Үстіде Көк Тәңірі, астыда қоңыр Жер қылынғанда, екеуі арасында кісі ұлы қылынды. Кісі ұлы үстінен бабаларым Бумын қаған, Естемі қаған басқарды. Басқарған Түрік жұртының Елдігін, төрелігін ұстай білді, жетілдіре (ете) білді.
Төрт жақтың бәрі жау болды. Жасақпен төрт жақтағы жұрттың бәрін алды, бәрін басты. Бастарын жүгіндірді, тізелерін шөктірді. Шығыста Қадырқан жеріне дейін, батыста Темір қапыққа дейін басып алды.
Екеуі арасында иесіз (егемен, еркін) Көк түріктері көшіп жүрген еді. Қағаны білгір еді. Қағаны алып еді. Бұйрықтары да білгір еді, алып еді. Бектері де, жұрты да түзу еді. Елді солай ұстады. Елді солай ұстап, үстінен төрелік етті.
Қағанқайтыс болды. Жоқтау-сықтауға өңірге күнтуыстан Бөкүлі Шөлік елі, Тауғаш, Түбіт, Апар, Пұрұм, Қырғыз, Үш Құрықан, Отыз Татар, Қытаң, Татабы келді. Осынша жұрттан келіп сықтады, жоқтады. Сондай атақты қаған еді. Содан кейін інісі қаған болған екен.
Кейін ұлдары қаған болған екен. Інілері ағалары текті болмады. Ұлдары да әкелеріне тартпаған екен. Білгісіз қаған болған екен. Жабайы қаған болған екен. Бұйрықтары да білгісіз, жабайы болған екен.
Бектері, жұрты түзу болмады. Тауғаш жұртының тепкісін көрген ағалы-інілі (бір-бірімен) кектесті, бектерін жұртына (бір-біріне) қарсы қойды. Сол үшін Түрік жұртының елдігі бұзылды.
Сайлаған қағанына қарсы шықты. Ер ұлы құл болды, сұлу қызы күң болды. Түрік бектері Түрік атынан безіп, Тауғаш атын тұтып, тауғаш қағанға бағынды.
Елу жыл ісін-күшін берді. Тауғаш қағаны үшін шығыста Бөкілі қағандығына дейін, батыста Темір қапыққа дейін шайқасты.
Түрік қара жұрты былай деді: "Елді жұрт едім, елім енді қайда? Елімді кімге берермін? Қағанды жұрт едім, қағаным қайда? Қай қағанға іс-күшімді берермін?". Солай деп, тауғаш қағанына жау болды.
Жау болып, өзін жарата алмай қайта бағынды. Бұдан гәрі іс-күшін беруді ойламады. Түрік жұрты өлгенім, жалғаспағаным артық деп, жоғалып бара жатқан еді.
Сонда Үсте Түрік Тәңірі, Түрік ұйық жері, суы былай депті: Түрік жұрты жоқ болмасын - дейін, Бүтін болсын! - дейін". Сөйтіп, әкем Елтеріс қағанды, өгей анам Елбілге қатынды Тәңір төбесінде тұтып, жоғары көтермелеген еді. Әкем қаған он жеті ерін жинады.
Жиналған ер жорытқанын есітіп, қаладағы тауға қарай беттеді, таудағы жерге түсті. Тіріліп, бірге жетпіс ер болды. Тәңірі күш бергендіктен, әкем қаған жасағы бөрі текті болды, жауы қой текті болды. Алдыға, артқы шерулеп, жинап-тергені жеті жүз ер болды.
Жеті жүз ер болғанда, елсіз, қағансыз қалған жұртты, күңденген, құлданған жұртты Түрік төресінен айрылған жұртты ата-баба төресіндей жаратты, орнына қойды. Төлес пен Тардұш жұртымен де сүйтті.
Жабғы мен Шадты да берді. Беріде Тауғаш, жырақта Бас қаған бастаған Тоғыз-Оғыз жұрты жауы болды. Қырғыз, Құрықан, Отыз-Татар, Қытаң, Татабы - бәрі жауы еді.
Әкем қаған қырық жеті рет соғыста болған, жиырма рет сүңгіскен. Тәңірдің жарылқауымен, елді елсіреткен, қағанды қағансыратқан жауын басты. Тізелерін шөктіріп, бастарын идірді.
