April 25, 2023

Қайда тусаң, сонда соттас

Қазақстандық үшін халықаралық соттардан қорғаныш табу мүмкін емес

Қазақстандағы адам құқықтарына қатысты проблеманы қамаудағылар мен сотталғандарды азаптау бойынша созылмалы ахуал айқын сипаттайды. Бас прокуратураның мәліметінше, 2022 жылы 203 адам азаптау құрбаны болған. Осы бап бойынша тек бір жылда 101 қылмыстық іс тіркелген. Олардың жетеуі ғана сотқа жеткен.

ҮЕҰ өз кезегінде жыл сайын азаптау туралы 200-250 шағымды тіркейді. Құқық қорғаушылар коалициясының қаңтар оқиғасы туралы баяндамасында авторлар тұтқындау мен қамауға алудан кейін азаптау және басқа да қатыгездік көрсету оқиғалары туралы 190 шағым тіркелгенін хабарлайды. Алты азаматтың қамауда отырып азаптау салдарынан қаза тапқаны айтылады.

Азаптауды жою үшін мемлекет заңнамалық жаңалықтар қабылдауда,  мысалы, биыл бұл қылмыс үшін бас бостандығынан айырудың ең төменгі және ең жоғарғы мерзімін ұлғайтты, деп жазады «Политпросвет.kz». Дейтұрғанмен, отандық Фемида Азаптауға қарсы комитет қазақстандық азаптау құрбандарының өтініштерін қараған соң ұсынған шаралардың ешқайсысын ешқашан орындаған емес.

Редакторымыз Әйгерім Мекішева мемлекет өзі ратификациялаған конвенциялар аясында қабылданған шешімдерді орындауға неліктен асықпай отырғанын, Қазақстан қандай халықаралық соттардың шешімдерін мойындайтынын және еліміздің азаматтары өз құқықтарының бұзылуына байланысты қайда жүгіне алатынын анықтады.

Қазақстандықтар қандай халықаралық соттарға жүгіне алады?

Ешқайсысына жүгіне алмайды.

Өңірде адам құқықтарын жақсырақ қамтамасыз ету үшін Еуропалық адам құқықтары жөніндегі сот (ЕСПЧ, Страсбург) әрекет ете алар еді, бірақ ол үшін Қазақстанға Еуропалық кеңеске кіру және Адам құқықтары мен басты бостандықтарын қорғау жөніндегі Еуропалық конвенцияға қол қою қажет, деп түсіндіреді Қазақстанның Адам құқықтары мен заңдылықты сақтау жөніндегі халықаралық бюросының жетекшісі Евгений Жовтис.

Бұл ретте Сыртқы істер министрлігінің бізге берген түсініктемесіне сәйкес, қазақстандықтар, қажет болған жағдайда, бірақ құқықтарын Қазақстан билігі емес, Еуропалық кеңеске мүше–мемлекеттер бұзған жағдайда ғана, Еуропалық адам құқықтары жөніндегі сотқа шағым түсіре алады.

Қазақстандықтар өз құқықтарын қорғау үшін қандай халықаралық органдарға жүгіне алады?

Республика қазақстандықтардың құқықтарының бұзылуы туралы шағымдарын қарау бойынша БҰҰ-ның төменде аталған төрт шарттық органының құзыретін мойындайтын бірқатар конвенциялар мен пактілерге қол қойған:

  • Азаптауға қарсы комитет (АҚК),
  • Нәсілдік кемсітушілікті жою комитеті (НКЖК),
  • Адам құқықтары жөніндегі комитет (АҚК),
  • Әйелдерге қатысты кемсітушілікті жою комитеті (ӘКК).

Қазақстан жеке шағымдар беру мүмкіндігін қарастыратын БҰҰ-ның конвенциялары мен хаттамаларының барлығына бірдей қол қойып  ратификациялаған жоқ. Мысалы, билік Мүгедектердің құқықтары туралы конвенцияны ратификациялағанымен, тиісті хаттамаға қосылған жоқ, соның салдарынан қазақстандықтар әзірге Мүгедектердің құқықтары жөніндегі комитетке (МҚК) жүгіне алмайды.

