әдебиет
March 17, 2021

Бейімбет Майлин өмірінің ақтаңдақтары

Бейімбет Майлиннің ісі бір-ақ том екен, Сәкен Сейфуллиндікі 4 том, Ілияс Жансүгіровтікі 4 том. Істің сыртқы мұқабасына көз жүгірттім. (Екі адам екі жағымнан қадағалап тұр). «Дело №11020 По обвинению Майлина Беимбета Джармагамбетовича по ст. 58 п.п. 2, 7, 8, и 11УК РСФСР» деген аты көзіме оттай басылды. Мұқаба бетіндегі барлық жазуларға көз жүгіртіп жатырмын. «Архив КГБ при СМ Каз. ССР. Зарегистрировано в 1957 г. Арх. №04350» деп жазылған. Бұған қарағанда іс құжаттары жиырма жыл бойы орталықта сақталып, тек 1957 жылы Бейімбет ақталғаннан кейін біздің республикамызға жіберілген деп ойлаймыз. Ал істің 11020-сыншы болуы неліктен деген сұрау тууы да мүмкін. Апыр-ау, Бейімбет Майлинге дейінгі сол жылдың ішінде ме екен, отырғызылған адамдардың саны он бір мыңнан асып кетіпті.


Мұқабаның ішкі бетінде қалташа бар екен. Соның ішіне екі фотосурет салынған: бірінде Бейімбет қарсы алдынан, екіншісінде қырынан түсірілген. Онда қою қара шашы дударланған, сақал-мұрты өсіңкіреген, жүзі қуқыл тартқан Бейімбет бейнеленген. Көзі бадырайып, от ұшқыны көмескеленген, жақтары мен еріндері ісінген сияқты. Кім білсін, соққы көрді ме, қинау жасалды ма? Түрмеге отырғызылғандарды қинауға болатындығы туралы үкімет директивасы бар екендігі ол кезде белгілі еді. «Аса қауіпті қылмыскерлерді жауап алған кезде абақтыда азаптауға болады» деген арнайы бұйрық 1937 жылдың басынан енгізілгенін білмеуі мүмкін емес. Кигені галстуксыз ақ көйлек, көн жағалы ескі сұр пальто.


«Тұтқын анкетасына» тоқталайық. Ол сұрақ-жауап түрінде Бейімбет Майлиннің өз айтуымен толтырылған сыңайлы. Аты-жөні жазылғаннан кейінгі «Туған жері және жылы» деген сұраққа «1894. Қазақ КСР, Қостанай обл. Таранов ауд., Жалшы селосы» деп жазылған. «Тұрғылықты жері» дегенге «Алматы, Лагерьная көшесі, 44 үй, 3 кор., 20 пәтер» деп көрсетілген. Осы үйде Ілияс Жансүгіров те тұрған, пәтері алты бөлмелі екен.


Мынадай әдепсіз сұраққа назарымды аударды: бар заттарыңды (құрылыс, ауыл шаруашылығы құрал-саймандары, өңдейтін жердің көлемі, мал саны, салық) қалдырмай атау керек екен. Бейімбет Майлинде ондай байлық қайдан болсын, өмірі кедейліктен құтыла алмаған оған жер, мал, тағы басқасы қайдан бітсін! Жиһаз жинау, байлыққа қызығу – оның мінезіне, ой-санасына жат әдет. «Ештеңем жоқ» деп жауап беріліпті.


«Әлеуметтік жағдайы – кедей батырақ» делінген. Кедеймін десе де мүсіркеулік көрсетілмеді ғой оған. Солар үшін құрылған, олардың «мұңын мұңдап», «жоғын жоқтаған» үкіметтің теріс айналғанын, тым болмаса «кінәңді, егер ондайы шын болса, жуып-шай, ақта» деп мүмкіншілік бермегенін қалай түсіне аласың. «Партиялылығы» деген графада «1926 жылдан КП (б) К мүшесі» деп көрсетілген. Оннан астам жыл қатарында болған партиясы да енді оны керек етпеді, қорғап ала алмады.


Тоқтар Бейісқұлов. Майлин Б. Көптомдық шығармалар жинағы, 223-бет