March 4, 2020

Өзбекстандағы қазақ ақындары: ШҮКІРБАЙ АҚНАЗАРҰЛЫ

Өзбекстандағы қазақ әдебиеті өкілдерінің шығармашылығымен бөлісе отыруды мақсат еттік. Бұл бағыттағы жұмысты Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының «Атажұрт» баспа орталығында 2014 жылы баспадан шыққан “Өзбекстандағы қазақ ақындарының өлеңдер жинағында” берілген өлең-жырлармен бастаймыз.

Шүкірбай Ақназарұлы, Науаи облысы, Тамды ауданы.

 

Жүрегіңнен тумаса

Жүрегіңнен тумаса,

Құлагер өлең шықпайды.

Найзағай ойнап, туласа,

Бұлттар көшіп, ықтайды.

 

Көктемде жауған жауыннан,

Жер көгерер нәр алып.

Үдере соққан дауылдан,

Ыдырайды қара бұлт.

 

Дүние деген дөңгелек,

Шыр айналады тынбастан.

Өміріңе өрнек ет,

Қуаныш, қайғы сырластар.

 

Алынбас қорған мысалы,

Ғашықтар үшін түнгі аспан.

Қодардың қанды пышағы

Арамдықпен жымдасқан.

 

Кеңдігіндей даланың,

Кең пейіл көрсем құрдастан.

Лезде шат боп қаламын,

Алтайы түлкі жыр жазсам.

 

Сабыр керек

Сабыр керек жыласаң да, күлсең де,

Адам деген ұлылық бар, біл сен де.

Тегіс жолда-ақ сүрінуің қас қағым,

Аяғыңды аңлап басып жүрсең де.

 

Сабыр керек қуанышың ба, қайғың ба,

Әрбір іске сабырлы бол, қайғырма.

Жарық ай деп жырға қанша қоссақ та,

Қараңғысы боларын біл айдың да.

 

Сабыр керек мына өтпелі кезеңде,

Тарықтым деп, зарықтым деп безерме.

Таршылықтың арты болар молшылық,

Кейде ортайып, кейде тасиды өзен де.

 

Сабыр керек уақытша нарыққа,

Заман өзі келтіреді қалыпқа

Қымбатшылық тас боп қатып қалмайды,

Билік күші тұрған кезде халықта.

 

Қыр қызы

Қыр қызы, сен өзіңсің аңсағаным,

Әр таңды өзің бе деп қарсы аламын.

Па, шіркін! Құшағымда болсаң-ау сен,

Тұрғанда тоя жұтып таң самалын.

 

Қыр қызы, күндей күлімдейсің,

Сен көктемнің алғашқы гүліндейсің.

Жұпар иісің ерітіп жүрегімді,

Ақ торғын боп мойныма ілінгейсің.

 

Қыр қызы, кер маралдай, керілесің,

Қол жетпес көктегі айдай көрінесің.

Өзің мені өрт болып өртегесін,

Жүрек неге қорғасындай ерімесін.

 

Қыр қызы, құлай сүйсем кінәлама,

Сүйеріме кең жайлау, куә дала.

Сұлу аққу көл бетінде қалықтаса,

Қыран құс тұғырында тұра ала ма?

 

Байтақ далам

Уа, менің қасиетті байтақ далам,

Құс салып, тазы жүгіртіп айтақтаған.

Бірдейсің жақсыға да, жаманға да,

Кеңдігіңді осыдан байқап қалам.

 

Маған қымбат сексеуіл, жусандарың,

Өзіңде туған дүлей мың сан дарын.

Кезінде Қожеке мен Бақа билер,

Ауызына қаратыпты жұрттың бәрін.

 

Қарағұла, Құлқа мен Дәуітбайлар,

Аман-Алмас, Қазанат- Сауытбайлар,

Дыбысынан алыстан жау жасқанған,

Батырлар ед тілейтін қанды майдан.

 

Ақындықта Базар жырау даңқы асқан,

Сөзінен тас үгіліп темір сасқан.

Әніне адам түгіл мал қызыға,

Тамсанып тыңдатты ғой мөлдір аспан.

 

Өзіңде туыпты ғой талай дарын,

От ауыз, орақ тілді, сөзі жалын.

Естіген, білгенімді жаздым хатқа,

Көп сенің жарқыраған жұлдыздарың.

 

Уа, менің қасиетті байтақ далам,

Өзіңді жырламасам жай таппағам.

Рухын өткен ерлер көтермесем,

Ойлашы, кейінгі ұрпақ не айтад маған.

 

Жыр еттім Тауелібай тарландарын,

Елімнің алау болып жанғандарын.

Байтақ далам, мен сенің бір ұлыңмын,

Өзіңнің кеңдігіңнен алған дарын.

