March 4, 2020

Өзбекстандағы қазақ ақындары: ҚАЙРАТ АХМЕТОВ

Қайрат АХМЕТОВ, Науаи облысы, Үшқұдық ауданы.

Қайрат Ахметов. Сурет facebook желісінен алынды.

ТУҒАН ЖЕРІМ – ҚҰТ ПАНАМ

Көңілдегі сағынышым боп кейде,

Көз алдыма келер ғажап көп бейне.

Тоя жұтып иен даланың жұпарын,

Малды жайып тастаушы едік беткейге.

Көз алданып шексіз қиял сағымға,

Ерік бермей бойдағы ыстық жалынға.

Жүруші едік жалаң аяқ қыр кезіп,

Балалықтың асыр салып бағында.

Сырларыңды өзің жайлы кімге ашам,

Сағынышты саған келіп бір басам.

Тәңірімдей табынатын тірлікте,

О туған жер! Өзіңменен сырласам.

Тауың анау, бақытымдай байсалды,

Арман сыйлап, маған өшпес ой салды.

Басылмайды саған деген сезімім,

Шырқасам да жүрек қозғар қайсы әнді.

Бел-белестен көрінсем де асып тым,

Мен өзіңе ғұмыр бойы ғашықпын.

Өмірімді шырмаса да кей күндер,

Көңілімді сенде ғана тасыттым.

Жетер екен биігіне кім қандай,

Халқым мынау, пейілі кең, күн маңдай.

Құтты дала алып шыңдар алыстан,

Маған қарап қолын бұлғап тұрғандай.

Баққа балап алпамсадай тас-тауды,

Нұрландырып жігерменен жас жанды.

Сенде ғана тұтанса егер ошағым,

Армандарым осы жерден басталды.

Келешекке бастым сенен нық қадам,

Қайда жүрсем, сірә, есімнен шықпаған.

Жастығымның жалауын да жықпаған,

Туған жерім – сенсің менің құт панам.

Теңгермеймін мен де саған Меккені,

Бабаларым көзісің сен, өйткені.

Шетте жүрсем мен өзіңнен тым алыс,

Туған жерім, сен өгейсітпе тек мені!

 

«ЖҮРЕГІМДЕСІҢ, ӘЗ АНАМ!»

Мұңды ойлар көңілімді қадаған,

Өміріме шуақ берген жаз адам.

Жан сырымды қалай ғана жеткізем,

Мәңгі менің жүрегімдесің, әз Анам!

Қиял шабыт келсе шауып қиырдан,

Балғын жырым, бағыма сол бұйырған.

Сәбиіне сұлу өмір сілтеген,

Жансың ерек, балаң үшің мейірбан.

Жалын жүрек тосып нұрлы көктемін,

Таусылды да тіршілікте от демің.

Қалдым сонда бала сәби мұң батып,

Алдан күтіп асау өмір өткелін.

Қимастықтың жасы үзіліп жанардан,

Сұм ажалға қарсы тұрды аларған.

Асыл бейне жарық күнмен қоштасып,

Кеудесінде сөніп жатты сан арман.

Бала көңіл қалай ғана тыншымақ,

Мазалады көкейімді мың сұрақ.

Өтсе-дағы он жеті жыл арадан,

Іздеп келем құшағыңды күн шуақ.

Түн ауғанша шырқы кетіп ұйқының,

Сөзің қайда «балам, ұйықта» дейтұғын.

Түнек бұлттар басын сұғып төбемнен,

Көңілімнен кетпей қойды күйкі мұң.

Қу тірлікте басып қанша белесті,

Қиындықтан қайысқан жан емес-ті.

Деп осылай маған үнсіз тіл қатты,

Көз алдымда жансыз бейне көмескі.

Жігер құйған жүрегіме өр сенім,

Шөлдеп келем мейіріміңе мен сенің.

Бұл жалғанда тыныс-демім біткенше,

Бола берем мен өзіңнің бөлшегің.

Дарығандай сенен ғана ар-талап,

Есігімнен келсе бақыт анталап.

Ана, ана! Бір сен үшін өтермін,

Тауқыметін бұл өмірдің арқалап.

Тағдыр желі соққанымен көлденең,

Жүріп келем өзің салған жолменен.

Сырғып уақыт, заулап өмір кемесі,

Бір сағыныш жыр бесігін тербеген.

Тұрғанымен қарсы алдымда таң күліп,

Құлағымнан кетпей ұзақ жаңғырық.

Жүрегімнің төріндесің, әз Анам,

Сен тірісің балаң үшін мәңгілік!

 

СЕНЕМІН

Жыршылықтың ашылып тұр беттері,

Жадыратып жанымды гүлдеткені.

Сансыз ойлар санама сыймай тасып,

Қанат қақты кеудемнен жыр кептері.

Кетсе-дағы шаттығым азайып тым,

Таңба болар туынды жазайық тың.

Ертеңіме сенемін, жылдар жылжып,

Жаңалығын әкелер ғажайып күн.

Өн бойымды сан сұрақ сілкіледі,

Жыршы жүрек қалайша іркіледі?!

Тұрса-дағы төбемде түн түнегі,

Көңілімде сенемін күн күледі.

Күн кешсем де тірлікте күйбеңменен,

Болсам-дағы бір пақыр сый көрмеген.

Көндігермін тағдырдың салғанына,

Болсам да асау құрыққа үйренбеген.

Оңашада айналған сырласыма,

Жыр бұлбұлы қонақтап тұр басыма.

Үмітпенен қараймын, сеніп өтем,

Балғын жырым шығарар шың басына.

Кезіксем де өмірдің соқпағында,

Ертеңімнен күтерім көп тағы да.

Ұлы сөз бар көңілге жарық берер,

Сенімі жоқ өмірде жоқ мағына.

Болашаққа беттеген сенімменен,

Талпынады жүрегім «елім» деген.

Қарсы жүріп тағдырдың толқынына,

Қайда барып тоқтайды менің кемем?!

Нендей байлық табылар еліме тең,

Бәрі, бәрі сияды жеріме кең.

Бағалайтын барымды, нарымды да,

Өр халқыма сенемін, сеніп өтем.

Жеткізсе де соңынан аппақ арман,

Кете алмаймын ешқашан аттап ардан.

Жыр тағына жарқырап отырсам да,

Ұрпағыма сенемін артта қалған.

Тұрса-дағы керегем кең керіліп,

Сөнер емес мәңгілік мендегі үміт.

Ар-иманға сенемін, хақ тағалам,

Жаратқан соң о баста пенде қылып.

Адамдықтан мен емес ауытқыған,

Жырларыммен ой кезіп, сауық құрам.

Жеке-дағы жарлығы жаратқанның,

Ел-жұртыма кетемін тауып бір ән.