Ағымдағы жылдың ақпан айында Қазақстан Бала құқықтары туралы конвенцияға қосымша Үшінші факультативтік хаттамаға қол қойды. Құжат хабарлау процедурасына қатысты және парламент ратификациялағаннан кейін күшіне енеді. Бұдан кейін қазақстандықтар  Бала құқықтары жөніндегі комитетке (БҚК) де жеке шағымдар беру мүмкіндігіне ие болмақ.

Қазақстандықтар БҰҰ комитеттеріне жүгіне ме, мұның пайдасы бар ма?

Иә, ұлттық құқықтық қорғау құралдарының барлығы түгесілген кезде жүгінетіндер бар. Әлемнің әр елдерінен жүгінетіндердің саны жеткілікті болғандықтан, кейбір істерді қарау кейде 5 жылға дейін созылады, деп түсіндіреді Жовтис.

Адам құқықтары жөніндегі комитет (АҚК)

Атап айтқанда, ол жерден Лұқпан Ахмедьяров, Бақытжан Төреғожина мен Жанна Байтелова өз пайдаларына қабылданған шешімді алды. Мұхтар Жәкішевтің  шағымын қараған комитет билікті үкімнің күшін жоюға, сотталушы бостандыққа шыққанға дейін тиімді медициналық көмекке қол жеткізу мүмкіндігін қамтамасыз етуге шақырды. Бірақ бұлардың ешбірі  орындалған жоқ.

Адам құқықтары жөніндегі комитетке Владислав Челах та жүгінді. Оның ісінде комитет қорғануға дайындалу және таңдалған қорғаушымен байланысу үшін жеткілікті уақыт пен мүмкіндіктерге ие болу құқығының бұзылғанын анықтады.

Әйелдерге қатысты кемсітушілікті жою комитеті (ӘКК)

Әзірге комитетке Қазақстаннан жалғыз әйел шағымданды, 2011 жылы Анна Белоусова өзі жұмыс істеген ауыл мектебінің директорымен төсек қатынасында болудан бас тартқаны үшін жұмыстан шығарылған.

2015 жылы комитет Аннаның пайдасына шешім шығарды, ал екі жылдан кейін сот мемлекеттің мүддесін қорғайтын Қаржы министрлігінен 7 миллион теңге өндіру туралы талапты қанағаттандырмады. 2018 жылы іс бірінші сатыдағы сотқа қайта қарауға жіберілді.

Азаптауға қарсы комитет (АҚК)

Комитет азаптау құрбандарының пайдасына он шешім шығарды, бірақ тек үш іс бойынша елдегі жаңа сот шырғалаңдары нәтижесінде ғана ақшалай өтемақыға қол жеткізілді.

Бұл жерде әңгіме қазір қайтыс болған  Расим Байрамов (100 мың теңге), Александр Герасимов (13 мың АҚШ доллары) пен қамауға алынғаннан кейін азаптау салдарынан қайтыс болған Дмитрий Ракишевтің (1 миллион теңге) ісі туралы болып отыр.

Басқа жағдайларда, өтініш берушілер, өз пайдасына БҰҰ комитеттерінің шешімін алғаннан кейін отандық сот жүйесімен одан әрі күресуден бас тартуда. Сонымен қатар, 2023 жылдың басындағы жағдаймен АҚК пен АҚК  қазақстандықтардың 14 жеке шағымы бойынша Қазақстан билігінің азаптауға тыйым салу жөніндегі міндеттемелерін бұзғанын анықтады.

Мемлекет БҰҰ комитеттерінің шешімдерін неге орындамайды?

2011 - 2021 жылдар аралығында жоғарыда аталған комитеттер қазақстандықтардың өтініштері бойынша 59 істі қарады. 49 жағдайда хабарлама авторларының пайдасына шешім шығарылды. Комитеттердің шешімдерінде орындауға ұсынылған 410 шара бар.

«Іс жүзінде қабылданған шешімдердің барлығы мемлекетке заң бұзушылықты жою (кінәлілерді жазалау), келтірілген зиянды өтеу және болашақта мұндай заң бұзушылықтарға жол бермеу шараларын қолдану (заңнамаға өзгерістер енгізуге дейін) секілді негізгі үш түрлі міндет қояды, - дейді Евгений Жовтис.

