May 3, 2020

Жаңа мысал пост


ші ақпанды ұнатпаймын. Мына бір оқиға әлі есімде. Мен оқып жүрген Қаскелеңдегі «Байжановта» әдемі қыз көп еді. (Әлде солай көрінді ме екен) Соның бірі – есімін шартты түрде Шолпан деп алайық. Иә, Шолпан дейікші. Бізбен паралелль оқитын сұңғақ бойлы, қыпша белді, қолаң шаш, еріні... еріні деппін ғой, жалпы әдемі еді, қысқасы...

Ал мен болсам, сол сабақтан кейін ескі рюкзагымды арқалап күреске барып жүретін шақ.

Әнебір жемпірімді тастамайтын, бойым әлі өз қатарластарыма жете алмаған, сондай бір «алмағайып» кезең еді. 😃 Сонымен, «Валентин күні» әркім белгісіз біреулерден хат алып жатқанда, мен тарих пәнінің Жәнібек хан турасындағы тұсында шұқшиып отырғам. Гүлзат: «Жандос, саған да хат» деп салсын. Ал ендеше!

Қыздар шу етті. Хат әдемі бүктеліпті, көк пастамен жазылған маржандай жазулардың арасында сыналап салынған қызыл пасталық жүректері де бар екен. Не деген әдемі жазу! Не деген әдемі хат. Мазмұны қысқаша былай: «Алайда,мен Шолпанмын, білем, сен менен хат келеді деп ойламадың. Алайда, жүректегі сезімді, тұла бойдағы ғашықтықты игеру мүмкін болмай жатыр. Алайда, өзі келеді деп дәметпе. Қыздың жолы нендей ғой әлгі. Алайда, жігіт деген атың бар. Солай, Жәкем» деген мағына. Мынаң қараңыз! «Жүрек», «ғашықтық», «Жәкем!», «Алайда». Қатарласты қойғанда, тіпті үлкен сыныптың жігіттері армандауғы батылы жетпей жүрген Шолпаннан хат келеді деп кім ойлаған?!

Ә, айтпақшы, «сенің бойың кішкентай болғанмен, спортшысың, ер мінезді жігітсің» деген тұсында «бұл өзі ер асылын танитын ақылды сұлу болғаны ғой» деп бір түйіп қойдым. Бақытжан досым екеуміз «алайдасы» көп әлгі хатты бірнеше қайтара оқыдық. Ол айырықша мәз болып, арқамнан қағып, «өйдөйт деген-ай» деп жүр. Сол күннен бастап, мен қоңырау-үзілісте Шолпанды торитынды шығардым. Екі қолды қалтаға салып, тәртіпке көне бермейтін бұйра шашымды сілкіп тастап, өзім оқыған әңгіме-повесттердегі кейіпкерлер құсап ыздиып жүремін де қоямын. Хат жазған өзі. Енді «ер мінезді» жігіттің төресін көрсін. Шолпан жүрген жерге жеделдетіп жетіп барам. Оның көзінше даусымды әнтек жуандатып сөйлеймін.«Өй, былай тұр» деп асханадағы кезекте тұрғандарды киіп-жарып өте шығам. Баж еткен анау-мынауға мойын бұрып та қарамаймын. «Әй, балақайлар-ай» деп тоғызыншы сыныптың жүгермектерінің шашынан сипап қоям.

Ол серейген немелер аң-таң. Әгәрәки, доп теуіп жатқан, турникке асылған мырқымбайларға бара қалсам, сұраусыз килігіп, Шолпан көрсін деген дәмемен тыраштанып, өзеурей сөйлеп, билік жүргізіп естерін шығарам. Концерт-жиындарда Шолпанға көрінетін тұсты таңдап алып, қабағымды түкситіп, небір қылжақ әзілге де, жүрек қозғар жылауық әндерге де міз бақпай тұрып алам. «Ер мінезім» мұндай майда-шүйдеге елп етпес. Алайда, бір қызық айтайын ба? Мен не істемесем де, нендей «жігіттік» жасамасам да, осы Шолпан аса мән беріп, «Жәкемнің жігіт тұлғасы-ай» деп тамсанбайтын секілді. Өткенде бүкіл мектептің «линейкасында» қасына жақын барып, шықырымды көтеріп, үлкендерше жөткірініп, «осы директор-ақ баланың әңгімесін айтады» деп қалғанда, қабағын шытып, арырақ барып тұрғаны тіпті күтпеген жайт болды. Өстіп жүріп ай өтті. Бір күні оған сыр айтпаққа бекідім. «Хат жаздың,енді жауапкершілігін бірге көтерейік».

Дәзілде күтіп алдым. Тура қарсы жүрдім. Ол маған сәл жол беріңкіреген сыңай танытып еді, мен тап өзіне келе жатқанымды ұқтырдым. Ол бөгеліп қалды да, ұзын кірпіктерін дір еткізіп екі қағып, таңданыс толы жанарымен... қысқасы, «бала, жайшылық па сенікі?» деді ғой. Шолпанның мінезі қиын еді. «Не деп шатып тұрсың?» деген тұсында «хат ше, әлгі хат» деп міңгір-міңгір еткенім есімде... Ол мені қаға-маға өтіп кеткенде ұяттан кірерге тесік таппай тұрғам. Тышқанның шиқылына ұқсас булығып шыққан шыңылтыр дауыс естілген жаққа қарап ем, Бақытжан мен Гүлзат ішектері бұратылып күліп жатыр екен. Хатты жазған осы екі жәркелеш екенін сонда бірақ түсіндім. Оңбаған немелер.... 😁 14 ақпан – алдамшы күн!

Timur Bektur Ютуб канал

https://instagram.com/timurbektur

https://facebook.com/timurbektur