March 4, 2020

Өзбекстандағы қазақ ақындары: АРУХАН АҚПАНБЕТОВА

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының «Атажұрт» баспа орталығында 2014 жылы баспадан шыққан “Өзбекстандағы қазақ ақындарының өлеңдер жинағына” енген тағы бір өзбекстандық ақын Арухан Ақпанбетованың өлеңдерін назарларыңызға ұсынып отырмыз.

Арухан Ақпанбетова. Сурет facebook желісінен алынған.

Арухан Ақпанбетова, Қарақалпақстан Республикасы, Беруни ауданы.

ЕГЕМЕНДІ ЕЛ БОЛЫП

Егеменді ел болып өркендеген Отаным,

Көше-қалаң мұнтаздай, көркемдеген Отаным.

Тамсандырған талайды теңдесі жоқ бір елсің,

Ешбір өлке өзіңе тең келмеген Отаным.

Мәңгі берік тұғырың орнатылған Отаным.

Табиғатың тамаша сырға толған Отаным.

Селт еткізген сезімін сұлулығың сендегі

Ақын жанын құмартып жырға толған Отаным.

Талай-талай асудан асып өткен Отаным.

Сонау қиын күндерді басып өткен Отаным.

Тарихыңды көміп тұр ащы жас пен аққан тер,

Бұл бақытты заманға аман жеткен Отаным.

Егеменді ел болып, асқақтаған Отаным.

Ата-баба дәстүрін сақтап қалған Отаным.

Өзге елде сұлтан боп, бақ жұлдызы жана алмай,

Жүрген жанға өкініш, асқақ арман Отаным.

Кемелденген жан-жақты жастарың бар Отаным.

Мәңгі ашық, зеңгір көк аспаның бар Отаным.

Туған жердің суы да рахат болар жаныма,

Ішкенім нәр өзіңде, татқаным бал Отаным.

Күн де нұрын аямай төксін елге Отаным.

Ынтымағы жарасқан көпшіл елге Отаным.

Отан – ғазиз әрқашан, оны ұлықтау парыз іс,

Салсын Алла назарын өршіл елге Отаным.

 

БІР-БІРІНСІЗ ТАРҚАМАЙДЫ ТОЙЫ ДА

Қазақ-өзбек туысқан ел ежелден,

Бірге өткен талай қилы кезеңнен.

Бір жағадан бірлікпен бас шығарып,

Ынтымақта қол шығарған бір жеңнен.

Дос санаған екі халық бір-бірін,

Құтқа балап ынтымағын, бірлігін.

Қыз алысып, қыз берісіп құда боп,

Жалғастырған екі елдің тірлігін.

Өмір сүрген қоян-қолтық аралас,

«Бауырым, – деп, – ағам, інім, қарындас».

Бір-бірінсіз тарқамайды тойы да,

Бір-бірінсіз ішкен асы дарымас.

Екі елге әлем салды назарын,

Әңгімелеп тарқамайтын базарын.

«Мәңгі достық осылай», деп тамсанды,

Бір-бірінсіз қайнатпаған қазанын.

Достық туы желбіресін мәңгіге,

Достық жыры – жазылмаған әңгіме.

Шынайы да нағыз досың болса егер,

Бақыттысың, бақыттысың мәңгіге.

 

ТӨЛЕ БИІ ҚАЗАҚТЫҢ

Төле бабам бейіті Ташкентімнің төрінде,

Құт дарыған киелі, қасиетті жерінде.

Құшақ жая қарсы алған ырысы мол қонағын,

Дос-туысшыл, бауырмал Өзбекстан елінде.

Бұл өңірде Төле би бабам басқан із жатыр,

Айтып кеткен халыққа лағыл-маржан сөз жатыр.

Тізе бүкпей дұшпанға, елін, жерін қорғады,

Мынау байтақ кең дала бабамнан қалған көз жатыр.

Алмағайып дәуірде халық сынға кезікті,

Ақтабанды шұбырып, шөл-даланы кезіпті.

Босқан елге рух беріп, бабам ерлік көрсетті,

Бірлік болса болашақ бар екенін сезіпті.

Төле биі – қазақтың көш бастайтын көсемі,

Қара қылды қақ жарған дана, ділмар шешені.

Тығырыққа тіреліп, жау тұрғанда табалап,

Тетік іздеп ақылмен қайтпады еш меселі.

Біріктіріп Үш жүзді, басын қосты қазақтың,

Қабырғасы қайысты халқы тартса азап, мұң.

Әрбір ісі өнеге, аңыз-дастан жыр болып,

Жетті бүгін ұрпаққа сәуегейі қазақтың.

Әз Тәукенің тұсында құрып «Билер кеңесін»,

Дау-шарына халқының айтып ақыл-билігін.

Ымыраға келтіріп, төрелік етті ақылман,

Ынтымаққа шақырып хан, қарасын, төресін.

Рухы өр халық ұмытпайды еш Төле биін де,

Нақыл сөзін жеткізер ұрпаққа сол күйінде.

Төрелігі бабамның, әділдігі, билігі,

Таусылмайтын жыр болып жете берсін кейінге.

 

ТӘУЕЛСІЗДІКТІҢ 22 ЖЫЛДЫҒЫНА

Мүмкін емес бұл елде

Менің ақын болмауым,

Жиырма екі жасыңа

Шашу болсын толғауым.

Абыройың асқақтап,

Таулар аса тарасын,

Тарқамастан мерекең

Таба берсін жалғасын.

Тәуелсіздік күні бұл

Азаттыққа жол ашқан,

Қыркүйектен күнім де

Өзгеше бір нұр шашқан.

Шабыт кернеп жүректі

Өлең жазғым келеді,

Перзентің ем өзіңнің

Көңілінде жыр тасқан.

Күн нұрынан нәр алған

Балдай тәтті жемісі,

Дәмі менен түсіне

Тамсанбайтын жоқ кісі.

Адам келсе үйіне

Төрден орын бергені,

Қонақжай халқымыздың

Күнделікті жай ісі.

«Нан қаласы» Ташкентім

Отанымның жүрегі,

Отыз миллион халықтың

Арқасүйер тірегі.

Жылдан-жылға жасарып

Құлпыра бер, астанам,

Тек мен емес айтатын,

Бар халықтың тілегі.

Мадақтасам елімді

Маржан сөздер тізілген,

Жаңа зәулім үйлер мен

Кешендер бой түзеген.

Кең көшелер көркейіп,

Бақтар гүлге оранған,

Жұмақ па деп қаларсың

Шын дүниеде кез келген.

Аспан ашық, тыныштық,

Желбірейді туымыз,

Еш алаңсыз бақытты

Өсер ұл мен қызымыз.

Ұрпақ кемел болсын деп

Бар жағдайды туғызды,

Ел басқарған көшбасшы

Президенттей ұлыңыз.