Көлеңкедегі сенім / Shadowed trust 1 — тарау
Диас үшін соңғы бірнеше ай аздап ауыр болды. Университетті тәмамдағаннан кейін үлкен үмітпен жұмыс іздей бастады, бірақ тәжірибесіз жас маман үшін оған есіктер ашыла қоймады. Ол қаладағы орта деңгейлі компанияларға түйіндеме жіберіп, үміттеніп жүрді. Алайда күтпеген жерден "Altay Invest" компаниясынан шақырту алды. Ол қобалжығаннан не істерін білмей сасқалақтап қалды.
Бұл компания – елдегі ең беделді қаржы институттарының бірі, қатаң тәртіп пен жоғары талаптарымен танымал. Мұнда тек мықтылар ғана жұмыс істей алады.
Диас сұхбатқа дайындалу үшін түн ұйқысын төрт бөлді. Таңғаларлығы, интервью өзі күткеніндей қиын болмады. HR маманы тек бірнеше стандартты сұрақ қойды, ал шешімді қабылдайтын адам – Мұхтар Ерғалиев, қаржы бөлімінің директоры, оны бірден қабылдады.
— Бізге жігерлі, тәуекелшіл адамдар керек, – деді Мұхтар сұқбат кезінде. – Бұл жерде әлсіздерге орын жоқ. Сен дайынсың ба? — деп дөп қоя салды.
Диас өзін жинап, сенімді түрде жауап берді:
— Иә, дайынмын.
Мұхтар басын изеп, аз ғана жымиды да.
— Керемет. Ертеңнен бастап жұмысқа кірісе берсең болады - деді.
Диас үшін бұл шешім тым жылдам болып көрінді. Мұндай компаниялар әдетте бірнеше кезеңдік сұхбат өткізетін. Бірақ қуаныштан ол бұл жайтқа көп мән бермеді.
Кеңсенің есігін ашқан сәтте-ақ, Диас біртүрлі атмосфераны сезінді. Әр адам өз ісімен әлек, артық әңгіме жоқ. Кеңседегі адамдар жылы жүзді көрінгенімен, көздерінде әлдебір суықтық бар.
Әрине, оны ресми түрде қаржы талдаушысы ретінде қабылдады. Бірақ алғашқы күннен-ақ бұл жұмыс тек есептермен шектелмейтінін ол түсінді.
Оны компаниядағы тәжірибелі маман Арман Қуанышов жетекші ретінде қабылдады.
Арман – өз ісінің шебері. Оның әр қимылы, дауысы, көзқарасы сенімділікке толы. Ұқыпты киінген, өзіне сенімді, сабырлы. Бірақ Диас оны алғаш көргенде-ақ, біртүрлі қыспақ сезді. Арманның көзқарасы тым өткір еді.
— Бұл компанияда әркім өз жетістігі үшін күреседі, – деді Арман кабинетінде шай ішіп отырып. – Мен саған көмектесемін, бірақ сенің орныңды бұл жерде ешкім кепілдендіріп қойған жоқ. Мұнда не өрлейсің, не құлайсың. Орта жолда қалатындар жоқ.
Диас күлімсіреуге тырысты.
— Мен барымды саламын.
Арман жымиып қойды. Бірақ ол жымиғанда көздері салқын күйінде қала берді.
— Көрейік - деп ноутбугіне көзін тастады.
Ол ноутбугін ашып, экранға бір файл шығарды.
— Міне сенің бірінші міндетің. Осы инвестициялық жобаны талдап, ертең таңертең маған ұсыныс жасауың керек.
Диас файлды ашты. Бұл – шетелдік бір қордың Қазақстан нарығына инвестиция салу мүмкіндігі туралы есеп екен. Бір қарағанда қарапайым көрінеді, бірақ егжей-тегжейлі зерттеуді талап етеді.
— Келістік, – деді Диас.
Арман көзін қысқа ғана қыса:
— Бір кеңес. Мұнда сенің сенімің – ең әлсіз тұсың болуы мүмкін. Ешкімге толықтай сенбе. Тіпті маған да.
Диас аздап күлімсіреді.
— Сіз маған сізге сенбеуіме кеңес беріп отырсыз ба?
Арман аз-кем үнсіз отырды да, күліп жіберді.
— Алғашқы күні-ақ әзілдесуге дайын екенсің. Қызық.
Ол көзін қысқа ғана жүгіртіп, терең ойланғандай көрінді. Бірақ ештеңе демеді.
— Жақсы, саған жұмысыңды істеуге мүмкіндік берейін. Қане көрсетші өзіңді.
Диас кабинеттен шығып бара жатып, бір сәтке артына қарады. Арман әлі де оның соңынан қарап тұр екен. Бірақ бұл көзқараста жай ғана бақылау емес, әлдебір… қызығушылық бардай.
Кешкі сағат тоғыз. Кеңседе қызметкерлердің көбі үйлеріне кетіп қалды. Бірақ Диас әлі де жұмыс орнын да отыр. Ол өзінің алғашқы тапсырмасын мінсіз орындауы керек екенін жақсы біледі.
Біраз уақыттан кейін ол Арман жіберген файлдағы кейбір ақпараттардың күмәнді екенін байқады. Қаржылық есептерде сәйкессіздіктер бар екер. Бірнеше сандар шындыққа жанаспайды.Диас ойланып қалды.
Осы сәтте кабинетке біреу кірді. Арман екен.
— Әлі осындасың ба?
Диас бас изеді.
— Жұмысты ертеңге қалдыру – менің стилім емес.
Арман оған аздап жымиып қарады. Бірақ оның көздерінде тағы да түсініксіз бірнәрсе бар еді.
— Жақсы қасиет. Бірақ мұнда тіпті еңбекқорлықтың өзі әркімді құтқара бермейді.
Диас оның дауысының түбінде бір ескерту жатқанын сезді.
— Не айтқыңыз келіп тұр?
Арман оның алдына отырды да, сәл еңкейіп, байыппен сөйлей бастады:
— Бұл компаниядағы адамдар екі түрлі болады. Біріншісі – үнемі қателесіп, көтерілуге мүмкіндік алмайтындар. Екіншісі – жағдайды бақылап, өз орнын сақтап қалатындар. Сен қайсысы боласың?
Диас жұтынды.
— Үшінші түрі жоқ па?
— Жоқ.
Арман орнынан тұрып, кеңседен шығып бара жатып,Диастың иығынан жеңіл ұрып қойды.
— Ертең не шешетініңді көрейік.
Диас жалғыз қалды. Бірақ ол өз ойларымен де, алдындағы тапсырмамен де емес, Арманның соңғы сөздерімен әуре болып кетті.