Көші-қон: еңбек мигранттары және басқалар
Мемлекет үшін көші-қон мәселесі дегеніміз – адам капиталы әрі жалпы капитал, яғни ақша. Ұлттық банктің мәліметі бойынша, ай сайын елімізден сыртқа кететін ақша елге келетін ақшадан екі есе көп. Азаматтары шет елдерде жұмыс істеуге мәжбүр, сол елден ақша аудару арқылы отбасын асырап отырған мемлекеттермен салыстырғанда, бұл елімізде экономикалық ахуалдың жаман емес екенін көрсетеді. Қазақстан әзірге сырттан келетін мигранттарға жұмыс ұсына алады, олар ел ішіндегі қосымша құн көлемін арттырады.
Қазақстаннан басқа елдерде ақша жіберу бойынша соңғы мәлімет 2023 жылдың наурыз айында тіркелген, осы кезде сыртқа 74,2 млрд теңге жіберілген. Ең көп ақша жіберілген ел – Түркия (21 млрд теңге) және Ресей (20 млрд теңге). Үшінші орында Өзбекстан, бұл елге 13,9 млрд теңге жөнелтілген. Транзакция бойынша Ресей алдына қара салмай тұр.
Өткен қыста Халықаралық көші-қон ұйымы (ХКҚҰ) зерттеу жүргізіп, 1,1 мың қазақстандық мигрантқа сауал жолдаған. Сауалнамаға қатысқандардың жартысынан астамы (66%) – Өзбекстан азаматы, 13%-ы – ресейлік. Респонденттердің 80%-ға жуығы елінен кетуінің негізгі себебі жұмыс іздеу екенін айтқан. Сауалнамаға қатысқандардың жартысына жуығы Қазақстанда қалуды көздесе, 40%-ы екі жақта өмір сүре беремін деп жоспарлайды.
ХКҚҰ келтірген дерекке сүйенсек, Қазақстанда жұмыс істейтін мигрант орта есеппен айына 194 мың теңге табады. Респонденттердің жартысынан астамы тапқан табысының бір бөлігін өз еліне жіберетінін айтқан. Сауалнамаға қатысқандардың 46%-сы табысының төрттен бірінен бастап жартысына дейін жібереді екен. Сұрақтарға жауап берген мигранттардың 70%-ы Қазақстаннан жіберетін ақша отбасының жалғыз күнкөріс көзі екенін көрсеткен.
Ресми мәліметке сүйенсек, 2023 жылдың 1 сәуіріндегі дерек бойынша, әкімдіктердің рұқсатымен Қазақстанда 14,4 мың шетел азаматы жұмыс істейді. Олардың көпшілігі, дәлірек айтқанда, 37,3%-ы құрылыс саласында. Бұған қоса, тағы да 296,7 мың шетел азаматы Қазақстанда еңбек рұқсаты (патент) негізінде үй шаруашылығында еңбек етеді. Жуырда басқа елдің азаматтарына патент беру қызметі Ішкі істер министрлігінен Еңбек министрлігіне өтті.
Елімізде кейінгі он жыл бойы көші-қон саласында теріс сальдо қалыптасқанын айтқан жөн. Дегенмен, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бұл үрдісті өзгертуді жоспарлап отыр. Министрлік білім беру және бизнес саласында алмасуды жандандырып, еліміздің жұмыс нарығында тапшы мамандарды тартып, басқа елдің азаматы болып саналатын этникалық қазақтарды Қазақстанның дамуына үлес қосуға шақырмақ.
Бұған қоса, Ішкі істер министрлігі Сыртқы істер министрлігімен бірлесе отырып, Қазақстанға көшіп келушілерді ынталандыру бағытында үш бірдей жобаны қолға алып отыр:
- Ұзақ мерзімге, яғни 10 жылға – ғылым, білім, өнеркәсіп, ақпараттық технология, спорт және мәдениет салаларында Қазақстан үшін құнды саналатын шетелдіктерге кейін тұрақты тұру құқын беретін виза ұсыну;
- Экономикамызға 300 мың АҚШ долларынан көп қаржы салған шетелдік инвесторлардың елге кіруіне жеңілдік жасау;
- «Neo Nomad Visa» цифрлық көшпелілерге» арнайы виза беру, бұл шетелдік компанияларда жұмыс істейтін немесе сондай компанияға иелік ететін азаматтарға беріледі. Мұндай виза алу үшін ай сайынғы табыс 3 мың АҚШ долларынан кем емес болуы керек деп болжанып отыр.
Үкіметтің есептеуі бойынша, 2027 жылға қарай сыртқа кететіндерден гөрі елімізге келетіндер көбейеді, соның ішінде негізінен кәсіби мамандар келеді деген болжам бар.
Былтыр геосаяси жағдайдың шиеленісуіне орай Қазақстанның көші-қон саласында жағымды сальдоға қол жеткізетін мүмкіндігі болған еді, бірақ үміт ақталмады. ІІМ дерегі бойынша, 2023 жылы Қазақстанға 5,6 млн шетелдік кірген (әр кіргені есептеледі, яғни адам саны емес, шекараны кесіп өтуі есепке алынады, ары-бері өтіп жүрген кәсіпкерлер мен жалдамалы жұмысшылар статистиканы айтарлықтай өзгертеді), ал елден 6 млн жуық адам кеткен.
Келгендердің көп бөлігі, 2,9 млн адам – Ресей азаматы. Бұлардың көпшілігі Қазақстанда қалмаған, елге келген миллион Ресей азаматының ішінде 3 578 адам ғана тұрақты тұруға өтініш білдірген, 965 адам азаматтық алуға өтініш тастаған.
DATA HUB телеграм арнасының жазуы бойынша, биылғы жылдың бірінші тоқсанында еліміздің көптеген аймағында айрықша жағдай болып, ішкі көші-қон сальдосы жағымды болған. Келушілер саны 7,6 мың адам болса, көшіп кеткендер саны 2,6 мың ғана болыпты. Ең көп келуші Маңғыстау облысына (1439 адам) және Алматы қаласына (1196 адам) орналасқан. Батысқа негізінен Өзбекстан азаматтары (955 адам) барса, Алматыға ресейліктер келген (835 адам).
Наурыз айында Қазақстанға түскен ақша аударымының көлемі жөнінен де осы екі ел алда тұр: жалпы 29,9 млрд теңге түссе, соның 12,2 млрд теңгесі – Ресейден, 3,1 млрд теңгесі Өзбекстаннан түскен.
Бұдан шығатын қорытынды, бұлар – Қазақстанда жұмыс істеп, отанында қалған отбасына ақша жіберетін еңбек мигранттары емес, керісінше, шет елдегі отбасынан ақша алып тұратындар. Соған қарағанда, саяси себеппен жүргендер болуы мүмкін.
«Маңызды мәселе туралы нақты» арнайы жобасы
Бұл жарияланымды Internews жүзеге асырып жатқан «Серпінді орта үшін әркелкі ақпаратпен қарым-қатынас және төзімділік (REVIVE)» жобасы аясында Еуропалық Одақ қаржыландырады. Оның мазмұнына тек қана «Shishkin_like» жауапты және міндетті түрде Еуропалық Одақ пен Internews көзқарасын білдірмейді.