March 18, 2020

Өзбекстандағы қазақ ақындары: Сәуірхан АХМЕТОВ

Сәуірхан Ахметов, Науай облысы.

БІЗ БАУЫРМЫЗ

Бірге туған бауырлармыз, бауырлармыз қашаннан,

Небір заман қиясынан, қол ұстасып аса алған.

Бір-біріне қалқан болған, қорған болған жандармыз,

Құрсанған жау тап бергенде, тап бергенде тасадан.

Біз бауырмыз, тегіміз бір, көк түріктен тараған,

Қазақ – іні, өзбегіме өз ағам деп қараған.

Тарихыма қарасаң сен, бірге туған егізбіз,

Еміреніп, қос сәбиін кезек сүйген анадан.

Біз алашпыз, бөлінбейтін ділі де бір, тілі бір,

Алпамыстай батырлықты баян еткен жыры бір.

Азия деп аталатын құрылықпен танылған,

Тағзым еткен қос халыққа, туған жердің құны бір.

Біз бауырмыз, ей, ағайын, бір анадан туғанбыз,

Салтымыз бір, әдет-ғұрып, бәрін ұстап тұрғанбыз.

Тойым да бір, беташарым, көкпарым мен күресім,

Иілуді үйрене бер, бесік ұстап тұрған қыз.

Біз бауырмыз, бөлінбеген іргетасы ежелден,

Дутарда күй, шығып жатты домбырадан көнерген.

Көрші-қолаң қайдасыңдар, өзбек тілді достарым,

Мен сендерді таусылмайтын шаттығыма теңгергем.

Біз бауырмыз, өзбек-қазақ бірге туған егізбіз,

Ынтымақта айтылатын, бауырмалдық лебізбіз.

Амудария-Сырдария боп, қосылғанда қос өзен,

Арал сынды, қос арналы, бөлінбейтін теңізбіз,

...Біз бауырмыз, өзбек-қазақ бірге туған егізбіз.

ДОСТЫҚ ЖЫРЫ

Достық жырын айтып мәңгі тұратын,

Бейбіт күнмен асқақтатып мұратын.

Өзбекстан – өз елім деп мақтанам,

Ғасырыңа жазып қойған ұлы атын,

Қазағыма бере салып іні атын.

Өзбекстан – өзбек елі, бесігім,

Ашып тастап бостандықтың есігін.

Өзгелерге ақ ісіңді көрсеттің,

Қол алысқан достық жүрек шешімін,

Аңыз қылып ақиқаттың есімін.

Өзбекстан – қуанышым, шаттығым,

Жетпіс жылдай, көкіректен ақты мұң.

Бүгін, міне, әлеміңе танылған,

Халықтардың достығымен тәттімін,

Сұрағанға айта бер, мен жақсымын.

Науайымын, Ұлықбекпін, Ғафурмын,

Ұрпағымын Жалаңтөстей батырдың.

Абайымды ана тілде сөйлетіп,

Расулды аварың боп шақырдым,

Сыйы болмас одан өзге ақынның

Жатсынбадым, құшақ жайдым достарға,

Тыныштық деп жымың қаққан аспанға.

Білімсіздің күні қараң деп алып,

Мейірім – нұр құя бердім жастарға.

Әке ізін ұрпақтары басқанда.

Мен достықтың ұясымын, күнімін,

Он бес жылдың аялаған гүлімін,

Достығымды мойындатар әлемге,

Өзбегімнің кең тынысты үнімін,

Мен қазақпын, шөл даланың ұлымын.

ЕГЕМЕНДІ ЕЛ БОЛДЫҚ

Бабалардың арманы орындалып,

Бүкіл әлем құрметпен қол алып,

Егеменді ел болдық, мақсат айқын.

Азаттықта он тарау жолым қалып,

Өткенімде қайғы-мұң, сорым қалып.

Өзбекстан аталған, отан – бағым,

Өз жұртының қорғайтын алтын тағын.

Елге тірек болатын жастарым бар,

Бақытым деп арай күн, жастық шағын,

Отанымның қолға ұстап болашағын.

Жиырма екі жастасың, шоқтанатын,

Егемен ел атымен, бақ табатын.

Кең әлемге құшағын жайып тұрып,

Болашаққа байыппен аттанатын,

Жүрген жолда аңыз боп ат қалатын.

Өзбекстан – тәуелсіз күнің құтты,

Көтерем деп мойныңа ауыр жүкті.