Әкем қаған... ...төресін тұрғызып (ел құрып), ұша барды. Әкем қағанға арнап балбал тігу Баз қағанның балбалынан басталды. Сол кезде көкем таққа отырды. Көкем қаған бастаған Түрік жұрты одан да жақсара түсті. Шығайды бай қылды, азды көп қылды.
Көкем қаған отырғанда, өзім Тардұш жұртына Шад болдым. Көкеммен бірге шығыста Жасыл өзен, Шантұң жазығына дейін, ал батыста Темір қапыққа дейін шайқастық. Көгменнен асып, Қырғыз жеріне дейін шайқастық.
Бар болғаны жиырма бес жорықтың он үшінде сүңгілестік. Елді болғанды елсіреттік, қағанды болғанды қағансыраттық. Тізелерін шөктіріп, бастарын идірдік.
Түргеш қаған біздің түркіміз еді. Білмегеннен, біздің арамыздағы түсінішпеушілік арқасында қағандары өлді. Бұйрықтары, бектері және өлді. Он-оқ жұрты қиыншылық көрді. Бабамыз тұтқан Жер-су иесіз болмасын деп, аз жұрты...
...Барыс бек еді. Қаған атын біз бердік. Қарындасымды, ханшайымды да бердік. Бірақ жаңылды, алдады. Соның арқасында қаған өлді, жұрты күң, құл болды. Көгмен жер-суы иесіз қалмасын деп, Аз Қырғыз жұртына жарат...
қайта біз бердік (қағанын қайта сайлады?). Шығыста Қадырқан қыратынан аса жұртты көшіріп, батыста Кеңгі Тарманға дейін түрік жұртын қоныстадық. Ол кезде құлдың өзі құлды болды, /күң күңді болған еді. Іні ағасын білмеді, ұл әкесін білмеген еді (ел соншама үлкен болды деген ұғымда)/.
Құрған еліміз, төрелігіміз сондай еді. Түрік Оғыз бектері, жұрты, есітіңдер: үстіде Тәңірі баспаса, астыда Жер тілінбесе, Түрік жұрты жұртының төресін кім бұзар?
Қастандығың(?) үшін өкін! Жетілдірген білікті қағаның бар еді. Игі елің өзі жаңылды, жаман кекірттенді. Жарақты кісілер қайдан келіп ертті? Сүңгісі барлар қайдан келіп ертіп кетті? (бөліп жіберді) Ұйық Өтүкен /жер... жұрты... өздерің кеттіңдер/
Шығыс асып барғаныңша бардың. Батысқа қарай кеткеніңше кеттің. Барған жерде қаның суша ақты, сүйегің тауша жатты. Бек болар ұлың құл болды, сұлу қыз балаң күң болды. Түсініспеушілік пен жабайылығымыздың арқасында әкем қаған қайтыс болды.
Қырғыз қағаннан бастап балбал тіктім. Түрік жұртының аты жоқ болмасын деп, әкем қағанды, өгей анам-қатынды көтермелеп, Тәңір елді берген.
Тәңір, Түрік жұрты жоқ болмасын деп, өзімді қаған қылып отырғызды. Тұрмысты жұрт басы болмадым. Аш, сыртында тонсыз, жауыз, жабайы жұрттың басы сайландым. Інім Күлтегінмен бірге кеңестік.
Әке-көкеміз қалдырған жұрттың аты өшпесін деп, Түрік жұрты үшін түн ұйымадым, күндіз отырмадым. Інім Күлтегінмен бірге, екі шад болып, өлі-жіті бағындырдық. Сонша бағындырып, біріккен жұртты от-су қылып бөлмедім.
Қалған жұрт өлі-жіті жаяу, жалаңаш қайтып келді. Жұртты көтерейін деп, батыста Оғыз жұртына қарай, шығыста Қытан мен Татабы жұртына қарай, оңтүстікте Тауғашқа қарай ұлы жасақпен он екі рет шайқастым, сүңгілестім.
Тәңір жарылқауының арқасында, құтым, үлесім болғанының арқасында өлермен жұртты тірілттім, жетілдірдім. Жалаң жұртты тонды, шығай жұртты бай қылдым. Аз жұртты көп қылдым. Ығыр елді, қағандықты жақсарттым.
