Қазақстандағы дәрі-дәрмек нарығы кімнің бақылауында
Қазақстанның фармацевтикалық нарығы толығымен дерлік импортқа тәуелді. Enegyprom.kz хабарлағандай, өткен жылы антибиотиктер шығаратын отандық кәсіпорындар сұраныстың 18,4% ғана қамтамасыз еткен.
Біздің авторымыз Ольга Настюкова фармацевтика нарығын талдаумен айналысатын Vi-Ortis консалтингтік агенттігінің деректерін зерттей келе, Қазақстанда дәріхана желілеріне дәрі-дәрмекті негізгі жеткізушілер кімдер екенін анықтады. Олардың арасынан біз отандық Forbes тізіміне енген адамды да, бұрынғы шымкенттік депутатты да, ресейлік миллионерлерді де таптық.
100% мемлекет меншігіндегі «Фармация» СК ЖШС (пандемия кезінде мемлекеттік емханаларды қажетті дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ете алмауымен атағы шыққан) тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде халықты қажетті дәрінің барлығымен қамтамасыз етуге міндетті бірыңғай дистрибьютор болып табылады. Оның жеткізушілерге ешбір қатысы жоқ, керісінше, олардан сауда жүйесі арқылы дәрі-дәрмектің ауқымды көлемін сатып алумен шұғылданады.
Талдаушылар Қазақстандағы фармацевтикалық нарықтың көлемін түрліше бағалайды. Vi-Ortis мәліметінше, 2022 жылы ол 799,3 млрд теңгені құрады, бұл бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 13%-ға артық. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, нарық көлемі бұдан біраз жоғары, 863 млрд теңге, оның 162 млрд теңгесі отандық тауар өндірушілердің үлесіне тиеді. Өткен жылы дәріхана желісі арқылы қазақстандықтарға 513 миллион бума дәрі-дәрмек сатылды.
ТМД елдерінің арасынан Қазақстанға негізгі дәрі-дәрмек жеткізушілер Ресей, Украина және Беларусь болып табылады. Ресми мәлімет бойынша, 2022 жылы Ресейден 6,4 мың тонна, Беларусьтен 1,2 мың тонна, Украинадан 730 тонна оралған дәрі-дәрмек әкелінген.
Соңғы бір жылда сектордағы импорт бір жарым еседен астам өсті, фармацевтикалық өнімдер 13,6%-ға қымбаттады. Бұл соңғы бес жылдағы ең жоғары жылдық өсу қарқыны, дейді enegyprom.kz талдаушылары.
1. Incar компаниялар тобы
«Incar» фармацевтикалық компаниясы Қазақстан нарығында 1998 жылдан бері жұмыс істейді және өзін «денсаулық сақтау саласындағы жүйе құрушы кәсіпорын» ретінде танытады. Кәсіпорын 3,5 мыңнан астам дәріхана және дәріхана желілерімен ынтымақтасып, 5 мыңнан астам тауар позицияларын сатумен айналысады.
Компанияның бас директоры және тең құрылтайшысы Әлия Ерімбетова. Incar-дың екінші тең иесі - Әлібек Баймағамбетов. Екеуі де компанияны құрылған күннен бастап бақылауда ұстап келе жатыр. Ерімбетова туралы ақпарат БАҚ-та анда-санда шығатын болса, оның серіктесі қандай да бір жариялылықтан бойын аулақ ұстайтыны байқалады.
2021 жылы компания «СК-Фармацияның» бұрынғы басшысы Берік Шәріпке қатысты атышулы сот шырғалаңының нысанасында болды. Мемлекеттік айыптаушының айтуынша, Шәріп коронавирустық пандемияға байланысты енгізілген төтенше жағдай кезінде қорғаныс киімдерін сатып алуда «Incar» ЖШС-нің мүддесіне заңсыз лобби жасап, қолдаған. Жеткізілімдердің тоқырауы салдарынан дәрігерлер жаппай індет жұқтырды деген болжам айтылды.