 

Айтпаса сөздің төркіні өледі

Қырандар көкте еркін өледі

Айтпаса сөздің төркіні өледі.

Мансаптың ұлы, көмейдің құлы,

Шындықты айтсам жекіме мені.

 

Қаһарланып еседі желің,

Шұбырып неге көшеді елің.

Араныңды айқара аштың,

Маңдайдың кірі бес елі ме едің.

 

Суы кеткен жер қамыссыз қалды,

Теңі кеткендер таныссыз қалды.

Қорладың сен арыс қыздарды,

Қасыңа ертіп намыссыздарды.

 

Өншең қу болып сыбайластарың,

Жемқорларға ұнай бастадың.

Жүрсең де батып батпаққа ылғи,

Ұялмай дедің «лай баспадым»

 

Жабыға қайда бір қалып шаппақ,

Таптадың талай үмітті аппақ.

Бәйтеректерді басынан қидың,

Сыбайлассың шілікті мақтап.

 

Өсекшілердің өсегіне ердің,

Жезөкшелердің төсегіне ендің.

Жаманаттың жолына түстің,

Өсер ұл деп ек, өсе білмедің.

 

Қамыққан елдің қарғысы өтіп,

Жиіркеніштің шетіне келдің.

Жүрсің қашып, алысқа кетіп,

Қарай алмай бетіне елдің.

 

Көтерді сені баянсыз мансап,

Менсінбедің жерді, анаңды аңсап.

Басың тасқа тигенде білдің,

Аяғыңды басқаныңды жаңсақ.

 

Болса да ылғи ұрлық жегенің,

Сезбедің түбі шындық жеңерін.

Есек боп шықса дүлдүл дегені,

Кім білсін енді ұлдың не дерін.

 

Айтпаса сөздің төркіні өледі,

Ынсапсыздарға ел түнереді.

Жазбас па едім бұндай өлеңді,

Қоймады шындық еркіме мені.

 

Егемендік алған күн

Егемендік алған күн!

Егемендік алған күн!

Бар бақытым содан лаулап жанған күн!

Тәуелсіздік туын биік көтеріп,

Жиырма екіге иек артқан Арланмын.

 

Елім – азат!

Жерім- жұмақ алқабы.

Таңым – ғажап,

Жырым – жойқын бағалы.

Еркін жұртқа егемендік әкелген

Тұнды құтқа Тәуелсіздік қадамы!

 

Өн бойынан жұлдыз атып жарқылы,

Елдің айтсам – шадыман-шаттық әр күні.

Өзімізді өзгелерге таныттық,

Тәуелсіздік тәтті таңы арқылы.

 

Бабалардың қанат қақты арманы,

Даналардың даңқы бізді баурады.

Чулпандар мен Фитраттар жаққан от

Жас ұрпақтың жүрегінде лаулады.

 

Тек келмеді еркіндіктің таңы дәл,

Бұл күнді аңсап өтті қанша нар ұлдар!

Біз көтерген тәуелсіздік туында,

Бабалардың ағып жатқан қаны бар.

 

Өр бабалар жолын тұтқан өнеге,

Өр кеудеде өрлік жыры сөне ме?

Емін-еркін өмір сүрген өр халық,

Өңмендеген өктемдікке көне ме?!

 

Еңкейтсе де еңсені кей сәтсіздік

Елдік іздеп, жалын құшып, от сүздік.

Алпамыстың рухы қайта оянып,

Тәуелсіздік күнге қолды жеткіздік.

 

Бүгін – Қажып!

Елім – азат, жоталы.

Құшақ жайды бейбіт ғұмыр сапары,

Ұлы Бабыр туған мекен дүрілдеп,

Ұлықбектің ұлықтанды Отаны.

 

Бұл күндерден тапқан еді жұртым бақ,

Жеткізе алман шырын сәтті құр жырлап.

Науайының ұрпақтары өрлеп тұр,

Зулфияның қыздары жүр сыңғырлап.

 

Бабалардан мұрат болып қалған тақ,

Қандай ыстық – Егемендік алған сәт.

Абат Отан,

Азат өмір,

Арман,

Бақ.

 

Ориповтың жыры еніп өр үнге,

Қалықтайды бүкіл әлем көгінде.

Әмір Темір кісінетіп тұлпарын,

Ташкентімнің бүгінде тұр төрінде.

 

Егемендік алған күн,

Басыма бақ қонған күн,

Алла нұры маңдайыма тамған күн.

Бабалардан сөнбей жеткен бір сәуле,

Жүрегімде жұлдыз ата жанған күн.

