Көлеңкедегі сенім / Shadowed trust 2 - тарау
Көлеңкедегі сенім / Shadowed trust
2 - тарау
Түн ортасы жақындаған сайын кеңсе де тып-тыныш. Диас мониторға қадалып, файлдағы сәйкессіздіктерді қайта қарап отыр. Кейбір есептердегі сандар шындыққа жанаспайды. Бұл жай ғана қателік пе, әлде әдейі өзгертілген дерек пе? Белгісіз.
Диас әлдебір түйсігімен Арманның мұны тексеріп отырғанын сезді. Ол сынап отырғандай. "Ол менің шешімімді күтуде ме?" – деп ойлады.
Жігерін жинап, барлық сәйкессіздіктерді тізімге енгізді. Егер бұл қателік болса – дұрыстаймыз. Ал егер біреу әдейі бұрмалап енгізген болса – онда бұл әлдебір үлкен нәрсенің басы болуы мүмкін еді.
Диас Арманның кабинетіне кіргенде, ол ноутбугін шетке қойып, күлімсіреді.
— Жайғас, Диас мырза. Кеше түнде көп ойланған сияқтысың.
Диас үндемей үстелге өз баяндамасын қойды.
— Кейбір деректерде сәйкессіздіктер бар. Мен олардың қай жерде екенін анықтап шықтым.
Арман көзін сәл жұлқып, қызығушылықпен папканы ашты.
— Қызық…
Ол баяу парақтап шықты да, папканы жаба салып, үстелге қойды.
— Неге бұны маған әкелдің? Кімге сенуге болатынын білмейсің ғой? — деді.
Диас бір сәтке кідірді. Шынымен, ол Арманға сене ала ма? Бірақ дәл қазіргі жағдайда басқа жол жоқ еді.
— Өйткені бұл – менің жұмысым.
Арман үнсіз бас изеді. Сәлден кейін баяу, салмақты үнмен сөйледі:
— Сен қызық жігіт екенсің. Көп адам бұны байқамаған сыңай танытып, тыныш жүрер еді. Бірақ сен тәуекелге бардың.
— Мен жай ғана дұрыс нәрсені істедім.
— Ал дұрыс нәрсе сенің мансабыңа зиян келтірсе ше? – Арман оның көзіне тік қарады.
— Онда мен бұған лайық емеспін.
Арман аздап жымиып қойды.
— Жарайды. Мен сенің жасаған есептеріңді қараймын. Бірақ бұл туралы ешкімге тіс жарма. Егер бұл қателік болса – ешкім білмейді. Ал егер бұл біреудің әдейі жасаған ісі болса… онда біз мәселенің түбіне жетеміз.
Диас бас изеді. Бірақ біртүрлі сезімнен арыла алмады. Арман… қызық адам. Кейде ол оны қорғап жүргендей көрінеді, кейде – оны құлатқысы келетіндей.
Диас кабинетіне оралған кезде, оның үстелінде белгісіз бір хабарлама жатты. Ақ қағазда қара сиямен жазылған жалғыз сөйлем:
Диас қағазды жұдырығына қысты.
Оның жұмысқа кіргеніне бір-ақ күн болды, ал айналасында әлдене бұлыңғыр. Арман оған қол ұшын созып жүргендей көрінеді, бірақ ол бұл кеңседе жалғыз екенін келгеннен ұққан еді.
Диас ақ қағаздағы сөздерді қайта-қайта оқып шықты. "Өзіңе тым сенімді болма." — Бұл кімнің жазғаны? Бұл жай ғана ескерту ме, әлде тікелей қауіп пе?- ол оны түсіне алмады.
Ол қағазды мұқият бүктеп, қалтасына салды да, айналасына көз жүгіртті. Бөлмедегі әріптестері қалыпты тіршіліктерін жалғастырып жатыр. Бірі телефонмен сөйлесуде, екіншісі компьютерге үңілген, тағы бірі кофе алып кетіп бара жатыр. Бірақ олардың арасынан күдікті біреу көрінбейді.
Диас терең дем алды. "Бұл жай ғана психологиялық қысым болуы мүмкін. Қорықпа." деп өзін сендіруге тырысты. Бірақ ішіндегі әлдебір түйсік бұл ойға сенбеді.