін жасады.

Алғашқы дереккөзді тексеріңіз

Егер жеке тұлға өрттен зардап шеккендерге көмектесу немесе қымбат операцияны төлеу үшін ақша жинаса, біріншіден, ақпараттың негізгі көзін (әлеуметтік желілерде ақша жинаудың бастамашысы мен негізгі ақпарат көзі бір болмауы мүмкін), екіншіден, қаржы кім үшін жиналып жатыр сол адамды табу керек, дейді тележүргізуші, кәсіби ерікті және қоғам белсендісі Адель Оразалинова. Мұның мақсаты – ақша өз иесін тауып, жоғалып кетпеуін қамтамасыз ету.

Айта кету керек, «Қайырымдылық туралы» заңға сәйкес, ерікті азаматтық заңнамаға сәйкес жасалған келісім-шарт негізінде ғана қайырымдылық ұйымының немесе жеке адамның пайдасына қаражат жинауға құқылы. Қаражат жинау кезінде келісім-шартты талап ету қажет.

Ақша жинаушыдан дәлелдемелер сұралуы тиіс, мысалы, өрттен зардап шеккен үйдің суреті немесе бейне жазбасы және өртпен күресу органдардың анықтамасы. Мүмкіндік болса оқиға орнына келген жөн, сонда кімге және қандай көмек қажет екенін, сонымен қатар, қандай қолдау көрсетілгенін білесіз немесе бұл туралы билік органдарынан сұрайсыз.

Егер әңгіме науқас бала туралы болса, сіз еріктілерден ауру тарихын, дәрігер ұсыныстарын және осы балаға мұндай қымбат емнің көрсетілгенін дәлелдейтін басқа да құжаттарды сұрауыңыз керек, деп түсіндіреді Оразалинова. Оның ойынша, көмек берушілер шетелдік емханаға хабарласып, оның шынымен осындай науқасты шақырғанына көз жеткізуі керек. «Ата-анасының табысы туралы анықтаманы сұрасаңыз да, артық болмас», - дейді ол.

«Қарапайым адамдар үшін қайғыға батқан отбасынан құжаттарды талап ету орынсыз көрінер. Алайда шын мәнінде, өз бетімен немесе қайырымдылық қоры арқылы ақша жинауды ұйымдастырған адал ниетті адамдар қолында әдетте мұндай құжаттар бар болады», - деп атап өтті Оразалинова.

Ерікті Мейірімділік Қоғамының (ДОМ) атқарушы директоры Татьяна Семёнова да шетелде қымбат емделу ақысы туралы ақпаратты ерекше тексеруді ұсынады. Оның айтуынша, Қазақстанда көмекті тегін алуға болмайтындығына көз жеткізіп, мүмкіндігінше шетелде емделуге не себеп болғанын анықтау керек.

«Біз Қазақстанда емделмейтін дертке шалдыққан балаларға немесе отандық медицинаның мүмкіндіктері таусылған кезде көмек көрсетеміз. Сонымен қатар, егер, мысалы, отандық әдіс ұзақ және тиімсыз болса, немесе шетелдік клиниканың бірегей әдісі болса, біз қаржыландыруды ұйымдастырамыз», - дейді Семёнова.

Есеп сұраңыз

«Тексерістен кейін  қаржы алушыға барлық растайтын чектер мен анықтамалар, жұмсалған қаражат туралы есептерді сұрайтыныңызды алдын ала ескертуді ұсынамын», - деп кеңес береді Оразалинова. Сонымен қатар, егер сіздің көмегіңіз, мысалы, заттар немесе құрал-жабдық сатып алуға кеткен болса, фотоесеп сұрап, мекемеге кез келген уақытта баратыңызды хабарлауыңыз керек.

«Мұндай мүлік ұйымның балансында болуы керек, сондықтан сіз тиісті құжаттарды да тексере аласыз. Сіз сыйға берген теледидар кенеттен директордың үйінде табылмас үшін тексеріс қажет», - деп атап өтті қоғам қайраткері.

Сарапшы тексерілмеген ақпаратты таратпауды және біреудің пайдасына ақша жинап жүрген «қорапшыларға» көмектеспеуді қатаң түрде ұсынады. Көбінесе олар шынымен көмекке мұқтаж балалар оқиғасын пайдаланады, бірақ көп жағдайда ата-анасынан келісім алмайды. Қаражат жинауға келісім-шартты көрсету талабы оларды тығырыққа тіреуі мүмкін.

Дүкендер мен банктерде қаржы жинау үшін орнатылған жәшіктер міндетті түрде мөрленіп, онда қор, еріктілер тобының немесе баспананың атауы, байланыс деректер және әлеуметтік желілердегі парақшалары міндетті түрде көрсетілуі тиіс. Банк қосымшалары туралы айтатын болсақ: «Қайырымдылық» қойындысында орналасқан ұйымдарды банктің қауіпсіздік қызметі тексереді, олар қаржы және салық бақылауынан өтеді, ал SMM бөлімі міндетті түрде олардың әлеуметтік желідегі парақшаларын тексереді.

