Адам немесе компания туралы ақпаратты қалай табуға болады: құралдар бойынша нұсқаулық
Тексерулерді, шолуларды және мақалаларды дайындау кезінде біз OSINT (Open source intelligence — Ашық ақпарат көздері негізіндегі барлаулар) құралдары мен технологияларына сүйенеміз. Еркін қолжетімді деректердің арқасында сіздерге шенеуніктердің жақындарының бизнес-активтері, резонанс тудырған сот үдерістері, саяси танымал тұлғалардың шетелдердегі жылжымайтын мүліктері туралы күнделікті айтамыз.
OSINT құралдарының түрі көп. Бүгін FactCheck.kz-пен бірлескен жобамыздың аясында Кристина Опенкова олардың кейбіреуінің тізімін ұсынады. Бұл ресурстарды әркім пайдалана алады және олар маңызды шешімдер қабылдау алдында құнды ақпаратты жинауға көмектеспек.
Мемлекеттік деректер базасы
Дисклеймер: көп жағдайда мемлекеттік мәліметтер сервисін пайдалану үшін өзіңізді қызықтыратын объектінің ЖСН (жеке тұлға үшін) немесе БСН (заңды тұлға үшін) білу қажет. Айта кетейік, кәсіпорынның БСН – кез-келген іздеу жүйесінен сұрату арқылы алуға болатын ашық ақпарат.
➔ Мемлекеттік кірістер комитеті «бизнеске көмек» ретінде бірқатар электрондық қызметтерді ұсынады. Сонымен қатар, мемлекеттік органның сайтынан сіз салық төлеушілерді (оның ішінде сенімсіз немесе таратылу сатысындағыларды) таба аласыз, салық берешегінің бар немесе жоқтығы, сондай-ақ салық төлеушінің тәуекел дәрежесі туралы біле аласыз.
➔ Құқықтық статистика және арнайы есептер порталынан борышкерлерді (оның ішінде алименттер бойынша) және іздеуде жүрген қылмыскерлерді табуға мүмкіндік беретін сервистерді пайдалана аласыз. Сонымен қатар, бұл жерден көліктің адамдар зардап шеккен жол апаттарына қатысы бар-жоқтығын тексере аласыз.
➔ Қаржы министрлігінің Қазынашылық жүйесі арқылы кез-келген адам жеке, заңды тұлға, шетел азаматы немесе көлік құралының қатысуымен жасалған әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы ақпаратты таба алады. Мұнда үшінші тұлғалар туралы ақпарат олардың шартты келісімімен беріледі.
➔ Жоғарғы Соттың сот кеңсесінен сот істерін (соның ішінде таратылған соттар бойынша) іздеу мүмкіндігі бар. Сервис пайдаланушы тарапынан ЖСН немесе БСН енгізуді талап етпейді. Облыс, сот органы, сот актісінің жарияланған жылы және сот талқысына қатысушы тараптың аты-жөні міндетті түрде көрсетілетін жолдар болып табылады. Сонымен қатар, сот кеңсесі арқылы сот актісінің заңдылығын тексеруге болады.
➔ Адамдардың немесе компаниялардың лицензиялары туралы ақпаратты кемінде екі түрлі жолмен табуға болады. Біріншіден, пайдаланушыларға мұндай мүмкіндікті «E-лицензиялау» порталы ұсынады. Екіншіден, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі қатты пайдалы қазбаларды барлауға және өндіруге берілген лицензиялардың реестрін жүйелі түрде жаңартып отырады.
Агрегаторлар
Жоғарыда аталған сервистер пайдаланушылар үшін ашық ресми ақпарат көздерінің аз бөлігі ғана. Мысалы, Open Base порталында әдепкі іздеу 21 мемлекеттік реестр бойынша орындалады. Бұл ретте, қажет болған жағдайда, пайдаланушы тек өзіне ғана керек ақпарат көздерін таңдай алады. Сервис ЖСН немесе БСН енгізуді талап етпейді және адамдардың аты-жөні мен компания атауы бойынша ақпарат іздей алады.
