February 13

Көлеңкедегі сенім / Shadowed trust 4 — тарау

4 — тарау

Диас таңға дейін ұйықтай алмады. Арманның сөздері, бейтаныс көліктің әрекеті, қорқыту хабарламалары – бәрі басын шырмап алды. "Мен бұл іске қалай кіріп кеттім?" – деп өзінен қайта-қайта сұрай берді.

Таң ата салысымен ол кеңсеге баруға асықты. Бірақ есіктің алдында күтіп тұрған адамды көргенде жүрегі зыр ете түсті. Тимур.

Тимур – компанияның қауіпсіздік қызметінің басшысы. Ол күлімсіреп, жақындады.

— Диас, ертерек келгенің жақсы болды. Бастық сенімен сөйлескісі келеді.

Диас бірден секем алды. Неге дәл қазір?

— Неге?

— Сен бізге қызықты болып тұрсың.

Тимурдың көзі біртүрлі суық. Диас жүрегі дүрсілдеп тұрса да, өзін ұстамды етіп көрсетті.

— Біз дегеніңіз кімдер?

— Оны бастықтың өзінен естіген дұрыс.

Тимур есікті ашып, Диасты ішке кіргізді.

༺༽༼༻༺༻༺༽༼༻

Кеңседе Диасты компанияның бас директоры – Сергей Николаевич күтіп тұрды. Орта жастағы, ақ шашты, қатаң көзқарасты адам. Ол қолындағы қаламды үстелге қойып, сабырлы үнмен сөйледі.

— Диас, сен біздің компанияда жаңадан жұмыс істеп жатқаныңды білеміз. Бірақ тым көп сұрақ қойып жүрген секілдісің.

Диас бір сәтке демін ішіне тартты.

— Сұрақ қою – заңсыз емес қой.

Сергей жымиды.

— Әрине. Бірақ кейбір сұрақтар сені қажетсіз жерге апаруы мүмкін.

Диас өзіне бақылау жасалып жатқанын енді толық түсінді.

— Сіз мені қорқытып тұрсыз ба?

— Жоқ, керісінше, сені қорғап тұрмын.

Сергей орнынан тұрып, терезеге жақындады.

— Бұл жерде жұмыс істегеніңе аз уақыт болды, бірақ сенің ақылды екеніңді байқауға болады. Сондықтан сені екі жолдың бірін таңдауға шақырамын.

Диас жұтынып, оның сөзін күтіп тұрды.

— Біріншісі – сен осы жерден шығып, ештеңе болмағандай жұмысыңды жалғастырасың. Сол кезде бәрі тыныш болады.

— Ал екіншісі?

Сергей бұрылып, оған тік қарады.

— Екіншісі – сен өз ісіңді жалғастырасың, бірақ бұл сен үшін қауіпті болады. Кейбір есіктер жабылады, ал кейбіреулері саған мүлде ашылмауы мүмкін.

Диас өзінен сұрады: "Бұл не? Мені сатып алу ма, әлде алдын ала ескерту ме?"

Сергей үнсіз қалды. Ол Диастың жауабын күтті.

Диас терең дем алды. Оның шегінетін ойы жоқ еді.

— Мен екінші жолды таңдаймын.

Тимур езу тартты.

— Осыны күткен едім.

— Неге?

— Себебі біз де саған ұсыныс жасағымыз келеді.

Диас көзін сығырайтты. "Бұл не ойын?"

Сергей жымиып қойды.

— Сен бізге жұмыс істейсің, бірақ өз пайдаң үшін. Бұл саған да тиімді болуы мүмкін.

— Маған өз компанияма қарсы шығу ұсынылып тұр ма?

— Оны қалай атайтыныңды өзің біл. Бірақ сен бізге көмектесе аласың.

Диас ішінен ойланып тұрды. Бұл енді қарапайым ойын емес еді.

Диас үстелдің шетінде отырып, Сергейдің сөздерін ой елегінен өткізіп жатты. "Бұл мен үшін мүмкіндік пе, әлде тұзақ па?"

Сергей өз шешімін күтті. Ал Тимур болса, күлімсіреп, оның реакциясын бақылап тұр.

— Мен біраз ойлануым керек, — деді Диас, дауысын барынша байсалды етіп.

Сергей басын изеді.

— Әрине. Бірақ көп кешіктірме. Кейбір мүмкіндіктер бір-ақ рет беріледі.

Диас жай ғана басын изеп, кеңседен шықты. Ол дәлізде қалтасынан телефонын алып, бірден Арманға хабарласты.

— Кездесуіміз керек. Дереу.

— Жақсы. Бәрі ойдағыдай ма?

— Олай деуге келмейді. Кездескенде түсіндіремін.

Олар әдеттегі кафеде кездесті. Арман әрдайым салқынқанды болатын, бірақ бүгін оның жүзінде алаңдаушылық байқалды.

— Айт, не болды?

Диас терең дем алып, Сергей мен Тимурдың ұсынысын айтып берді. Арман оны үнсіз тыңдады, бірақ көздерінде біртүрлі от ұшқындап тұрды.

— Жаңағы көлік, хаттар – бәрі бекер болмаған ғой, — деп Арман үстелді тырнап өтті.

— Иә. Олар менің артық сұрақтар қойғанымды байқапты. Бірақ мен не істеуім керек? Келісе салайын ба?

Арман оған тік қарады.

— Сен шынымен бұны сұрап тұрсың ба?

— Мен тек…

— Диас, олар сенің кім екеніңді, қандай адам екеніңді тексеріп жатыр. Егер сен келіссең, олар сені өз адамдарындай қабылдайды. Сосыр сенің өмірің тек өзіңе ғана тиесілі болмай қалады.

Диас ойланып қалды.

— Ал егер бас тартсам?

— Онда сен олардың жауына айналасың.

Диас бір сәтке үнсіз қалды. "Бұл мен күткен жауап емес еді."

— Шындығында бұл тек компания емес, иә? — деді ол ақырын.

Арман ауыр демалды.

— Иә. Бұл тек бизнес емес. Бұнда саясат бар, адамдардың тағдыры бар, тіпті заңсыз әрекеттер бар. Егер сен олармен келіссең, сенің артыңда көлеңке қалады.

Диас өз қолдарын қысып, ойланды. Ол тәуекелге дайын екенін білетін, бірақ қаншалықты тереңге бататынын түсінбеген еді.

— Сен не істер едің?

Арман көзін жұмып, сосын қайта ашты.

— Мен сенің жағыңдамын. Мен сені жоғалтқым келмейді.

Диастың жүрегі дүрсілдеп кетті.

— Жоғалтқың келмейді ме?

Арман көзін тайдырмады.

— Иә. Сен бұл ойында жалғыз емессің.

Диас терең дем алды. Оның алдында екі жол тұр: қуат пен билікке жол ашу немесе бәрін тастап, тыныш өмірге оралу. Бірақ шындықты білгеннен кейін бұрынғы өмірге оралу мүмкін бе?

Ол таңдау жасауға тиіс.