Төрт жақтағы елдің бәрін бастым. Елді жаусыз қылдым. Көбі маған бағынды. Іс-күшін берер, осындай төрелікті тұрғызған інім Күлтегін қайтыс болды. Әкем қаған қайтқанда, Күлтегін жеті /жасында болған/.
Ұмай текті өгей анам-қатынның арқасында інім Күлтегін Ер атанды. Ол он алты жаста болғанда, әкем қаған құрған елді кеңейту үшін Алты Шуда соғдыларға қарай шайқастық, бұздық. Тауғаш тұтығы Оң бес түмен жасақпен келді. Шайқастық.
Күлтегін жаяу жасақпен аттанды. Оң тұтықтың қару-жарақты қолын тұтқындап, қағанға алып келді. Ол жасақты сонда жоқ қылдық. Ол жиырма бір жасында болғанда, Шаша Сүнкемен шайқастық. Ең біріншісінде Тадқыш Шордың боз атына мініп, аттанды. Ол аты сонда өлді.
Екіншісінде Ісбара Жамтар боз атына мініп, аттанды. Ол ат та сонда өлді. Үшіншісінде, Жегін Сіл бектің киімді (сауытты) торы атына мініп, шапты. Ол ат та сонда өлді. Жарағы мен сауытына жүзден артық оқ тиді. Бірақ жүзі мен басына бір тимеді.
(Күлтегіннің) аттанғанын (шайқасын), Түрік бектері, бәріңіз білесіздер. Ол жасақты сонда жоқ қылдық. Содан кейін Байырғы жеріндегі Ұлы Еркін жау болды. Оны да Түргі Жарағұн көлінде бұздық. Ұлы Еркін аз ғана ерін тізіп, қайтты.
Күлтегін ... жасында болғанда, Қырғызға қарсы соғыстық. Сүңгі батар қарға шөгіп, Көгмен тау-ормандығына көтеріліп, қырғыз жұрты ұйқыда болғанда бас салдық. Қағанымен бірге Сұңа қыратында соғыстық.
Күлтегін Байырқының ақ айғырын мініп, ұмтыла шапты. Бір ерді оқпен құлатты, екі ерді шаншып құлатты. Ол айғырының бел-жамбасы сынғанша ұрысты. Қырғыз қағанын өлтірдік, елін алдық. Ол жылы Түргеш...
Ертіс өзенін айнала кешіп өттік. Түргеш жұртын ұйқыда бастық. Түргеш қаған жасағы Болшы жеріне от пен бор секілді (?) келді. Шайқастық. Күлтегін Башғы боз ат мініп, аттанды. Боз ат ...
... екеуін өзі (тұтқынға) алды. Онда (шайқасқа) тағы кіріп, Түргеш қағанының бұйрығы - Аз тұтық пен елін алды. Ол жерде қағанын өлтіріп, елін алдық. Қара түргеш жұрты толықтай бағынды. Ол жұрты Табарда...
Соғды жұртын бағындырайын деп, Женшү өзенін кешіп, Темір Қапыққа дейін шайқастық. Сол кезде Қара Түргеш жұрты көтерілді. Кеңереске қарай қайттық. Біздің жасақтың аты арық, азығы жоқ еді. Жабайы кісі ер...
Алып ер бізге қарай шапты. Бұндай жағдайға өкініп, Күлтегіннің аз ерін ерттіріп, аттандырдық. Ұлы шайқас болды. Алып Салшы ақ атын мініп, шапты. Қара Түргеш жұртын сонда өлтіріп, алдық.
2 - жағы
... бірге Қошұ тұтыққа қарсы шайқастық. Ерінің бәрін өлтірдік. Үй-барымның да бәрін алдық. Күлтегін жиырма жеті жасында Қарлұқ жұртына қарсы шапты. Жауласты.
Тамағ Ұйықбасында шайқастық. Күлтегін ол шайқаста отыз жасар еді. Алып Салшы ақ атына мініп, аттанды. Екі ерді шаншып құлатты. Қарлұқтарды өлтіріп, алдық. Аз жұрты жау болды. Қара көлде шайқастық. Күлтегін отыз бір жаста еді.
Алып Салшы ақ атына мініп, аттанды. Аздардың елтеберін тұтқындады. Аз жұрты сол кезде жоқ болды. Әкем қаған елі қамыстай болғанда (тұрақсыз, қарбалас), ел екіге бөлінгенде, Ізгел жұртына қарсы шайқастық. Күлтегін Алып Салшы ақ атына мініп, аттанды.