Бірқатар қазақстандық контрагенттерді тексеру сервистері, мысалы, Adata, Учёт.kz, Kompra, Statsnet, Tenderplus.kz ұқсас принцип бойынша жұмыс істейді. Пайдаланушыны қызықтыратын компания бойынша бұл порталдар басшы және құрылтайшылар/акционерлер, қызмет түрі, төлеген салығы мен қаржылық жағдайы, лицензиялары мен сертификаттары, сенімділігі, мемлекеттік сатып алуға қатысуы, өзгерістер тарихы, басқа компаниялармен және адамдармен қарым-қатынасы туралы және т.б.ақпарат береді.
Контрагентті тексеру сервистерінің мәліметтерді ақысыз ұсыну мүмкіндігі шектеулі және ақылы жазылу аясында жұмыс істейтінін айта кетейік. Бұл ретте Adata сайтынан демо- қолжетімділік сұрай аласыз, ал Учёт.kz сайтында айына он тексеруді тегін жасайтын тарифтік жоспар бар, Kompra адамға тіркелгені үшін екі тегін тексеру мүмкіндігін береді. Сервистер бағасымен қатар, интерфейсіне қарай және олармен интеграцияланған мәлімет көздерінің санымен ғана бір-бірінен өзгеше.
Осы орайда айта кетейік, Telegram боттар сонымен қатар бірнеше ресми көздерден алынған деректерді біріктіріп, оны пайдаланушыға сұраныс бойынша бере алады. Дегенмен, ақпараттық қауіпсіздік сарапшылары өз жеке кабинетіңізден мұндай іздеумен айналыспауды ұсынады, өйткені, мұндай боттар кез-келген мәліметтерді берумен қатар, ақпарат жинаумен де айналыса алады.
Қазақстаннан тысқары жерлерден іздеу
Шетелде тіркелген компанияның кімге тиесілі екенін білу үшін сіз шетелдік юрисдикциялармен жұмыс істеу бойынша гидті (нұсқаулықты) пайдалана аласыз. Мұнда бірқатар елдердің бизнес-реестрлеріне сілтемелер берілген. Тізімнен өзіңізге қажетті елді таппасаңыз, іздеу жүйелерін пайдалануыңыз керек, дұрыс тіркеушіні табу үшін сұрауды ағылшын тілінде жасаңыз, деп кеңес береді журналист Татьяна Трубачева.
Компанияның қай елде тіркелгенін білмесеңіз, OpenCorporates-тен іздеп көріңіз. Бұл әлемдегі компаниялардың ең үлкен деректер базасы. Бұл жерден аты-жөн бойынша да, фирмалардың атаулары бойынша да іздеуге болады. OpenCorporates-тегі компания профильдерінің артықшылығы, онда елдердің ресми бизнес-реестрлерінің веб-сайттарына сілтемелер бар, одан толығырақ ақпаратты табуға болады.
Түрлі елдердегі мемлекеттік бизнес-реестрлердің қолжетімділігі әртүрлі екенін айта кеткен жөн. Мысалы, Ұлыбританияда компания туралы толық ақпаратты кез-келген адам тегін ала алатын болса, бірқатар еуропалық реестрлер жақында өз компанияларының бенефициарлары туралы деректерге ашық қолжетімділікті жауып тастады. Неліктен бұлай болғанын және қандай қазақстандық кәсіпкерлердің еуропалық заңдардың қорғауына іліккенін бұдан бұрын жазғанбыз.
«Маңызды мәселе туралы нақты» арнайы жобасы
Бұл жарияланымды Internews жүзеге асырып жатқан «Серпінді орта үшін әркелкі ақпаратпен қарым-қатынас және төзімділік (REVIVE)» жобасы аясында Еуропалық Одақ қаржыландырады. Оның мазмұнына тек қана «Shishkin_like» жауапты және міндетті түрде Еуропалық Одақ пен Internews көзқарасын білдірмейді.