Бұл ретте, Оразалинова қайырымдылық тек материалдық көмек емес, сонымен қатар сіз берген дағдылар, тәжірибе және уақыт екенін еске салады. Мысалы, тегін репетиторлықпен айналысуға, шығармашылық үйірмелер жүргізуге және өнімдер мен кеңсе тауарларын атаулы көмек ретінде беруге болады.

Айла-амалға берілмеңіз

Егер науқас баланың пайдасына қайырымдылық туралы хабарландырулар қатты эмоция тудырса, Семенова ерекше сақ болуға кеңес береді.

YouTube желісіне ауыр дертке шалдыққан, соның ішінде қазақ балаларына көмек көрсетуге шақыратын бейнероликтерді орналастыратын .ru домен аймағында жұмыс жасайтын қорлар бар.

Сарапшының айтуынша, мұндай ұйымдар өздерінің әкімшілік шығындарын жауып қана қоймай, табыс табады. Ал науқас бала садақаның бір бөлігін ғана алады.

Ақшаны жібермес бұрын егжей-тегжейлі қаржылық есеп беру үшін кез келген қайырымдылық және еріктілер ұйымдар сайттарын мұқият зерттеуді ұсынамыз немесе оны жеке негізде сұрау тиіс.

Делдалдар неғұрлым аз болса, соғұрлым жақсы

Кәсіби ерікті Анна Токишева кез келген делдалды айналып өтіп, жәрдемді тікелей емханаларға аудару мүмкіндігіне назар аударады. Бұл, атап айтқанда, шетелде қымбат емделу ақысына қатысты.

Төлемдер ашық болса да, қате диагнозбен байланысты тәуекелді жоққа шығаруға болмайтынын атап өту керек. Мысал ретінде алғаш рет «омыртқаның бұлшықет атрофиясы» (ОБА) диагнозы қойылған Эмилия Керімбаеваның оқиғасын келтіруге болады, бірақ кейінгі генетикалық зерттеулер бұл ауруды растамады. Нәтижесінде ата-анасы садақа берушілер талабы бойынша ақшаны қайтаратынын мәлімдеді.

Алдында олар қымбат «Золгенсма» дәрі-дәрмегіне ақша жинауды жариялаған болатын, инъекция құны шамамен 1 млрд теңгені құрайды. Бұл дәрі-дәрмектің бағасы оның құнына байланысты емес, мұндай дәрі-дәрмекті ала алмаған жағдайда АҚШ-та баланы емдеуге жұмсалатын шығындардың бағасымен байланысты.

Зиянкес және көмекке қиянат жасайтын адамдар әрекеті жалпы қайырымдылыққа деген сенімнің жоғалуына әкеледі. Бұл жағдайда ең алдымен қиын жағдайға тап болған адамдар және көмекке зәру ұйымдар зардап шегеді.

Жануарларға көмектесу

«Қайырымдылық ұйымдары, оның ішінде жануарларды қорғау ұйымдары көлікте немесе көшеде  қаржы жинамайды. Қолдау көрсету туралы шешім қабылдамас бұрын, орналасқан жеріне барыңыз, бұл баспанада жануарлардың бар-жоғын, олардың санын, қандай жағдайда және қалай тамақтандыратынын көріңіз. Қаржы шынымен жануарларға түсе ме, әлде бұл ақша табудың оңай жолы ма, соны түсіну маңызды », - дейді  «Дворянское собрание» жануарлар панасының жетекшісі Юлия Еськова-Красутская.

Ол алаяқтар жарнамада әртүрлі баспананың иттерін пайдалана алатынын атап өтті. Бұл жағдайда ол аумақ, қоршаулар немесе күрке түрін көрнекі түрде салыстыруға және қаржы жинауды жариялаған адамдарды «google-ге» салып қарап көруге кеңес береді.  Көбінесе алаяқтар әрекеттері үшін бұрын ұсталған болып шығады. Бұдан бөлек, олар «қанды» суреттерді пайдаланып сіздің эмоцияңыз арқылы ақша табуды көздейді.

Еськова-Красутская әсіресе жануарлар панасы оларды орналастырумен айналысатынына және оны қалай жасайтынына назар аударуды ұсынады. Сондай-ақ, ол нағыз жануарларды қорғау ұйымдары қаражатты тікелей мал дәрігерлік клиникаларға аударуға қарсы болмайды және материалдық емес көмектен бас тартпайтынын баса айтады.

@Shishkin_like

«Маңызды мәселе туралы нақты» арнайы жобасы

Бұл жарияланымды Internews жүзеге асырып жатқан «Серпінді орта үшін әркелкі ақпаратпен қарым-қатынас және төзімділік (REVIVE)» жобасы аясында Еуропалық Одақ қаржыландырады. Оның мазмұнына тек қана «Shishkin_like» жауапты және міндетті түрде Еуропалық Одақ пен Internews көзқарасын білдірмейді.