Ол ат сонда қалды. Ізгел жұрты өлді. Тоғыз Оғыз жұрты өз жұртым еді. Бірақ Тәңір, жер бұлданғасын (дүрбелең), олар көтеріліс жасады. Бір жылда бес рет шайқастық. Ең біріншісінде Тоғы балығында шайқастық.
Күлтегін Азман ақ атына мініп, аттанды. Алты ерді шаншып құлатты. Жетіншісін қылыш сұғып құлатты. Екіншісінде, Құшлықада Едізге қарсы соғыстық. Аз қоңырын мініп, аттанды. Бір ерді шаншып құлатты.
Тоғыз ерді қоршап, ігіре тұтқындады. Жұрты сонда өлді. Үшіншісінде, Бол/шұ/да оғызға қарсы шайқастық. Күлтегін Азман атын мініп, аттанды, шанышты. Ұшыс басында шайқастық.
Түрік жұртының аяғы қамыстай болып, жүрексінді. Ерте келген жасақты Күлтегін талқандады. Тоңра руынан шыққан алпауыт он ерді Тоңра-тегін жоқтауында иіріп (қоршап), өлтірдік. Бесіншісінде, Езгінті Қадызда Оғызға қарсы шайқастық. Күлтегін Аз қоңырын мініп, аттанды. Екі ерін шаншып құлатты. Балыққа жете алмай, жасақтары сонда қырылды. Мағы Қорғанда қыстап, жазда Оғыздарға қарай жасақ жібердік. Күлтегінді үйдің басы болсын деп, қалдырдық.
Жау оғыз ордаға бас салды. Өгейсіз ақ атқа мініп, тоғыз ерді шаншып құлатып, орданы бермеді. Өгей анам-қатынға ілесіп, өгейлерім, енелерім, келіндерім, ханшайларым, бұнша қалған тірісі күң болар еді. Жолда өлім аузынатастап кетуші еді.
Күлтегін болмаса, бәрің өлетін едіңдер. Інім Күлтегін қайтыс болды. Өзім қайғырдым. Көрер көзім көрместей (жыладым), бар білігім білместей болды. Қатты сағындым. Ажалды (момент) Тәңір жасайды (басқарады, біледі), кісі ұлы өлу үшін туылған екен.
Сонша сағындым. Көзге жас келіп, көңілге сықтау келіп, үнемі қайғырдым, қатты сағындым. Екі Шадқа ілескен інішектерім, ұлым, бектерім, жұртымның көз-қасы бұзылар деп ойлап, қайғырдым. Жоқтап, сықтауға Қытаң, Татабы жұртының атынан Ұдыр сеңүн келді.
Тауғаш қағаннан Ісійе Лікең келді. Бір түмен сый, шексіз алтын-күміс жеткізді. Түбіт қағаннан Бүлүн келді. Батыстағы Соғды, Бершекер, Бұқара ұлыстарынан Інек сеңүн, Оғыл тарқан келді.
Он-оқ жұртынан, ұлым, Түргеш қағанынан Мақыраш, Оғыз Білге таңбашылары келді. Қырғыз қағаннан Тардұш Ынаншы Шұр келді. Барық орнатуға, бәдізді бітіктас орнатуға Тауғаш қаған жиені Шең сеңүн келді.
Күлтегін қой жылының он жетінші күнінде ұшты. Тоғызыншы айдың жиырма жетісінде жоқтау ырымын өткіздік. Барығын, бәдізін, бітіктасын мешін жылының жетінші айы, жиырма жетісінде тұрғыздық. Күлтегін өзі қырық жеті жасында болған-ды. Бұнша бәдізшіні Тұйғын елтебер ертіп келді.
Бұнша бітік бітіткен Күлтегін інісі Йолығ-тегін. Жиырма күн отырып, бұл тасқа бітіген мен, Йолығ-тегін. Ұлыңыздың, туғандарыңыздың жоқтауы үшін.? Игі етіңіз.
Ұша кеттіңіз, Тәңір тірілткенше...