Сотта Ерімбетова Берік Шәріпті қорғап сөз сөйледі. «СК-Фармация» мемлекеттік келісім-шарттардың көлемі бойынша компанияның негізгі үш тапсырыс берушілерінің бірі болып табылады. «Incar» ЖШС 2009 жылдан бері сатып алуларға қатысып келеді. Сол уақыттан бері жасалған келісім-шарттардың саны қазірдің өзінде 2400-ден асып, құны 2,9 млрд теңгеге жетті.
«Incar» ЖШС 2015 жылдан бері 4,3 млрд теңге салық төлеген. «Adata» есептеулері бойынша, компания осы кезеңде 3,2 млрд теңге табыс тапқан болуы мүмкін. Салық аударымдарына қарағанда, компанияның 12 филиалының тоғызы ғана жұмыс істейді. Өткен 12 айда олар бюджетке 78,9 млн теңге төлеген.
Incar компаниялар тобына мыналар кіреді:
- «Каз-Диа-Тест» ЖШС (диагностика жинақтарының өндірісі);
- «Asyl Pharm» ЖШС (медициналық препараттар мен БАД түрлерін ілгерілету);
- «Аспект-Траст» ЖШС (ветеринарлық препараттар саудасы);
- «D.A. Technologies» ЖШС (шағын станциялар құрылысы; құрылыс және өңдеу жұмыстары);
- INCAR Agriculture (Алматы және Шығыс Қазақстан облыстарында 6 мың гектар аумақта жылыжай кешендерінің құрылысын салады).
Сонымен қатар, Баймағамбетов Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданында бетонит (балшық түрлерінің бірі) өндіруге лицензиясы бар «Grand Show Industry» ЖШС иелік етеді.
2. «Аманат»
«Аманат» компаниясы 1996 жылы тіркелген және жуырда ғана Қазақстанның фармацевтикалық нарығының көшбасшысы болды. Ол 5 мыңнан астам тауар түрлерін сатады және 4 мыңнан астам тұрақты клиенттері бар. «Аманаттың» тіпті 2007 жылдан бері тіркелген жеке қайырымдылық қоры тұрақты салық аударымдарын жасап келеді
Компанияны Марат Ташкенов басқарады. Құрылтайшысы да сол. Меншіктің басқа ортақ иелері - Рашида және Шолпан Әмірбаевтар, Мейрам Қабылов, Сергей Полторак, Аян Рысбеков, Ибрагим Шарипов, Александр Швечихин және БАӘ-де тіркелген Heltibor FZE компаниясы.
«Аманат» бұрын-соңды мемлекетпен келісімшарт жасасу арқылы сатып алуларға қатыспаған. Компания 2015 жылдан бері 25 млрд теңге салық төлеп, Adata мәліметтері бойынша, ресми түрде 43 млрд теңгеден астам пайда таба алған. Компанияның бес филиалы бар, оның үшеуі салық төлейді (соңғы 12 айда 44 млн теңге).
Осы орайда айта кетейік, «Аманаттың» иелері басқа да бірқатар компаниялардың, соның ішінде дәрі-дәрмек сатумен шұғылданатын фирмалардың тең құрылтайшылары болып табылады. Мысалы, 2019 жылы олар «Қазақстан фармацевтикалық кешені» ЖШС (ТОО «Казахстанский фармацевтический комплекс».) құрды. Бұл холдинг соңғы 12 айда 1,6 млрд теңге салық төлеген үш еншілес ұйымды басқарады.
Олардың қатарында «Долголет» ЖШС бар. Ол Қазақстандағы «Биосфера» дәріхана маркеттерін құрған. Биосфераның ресми сайтындағы «Дәріханалар» бөлімінен осы холдингке қатысты «Экономь», «Сердечная», «Точка», «Forte+», «Аманат», «Аптека низких цен» желілері қатарлы басқа да сауда нүктелерін табуға болады.
Сонымен қатар, «Аманат» құрылтайшыларының бірі ветеринарлық препараттар мен үй жануарларына арналған тауарларды сатумен айналысатын «Амагель» ЖШС-іне иелік етеді. Компанияның прейскурантында 2000-нан астам тауар бар. Ұйым 2010 жылдың қаңтарына дейін «Интертич» ЖШС-нің ветеринария бөлім қызметін атқарды (бүгін ол «Қазақстан фармацевтикалық кешенінің» еншілес кәсіпорны болып табылады).
