March 28, 2023

Қазақстан компаниялары мен азаматтары екінші реттік санкцияға ұшырамау үшін не істеу керек?

Осы аптаның соңында Қазақстанда елге кіретін және елден шығатын барлық тауарды қадағалауға арналған онлайн жүйе іске қосылады. Бұл шараның бір ғана мақсаты бар – санкцияны айналып өтумен байланысты қауіп-қатердің алдын алу.

Былтыр Американың қаржылық қылмыстармен күрес агенттігі (FinCEN) мен Сауда министрлігінің өнеркәсіп және қауіпсіздік бюросы (BIS) Қазақстанды «асу пункті» болуы ықтимал деп көрсеткен болатын. Еуропа одағы да елімізді санкция салынған еуропалық тауарды қайта экспорттаған деп айыптаған еді.

Өткен аптада британдық The Telegraph таблоиды әлдебір «құпия құжаттарға» сүйене отырып, Еуропа одағы Ресейге санкция салынған тауар сатып отырған Орталық Азия елдеріне санкция салуы мүмкін екенін жариялады. Мысал ретінде кір жуатын машиналардың танкі жөндеуге қажет қосалқы бөлшек екенін айтты.

Бұл жаңалықты басқа ақпарат құралдары да іліп әкетіп, олардың кейбірі Еуроодақ Орталық Азия елдеріне Ресейге көмектескені үшін санкция салуды жоспарлап отыр деп жариялап жіберді.

Біздің редакторымыз Айгерім Мекішева екінші рет санкция салудың қандай қаупі бар екенін және оны қалай айналып өтуге болатынын сараптады.

Жағдайға қатысты әртүрлі көзқарас

Қайта экспорттауға қатысты ресми Астана мен мәскеулік сарапшылардың көзқарасы екі бөлек. Қазақстанның ресми ұстанымына келсек, президент Тоқаев аса күрделі де шетін жұмыс аясында санкция салынған тауарларды Ресейге жеткізуге сөзсіз тыйым болуы керек деп жеткізді.

Ресейлік сарапшылар болса, көлеңкелі механизмдер «қауіпсіз» болған жағдайда (АҚШ пен ЕО тарапынан қадағалау болмаса деп түсініңіз), Қазақстан әрі қарай да Ресейде тауарларды реэкспорт жасаумен айналыса береді деп санайды. Ресейліктер Түркия билігінің санкция салынған тауарлардың транзитіне қойған жуырдағы шектеуін де осы қисынға сай қабылдайды. Олар Түркияда толық кедендік рәсімдеуден өтіп, сертификатталып, екі рет салық салынуына орай тауардың қымбаттауын жағымсыз жағдай деп санайды.

Айтпақшы, екінші реттік шектеулер Түркияға жақсы таныс. 2020 жылы Американың шетелдік активтерді бақылау басқармасы (OFAC) елдің қорғаныс өнеркәсібі басшыларына ресейлік С-400 зенит-зымыран кешенін сатып алғаны үшін шектеу қойылмайтын санкция салған болатын.

Батыс сарапшылары АҚШ пен Еуропа жақын арада бұрынғы санкция пакеттеріне «саңылау» тапқандарды іздеуге назар аударады деп санайды. Бұл ретте Түркия мен Қазақстанға мейлінше назар аударады, өйткені бұл екі ел Ресейге кіретін және Ресейден шығатын санкция салынған тауарлардың контрабанда орталығына айналып отыр деп есептейді.

Ресейге қарсы екінші реттік санкция енгізілуі мейлінше ықтимал ел – Қытай. Барынша бейтарап болуға тырысқанымен, былтырғы маусым айында қорғаныс саласында Ресеймен әріптестік орнатқан бірнеше қытай компаниясы АҚШ-тың санкция тізіміне кірді. Қытайдың Ресеймен өзара іс-әрекет бойынша санкцияға ұшырауы бірінші рет емес.

Батыстың санкцияларына қарамай Ресеймен сауда айналымын арттырудан тапқан пайда да есептеліп қойған. Еуропа қайта құру және даму банкінің (ЕҚҚДБ) сарапшылары айналып өту жолдары Кавказ бен Орталық Азия елдеріне бустер болып отыр деп жазды. 2022 жылы Еуразия экономикалық одағының ішкі сауда айналымы 40%-ға артқан. Санкция салынған тауарларды Еуропадан Ресейге экспорттау 80%-ға азайса, ұқсас тауарларды Еуропадан Армения, Қазақстан және Қырғызстанға экспорттау 30%-ға артқан.

Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі санкция қаупін қалай бағалайды?

facebook.com/KazakhstanMFA

Сыртқы істер министрлігі біздің сауалымызға берген жауабында Қазақстан мен Ресей арасындағы жаңа және бұрыннан жұмыс істеп келе жатқан кәсіпорындар мен олардың келісімшарттары (жаңа және бұрын бекітілген) санкция салынған тауар Қазақстан–Ресей шекарасы арқылы өткен немесе кез келген валютада транзакция жасалған сәттен бастап екінші реттік санкцияға ұшырау қаупі бар екенін мәлімдеді.

OFAC-тың арнайы «50% ережесі» бар екенін айта кеткен жөн. Оған сәйкес, санкция тізіміндегі заңды және жеке тұлғалардың үлесі 50% және одан көп компанияларға санкция салынады. Дегенмен, OFAC санкцияға ұшырайтын субъектілерге қатысы айтарлықтай немесе 50%-ға жақын заңды тұлғалармен іскерлік байланыс жасау кезінде «мейлінше мұқият болуға» кеңес береді. Бұл ереже компаниялардың өзі ешқандай тізімде жоқ болғанына қарамастан, «шектеу қойылған» мемлекеттік компанияларға қатысты да қолданылуы мүмкін.

Сыртқы істер министрлігі АҚШ-пен салыстырғанда, Еуроодақтың шектеу шараларында  экстерриториялық сипат жоқ екенін айтады. Мұндай жағдайда қазақстандық компаниялар мен кәсіпкерлерге еуропалық санкцияны айналып өтуге бағытталған әрекетке барғаны үшін қауіп төнуі мүмкін. Бұған мысал ретінде Ресейге санкция салынған тауарды реэкспорт жасауды немесе Ресейден тыйым салынған тауарды реимпорт жасауды айтуға болады.

Екінші санкцияның қаупі қандай?

«Американың қарсыластарына санкция арқылы қарсы әрекет туралы» федералдық заңына (CAATSA) сәйкес, екінші реттік санкция АҚШ санкция салған контрагенттермен ынтымақтастық орнатқан америкалық емес жеке және заңды тұлғаларға салынады.

Екінші реттік санкция АҚШ нарығына кіруге шектеу қояды. Олар ауырлығына қарай әртүрлі болуы мүмкін. Ең қатал жаза – айрықша белгісі бар азаматтар мен шектеу қойылған заңды тұлғалар тізіміне (SDN тізімі) ену. Бұл шара АҚШ-тағы барлық активтің бұғатталуына, Америка азаматтарымен және компанияларымен ынтымақтастық орнатуға тыйым салуға алып келеді. SDN тізіміне енгендер валютаға қол жеткізе алмағандықтан, заңды түрде халықаралық саудамен айналысатын серіктестерімен қарым-қатынас жасау мүмкіндігінен айырылады.

Сыртқы экономикалық әрекетпен айналысатын және АҚШ-пен байланысы жоқ компаниялар үшін банктердің қызмет көрсетуден бас тартуы, доллармен транзакция жасай алмау, шетелдік контрагенттердің ынтымақтастықтан бас тартуы сынды жайсыздыққа алып келуі мүмкін. Бұл бірінші және екінші реттік санкциялардың әсері бірдей екенін көрсетеді.

Өзбектің Promcomplektlogistic компаниясы SDN тізіміне және белгілі бір тауарларды экспорттау немесе оларды тасымалдау үшін АҚШ лицензиясы талап етілетін заңды тұлғалар тізіміне енді. Себеп – АҚШ-тың санкция тізіміне енген микросхемаларды Ресейдің «Радиоавтоматика» компаниясына жеткізумен айналысқан.

facebook.com/EuropeanCommission

Брюссель екінші реттік шектеу қою мүмкіндігін сегізінші санкция пакетінде қарастырып қойған. 11-пакетте шектеулерді айналып өтіп жүрген үшінші елдердің субъектілеріне қарсы шаралар көрініс табуы мүмкін. Бұл шаралар бірінші реттік санкциямен бірдей болады деп түюге болады (активтерге тыйым салу, елге кіруге тыйым салу және қаржы бөлуге тыйым салу, т.б.).

