June 8, 2023

Мыңдаған меморандум мен шешілмеген проблемалар

Облыс әкімдіктері үнемі түрлі компания, ұйымдармен меморандумға қол қойғанын жалаулатып хабарлап жатады. Мәселен, Абай облыстық әкімдігі ГЭС құрылысы туралы қытайлық компаниямен келісімшарт жасасыпты, ал Қостанай облыс әкімдігі көшеден ауланған ит-мысықтар панасымен арнайы құжатқа қол қойып, мөр басқан.

Әрине, мұндай құжаттардың бәрі сол аймақ тұрғындарының игілігі үшін жасалады. Десек те, әкімдердің меморандум бекітуге деген «құштарлығы» мен аймақтың әлеуметтік-экономикалық жағдайы байланыс жоқ екенін байқауға болады. Меморандумды неғұрлым көп бекіткеніне қарамастан, кейбір өңірлердің хал-ахуалы сын көтермейтіні шындық.

Біз еліміздің бүкіл облыстары мен Алматы, Астана, Шымкент әкімдіктері бекіткен меморандумдардың статистикасын жинақтап, аймақтың өткен жылғы рейтингісімен салыстырып көрдік. Рейтинг авторлары жергілікті басқару органдарының әлеуметтік-экономикалық сала негізінде бес міндеттемелері – білім, денсаулық сақтау, әлеуметтік-экономикалық белсенділікті жандандыру, өмір сүру сапасы мен мемлекеттік басқару бойынша қызметтерін бағалап көрді.

Меморандумның заңды күші қандай?

Заңгер Артем Карповтың сөзінше, меморандумның жеке құжат ретінде заңдық күші жоқ: «Қарапайым тілмен айтсақ, бұл екі жақтың келіссөздер қорытындысы, алайда келісім-шарт сияқты заңды күші жоқ, сондықтан да екі тарапқа әлдебір міндет жүктеп, оны орындауды талап етпейді».

Заңгер бұл, мысалы, инвестициялау алдында жасалынатын және келіссөздер барысында қол жеткізілген болашақ байланыстар туралы уағдаластықтарды бекітуге қызмет ететін алдын-ала құжат екенін атап өтті.

Алайда, егер меморандумда жалпы ережелерден басқа, уағдаластықтың нақты егжей-тегжейлері (мысалы, тараптардың нақты мерзімдері немесе міндеттері) жазылса, онда ерекше жағдайларда, сотқа жүгінген кезде тараптар үшін заңды тұрғыдан меморандум келісім-шарт ретінде танылуы мүмкін.

Меморандум туралы хабарламаны ең көп қолданғандар көшін Ермек Маржиқпаев басқарып отырған Ақмола облысы бастап тұр (390), одан кейінгі кезекте Ақтөбе облысы (357), ал осы көштің үштігінің басында Қызылорда облысы тұр (351). Соған қарамастан, осы үш облыс әлеуметтік-экономикалық ахуалы рейтингі бойынша орта деңгейдегі көрсеткіште.

Меморандум туралы ең аз жазған Шығыс Қазақстан облыс әкімдігінің сайты, бұл аймақ алдыңғы үш облыстан әлеуметтік-экономикалық ахуал рейтингі бойынша шамалы алда екен (17). Сонымен қатар, біздің рейтингтің соңғы қатарына меморандуға «құштар» өңір ретінде былтыр ғана құрылған - Абай (49), Ұлытау (46) мен Жетісу (18) облыстары ілікті. Соңғы екі облыс басқа аймақтардан әлеуметтік-экономикалық ахуалы бойынша едәуір артта қалған.

Аймақтық рейтинг бойынша көшбасшы саналған Алматы қаласы әкімдігінің ресми сайтында меморандум сөзі Ақмола облысы сайтына қарағанда бір жарым есе аз кездеседі.

Әкімдіктер неге байланысты меморандум бекітеді?

  • 31 мамырда Жетісу әкімдігінің баспасөз қызметі АЭА «Қорғас-Батыс қақпасы» компаниясы, «Қазақстан-Қытай өндірістік қала» технопаркі және ҚХР Халықаралық шекаралық ынтымақтастық орталығы арасында үш жақты меморандум бекітілгенін хабарлады.
  • Мамыр айының басында Астана әкімдігі және «Баршаға мүмкіндік» ҚҚ, «Magnum», «Technodom», «Тәп-тәтті» арасында негізгі жұмыс беруші ретінде меморандум бекітілді.
  • Былтыр Астанада бірінші сұрып ұннан жасалған нан бағасын тұрақтандыру мақсатында «НК Продкорпорация» АҚ арасында 9 мыңнан астам тонна бидай жеткізуге меморандум бекітілген.
  • Өткен жылғы қараша айында Ақтөбе облыстық әкімдігі мен «ТНК Қазхром» АҚ арасында экологиялық жобаларды жүзеге асыруға меморандум бекіткен.
  • Осы жылғы қаңтар айында Ақтөбе әкімдігі дүкендер мен тауар өндірушілермен бірлесіп әлеуметтік маңызы бар тауар баға үстіне 5%-дан артық (естеріңізге сала кетейік, ресми дерек бойынща тұтыну тауар бағасы бір жылда 17,9%-ға артқан еді) үстеме қоймай сату бойынша меморандум қабылдаған.
  • «QazaqGaz» Басқарма басшысы Санжар Жаркешов пен Алматы облысы әкімі Марат Султанғазиев бір жыл бұрын аймақтағы ауылдарды табиғи газбен қамтамасыз етуге байланысты меморандум бекіткен. (Айта кетейік, Қонаев қаласының өзі толық газбен қамтамасыз етілмеген)
  • Бір жыл бұрын Алматы қаласы әкімдігі оңтүстік астана жолдарында самокатты қолдану ережелері жөнінде кикшерингтік компаниямен арада меморандум бекітті (көбіне саябақтар мен гүлзарларда жүру). Алайда самокат мәселесі дәл қазір парламентте талқыланып жатқанын ескерсек, меморандум арқылы бұл проблема шешілмеген.
  • Атырау облыс дәрігерлері меморандумның арқасында Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасының Медициналық орталығында тәжірибеден өтуде, аймақ тұрғындары Астананың мықты мамандарынан тегін дәрігерлік кеңес ала алатын болды.
  • Өткен жылғы қараша айында Freedom компаниясы мен Маңғыстау облыс әкімдігі су жабдықтау және су сорғыш стансасы құрылысын қаржыландыру мақсатында өзара меморандумға қол қойды.
  • Биылғы наурыз айында Астана әкімдігі мен Qazaq Oil мұқтаж жандарға көмек көрсету мақсатында меморандум бекітіп, қала тұрғындарға тегін азық-түлік таратты.

@Shishkin_like

«Маңызды мәселе туралы нақты» арнайы жобасы

Бұл жарияланымды Internews жүзеге асырып жатқан «Серпінді орта үшін әркелкі ақпаратпен қарым-қатынас және төзімділік (REVIVE)» жобасы аясында Еуропалық Одақ қаржыландырады. Оның мазмұнына тек қана «Shishkin_like» жауапты және міндетті түрде Еуропалық Одақ пен Internews көзқарасын білдірмейді.