 

Ана тілін білмейтін мәңгүртке

Көргенсіз десем көңліңе, сірә, келмесін,

Өз тіліңді үйренесің бе өлгесін.

Ана тіліңде сәлемдесе де білмейсің,

Сәлемдеспеу елге де сын, дінге сын.

 

Өзіңді білмей, өзгені білу не теңің,

Болғың келді ме өз ұлтыңа бөтен ұл.

Еуропаның ез әдетіне еліктеп,

Деп жүрсің бе мұратыма жетемін.

 

Өзіңді-өзің мәдениетті санайсың,

Ата-анаңа емес, өзгелерге малайсың.

Тіліңді білмей, дініңді білмей жүргенде,

Қазағыңа, ел бетіне қалай қарайсың.

 

Бұл сөзді саған жаным ашып айтамын,

Ана тіліңде, ата салтына қайта біл.

Шет тілін саған үйренбе деп айтпаймын,

Ана тіліңді білмесең кешпейді сені байтағың.

 

Қыран мен көз жасы

Адамда бұндай бола ма қатты,

Қиядан көздеп қыранды атты.

Тимеді оғы, далаға ылақты,

Сауысқан күлді ала қанатты.

 

Жаралғандай талғамы көкте,

Тау қыраны самғады көкке.

Саңқылдап дауысы аспанды тілді,

Кім білсін оның арманы көп пе?

 

Көрінбей кетті бұлттардан асты,

Тып-тынық күн дауылға басты.

Бәлкім қыранның көз жасыма,

Дауылдың арты жауынға ұласты.

 

Шөліркеген жер сусыны қанды,

Қыранын аңсап күрсініп алды.

Қатыгездігін кеш ұққан адам,

Көзінің жасын бір сығып алды.

 

Өмір заңы

Болса да бар адамға бірдей мирас,

Бұл өмір кейде тарпаң, кейде жуас.

Бақыттың бақшасына жетем десең,

Ақ ниетті таза жүр, болма лас.

 

Десең егер ешқашан қыстанбайын,

Бұл өмірдің кей кезде мыстандайын.

Зәредейден басынан бағы тайса,

Арыстан да болады тышқандайын.

 

Өмір ауа райындай айнымалы,

Біреу күлсе, кей біреу қайғырады.

Жақсы-жаман болуың өз қолыңда,

Емес оған шалқақ туған ай кінәлі.

 

Алла адамға ақыл берген асқаралы,

Деп, «Адам бар әлемді басқарады».

Еңбекшіл жарық күндей жарқыраса,

Жалқаудың ашылмайды қас-қабағы.

 

Өмір заңы болады өзгермелі,

Қинайды бос өткізген кездер мені.

Парасаттық жүгенін берік ұста,

Тарпаңның тулары анық кез келгені.

 

Ақша туралы ақиқат

Кіммен сөйлес бұл күнде ақша зары,

Ақшада тұр әңгіме бас базары.

Барлық нәрсе ақшаға бас игесін,

Адамдық парасаттың қашты ажары.

 

Барлық жерді осы ақша бүлдіріп жүр,

Біреуді жылатып, біреуді күлдіріп жүр.

Мейлі ақша жылан болсын, маймыл болсын,

Өктемдігін бар жерде жүргізіп жүр.

 

Бұл ақша құл қып адам сатып ап жүр,

Доллармен он-ондап қатын ап жүр.

Мейлі ол залым болсын, шайтан болсын,

Қажы болып Меккеге қатынап жүр.

 

Сұм ақшадан талайлар езіліп жүр,

Талай әйел ерінен безініп жүр.

Кейбіреулер ақшаға тәлкек болып,

Кейбіреулер ажалға кезігіп жүр.

 

Қалайда ақша сұмдығын асырып жүр,

Мен дегендер ақшаға бас ұрып жүр.

Талай гүлдер мезгілсіз жұлынып жүр,

Талайлар топ-тобымен қырылып жүр.

 

Бүгінде ақша болып «опалы» жыр,

Шүріппесіз мылтықтай от алып жүр.

Жасын боп жерге түскен найзағайдай,

Қалаған жерін лезде қопарып жүр.

 

Ақшаның сыры әбден ашылып жүр,

Терроршы боп өзінше тасынып жүр.

Өктемдігін паш етіп дүниеге,

Адамды адам демей басынып жүр.

 

Айта берсе ақшаның сұмдығы көп,

Бола ма қолмен тасқын суды бөгеп.

Үстемдігін қоймаса ақша-доллар,

Құмырсқадай құжынап ұрлық өред.

 

Ұрлық түбі не екені белгілі ғой,

Ұрлыққа адам қадам баспаса екен.

Ақша жайлы мендегі ой –

Ақша құны адамнан аспаса екен.