February 19

Шекара / The Border

Саян үйге кіргеннен кейін, бөлмедегі тыныштық оны бірден баурап алды. Бұл үй – оның балалық шағы өткен орын. Бірақ дәл қазір ол өзін бөтен адамдай сезінді. Барлығы өзгермеген: мәрмәр еден, төбеден салбыраған қымбат люстра, үлкен терезелерден түскен күн сәулесі...

Анасы есікті асықпай жапты да, үнсіз тұрып қалды. Ол ұлына ұзақ қарады. Сенер-сенбесін білмей тұрғандай.

— Сен расымен қайтып келдің бе? — деді анасы сыбырлап.

Саян ауыр дем алды.

— Келдім, — деді жай ғана.

Анасы көзіне жас алып, қолдарын оған қарай созды, бірақ бірден тоқтап қалды. Ол ұлын құшақтағысы келгенімен, қорқақтап тұрды.

— Балам... — деді дауысы дірілдеп.

Саян оған қарап тұрды. Бұл екі жыл анасы үшін де оңай болмағанын іштей түсініп тұрған-ды. Бірақ оны жұбатар сөз таба алмады.

— Мен шаршадым, — деді ол ақырындап.

Анасы көз жасын сүртіп, басын жай ғана изеді.

— Иә, әрине. Бөлмең сол қалпы тұр.

Саян үнсіз жоғары көтерілді. Оның бөлмесі екі жыл бұрын қандай болса, сол қалпы сақталған. Жиһаздың орны да өзгермеген. Үстел үстінде бірнеше кітап жатты. Ескі фотосурет әлі де әйнек жақтауда тұр. Ол жақындап барып, суретке қарады. Бұл – оның мектеп кезіндегі суреті. Өзі күн секілді жарқырап күліп тұр. Ол кезде өмірі өзгеше еді.

Төсекке отыра кетті. Терең дем алды. Бөлмедегі тыныштық оны мазалай бастады.

Ұялы телефонын алып, экранды қарады. Бірнеше хабарлама келген. Бірақ жауап беруге құлқы болмады.

Кенет есік қағылды.

— Балам, шай ішесің бе?

— Жоқ, ана.

— Бірдеңе жегің келе ме?

— Қажеті жоқ.

Анасы жауапсыз қалған дәлізде аз уақыт тұрды да, ақырындап кетіп қалды.

Саян төсегіне қисайды. Ол бүгін алғаш рет шын мәнінде үйде екенін сезінді. Алайда бұл сезім оған жат еді.

Саян таңғы жарықтан оянып, төбеге қарап жатты. Бұл үйде екі жылдан бері болмағанын ойлағанда, кеудесіне біртүрлі салқын сезім орнады. Кеше ғана түрменің сұр қабырғаларының арасынан шыққанын елестетті. Темір есіктердің сықыры, күзетшілердің суық көзқарастары, тіпті камерадағы дымқыл иіс әлі де есінде. Бірақ ол қазір үйінде, өзінің төсегінде жатыр. Қанша тырысса да, мұнда өзін жайлы сезіне алмады.

Саян орнынан тұрды да, терезеден сыртқа көз тастады. Көше өзгермеген, баяғыдай. Аулада қызметшілер өз жұмыстарымен жүр.

Асүйден тамақтың иісі шықты. Анасы ерте тұрып, оған бірдеңе әзірлеген сияқты. Саян жуынып, үнсіз барып, дастархан басына отырды.

– Бүгін мектепке барасың ба? – деді анасы ақырын.

Саян басын изеді.

– Тым болмаса бір-екі күн демалсаңшы, балам...

– Жоқ. Кешіктім.

Анасы оны тағы да тоқтатқысы келгендей қарады. Бірақ Саянның бетінде өзгеріс болмады.

– Қиналсаң, кез келген сәтте қайта орала аласың, – деді анасы.

— Құжаттарыңды, бәрін реттеп қойдым, мектеп формаң бөлмеңде ілулі тұр. — ақырын ғана сөйлей.

Саян басын изеп, шайын ішті. Тамаққа мүлде тәбеті жоқ еді. Бірақ анасының көңілін қалдырмау үшін екі-үш қасық ботқаны әрең жеді де, жоғарыға көтеріліп кетті.

Ол киініп, айнаға қарады. Ақ жейде, қара шалбар. Кәдімгі мектеп формасы. Бірақ оның бейнесі тым қатал, тым суық көрінді.

Саян сыртқа шыққанда, таңғы салқын ауа оны аздап сергітті. Анасы дайындаған жүргізуші мен

Саян мектеп қақпасының алдында біраз тұрды. Мұнда қайта оралу оған оңай болмады. Ол осы жерден кеткен кезде, бәрі басқаша еді. Мектепке ақырын ғана аяқ басты.
Дәлізбен жүре оқушылардың шуынан Саянның басы ауырып кетті. Екі жыл бойы адамдардың мұндай еркін сөйлескеніне, күліп жүргеніне үйренбепті. Ол баяу жүріп, өзінің сыныбын іздеді.

Сыныпқа кірген сәтте, бір сәттік тыныштық орнады. Барлығы жаңа оқушыға қарады.

– О, жаңа оқушымыз келді, – деді мұғалім, оның аты-жөнін журналдан тексеріп. – Балалар, қарсы алыңдар, бұл – Саян.

— Өзіңді таныстырып өтсең, Саян, — деді мұғалім.

Саян аз-кем бөгелді.

— Есімім Мұхтаров Саян, жасым 18 де.. — дегені сол еді бәрі, аң-таң болып қалды.

– Екі жыл неге кешіктің? – деп сұрады арт жақтан біреу.

– Отбасылық жағдай, – деді ақырын.

– Бәріміз танысайық, – деді мұғалім, жағдайды жұмсартқысы келгендей. – Бұл – Әсем, – деді ол шашы ұзын, көздері ботадай қара көзді көрсете. – Ал мына жігіт – Данияр, біздің спортшы.

Данияр оған көзін сығырайта қарады.