3. «Медсервис плюс»
«Медсервис плюс» нарықта 25 жылдан астам уақыт жұмыс істейді. Дистрибьютор өз тұтынушыларына 7000-нан астам өнім ұсынады және Қазақстандағы 4500 дәріхана және дәріхана желілерімен ынтымақтасады. Сонымен қатар, компания дәріханалар желісін дамытуда, оның ресми сайтынан 15 сауда нүктесінің мекенжайын табуға болады.
Компанияның екі құрылтайшысы бар – Швейцарияда тіркелген «Inrocorp AG» АҚ және қазақстандық «Group Invest Management» ЖШС. Соңғысының он иесі бар: Гүлжан Бейсембекова, Сергей Шевченко, Светлана Волченко, Қуанышбек Емішев, Саида Ерденбекова, Арман Жұлқашев, Жанна Қаймолдина, Айжан Күпешова, Ләззат Мәкеева және Ардақ Омаров. Олардың кейбіреулері «Медсервис плюс» компаниясының басқармалары құрамына кіреді. Басқарма төрағасы – компанияның негізін қалаушы, кәсіпкер Жанат Умаров.
«Медсервис плюс» мемлекеттік сатып алу жүйесіне қатысады, қазірдің өзінде құны 1,4 млрд теңгеге жуық 1400-ден астам келісімшарт бар. Келісім-шарттар көлемі бойынша компанияның ең ірі үш тапсырыс берушісіне Медициналық технологиялар және ақпараттық жүйелер орталығы, Көз аурулары ғылыми-зерттеу институты және Қызылорда облысының көпсалалы облыстық ауруханасы кіреді.
Кәсіпорын 2015 жылдан бері бюджетке 13,3 млрд теңге салық төлеген. Adata есептеулері бойынша, «Медсервис плюс» дәл осы уақытта 11,9 млрд теңге көлемінде ресми табыс тапқан болуы мүмкін. Компания 15 филиал тіркеген, салық аударымдарына қарағанда, оның үшеуі соңғы бір жылда жұмыс істемеген сыңайлы. Қалғандары өткен 12 айда 417,8 млн теңге салық төлеген.
«Медсервис плюс» әрекет етуші екі салалық қауымдастықтың – Фармацевтикалық қызметті қолдау және дамыту қауымдастығының және Фармацевтикалық өнімдердің дистрибьюторлары қауымдастығының мүшесі болып табылады.
Компания сонымен қатар ешбір топқа кірмейтін тауарлардың мамандандырылған көтерме саудасымен айналысатын «Singa» ЖШС тең құрылтайшысы болып табылады. Кәсіпорын салық төлейді, бірақ ресми түрде әзірге пайда таппаған сыңайлы. Singa Алматыдағы Harvey's Pub & Grill орналасқан мекенжайда тіркелген. Рестобардың қожайыны Альфаиз Саламат фармацевтикалық дистрибьютордың еншілес кәсіпорнының екінші тең құрылтайшысы болып табылады.
«Медсервис плюс» монополияға қарсы тергеулерде бірнеше рет жауапкер болғанын айта кетейік. 2017 жылы компания баға белгілеудегі ымыраластығы үшін айыпты деп танылып, 114,9 млн теңге айыппұл төлеп, 208 млн теңге монополиялық кірісі тәркіленген. 2021 жылы монополияға қарсы күрес мекемесі компанияның қызметінен нарықтағы басқа да көшбасшы компаниялар – «Ақниет» ЖШС және «Стопфарм» ЖШС-мен ымыраласу белгілерін тағы тапты. Әңгіме «СК-Фармация» компаниясының тендерлеріне қатысты болған, бірақ сот отырыстарының нәтижелері туралы бұқараға ашық түрде хабарланған жоқ.