АҚШ пен ЕО елдерімен салыстырғанда, Ұлыбритания соңғы сәтке дейін өзінің юрисдикциясынан тыс жердегі санкция тәртібінің бұзылуына қатысты ешқандай шара қолданған жоқ. Бұл елдің заңнамасында экстерриториялық сипат жоқ.

Не істеу керек?

Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі OFAC сайтындағы арнайы тармақта көрсетілген азаматтар мен компанияларға салынатын түрлі санкцияның тізіміне мұқият назар аударуға кеңес береді. Санкция, экспортты бақылау, санкция салынған заңды тұлғалар тізімі мен шектеу қойылған тауарларға қатысты операция жасау үшін лицензияны талап ететін жағдайлар тізімі АҚШ сауда министрлігінің сайтында да жарияланған. Еуропалық санкцияның толық тізімі Еуроодақтың санкция картасында берілген.

Бұған қоса, traderadar.kz сайтында Ресей мен Беларуське Еуроодақ, АҚШ, Австралия, Ұлыбритания, Канада, Жаңа Зеландия, Сингапур, Тайвань, Черногория, Швейцария, Оңтүстік Корея және Жапония мемлекеттерінің барлық санкция тізімі жарияланған. Онда Ресейден аталған елдерге импорттауға және Ресейге жеткізуге тыйым салынған тауарлардың коды да бар. Мәселен, Швейцария басқа да көптеген затпен қатар сағаттар мен оятқыштарды экспорттауға, металл шыбық импорттауға және прокатқа тыйым салған.

Қазақстандық компаниялардың бірінің заңгері келісімшарттарға санкция талабын енгізуге кеңес береді. Онда тараптардың ешқайсы, олармен байланысы бар тұлғалар, қатысушылар, акционерлер мен бенефициарлар келісімшартқа қол қойылған күні санкция тізімінде болмағаны көрсетілгені жөн. Сонымен бірге, тараптардың біріне қарсы халықаралық шектеу қойылған жағдайда келісімді бұзу механизмдері де көрсетілуі керек.

Санкциядан босаған Береке банк өкілдерінің айтуынша, санкцияның нақты белгіленген шегі бар, ол нақты тұлғалар және/немесе нақты тауарлар (қызметтер) және/немесе экономиканың нақты бір секторы шеңберінде мәміле жасауға тыйым салады. Көрсетілген шектеулерге жатпайтын және оларды айналып өтуге бағытталмаған мәмілелер мен операциялар белгіленген стандарт комплаенс бойынша және қалыпты жағдайда жүзеге асады.

Санкциядан шығудың жолы қандай?

Қазірге дейін қазақстандық компанияларды АҚШ-тың санкция тізімінен шығару мемлекеттің қатысуымен және дипломатиялық жұмыстың нәтижесінде жүзеге асты. Сбер және Альфа Банктің қазақстандық еншілес компанияларына қатысты айтсақ, Америкамен келіссөз жүргізу кезінде Қаржы нарығын дамыту және реттеу агенттігі (ҚНДРА) ОFAC-тың бас лицензиясын алуға келісті. Ол ЦентрКредит банкке қазақстандық Альфа банкті алуға, ал «Бәйтерек» мемлекеттік басқару холдингіне Сбердің еншілес кәсіпорнын алуға мүмкіндік берді.

Бұған қоса, Сбер жағдайында директорлар кеңесі мен басқарма құрамы жаңарды, атауы өзгерді және жаңадан банк лицензиясы алынды. Соның нәтижесінде OFAC ұсынуымен банк SDN тізімінен шығарылды.

Келіссөз нәтижесінде тараптардың Каспий құбыры консорциумы арқылы Ресей аумағымен өтетін қазақ мұнайын да АҚШ-тың шектеуінен шығару жөнінде келісімге келгенін байқауға болады. Сыртқы істер министрлігі Америка жағының бұл мәселеге орай арнайы түсіндірме жариялағанын айтты.

ВТБ Қазақстан банкі әлі де SDN тізімінде және соған байланысты санкция тізімінде екенін айта кеткен жөн.

@Shishkin_like

«Маңызды мәселе туралы нақты» арнайы жобасы

Бұл жарияланымды Internews жүзеге асырып жатқан «Серпінді орта үшін әркелкі ақпаратпен қарым-қатынас және төзімділік (REVIVE)» жобасы аясында Еуропалық Одақ қаржыландырады. Оның мазмұнына тек қана «Shishkin_like» жауапты және міндетті түрде Еуропалық Одақ пен Internews көзқарасын білдірмейді.