Әмір Темір, Өзбек хан салған жолдар,

Жаңғырыққан заманмен алдан шықты,

Жас ұрпағым бүгінгі болсын мықты.

Егеменді ел болып құлпырамын,

Еңбек сүйген халықтың ұлтынанмын.

Өзбекстан, гүлденіп жайнай берші,

Саған қарап мен алға ұмтыламын.

Сен гүлдесең мен-дағы құлпырамын.

***

Баладай, ақ көңіл жан, қайырымды,

Жимаушы ең, қиындықтан айылыңды.

Тағдырға жазылыпты қап, әттең-ай,

Ақ жолда, алла ажал бұйыруды.

Білікті ұзтаз едің, сүйікті де,

Ұшырған түлектерді биіктерге.

Осынша кең жүрекпен жатасың-ау,

Аядай, тар құрсақты, сыйып жерге.

Өнерді жүрегіне ұялатқан,

Кезіңде сыңарың жоқ ұя баққан.

«Сұм ажал жетті саған», – дегенде мен,

Көзімнен жас моншақтап, қия баққам.

Қош, аға, әруақ болып ұштың алыс,

Бұл өмір жалған әлі, тынбай жарыс.

Төбесі туған жердің тұрғандай-ақ,

Іздеумен бір ағаны елге таныс.

ЖАЛҒЫЗДЫҚ

Аспан жалғыз сыңарына жеткермей,

Ай да жалғыз жаңа туған көктемдей.

Күн де жалғыз сағынышты нұрымен,

Жер мен көктің арасында өткелдей.

Мен де жалғыз тек ойыммен жарыстым,

Жалғыздыққа үйренгенмін, таныспын.

Жалғыздықтың қамытын сан киіп,

Жалғыздықтан құтыла алмай алыстым.

Сен де жалғыз тұңғиыққа тірелген,

Түсінісу қиын шығар біреумен.

Мұның бәрі бос далбаса сәт шығар,

Түсін мені деп сұрасаң біреуден.

Адам жалғыз туғаннан- ақ шырылдап,

Көппін дейді, көп айтады сыбырлап.

Егер сенің жүрегіңді ұғынса,

Асылыңды алмас па еді, сығымдап.

Мен де жалғыз, сен де жалғыз түсінбес,

Болмысыңда көкжалдығың пішіндес.

Жалғыздығың тағдырыңның айнасы,

Ой-сәулесін мәңгүрттерге түсірмес.

***

Іздеген өмір шындығын,

Итеріп атқа кімді-кім?

Жұмақ деп жүрген тіршілік,

Көрсетіп қояр сұмдығын.

***

Тіршілік байғұс сүреңсіз,

Бояма күндер реңсіз.

Жүргендей жайсыз күй кештім,

Жапанда жалғыз тіреусіз.

Қайда деп шындық шырылдап,

Тіршілік өтер зуылдап.

Өмірдің білмей көшкенін,

Келеміз ілбіп, жыбырлап.

Осылай, қарғам, тағдырың,

Сыртым сау, ішті жандырдың.

Тағдырдың бұлты күркіреп,

Шарасыз күйге қалдырдың.

***

Боз ала таң, бозамық,

Ашқандай түннің түндігін.

Тып-тынық ауа тазарып,

Қызықтап таңның тірлігін.

Боз шоқыға асыққан,

Қарт кісіге таңдана.

Жас кеудесін ашып таң,

Күлімдейді паң дала.

Бозторғайдың шырылы,

Сезімге кеткен ұласып.

Басталды күндік ғұмыры,

Шаттық пен мұңды құрасып.

Боз ала таң, бозарып,

Нұр төгуге асыққан.

Арайлы таңмен тазарып,

Қол созып тұр ғашық жан.

КӨКТЕМДЕ

Туған жер жасыл өлкемде

Оранған нұрмен атырап.

Бусанып дүние көктемде

Жылғалар жатты сарқырап.

Тырналар айтқан қиқу ән,

Қосылып дала жыр айтып.

Шықтанып таңда барлық маң,

Жанымды кетті тыңайтып.

Ескек жел есіп қытықтап,

Денесін жердің дулатып.

Ару қыз жайған ұқыптап

Көрпеше-құрақ тулатып.

Көлбеңдеп келін көбелек

Ғашығын тынбай іздеген.

Аспанның бұлты себелеп,

Келді де кетті ізбенен.

Жанарды жаулап дөңгелеп,

Қызғалдақ – қыздар бөктерде.

Мың ырғақ керек жерге деп,

Қол бұлғап тұрды өткенге.

