"Ұстаз тілегі" - ғылыми-әдістемелік орталығы 50 мың мұғалімді тегін оқытты
Еліміздегі карантиндік жағдайға байланысты барлық білім ошақтары қашықтан оқыту жүйесіне көшкені мәлім. Осы ретте республикалық «Ұстаз тілегі» ғылыми-әдістемелік орталығы 50 мыңнан аса ұстазға көмек қолын созып, онлайн жүйесімен тегін оқытты. Істің басы-қасында жүрген орталықтың директоры Нартай Сембиевпен атқарылған жұмыстар туралы аз-кем сұхбаттасқан едік.
-Қашықтан оқытуға байланысты, ұстаздарды тегін оқыту туралы идея қалай келді?
-Елімізде жарияланған төтенше жағдайларға байланысты барлық білім беру ұйымдары қашықтан оқыту жүйесіне көшті. Бірақ еліміздегі ұстаздар қашықтан оқыту жүйесін әлі толық меңгермеген. “Ұстаз тілегі” сайтында мұғалімдер қашықтықтан оқытуға байланысты жаңа білімді игергісі келетіні туралы жаза бастады. Біз нарықты зерттеп, ұстаздарға пайдалы технологияларды саралап, курс жасадық. Курсты аяқтаған ұстаздар сертификатқа ие болып, қашықтықтан оқытудың барлық жолдарын меңгеріп шықты. Курс ерекшелігі - теориялық білім ғана беріліп қоймай, жаңа технологияларды практика жүзінде қолдануды үйретеді.Технологияларды меңгеру ұстаздарға тиімді болу үшін, курсты тегін жасадық. Бұл елімізге деген, ұстаздарға деген орталықтың атынан жасалған үлкен көмек.
-Орталықтың жұмысы туралы айта кетсеңіз. Қалай құрылды?
-Жалпы басында мен программалау бойынша әртүрлі сайттарды жасап жүрдім.Сол кезде нарықты зерттей келе, ұстаздарға, оқушыларға көмек көрсететін сайттардың жоқ екенін білдік. Өте аз немесе сапасыз. Сондықтан еліміздегі ұстаздарға көмектесу үшін жас та болсақ, ұстаздардың білім алуы үшін осындай орталық ашу ойымызға келді. Қазір “Ұстаз тілегі” сайтын үлкен портал қылып, республикалық платформа ретінде ашып жатырмыз. Егер біз бір ұстазға сапалы білім берсек, жүздеген оқушыға сапалы білім бергенмен тең деп ойлаймын. Бір ұстаз мыңдаған оқушыны оқытып шығара алады. Ұстаздарға барынша жақсы білім беріп, біліктілігін көтерсек, еліміздің өркендеуіне зор үлес қосып жатырмыз деп есептеймін.
-Алда қандай жоспарлар бар?
-Алдағы мақсатымыз – “Ұстаз тілегі” брендін қалыптастырып, ұстаздарға үлкен платформа ашу. Платформада барлық пәндерден курстар болады. Мұғалімдер өздерінің біліктілігін арттыру курстарына қатыса алады. Қазір мұғалім мамандығын таңдаған студенттер мектепте барып бірден жұмыс істеп кете алмайды. Оның басты себебі: университеттерде ескі технологияларды қолданады. Солардың барлығына сапалы білім беріп, заманауи білім алу үшін курстар ашамыз. Және әрбір мұғалім “Ұстаз тілегі” сайтына тіркеліп барлық қызметтерді қолдана алады. Оның ішінде өзінің порфолиосын толтыру, курстарға қатысу, жарыстарға қатысу, республикалық, халықаралық деңгейдегі әртүрлі жарыстарға қатысу, және шетелдегі компаниялармен бірігіп, біздің ұстаздар шетелде білім алып, тәжірибе бөлісетін үлкен орталық ретінде дамытуды көздеп отырмыз.
“Ұстаз тілегі” брендін әлемдік деңгейге көтеріп, білім беруде жаңалықтар енгізіп, өзге елдердегідей жағдай жасау. Мысалы, Жапония елінде қадірлі мамандық ұстаз болса, біздің елімізде де ұстаздарды сондай деңгейге жеткізгіміз келеді.
Әңгімелескен Әсем Мерекеқызы