March 7, 2020

Өзбекстандағы қазақ ақындары: Төлеген АЙБЕРГЕНОВ

Ақын Төлеген Айбергенов

КОСМОНАВТ МОНОЛОГЫ

Ұшарда
Жанынан бұрқылдаған күй тынбастан,
Қара Жер, қасиетті ұйқымды ашқан.
Мен сенің босағаңнан ұзақ барам,
Суырып қырманымды сиқырлы аспан.
Жасампаз арманыңнан жаралып ем,
Қойныңа талай аңсап оралып ем,
Қош боп тұр көріскенше, о туған Жер,
Тағы да алыс самғап барамын мен.
Дайынмын жұмсасаң да қайда дəйім,
Қалайша бұрқ та сарқ қайнамаймын.
Қош боп тұр, сырбаз ағам, сырлас інім,
Қарлығаш қас қарындас, айналайын!
Бақыт пен бұйырды ғой талқы саған:
Жаныңа айтсам бірақ қайғы салам,
Сондықтан айтпай ұшып кетіп барам,
Жылама естіп қалсаң байғұс анам.
Жан ана, жылай көрме, ардағым ем,
Мен əуре құштарлықтың толғағымен.
Ақ тілек, адал ниет сапарына
Көз жасты алып ұшудан қорқамын мен.
Мен сенің жастығың ем қуат алар,
Мен сенің тасқының ем шуға толар.
Қаһарман дəстүріңмен, дос тіліңмен
Бере гөр ақ батаңды ұлы аталар.
Қоса гөр қолдан ұшқан ерге тілек,
Майса бел, мақпал қырат келбеті көк.
Алысқа ұзап кете алмаспын мен,
Ақпасам табанымды жерге тіреп.
Қош боп тұр, қарағай мен көл өлкесі,
Қария қарлы шыңдар көлеңкесі.
Қош боп тұр, ашаң жүзді қара бұрым,
Қағылез қайыңдардың желең төсі…
Жан сəулем, жаңарыңда жазғы арай бар,
Аңсатар арамызды азғана айлар.
Мен сүңгіп кеткен жақтың ақ бұлтына
Қадаған кірпігіңді қозғамай қал.
Күт мені бал-шырыннан гүлден күткен,
Күт мені шұғыладан күннен күткен.
Мен саған ақ жаныммен жақын келдім,
Қара Жер, қашықтықты білгендіктен!
Мен сенде үлбіреген жас бақ едім,
Түбінде үнсіз жатқан аспан едім.
Жолымда жолдасым жоқ жол сілтейтін,
Көз таныс жұлдыздардан басқа менің.
Демессің айтып тұр-ау қорқыныштан,
Сəтімді ризалықпен толқып ұшқан.
Күшті екен махаббат пен сендік сенім
Жердегі ұлан-ғайыр тартылыстан.
Алдымда бозала таң, батпаған ай,
Қаймағы алынбаған аппақ арай.
Мен солай ағып барам
Иə, кəдімгі
Найзағай шатырлайтын жаққа қарай.
Мен саған оралармын ізгілікпен, –
Мен саған оралармын қыз қылықпен.
Адамзат арманыңа ұшып шықтым,
Қиялды тұңғиыққа жүздіріп мен.
Мен сенің ертеңіңе ара тұрып,
Өтермін көк күмбезін дара тіліп.
Қара Жер, қасиетті толассыз Жер,
Тұратын жоқтан бар боп жаратылып.

