Есептеуіш арқылы ел есебінен байып отырған кім?
Бүкіл ел көлемінде электр энергиясына заманауи модем орнатылған, ол энергия жеткізушілерге көрсеткішті өздігінен жіберуі керек. Алайда, халық арасында өз аяғымен келетін тексерушілер әлі де тыйылмай отырғанын айтып шағымданатындар бар. Немесе тұрғындардан есептеуіш құралды суретке түсіріп жіберуді сұрайды екен. Бұл «суперзаманауи» құралдардың көп жағдайда ойдағыдай жұмыс істемейтінін көрсетеді. Ал оның бағасы модемсіз құралдан әлдеқайда қымбат.
Тұтынушылардың көпшілігіне жаңа есептеуішті энергиямен қамтамасыз етушілер берген (оған ақы төлеуге тура келеді, тек оны тарифке қосқан), ал жаңадан беріліп жатқан нысандарға мұндай құралдар құрылыс компаниясы есебінен қойылады (тұтынушылар мұның да ақысын төлейді, бірақ ол үй бағасына қосылған).
Есептеуіш сатушылар он есеге дейін пайдаға кенеледі, ал оның ақысын бәрібір тұрғындар төлейді. Мұндай ғаламат реформаның авторы кім екенін біздің редакторымыз Маргарита Бочарова мен авторымыз Данияр Сәдуақасов анықтады.
«Супересептеуіш» – басы
2010 жылы Жамбыл облысында қарапайым тұтынушылардың үйіне электр энергиясын бақылау мен есептеудің автоматтандырылған жүйесін (ЭЭБЕАЖ) орнату бойынша пилоттық бағдарлама басталды. Жаңа жүйенің мақсаты «артық нормативті жою және норматив жоғалтуды азайту, электр энергиясын ұрлау мен оның есепке алынбауының алдын алатын кешенді есеп жүргізу» деп көрсетілді.
Ол кезде Жамбыл облысын KEGOC компаниясының бұрынғы басшысы, энергетика саласының болашақ министрі Қанат Бозымбаев басқаратын. 2012 жылы облысқа жұмыс сапарымен келген экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев Тараздың тәжірибесін барлық жерде енгізуді тапсырды. Үш жылдан кейін сол кездегі энергетика министрі Владимир Школьник бірнеше бұйрық шығарады. Оған сәйкес, ЭЭБЕАЖ болуы елдегі электр энергиясының көтерме сауда нарығына шығудың негізгі шарты болды, ал тұрғындар қажетті есептеуіш құралмен біртіндеп қамтамасыз етілуге тиіс болды.
Алматыда майшелпек кімнің қолында?
Алматы қаласы мен облысында ЭЭБЕАЖ енгізу және қызмет көрсету ісімен «Алатау Жарық Компаниясы» (АЖК) АҚ айналысады. Компания «Самұрық-Энергоға» қарайды. 2013 жылдан 2021 жылға дейін АЖК жүйені енгізуге 15,9 млрд теңге жұмсаған. Компаниядағылар соның арқасында Алматыдағы тұтынушылардың 37,5%-ынан көрсеткіш қашықтан алынады және олар электр энергиясын тиімді мөлшерде жіберетін автоматтандырылған есепке бағынады дейді. Алматы облысындағы көрсеткіш әлдеқайда төмен – 3,3%.
Орнатылған есептеуіш құралдардың тоқтаусыз жұмыс істеуі де маңызды мәселе. АЖК мәліметіне қарағанда, «ЭЭБЕАЖ жүйесіндегі есептеуіш құралдардың сұрау салу үлесі 85-90%». Ал сауда және интеграция министрлігінің тұтынушылар құқығын қорғау комитеті бұл мәселені қадағаламайды. Дәлірегі, біздің редакцияның сұрауына солай деп жауап берді.
Алматыда ЭЭБЕАЖ жобасын қандай компаниялар жүзеге асырды (және олар бұл үшін мемлекеттен қанша ақы алды)?
- «Энергоинформ» АҚ (KEGOC-тың еншілес компаниясы) – мәлімет жоқ
- «DS Group» ЖШС – 731,8 млн теңге
- «Корпорация Сайман» ЖШС («TSC Energy» ЖШС еншілес компаниясы) – мәлімет жоқ
- «Кристалл ММС» ЖШС (қазіргі EIS Corporation) – 59,2 млн теңге
- «Шаңырақ 2030 құрылыс компаниясы» ЖШС (жұмыс істемейді) – мәлімет жоқ
Бұл тізімде TSC Energy айрықша назар аудартады. Оның иелері қатарында Алмагүл Оңаева бар. Алмагүл Кеңесбекқызы – Forbes тізімі бойынша ең ықпалды бизнесменнің бірі Бауыржан Оспановтың туған әпкесі. Оспанов 2011 жылдан 2018 жылға дейін компанияның құрылтайшысы болған.
Ал бұл отбасының тағы бір мүшесі Серік Оспанов 2008-2009 жылдары АЖК-ны басқарған. Компаниядан бізге берілген мәліметке сүйенсек, дәл осы кезде ЭЭБЕАЖ-ны жоғары деңгейде өнеркәсіптік пайдалану жүзеге асып, енгізілген. 2009 жылдан 2019 жылға дейін Серік Кеңесбекұлы «Самұрық-Энерго» мен KEGOC компаниясында басшылық қызмет атқарған.
Астанада майшелпек кімнің қолында?
