February 15

Шекара / The Border

Пролог

Темір есік гүрс етіп жабылды. Саян орнынан қозғала алмай, сол жерде біраз тұрды. Қақпа сыртындағы дүние оған бейтаныс болып көрінді. Күннің жылы шуағы да, еркіндіктің иісі де оны қуанта алмады. Ол жай ғана қалтасындағы ескі телефонды ұстап, терең дем алды. "Болды, бітті", – деп күбірледі ішінен. Бірақ осы сөздің шынайылығына өзі сенбеді.

Жол бойы ешкімге көз салмады. Қала өзгермеген сияқты, бірақ Айдардың көзінде бәрі бөтен еді. Екі жыл – аз уақыт емес. Көшедегі таныс дауыстар да, жүгіріп жүрген балалар да, бәрі-бәрі оған басқа әлемнің бір бөлшегіндей көрінді. Ол бұл жерге өзін мүлде жат секілді сезінді.

Зәулім үйдің алдында біраз кідірді. Терең дем алып, есікті ақырын қақты. Бірнеше секунд үнсіздік. Сосын асығыс, тіпті қорқақ қадамдар естілді. Кенеттен есік айқара ашылып, анасы есік алдында сілейіп тұрып қалды.

– Айдар... – Оның үні сыбырға ұқсап шықты.

Көздері шарасынан шығып, сенер-сенбесін білмей тұр. Бірнеше секунд үнсіз қарап тұрды да, кенеттен көзінен жас парлап кетті. Дірілдеген қолдарын ұлының бетіне жақындатып, бірақ ұстап үлгермей, қайтадан шегінді.

– Сен... сен келдің бе? Шынымен сенсің бе?

Айдар басын изеді. Анасы сол сәтте тізерлеп отырып жылап жіберді.

– Балам... кешір... мен сені жалғыз тастап кеттім... ештеңе істей алмадым...

Айдар үнсіз тұрды. Оның да тамағына тас тұрғандай болды, алайда көз жасы шықпады. Ол анасының дірілдеген қолдарын ақырын өзіне қарай тартып, алғаш рет күлімсірегендей болды.

– Мен үйдемін, ана.

Анасы оны құшақтай, мауқымына баса жөнелді. Бірақ ұлының денесі қатты, суық еді. Бұл құшақ оны жылытқан жоқ.

Үй ішіне кіргенде, барлығы бұрынғыдай көрінді. Бірақ бір нәрсе өзгерген. Ол енді бұл жерге бөтен адам секілді еді.