4. «Эмити Интернешнл»
«Эмити Интернешнл» ЖШС Қазақстанда ресми түрде 1998 жылдан бері жұмыс істейді. Компания еліміздің барлық өңірлеріндегі 4 мыңнан астам дәріханаға қызмет көрсетеді, оның ассортиментінде 8 мыңнан астам дәрі-дәрмек пен медициналық мақсаттағы бұйымдардың түрі бар.
Дистрибьютордың жалғыз құрылтайшысы «Катрен» АҚ болып табылады. Бұл Ресейде орналасқан, көтерме және бөлшек саудамен айналысатын халықаралық фармацевтикалық холдинг. Бүгінгі таңда компания Қазақстан мен Беларусьте фармацевтикалық дистрибьюторларға иелік етеді. 2021 жылдың соңында холдинг 269,2 млрд рубль кірісімен Forbes нұсқасы бойынша Ресейдегі ең ірі жеке меншік компаниялардың тізіміне кірді. «Катреннің» иелері мен басшылары - ресейлік кәсіпкерлер Леонид Конобеев пен Владимир Спиридонов болып табылады.
Компанияның қазақстандық еншілес кәсіпорны мемлекеттік сатып алуларға қатысады және қазірдің өзінде құны 787,1 млн теңгені құрайтын 613 келісім-шартқа отырды. Келісімшарттардың көлемі бойынша «Эмити Интернешнл»-дің ең ірі тапсырыс берушісі – ҚР Қорғаныс министрлігі, атап айтқанда екі әскери бөлім болып табылады. Сондай-ақ дистрибьютор «Алатау» жоғарғы спорт шеберлігі мектебін, Спорттық медицина және оңалту орталығын, Ұлттық ғылыми онкологиялық орталық және т.б. дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етті.
«Эмити Интернешнл» 2015 жылдан бері 4,8 млрд теңге салық төлеген. Сол уақыттан бері компанияның табысы, Adata есебі бойынша, 3,1 млрд теңгеге жетуі мүмкін. Компанияның 11 филиалы бар, бірақ Астана, Өскемен, Орал және Шымкенттегі тек төртеуі ғана әрекет етеді деп санауға болады. Өткен 12 айда олар салық органдарына жалпы 48,2 млн теңге аударған.
5. «Стофарм» ЖШС
«Стофарм» ЖШС 2003 жылы Қостанай облысында тіркелген. Компанияның ресми сайтында не дистрибьютордың ассортименті, не оның тұтынушыларының саны немесе прейскуранттағы тауарлар туралы мәліметтер жоқ. Компания шетелдік дәрі өндірушілермен 200-ден астам тікелей байланыс орнатқанын ғана хабарлайды.
Реестрлерден «Стофарм» ЖШС негізін қалаушы кім екенін біле алмадық. 2015 жылға дейін компания кипрлік қазір таратылған Pensadora Limited компаниясына тиесілі болған. Оның директоры ретінде Ростислав Мамадраимов көрсетілген. Мұндай есімді тұлға «Банк ЦентрКредит» АҚ-ның өткен жылғы инвестициялық меморандумында Несие администрациясы орталығының атқарушы директоры ретінде көрсетілген. Банктің негізгі қатысушылары Бақытбек Байсейітов пен Владислав Ли екенін еске сала кетейік.
«Стофарм» мемлекеттік сатып алуларға қатысады және қазірдің өзінде жалпы құны 2,7 млрд теңгені құрайтын 4,3 мыңнан астам келісім-шарт жасасқан. Шарттардың көлемі бойынша дистрибьютордың ең ірі тапсырыс берушілері Медициналық технологиялар және ақпараттық жүйелер орталығы, Президент әкімшілігі медициналық орталығының ауруханасы және Қарағанды қаласындағы арнаулы әлеуметтік қызметтерді көрсету орталығы болып табылады.
Компания 2015 жылдан бері мемлекеттік кіріс органдарының есепшотына 6,3 млрд теңге аударған. Adata мәліметінше, содан бері «Стофарм» 6,2 млрд теңгеге жуық табыс тапқан болуы мүмкін. Компанияның республика аумағында 16 филиалы бар, оның екеуі ғана соңғы 12 айда салық төлемеген. Қалғандары осы уақыт ішінде бюджетке барлығы 281,3 млн теңге аударды.
