January 15

«Уа, Адам баласы! Артық қалғанын жұмсауың – өзің үшін қайырлы, ал оны ұстап қалуың – өзің үшін жаман. Өз қажеттілігің мөлшерін ғана ұстағаны үшін айыпталмайсың. Ал (садақаны) асырауыңа міндетті болғандардан баста».

Әбу Умама жеткізген хадисте Пайғамбарымыз ﷺ айтты: «Уа, Адам баласы! Артық қалғанын жұмсауың – өзің үшін қайырлы, ал оны ұстап қалуың – өзің үшін жаман. Өз қажеттілігің мөлшерін ғана ұстағаны үшін айыпталмайсың. Ал (садақаны) асырауыңа міндетті болғандардан баста». Хадисті Муслим риуаят етті.

Мулла Әли әл-Қари әл-Ханафи әл-Матуриди «Мирқату әл-Мәфәтих шарх Мишкат әл-Масабих» (хадис нөмір: 1320) кітабында хадистің түсіндірмесінде айтты:

«(«Уа, Адам баласы! Артық қалғанын жұмсауың) яғни, қажеттілік пен күнкөріс мөлшерінен артылғанды жұмсауың (өзің үшін қайырлы) яғни, дүниеде де, ақыретте өзің үшін игілік.

Мәтінде жалпы «дүниенің барлығын» емес, дәл «артылып қалғанын» деп айтылуы – адамның мал-мүлкін ысырап етуіне болмайтынын меңзейді. Өйткені хадисте: «Адамға қарауындағы (ата-анасын, әйелін, бала-шағасы секілді) адамдарды қараусыз қалдыруы күнә ретінде жетеді» – деп келген.

Сондай-ақ, бір адам жұмыртқадай алтын алып келіп: «Уа, Аллаһ Елшісі ﷺ, мұны садақа ретінде алыңыз, бұдан басқа еш нәрсем жоқ», – дейді.
Аллаһ Елшісі ﷺ одан теріс бұрылады. Ол сөзін үш рет қайталаған соң, Пайғамбар ﷺ алтынды алып, оны қатты лақтырғаны сонша, егер біреуге тисе ауыртар еді. Сосын былай деді: «Сендердің біреуің бар малын әкеліп: “Міне, садақа” дейді де, кейін адамдардан тіленіп отырады. Садақаның ең абзалы – байлықтан артылғанынан берілген садақа».

Мұндағы «байлық» екі мағынада түсіндіріледі:
– Материалдық байлық: бергенінен артылып қалатындай малының болуы;
– Жүрек байлығы: Раббысының кеңшілігіне толық тәуекел еткен рухани байлық.

Сол себепті Әбу Бәкір (Аллаһ одан разы болсын) барлық малын садақа еткенде, Аллаһ Елшісі ﷺ оның жағдайын толық білгендіктен, оған рұқсат берді. Ал Омар (Аллаһ одан разы болсын) солай жасағысы келгенде, Пайғамбар ﷺ оған малының бір бөлігін қалдыруды бұйырды;

(ал оны ұстап қалуың) яғни, сол артылып қалған дүниені бермей, жинап ұстауың – (өзің үшін жаман) яғни, Аллаһ алдында да, адамдар алдында да жаман. (Өз қажеттілігің мөлшерін ғана ұстағаны үшін айыпталмайсың) – адамды өзгеден мұқтаж етпейтін, күнкөріске жететін ризық. Яғни, адам сол мөлшерді сақтағаны, жинағаны немесе тапқаны үшін айыпталмайды.
Ал одан артығын сақтап, садақа бермесе – сараң, айыпталушы болады. ((Садақаны) алдымен өзің жауапты болған жандардан баста») яғни, күнкөрісінен артылғанды ең алдымен өз қарауыңдағы, нәпақасы саған міндет болған адамдарға беруден баста».