Сыртқы істер министрлігі Қазақстанның комитеттердің шешімдерін елемеу себебін былай деп түсіндіреді: халықаралық шарт органдарының аталған шешімдері қатысушы-мемлекеттерді оларды орындауға міндеттемейді.

Ал құқық қорғаушылар, керісінше, БҰҰ комитеттерінің шешімдерін орындау міндетті деп отыр. Шын мәнісінде біз мемлекетті ұсыныстардың барлығын орындауға итермелей алмаймыз: «... Неге десеңіз, БҰҰ-да сот орындаушылары жоқ», - деп түйіндейді Жовтис.

P.S.

Олай болса, атышулы Гаага қайда қарап отыр?

facebook.com/InternationalCriminalCourt/

Қылмыскерлерді жазалаудың жалғыз және даусыз құралы «Гаага трибуналы» екендігіне қатысты танымал пікірге қарамастан, іс жүзінде Гаага қаласында бірнеше халықаралық сот инстанциясы жұмыс істейді:

  • БҰҰ халықаралық соты — мемлекеттердің арасындағы дауларды шешеді. БҰҰ-ына мүше мемлекет ретінде Қазақстан өз келісімі бойынша оның жұмысына қатыса алады.
  • Тұрақты алқалық (третейский) сот  — мемлекетаралық даулар және халықаралық жекеменшік ұйымдар арасындағы даулар бойынша шағымдармен шұғылданады. Қазақстан соттың конвенцияларына қосылмаған.
  • Халықаралық қылмыстық сот (ХҚС) — геноцидке, әскери қылмыстарға, адамзатқа (адамшылыққа) қарсы жасалған қылмыстарға қатысты шағымдарды қарауға арналған. Қазақстан осы органның құрылтайшылық шарты болып табылатын Рим статуты атты құжатқа қол қоймаған.

1993 - 2017 жылдар аралығында Гаагада бұрынғы Югославия бойынша халықаралық трибунал да орналасты. 2015 жылға дейін Руанда бойынша халықаралық қылмыстық трибунал да жұмыс істеді, Гаагада Танзанияда шығарылған сот үкімдері бойынша апелляциялық шағымдар қаралды.

Халықаралық қылмыстық сот Владимир Путинді тұтқындауға ордер берді. Қазақстан бұл шешімді орындауға міндетті емес пе?

Иә, Қазақстанда Халықаралық қылмыстық сот шешімдерінің заңды күші жоқ.

Рим статутына қосылған жағдайда Қазақстанға бүгінгі отандық заң төрелігінің басымдығын бекітетін республиканың негізгі заңына өзгерістер енгізуге тура келетінін Жовтис атап көрсетеді. Сонымен қатар, оның пікірінше, мемлекет елдің қазір соғыс жағдайында емес екенін, оған қоса Қазақстан азаматтарына адамзатқа қарсы қылмыстың қаупі төніп тұрмағанын алға тарта алады.

Сыртқы істер министрлігі болса, Халықаралық қылмыстық сот адамдардың бәріне бірдей лауазымына қарамастан ешбір айырмашылықсыз шешім қабылдауға өкілетті екенін еске салады. Республиканың халықаралық қылмыстық сот юрисдикциясын мойындамау себебін СІМ: «Рим статутының бұл нормасы Президенттің, Бас прокурордың, судьялардың және парламентарийлердің иммунитетін қарастыратын Қазақстан Республикасының Конституциясына қайшы келеді», - деп түсіндіреді.

@Shishkin_like

«Маңызды мәселе туралы нақты» арнайы жобасы

Бұл жарияланымды Internews жүзеге асырып жатқан «Серпінді орта үшін әркелкі ақпаратпен қарым-қатынас және төзімділік (REVIVE)» жобасы аясында Еуропалық Одақ қаржыландырады. Оның мазмұнына тек қана «Shishkin_like» жауапты және міндетті түрде Еуропалық Одақ пен Internews көзқарасын білдірмейді.