Кіші жазу
Тәңір текті, Тәңірде жаратылған Түрік Білге қаған - осы кезде отырдым. Сөз-сабымды түгел естіңдер, ілескен інілерім, ұлдарым, біріккен ру-уысым, жұртым. Берідегі шад-апыт бектер мен жырақтағы бұйрық-бектер. Отыз...
Тоғыз-оғыз бектерінің жұрты, бұл сөз-сабымды игілікпен есіт. Қатты тыңда. Ілгері күнтуыста, беріде күн ортасында, кері қарай күн батысында, ары қарай түн ортасындағы бағынған жұрт, маған ергендердің бәрі есітсін.
Жұртты көп қылдым. Сөзімде жалған жоқ. Түрік қағаны Өтүкен жерінде отырса, елде мұң жоқ. Шығыста Шантұң жазығына дейін шайқастым. Теңізге кішкене қалдым. Батыста Тоғыз-Ерсенге дейін шайқастым. Түбітке кішкене қалдым.
Батыста Женшу кеше Темір-Қапыққа дейін шайқастым. Солтүстікте Жер-Байырқы жеріне дейін шайқастым. Осынша жерге дейін жорыттым. Өтүкен қыратындажақсы ие жоқ еді. Елді ұстауға болар жер Өтүкен еді. Осы жерде отырып, Тауғаш жұртын түзелттім.
Алтын-күміс, ыстықты?, жібекті аямай берер Тауғаш жұртының сөз-сабы сүйкімді, жібегі жұмсақ еді. Тәтті сөз-сабы мен жұмсақ жібегімен арбап, жырақтағы жұртпен солай жақындасқан еді. Жақынырақ қоныстанып, аңқауды білігімен үйірген еді (солай басты айналдырған-ды)
Игілі, білімді, алып кісі оларды қасына жолатпас еді. Бірақ бiр кiсi жаңылса, оның руы, жұрты, бесігіне дейін қақпанға түседі екен. Тәтті сөзі мен жұмсақ жібегіне алданып, түрік жұрты бәрің өлдің.
Түрік жұртының бір бөлігі Шығай тауынан бері Түгелтен жазығына қоныстанайын десе, түрік жұртың бөлігін, аңқау кісіні былай азғырған еді: жырақ кетсең, жұлмаланған жібек береміз, жақын келсең игісін береміз. Білмеген кісілер сол сөз-сабына сеніп, жақын барып бәрі өлген.
Ол жерге барсаң, түрік жұрты, өлесің. Өтүкен жерінде отырып алыстан керуен жіберсең (алыс-беріс жасасаң), қайғы-мұңың болмас. Өтүкен тауында отырсаң, мәңгі ел басқарып отырасың. Түрік жұрты, сен тоқ едің. Аштық-тоқтықты ойламадың. Бір тойсаң, аштықты ойламадың.
Сондай жеңілтекті болғанныңнан, игілігіңді ойлаған қағанның сөзін алмай, жер кезіп кеттің. Біз жоғалдық, қатты арыдық. Тірі қалғаның жер кезіп, тірі-өлі күйде жүрген едің. Тәңір жарылқауымен (өзімнің құтымның да бар болғаны үшін) қаған болдым.
Қаған болып, жоқ болған жұртты жинадым. Шығай жұртты бай қылдым. Аз жұртты көп қылдым. Бұл сөз-сабым жалған ба?
Түрік бектері, жұрт, бұны есітіңдер. Түрік жұртын теріп, ел құрғанымды осында жаздым. Жаңылыс, өлім туралы да осында жаздым.
Айтар сөзімді мәңгі тасқа ұрдым. Көріп, біліңдер. Түрік жұртының бектері! Таққа қараған бектердің жаңылғанын мен мәңгі тасқа ұрдым. Тауғаш қағаннан бәдізші келтіріп, бәдіздірттім. Менің сөз-сабымды сыйдырды.
Оларға көркембарық жасаттырдым. Ішін, тысын көркемдеп бәдіз салғыздым, тас қойдырдым. Ой-көңілімдегі бар сөзімді осы тасқа жаздырттым. Он-оқ ұлынан бастап, атыңа дейін көріп, біліңдер деп мәңгі тас қойдырдым.
Осы тұрақты жерде тұрсақ, осы тұрақта (?) мәңгі тас қойдырдым, бітідім. Осыны көріп, біліңдер: бұл тасты орнатқан, бітіген інісі - Йолығ-тегін.