Көтерілу
Зымырап көтерілді жерден денем,
Көз алдым көк өзендер көлбеңдеген.
Сан ғасыр жол сұраған керуендерден
О, сəлем, заңғар таулар мен көрмеген.
О, сəлем, қатпар-қатпар қиял шыңдар,
Биіктікті енді маған қиярсыңдар.
Сыймаған қиялыма дүние едің
Тіпті енді құшағыма-ақ сиярсыңдар.
Жететін алдым қиян шуақталып,
Жетілткен Жер барады шын-ақ қалып,
Астымда табанымның көлдер жатыр
Ымырттың терезесі сияқтанып.
Балбырап бақтар қалды ырғатылып,
Қалтырап қақтар жатыр қырға тұнып.
Жанымда аласапыран жалт ойнатып
Мен барам жанарымды нұрға тігіп.
Қызығы неткен қыруар бұл шақтардың,
Бояулар – бояуындай гүл шоқтардың.
Мен барам шатырлатып көк күмбезін
Астымен сатырлаған бұршақтардың.
Барамын өзеуреген өзге ағыспен,
Мың нұрды қозғай ішкен… қозғалыспен,
Қош, сау бол, кірпік қақпай қарайтын күн,
Құстардың қанатына қызғанышпен.
Мен де бір Прометей «от ұрлаған»
Зулаймын жұлдыздарға жыпырлаған.
Келемін киелі Жер шұғыласын ап,
Дүние, томағаңды сыпыр маған.
Мен сенің нұрларыңмен таласымен,
Мың жұлдыз артқа тастап əрі асамын.
Кемемде келе жатыр кемеңгер Жер,
Жетектеп қызыл тулы болашағын.
Құямын қуаттымен сарқырап бар,
Кеудемнен күбірлеген толқын ап қал.
Мен мəңгі сөнбес күнмін.
Ең болмаса
Бір рет шағылысып жарқырап қал.
Құямын қуатыммен бұрқылдап бар,
Даусымды ең болмаса бір тыңдап қал.
Шөл болса көктемеген бұлтымды ап қал,
Сыр болсаң ашылмаған кілтімді ап қал.
Мінеки, қалды алыста балалығым,
Қосуға қиял мен ой аралығын,
Кеудемді тербеп қыруар барады ұғым,
Көтеріп ұштым Жердің даналығын.
Десеңші ех, мен қанша алыстадым,
Тұрсыңдар бəлкім күтіп таныс бағым,
Сен болсаң туған Отан төсіндесің,
Мен болсам көз жетпейтін ғарыштамын.
Еткенде сезім – дүнием сыңсып өлең.
Саған сан қарадым-ау сүйсіне мен,
Масығып жатқан байтақ топырағым,
Қаптаған қара ормандар исіменен.
Дір еттің жүрегім де, шымыр еттің,
Аты да сен екен ғой құдыреттің.
Мен саған қайталанбас махаббат ем,
Сен мені қайталанбас ғұмыр еттің.
Мен сенде жабығуды білмеген ем,
Жарқырап ақ төсінде гүлдеген ем.
Ризамын тағдыр егер
Қойыныңа
Оралуды жазбаған күнде де мен.

Көк төсінде
Құлағын күй арманның мың бұраумен
Мен келем, əлі келем зымыраумен.
Оу сұмдық, төменде деп жүруші едім,
Тұңғиық төбемде өскен шыңырау кең.
Мен əлі маздап келем, шаршамадым,
Алуан түс сəулелерге қарсы ағамын.
Əкеле жатырмын мен жұлдыздарға
Желпіне Жерден ескен таң самалын.
Мен қазір сан аймақтан ағып ұштым,
Мен қазір сан жұлдызбен шағылыстым.
Көз алдым ғаламат от дүниесі,
Мартені көкірегім сағыныштың.
Бойымда құштарлықтың бай күші бар,
Ойымда ризалық алғысы бар.
Көзімде Алабама болашағы,
Жанымда Хиросима қайғысы бар.
Мен адал перзенті едім көп тілектің,
Көп тілек құлпырсын деп көп гүл ектім.
Елеуреп сан ояндым шырт ұйқымнан
Қара Жер күңіренгенде оқтын-оқтын.
Жүректер қанша менде табыспаған,
Дариға арман қанша қауышпаған!
Болды ғой қасірет даусы ғасырдың
Қаралы үн Вьетнамнан дауыстаған.
Мұраттар қанша темір тор қамаған,
Бұл да сыр, дүние, саған толғамаған.
Жүр менің көкірегімде көздің жасы
Алжирдің омырауынан сорғалаған.
Қашан да жанашырың болған едім,
Көре алмай жүрген жандар сорлап елін.
Күнəсіз даңқты өмірлер кісенделген
Дəл қазір көз алдымда ол да менің.
Қарашы мынау əлем кеңістігін
Таппайсың кеңістіктен кемістігін.
Мен болсам, кең дүние құшағында,
Тар пейлін ойлап барам Жер үстінің.
О, Адам, ақылсыз ба ек біз мұншалық,
Қашанғы сүйретерміз тозған шарық.
Сан рет бездірдік қой қонған бақты
Бауырмал жүректерге тізгін салып.
Өр тұлғаң бар емес пе ед көктіреген,
Өр кеудең қайда кеткен от тілеген.
Онсыз да аз ба сенің жүрегіңде,
Борандар терезеңді тепкілеген!
Мен əлі алғаным жоқ тыныс-тыным,
Жан-жаққа сеуіп келем нұр ұшқынын,
Азамат тыныштығын қорғау үшін
Ғаламның бұзып келем тыныштығын.