«Стофарм» да сот процесстерінің қатысушы болып, мемлекетке монополиялық кірісін қайтарған болатын. Ал 2017 жылы Ұлттық экономика министрлігі «СК-Фармация» тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында дәрілік заттар мен өнімдерді сақтау және тасымалдау қызметтерін бір лот бойынша сатып алғанын, сол арқылы «Стофарм» ЖШС-і бейнесінде монополистік ұйым құрғанын анықтады. Бірақ ол кезде жеткізушіге емес, тапсырыс берушіге 1,3 млрд теңге айыппұл салынды. 2021 жылы фармацевтикалық дистрибьюторға тағы да картельдік ымыраластық туралы айып тағылды.
6. «Рауза-Аде»
«Рауза-Аде» ЖШС 2008 жылы тіркелген, дегенмен компанияның ресми веб-сайтынан және әлеуметтік желілерден компанияның құрылған күніне қатысты түрліше ақпаратты, бұдан ертерек датаны табуға болады. Компания өзін «Қазақстандағы дәріханалар мен қоймалардың ең ірі фармацевтикалық желісі» ретінде көрсетеді. Компанияның сайтында, атап айтқанда, Алматы қаласы мен оңтүстік астананың маңындағы 77 сауда нүктесінің мекенжайы көрсетілген.
Фармацевтикалық дистрибьютор Бағит Бөлекбаеваға тиесілі. Ол компанияны құрылған күннен бері басқарып келеді.
«Рауза-Аде» мемлекеттік сатып алуларға қатысады: қазірдің өзінде оның жалпы құны 67,7 млн теңгені құрайтын 75 келісімшарты бар. Келісім-шарттардың көлеміне сәйкес, бүгінгі таңда компанияның негізгі тапсырыс берушілері «Алматытеплокоммунэнерго» АҚ, Қорғаныс министрлігінің әскери бөлімдерінің бірі және Спорттық медицина және оңалту орталығы болып табылады.
Компанияның 2015 жылдан бері төлеген салық көлемі 1,7 млрд теңгеге жеткен. «Рауза-Аденің» осы уақыттағы ресми пайдасы 971,3 млн теңгені құрауы мүмкін. Компанияның Қазақстанда жеті филиалы тіркелген, оның алтауы, салық төлемдеріне қарай, жұмыс істейді. Өткен 12 айда олар бюджетке 47,3 млн теңге аударған.
7. «Зерде» ғылыми-өндірістік бірлестігі
«Зерде» ғылыми-өндірістік бірлестігі» ЖШС 2006 жылы тіркелген, бас кеңсесі Шымкент қаласында орналасқан. Алайда компанияның веб-сайтында 1998 жылы өз жұмысын бастағаны айтылады. 2009 жылғы жағдай бойынша (сайттағы ақпарат соңғы рет сол жылы жаңартылған болса керек) «Зерде» ҒӨБ Қазақстанға 6 мыңнан астам тауар түрін жеткізген, жеткізушілермен 75 келісімшарт жасаған және «Аманат» ЖШС-ін стратегиялық серіктесі деп атаған.
Компания құрылтайшылары — ағайынды Дәурен мен Қайрат Битеміровтер. «Зерде» ғылыми-өндірістік бірлестігі» ЖШС -н олардың әкесі, бұрын Шымкент қалалық мәслихатының депутаты, қазір қалалық мәслихат депутаттары қоғамдық бірлестігінің мүшесі Мұхтар Битеміров басқарады.
«Зерде» мемлекеттік сатып алуларға қатысады. Кәсіпорынның жалпы құны 925,3 млн теңгені құрайтын 258 келісім-шарты бар. Келісім-шарт сомасы бойынша негізгі тапсырыс берушілер Түркістан облысының денсаулық сақтау басқармасы мен «СК-Фармация». Соңғысымен компания пандемиялы 2020 жылы келісімге отырды. Соған сәйкес, компания 305,6 млн теңгеге «цефтриаксон» және «ибупрофен» антибиотиктерін жеткізуді қамтамасыз етті. Сатып алу әдісі – тікелей шарт жасасу арқылы бір көзден сатып алу.
