April 6, 2019

Есімдік қария

Баяғыда бір Есімдік деген қария кісі болыпты. Қай жылда дүниеге келгені белгісіз, бірақ әлі күнге дейін тірі. Шалдың үш әйелі болған екен. Әрқайсысының өзіндік бір ерекшеліктері бар. Мысалыға, бірінші әйелінің есімі – Зат есім. Аңыз бойынша ол үйдегі заттарды түгелдеп жүреді екен. Екінші жұбайының аты – Сын есім. Ол қалған екі абысынына қарағанда өзіншелеу. Барлық дүниенің артық-тыртығын қарап жүреді. Соңғысының аты – Сан есім. Тарихқа үңілетін болсақ, ол математика сабағын жақсы оқыған көрінеді. Санаудан, қатардан мүлдем қателеспейді. Осындай бір керемет отбасы ғұмыр кешіпті.

Атамыз өте мейірімді, жомарт, ешкімді қатардан кем ұстамайтын кісі. Осыған байланысты қарт өзінің жеті ұлының есімін әйелдерінің аттарының мағыналарымен сәйкестендіріп қояды. Бірінші баласының азан шақыртып қойған есімі – Жіктеу. Екіншісі – Сілтеу. Одан кейін Сұрау, Өздік, Белгісіздік, Болымсыздық және соңғы ұлы Жалпылау.

Қария өзінің немерелерінің аттарын да қалт жібермеген. Өздерінің әкелерінің есімімен байланыстырып қойған. Мысалы, Жіктеудің сегіз ұлын Мен, Сен, Сіз, Ол, Біз Сендер, Сіздер, Олар деп қойған. Яғни әрқайсысын жіктеп айтып тұр. Ал еріншек Сілтеу ұлының балаларын Бұл, Осы, Анау, Мынау, Әне, Міне деп атаған. Айтқандай, Сілтеудің екі жұбайы бар. Қай және Қайсы. Ұлдары осы аналарының айтқанын тыңдап, құрметтеп, жауап беріп жүреді екен. Үшінші ұлы мектептен үнемі қашып жүретін. Ақыр соңында дым білмей, кез-келген нәрсені сұраумен айналысты. Осы қасиетіне байланысты атамыз немерелерін Кім, Не, Қанша, Неше, Қай, Қандай, Қалай деп атап кеткен. Бәрінен ерекшеленіп тұрғысы келетін Өздік ұлына Есімдік қария немерелерінің есімін «өз»-ден бастап қойғызған. Яғни, Өзім, Өзің, Өзіңіз, Өздеріңіз деген сияқты. Бесіншісі ерке болған ба, білмейм, үйінде отырмайтын. Әрдайым қаңғып, қыдырып жүретін. Және үйіндегілері оның қайда жүргенін білмей отырады екен. Қарт кісі мұны да көп ойланбай, Белгісіздіктің ұлдарын Әр, Әлде деп қояды екен.

Есімдіктің балаларының арасында Өздік пен Болымсыздықтың ұқсастықтары көп еді. Өйткені екеуінің де ұлдарын атамыз белгілі бір түбірден басталатын етіп қойды. Яғни, Болымсыздықтың ұрпақтарын «еш» түбірінен басталатын етіп қойды. Еш,  Ешкім, Ешбір, Ештеңе. Және атасының айтқанына бағынбаған Денеңе атты ұлдары бар еді.

Есімдік атамыздың кенже әрі жомарт баласы – Жалпылау еді. Ол сондай мейірімді, барлығын ойлап жүретін ұл болды. Осындай бір керемет қасиетін пайдалана отырып, әкесі баласының ұлдарына Барлық, Бәрі, Күллі, Бүкіл деген есімдер қойды. Осылайша «Қазақ тілі» деген үлкен мемлекетте осындай бақытты «Есімдік» атты қала құрылды.