Астанада ЭЭБЕАЖ енгізу және қызмет көрсету ісімен «Астана-РЭК» айналысады. Компания «Astana» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясына қарайды, оған қала әкімдігі басшылық етеді.
2010 жылдан 2021 жылға дейін компания жекеменшік үйлерге ЭЭБЕАЖ жобасын енгізуге 3,6 млрд теңге жұмсаған. Нәтижесінде абоненттерге 19 мыңнан сәл астам есептеуіш құрал қойылған. «Астана-РЭК» көрсеткішті қашықтан алу жүйесіне көшірілген тұрғындардың үлесі қанша екенін айтпады (салыстыру үшін айтсақ, Алматыда жеке секторда 80 мың есептеуіш құрал қойылған, қамту 55% шамасында).
Астаналық тұрғындардың есептеуіш құралдары сапалы әрі тоқтаусыз жұмыс істеп тұр ма? «Астана-РЭК» мәліметі бойынша, қазіргі кезде жеке тұлғалар арасында ЭЭБЕАЖ есептеуіш құралдарын қойғандар арасындағы сұрау салу үлесі 86%. «Бұрынырақ енгізілген жобаны күрделі жөндеу қажеттігі туғандықтан, көрсеткіш төмендеді», – деп түсіндірді компания өкілдері.
Астанада ЭЭБЕАЖ жобасын қандай компаниялар жүзеге асырды (және олар бұл үшін мемлекеттен қанша ақы алды)?
- «АСТ Техносервис» ЖШС – 258,4 млн теңге
- «Астана Телемет» ЖШС – 1,6 млн теңге
- «РезГуль и К» ЖШС – 684,5 млн теңге
- «КазахстанЭнерджиСервис» ЖШС – 228,8 млн теңге
- «Авентис Групп» ЖШС («АТП-Инвест» еншілес компаниясы) – 978,3 млн теңге
- «Wolong-Kazakhstan» ЖШС – 563,6 млн теңге
«Авентис Групп» туралы алдында жазғанбыз, 2008-2010 жылдары компанияға төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильиннің ұлы Игорь Ильин жетекшілік етті. Бұл компанияға «АТП-Инвест» арқылы Ерлан Орынов жартылай иелік етеді. Орынов – Қазақ мұнай және газ институты директорлар кеңесінің мүшесі. Институт жартылай Forbes тізіміндегі Яков Цхайға тиесілі. Ал директорлар кеңесінің төрағасы Сергей Кан – Александр Клебановтың серіктесі.
«Авентис Групп» компаниясының тағы бір құрылтайшысы – Ғайнулла Әліпқалиев. Отандық олигархтардан бөлек, ол президенттің көмекшісі, Астананың бұрынғы әкімі Әсет Исекешевтің бауырымен іскерлік бағыттағы серіктес («ISS Finance» ЖШС арқылы).
Әліпқалиев 2009 жылдан 2016 жылға дейін «Wolong-Kazakhstan» компаниясының жалғыз иесі болған, бұл компания да ЭЭБЕАЖ жобасына қатысушы. Былтыр бұл компания «Астана-РЭК» шағымы бойынша мемлекеттік сатып алу бойынша жосықсыз қатысушы деп танылды. «Астана-РЭК» «КазахстанЭнерджиСервис» және «РезГуль и К» ЖШС үстінен де шағым түсірген, алайда сот оны қанағаттандырмады.
Жоғарыда аталған қазақстандық компаниялардың барлығы ЭЭБЕАЖ жұмыс істеуі үшін қажет құралдарды орнатумен ғана айналысқанын баса айтқан жөн. Ал құралды шығаруға немесе қажетті бағдарламамен қамтуға олардың еш қатысы жоқ. Мәселен, АЖК өкілдері бізге ЭЭБЕАЖ қолдану кезінде ресейлік «Инженерная компания ООО «Прософт-Системы» компаниясының бағдарламасы пайдаланылады деді.
Қазақстанның стандарттау және метрология институтына хабарласқанымызда, олар елімізде электр энергиясын есепке алатын төрт өлшеуіш құрал тіркелгенін айтты. Оның үшеуі ресейлік болса, біреуі Литваның өнімі. Бізге берілген жауапта отандық өндірушінің өнімі жоқ, алайда біздің елімізде кемінде бір компания есептеуіш құрал шығарады. Ол – Жамбыл облысындағы «Аспан-Energy» ЖШС.
2022 жылдың қыркүйек айында компания аймақтағы монополист ретіндегі жағдайын асыра пайдаланғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Сот шешімінде 2020 жылдан 2021 жылға дейін компанияның «Аспан-Қазақстанға» 19 мың DDZ1513 белсенді электр энергиясын есептеу құралын көтермелеп сатқаны көрсетілді. Құралдарды 526,7 млн теңгеге сатқан.
«Аспан-Energy» компаниясы иелерінің бірі – Константин Гаврюшенко, ол дәл осы Жамбыл облысындағы Қордай ЖЭС-інің (Қазақстандағы бірінші ЖЭС) және Оңтүстік аймақтағы тағы үш жел электр станциясының жалғыз иесі (бұл жел станцияларының жалпы қуаты – 60,65 МВт).
«Маңызды мәселе туралы нақты» арнайы жобасы
Бұл жарияланым Еуропалық Одақтың қаржылай қолдауымен әзірленген. Басылымның мазмұны «Shishkin_like» жауапкершілігінде және Еуропалық Одақтың көзқарасын білдірмейді.