Жасарған тауым ұмтылып,

Қарайды саған биіктен.

Жасарған әлем құлпырып,

Туған жер неткен сүйікті ең.

МЕН СЕНІ ІЗДЕП ЖҮРМІН

Мен сені іздеп жүрмін,

Сырымды ұғынсын деп,

Көзінен бұлақтың да,

Жыр маржан төгілсін деп

Сен маған еркеледің,

Жанымды түсінгендей.

Ерке қыз көркем едің,

Шырмадың кісендемей.

Еркелеп тіл қатқаның,

Өзіме ұнап тұрған.

Именіп сыр сақтадым,

Мәжнүндей жылап тұрған.

Төзімнің моншақтары,

Үзіліп төгілер ме?

Біз жалғыз қалсақ-тағы

Сүйгенің сезілер ме?

Мен сені іздеп жүрмін

Қиялмен аңсағаным.

Сен үшін көңілім – күн,

Нұрыммен қарсы аламын.

БӘРІН ДЕ ЕНДІ КЕШ БІЛДІМ

Қызығын аңсап опасыз жалған бес күннің,

Қиялға еріп, ұйқылы-ояу кеш тұрдым.

Уақыт шіркін бұрылып қарап тоқтамай,

Бәрін де енді бастасам бастан кеш, құрбым.

Не берді маған, не берді саған тағдырың,

Ұшқалақ жастық ұятқа талай қалдырдың.

Сезімге еріп таңыңды атқан қарсы алып,

Іздедім бе екен жауатын бұлтын жаңбырдың.

Бәрін де енді аңсаймын бәрін елестің,

Елесің мүмкін қайтадан енді көрмеспін.

Жылжыған жылды ақтарып келіп қарасам,

Жастығың болып оралам десең сенбеспін.

Не берді маған опасыз жалған бес күнің,

Қызығым қайда, оянған сәтте ес білдім.

Айналып келіп өте алмай өмір өткелден,

Амалым қанша бәрін де енді кеш білдім.

АУЫЛ ТҮНІ

Мамыражай күн ұяға батқанда,

Бота боздап, қозы шулап жатқанда.

Күн бойына елеңдеген тіршілік,

Түнмен бірге түсіп қалды қақпанға.

Мол олжаға кезіксем деп ырымдап,

Қозғалды жан-жануар жыбырлап.

Жер –анаға сыйынған бар қозғалыс,

Айтып жатыр бар шындықты сыбырлап.

Жел дыбысы тыныштықта ыз еткен,

Түнгі дала жым-жырттықты күзеткен.

Бүршік жарған махаббаты Ай-апа,

Жұлдызымен аспандағы түзілген..

Билік айтып биіктерге биіктен,

Түндер әсем ізгілікті иіткен.

Көкжиекті арманымен ағартып,

Таң шолпаны қош айтысты биіктен.

***

Кеудеге шіркін қандай ой келіп, кетпеді,

Созылып кетсе уақыт бәрін шектеді.

Зымырап желдей, өткенін білмей келеміз,

Қысқарып бізге өмірдің ұзын өткелі.

Кеудемде бәрі арпалыс майдан аймағы,

Қуанышпен бірге, қайғысын тағы сыйлады.

Өткенін іздеп, күткенін іздеп қателік,

Бүгінде пенде бұлбұлдай болып сайрады.

Осының бәрін ойға алып мен де талдаймын,

Үзіліп кетсе бір ойды ойға жалғаймын.

Кінә бар менде, кінә бар сенде дей тұрып,

Осыдан артық ойларға мен де бармаймын.

ҚЫЗЫЛҚҰМ

Қызыл өркеш құм шағыл шың боп өспей,

Биіктікке ұмтылар жерге түспей.

Дала әлдилеп, бөбегін бабам қорғап,

Қарт сексеуіл күй тартты көзге түспей.

Күй әуенмен ырғалып дала билеп,

Шаң көтеріп тірліктен түйдек-түйдек.

Далаға деген ұлы махаббатты,

Өз шаңымен даланың келем сүйреп.

Қия қызыл, қиян шөл көлбеп баққан,

Сен ерісең сан төбе бабам жатқан.

Қызылқұм деп ат қойып әулие қартым,

Енкейтіпті кеудеңді жалын атқан.

Жыл жетілді, күн озды сатылаған,

Дүние есігін мен бүгін батыл қағам.

Дала – көңіл тарылып кетпесін деп,

Сый етіпті ұрпаққа батыр бабам.