March 17, 2020

Өзбекстандағы қазақ ақындары: Құралай АЛДАМЖАРОВА

Құралай АЛДАМЖАРОВА, Қарақалпақстан Республикасы, Хожейлі ауданы.

СЕН МАҒАН...

Қымбатсың сен маған,

Жаныма тіпті жақынсың.

Ой-көңілімнің ордасын,

Мекендеп жалғыз жатырсың.

Жағасы жайлау ыстық күн,

Ерекше ыстық лептейсің.

Көлеңкедей көлбеңдеп,

Көз алдымнан кетпейсің.

Қымбат боп тіпті барасың,

Бір сағаттан бір сағат.

Тәтті ғой, шіркін, балдай ғой,

Жүрекке енген махаббат!

 ***

Алыссың сен менен,

Созсам қол жетпестей.

Қаншама айтсам да,

Арызым өтпестей.

Алыссың сен менен,

Алыссың аспандай.

Алыстап ақырын

Боласың қашқандай.

Алыссың сен менен,

Алыссың қиялдай.

Ұмытқым келсе де,

Қиналам қия алмай.

 ***

Жиын жұрттың ішінде

Тіс жарып тіл қата алмай.

Ұяла қарап тұрып ең,

Сөйлесуге бата алмай.

Қалғам байқап қаншама,

Сездірмегің келсе де.

Елжірер ішің жылаған,

Жүзің сенің күлсе де.