April 28, 2023

«Қазаэронавигацияның» жасырын табысы

Ресей мен Украина арасындағы соғыс басталғаннан кейін Қазақстан аспанындағы жағдай өзгерді - көптеген елдер мен авиакомпаниялар 2022 жылдың 24 ақпанынан кейін әдеттегі әуе бағыттарын өзгертуге мәжбүр болды. Біз бір жыл ішінде республика бойынша ұшулар саны қаншалықты өскенін, бұл «Қазаэронавигацияның» қаржылық әл-ауқатына қалай әсер еткенін және, мысалы, Алматы әуежайында жолаушыларға қызмет көрсету мен жүктерді өңдеу қанша тұратынын анықтадық.

Ұшу

«Қазаэронавигация» ақпаратына сәйкес, 2023 жылдың ақпанында өткен жылдың ақпан айымен салыстырғанда шетелдік әуе кемелерінің Қазақстанның әуе кеңістігі арқылы ұшу саны 55,2%-ға өсті. Ал егер бір жыл бұрын республика бойынша тәулігіне орта есеппен 392 ұшақ транзитпен ұшып келсе, қазір олардың саны 609-ға жеткен.

2021 жылы Ресей мен Украина арасында соғыс басталғанға дейін Қазақстан арқылы шетелдік әуе компаниялар барлығы 99,7 мың транзиттік рейсті орындаған. 2022 жылы олардың саны 277,1 мыңға дейін өсті. Бұл ретте Азаматтық авиация комитеті (ААК) «кәсіпорынның аэронавигациялық қызметтері транзиттік рейстер ағынының артуына төтеп беруде» деп сендіреді.

Қазақстанның әуе кеңістігін, атап айтқанда, Asiana Airlines (Оңтүстік Корея), Korean Air (Оңтүстік Корея), All Nippon (Жапония), Air France (Франция), Lufthansa Cargo (Германия), Japan Airlines (Жапония) сияқты әуе компаниялар пайдалана бастады.

Қону

Ағымдағы жылдың ақпан айында өткен жылдың ақпан айымен салыстырғанда Қазақстанның аэродромдарына қону арқылы рейс жасаған әуе кемелерінің саны 47,1%-ға өсті. Егер бір жыл бұрын республикада күніне орта есеппен 68 ғана ұшақ ұшып, қонса, қазір олардың саны 102 ұшаққа дейін өсті.

Геосаяси жағдайдың шиеленісуіне дейін – 2021 жылы Қазақстанға шетелдік авиакомпаниялардың 26,5 мың ұшағы қонды. Өткен жылы мұндай ұшақтардың саны 36,5 мыңнан асты, деп хабарлады Азаматтық авиация комитетінде.

Пайда

Транзиттік ағын мен қазақстандық әуежайларға шетелдік әуе кемелерінің қонуы көбейгеннен кейін билік тапқан  табыс туралы бізге Азаматтық авиация комитет және «Қазаэронавигация» өкілдері нақты сандарды келтірмеді.

«Қазаэронавигация» «шетел әуе кемелерінің ел аумағы арқылы ұшуынан Қазақстан Республикасы алған пайданың көлемі туралы деректер жоқ» деп хабарлады.
Ал, Азаматтық авиация комитетінде «Қазақстан Республикасының әуе кеңістігінде және әуеайлақ ауданында халықаралық рейстерді орындайтын әуе кемелеріне аэронавигациялық қызмет көрсету бойынша кәсіпорынның кірісінің құрылымы туралы ақпарат қолжетімділігі шектеулі ақпарат болып табылатынын» атап өтті.

Жүйе

Әуе кеңістігінде және аэродромдар аудандарында әуе кемелеріне аэронавигациялық қызмет көрсету ақысын «Қазаэронавигация» алады. Бұл мемлекеттік кәсіпорын Азаматтық авиация комитетіне жатады, ол өз кезегінде Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің құрамына кіреді.