«Зерде» ғылыми-өндірістік бірлестігі» ЖШС 2015 жылдан бері 2,5 млрд теңге салық төледі, осы уақыттағы табысы 3,9 млрд теңгені құрауы мүмкін. Компанияның Астана мен Алматыдағы екі филиалы өткен 12 айда бюджетке тағы 18,7 млн теңге аударған.
Ресми сайтында «Зерде» компаниялар тобына мыналар кіретіні көрсетілген:
- «Зерде-Фарма» ЖШС (фармтауарлардың бөлшек саудасы);
- «Зерде-Фито» ЖШС (өсімдік текті шикізаттан фармпрепараттар өндіру);
- «Мерей-II» ЖШС (фармтауарлардың көтерме саудасы).
Алайда бүгінгі күні тізімде көрсетілген компаниялардың ешқайсысы «Зерде»-мен заңды түрде ешбір қатысы жоқ. Бірлестік екі салалық қауымдастықтың және бір коммерциялық құрылым – «Фармасинтез-Зерде» ЖШС-нің тең құрылтайшысы болып табылады. Кәсіпорын дәрі-дәрмек өндіреді және олардың көтерме саудасымен айналысады. Ресми түрде табысы тіркелмеген.
8. «Садыхан» компаниялар тобы
«Садыхан» ЖШС Тараз қаласында 2001 жылы тіркелген, әйтсе де, компаниялар тобының тарихы 1996 жылы, екі бөлмелі пәтерде үш адамның көтерме сауда қоймасын жабдықтауға шешім қабылдауынан басталды. Бүгінгі таңда осы аттас дәріханалардың ассортиментінде 5,5 мыңнан астам тауар бар, компания нарықтағы барлық жетекші компаниялармен ынтымақтасады және Тараз қаласындағы дәрілік заттардың көтерме саудасының 29 пайызын қамтиды.
«Садыхан» иесі Қайрат Әубәкіров Алматының, болашақта бүкіл елдің фармацевтикалық нарығындағы көшбасшылыққа ұмтылатынын мәлімдейді. «Садыхан» ЖШС сатып алу жүйесі аясында мемлекетпен ынтымақтасады. Кәсіпорын қазірдің өзінде жалпы құны 72,4 млн теңгені құрайтын 143 келісімшартқа отырды. Сома бойынша негізгі тапсырыс беруші – Жамбыл облыстық көпсалалы балалар ауруханасы.
2015 жылдан бері кәсіпорын бюджетке салық ретінде 899,7 млн теңге төлеп, ресми түрде Adata есебі бойынша 1,3 млрд теңге табыс табуы мүмкін. Сонымен қатар, Әубәкіровке пайда әкелетіндердің арасында мемлекеттік органдармен келісім-шартқа отырған топтың басқа компаниялары да бар:
- «Садыхан Фарм Лидер» ЖШС (фармтауарлардың бөлшек саудасы) — мемлекеттік сатып алуларға қатысушы алақол компания деп танылған;
- «Садыхан Социальная аптека» ЖШС (фармтауарлардың бөлшек саудасы, басқа да қызметтер көрсетуші);
- «Лидер Плюс» ЖШС (фармтауарлардың, оның ішінде БАД көтерме саудасы);
- «Садыхан Премиум» ЖШС (фармтауарлардың бөлшек саудасы, кең ауқымды тауар ассортиментінің көтерме саудасы, жеке меншік жылжымайтын мүлікті жалға беру және басқару);
- Облыстық Садыхан консультативтік-диагностикалық медициналық орталығы (арнаулы дәрігерлік практика).
9. «Atamiras.s» ЖШС
«Atamiras.s» ЖШС ресми түрде 2015 жылдан бері жұмыс істейді, көтерме және бөлшек сауда компаниясы бұған дейін 12 жыл бойы «Мурат-Фарм» атауымен жұмыс істеп келген. Бүгінде «Atamiras.s» өзін дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдардың ірі аймақтық дистрибьюторы ретінде көрсетеді. Компанияның прейскурантында 5 мыңнан астам тауар аталымы бар, компания Қазақстандағы 9 мыңнан астам серіктеспен ынтымақтасады.