Қиырда
Барады бір күн мені бір күнге алып,
Барады бір нұр мені бір нұрға алып.
Қызарып қызыл ала моншағымен
Алдымда аспан жатыр күмбір қағып.
Қиялын қызыл шұғла мүсіндеген,
Əлі де қиқулаған күшінде өлең.
Көгілдір жер көк шыны секілді бір
Келемін көк шынының ішінде мен!
Мен зулап əлі келем асығумен,
Өртеніп сол баяғы ғашық умен.
Қияға қызғалдақты қыр жетектеп,
Жүз мəрте шұғыласынан ашылумен.
Мен – Жермін арман толы аңқылдаған,
Мен – Жермін мың сөніп, мың жарқылдаған.
Біресе əлем менен əн тыңдаған,
Біресе дүние менен зар тыңдаған.
Мен – Жермін бармағы бал, бауыры – қан,
Қасірет сорғалаған сауырынан.
Сан рет шөгіп қайта түрегелген
Уақыттың ала сапыран дауылынан.
Мен – Жермін көз ашпаған кешірімнен,
Мен – Жермін мың жанып, мың өшірілген.
Жаңғырып сəн кетпеген дидарымнан,
Мəңгілік əн кетпеген есігімнен.
Мен – Жермін қылыш кеспес, мылтық өтпес,
Мен – Жермін жасаруға шын тілектес.
Кеудемде үзіліссіз үздік-создық
Келеді керуен-керуен дүркіреп көш.
Мен – Жермін тіршілікке пана болған,
Арқамда ауыр жүктен жара қалған,
Тірнектеп жиғанымды аш көздікпен
Қанқұмар талай ғасыр тонап алған.
Келемін бəріне де шыдам беріп,
Азабын у да болса жұтам көніп.
Əйтеуір ізгілікке ұя болып,
Əйтеуір махаббатқа Отан болып.
Қираған сан қақпамды қайта құрдым,
Тіршілік балапанын шайқадым мың.
Сөндірмей келе жатыр ұшқынымды
Мың болғыр мына байғұс əйтеуір Күн.
Сынса да талай мəрте төздім сағым,
Көрсем де кей ұлымның озбыр шағын.
Япырым-ау қашанғы мен күйіп өтем,
Өзіме дұшпан болып өз құрсағым?
Теңіз жоқ тіршілікті сүйгенде мен,
Əлі сол күмбірлеген күймен келем.
Ұрпағым апаттардың қасірет-қаупін
Неге бай тарихымнан үйренбеген!
…Десеңші ех, мен қанша алыстадым,
Тұрсыңдар бəлкім күтіп таныс бағым.
Сен болсаң туған Отан төсіндесің
Мен болсам көз жетпейтін ғарыштамын.
Сағындым, о туған Жер, даласы кең,
Қайғысыз қауызында бал ашып ем.
Мен сені ертеңіне алып барам,
Самсаған жұлдыздардың арасымен.
Ырзалық лапылына толы денем,
Келемін баба-қиял жолыменен.
Төзермін қайғы болсаң оған-дағы
Көрермін бақыт болсаң оны да мен.
Көрермін жазың бар ма, қысың бар ма,
Ұмтылып мұратыңды құшып алға.
…Қырандар дəл осылай баули-тұғын
Қияға балапанын ұшырарда.

Оралу
Кеткендей едім-ау мен көк түбіне,
Жеткендей едім-ау мен жоқ түбіне,
Ақталды ақ мұратың о, Туған Жер,
Сағаты оралудың соқты міне!
Қайтамын түкке де енді іркілместен,
Шығарта көрме тағдыр жұртымды естен.
Мың ғасыр патшалықтан жұлдыздарға
Өмірім артық жерде бір күн кешкен.
Қайтамын түкке де енді бұрылмастан –
Гүлдерге қыруар дала қырын басқан.
…Төбемнен төніп тұрған еді-ау бұрын
Мінекей көз жетпеске сырылды аспан.
Аналар аңсатар ма мұнша мені,
Інінің сағындырды бір сəлемі.
Екен ғой сыңғырлаған сыбызғы орман
Жарылмай жапырағынан тұрса əдемі.
Екен ғой шыңдарымен таулар əсем,
Су сұлу боздап көшсе аруана сең,
Сағыныш сабылдырды-ау ессіз мені.
Тіршілік,
Неткен мұнша қарбалас ең!
Туған Жер, ризамын тұрсаң күтіп,
Келтірмей жатыр толқу мұршамды түк.
Мен саған салт ат мінген жолаушыдай,
Келемін Құс Жолынан нұр шаңғытып.
Əлі көп ашылмаған қыраттар бар,
Арнасы аршылмаған бұлақтар бар,
Атпаған таң сияқты армандар бар,
Аттанып оралмаған мұраттар бар.
Келемін баршасын да көріп-біліп,
Ортасын кең дүниенің толықтырып.
Сен мені бақытты еттің, аяулы Жер,
Жолымда жұлдызды аспан жолықтырып.
Мен əлі алғаным жоқ тыныс-тыным,
Жан-жаққа сеуіп келем нұр ұшқынын,
Адамзат тыныштығын қорғау үшін,
Ғаламның бұзып келем тыныштығын!