Алымдар барлық әуе кеңістігін пайдаланушылардан олардың мемлекеттік, ведомстволық бағыныстылығына және меншік нысанына қарамастан алынады. Олар «Қазаэронавигацияға» әуе кемесінің бүйір нөмірлері мен MTOW (ең жоғары ұшып көтерілу салмағы) көрсете отырып, жұмыс істеп тұрған ұшақ туралы алдын ала ақпаратты беруі тиіс.

Тарифтер мен алым мөлшерлемесі максималды ұшу салмаққа байланысты. Осылайша, Қазақстанның әуе кеңістігінде халықаралық рейсті жүзеге асыратын салмағы 50-ден 100 тоннаға дейінгі шетелдік ұшақ (мысалы, Airbus 320) әрбір 100 шақырым үшін 69 АҚШ доллар төлеуі тиіс. Кеменің салмағы неғұрлым ауыр болса, республика үстінен ұшу құны соғұрлым қымбат болады. Аэродром аймағында дәл осындай қашықтық үшін ұшақтардан MTOW тоннасы үшін 5 АҚШ доллары алынады.

Бұдан бөлек, әрбір әуе айлақтың тасымалдаушыларға көрсететін қызметтерінің өзіндік бағасы бар. Мысалы, Алматыда келесі шарттар қолданылады:

  • ұшып көтерілу/қону – MTOW тоннасына 2 620 теңге;
  • авиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету (ұшу/қону төлемінің %) — MTOW тоннасына 462 теңге;
  • тұрақ (ұшу/қону төлемінің %) — MTOW тоннасына 262 теңге;
  • жолаушыларға қызмет көрсету — бір жолаушыға 2 801 теңге;
  • әуе кемесін қарсы алу-шығару – MTOW тоннасына 308 теңге;
  • жүкті өңдеу — тоннасына 21,7 мың теңге;
  • әуе кемесін транзиттік күйде ұстау – MTOW тоннасына 570 теңге.

Қазақстандағы әуежайларда әуежай алымдарының мөлшерлемесі мен жерде қызмет көрсету тарифтерін табиғи монополияларды реттеу агенттігі белгілейді.

Алымдар операторы

«Қазаэронавигация» 1995 жылы құрылған. Компанияның сайтында көрсетілгендей, ол әуе кеңістігінің 2,7 миллион шаршы метрін бақылайды. Оның құрамына 119 мың км әуе жолы және көрші мемлекеттермен 73 әуе дәлізі кіреді.

2022 жылға дейін кәсіпорынның жылына төлеген салық сомасы 10,5 млрд теңгеден аспады. Алдыңғы жылы «Қазаэронавигация» салық органдарының есепшотына небәрі 4,5 млрд теңге аударған. Өткен жылы жағдай түбегейлі өзгерді – салық төлемдер бірден бес есе өсіп, 21 млрд теңгеге жетті. Осы уақыт ішінде компания шамамен 90,7 млрд теңге табуы мүмкін еді (2021 жылы пайда 14,6 млрд теңгені құрады).

Біз «Қазаэронавигация» АҚ қаржылық жағдайы туралы толығырақ ақпаратты таба алмадық - мемлекеттік кәсіпорынның есеп-қисабы  туралы ақпарат 2019 жылы жарияланған.

Осы жылдың сәуір айында кәсіпорын бас директоры болып 38 жастағы Нұржан Ахметов тағайындалды, ол өткен жылдың соңынан бері бірінші басшы міндетін атқарып келген. Ахметовке дейін «Қазаэронавигацияны» ұзақ уақыт кәсіпкер Ерлан Нығматулиннің күйеу баласы Азат Бектұров басқарған.

@Shishkin_like

«Маңызды мәселе туралы нақты» арнайы жобасы

Бұл жарияланымды Internews жүзеге асырып жатқан «Серпінді орта үшін әркелкі ақпаратпен қарым-қатынас және төзімділік (REVIVE)» жобасы аясында Еуропалық Одақ қаржыландырады. Оның мазмұнына тек қана «Shishkin_like» жауапты және міндетті түрде Еуропалық Одақ пен Internews көзқарасын білдірмейді.