Компанияның қожайыны және басқарушысы — Ләззат Қуандықова және «Atamiras.s» — оның иелігіндегі жалғыз фармацевтикалық дистрибьютор емес. Ол — «Алмасат» ЖШС да құрылтайшысы. Кәсіпорын заңды мекен-жайында жоқ деп танылған, дегенмен өткен жылы иесіне ресми түрде 2,6 млн теңге табыс әкелген. «Atamiras.s» сәтті компания болып танылады. 2015 жылдан бері кәсіпорын 693,5 млн теңге салық төлеп, осы уақыт ішінде 751,5 млн теңге табыс тапқан.
«Atamiras.s» мемлекеттік сатып алуларға қатысады және қазірдің өзінде 625 келісімшартқа қол қойды. Олардың жалпы құны 295,2 млн теңгеге жетті. Бұл тұрғыда компания үшін өткен жыл ең табыстысы болды, мемлекеттік мекемелермен ынтымақтастық дистрибьюторға 136 млн теңгеден астам табыс әкелді. Келісімшарттардың көлеміне сәйкес компанияның негізгі тапсырыс берушісі Қызылорда облысының көпсалалы облыстық ауруханасы болып табылады.
10. Aq Niet
«Ақ ниет» ЖШС 1996 жылы тіркеліп, бүгінде ресми түрде фармацевтикалық өнімдердің көтерме саудамен және азық-түлік емес тауарларды сақтау қоймаларымен айналысады. Компания Aq Niet компаниялар тобына тиесілі, ол ритейл және дистрибуция саласындағы брендтер портфолиосын басқарады. Олардың арасында Europharma және Arzan Pharm дәріханалары бар. Europharma онлайн дәріханасының ассортименті, ресми сайтта көрсетілгендей, 20 мың атауды қамтиды.
Компаниялар тобы қазақстандық бизнесмен Қайрат Итемгеновке тиесілі және сол басқарады (Forbes Kazakhstan нұсқасы бойынша 298 миллион доллар байлығымен елдің ең бай бизнесмендері рейтингінде №24 орында). Ол Біріккен Араб Әмірліктерінің оффшорлық аймағында тіркелген Kbi Invest Fzco компаниясы арқылы Aq Niet Group-қа иелік етеді. «Ақ ниет» ЖШС құрылтайшылары арасында әр жылдары олигарх Дінмұхамед Ыдырысовтың ұлы Жармұхаммед Аппаз бен Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Әсет Исекешевтің ағасы Ерлан Исекешев болған.
«Ақ ниет» ЖШС мемлекеттік сатып алудың қатысушысы ретінде мемлекеттік мекемелермен 263 шарт жасасқан. Олардың жалпы құны 8,5 млрд теңгеден асты. Компанияның негізгі серіктесі Ауыл шаруашылығы министрлігінің Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті болып табылады, ол қазірдің өзінде компанияның есепшотына ветеринариялық препараттарды жеткізу үшін 7,9 млрд теңге аударған.
2015 жылдан бері «Ақ ниет» 4,8 млрд теңге салық төлеген. Adata есебі бойынша, осы уақыт ішінде дистрибьютор ресми түрде 8,7 млрд теңге табыс тапқан болуы мүмкін. Компанияның филиалдары (екеуі жұмыс істеп тұр) айтарлықтай табыс таппағанға ұқсайды: 12 айда олар салық органдарының шотына 405,4 мың теңге ғана аударған.
«Маңызды мәселе туралы нақты» арнайы жобасы
Бұл жарияланымды Internews жүзеге асырып жатқан «Серпінді орта үшін әркелкі ақпаратпен қарым-қатынас және төзімділік (REVIVE)» жобасы аясында Еуропалық Одақ қаржыландырады. Оның мазмұнына тек қана «Shishkin_like» жауапты және міндетті түрде Еуропалық Одақ пен Internews көзқарасын білдірмейді.