«Аллаһ ол екі күннің орнына сендер үшін әлдеқайда қайырлысын берді: Құрбан және Рамазан айты».
Хазіретті Әнәс ибн Мәлик, Аллаһ одан разы болсын, жеткізген хадисте айтты: «Пайғамбар ﷺ Мәдинаға келген кезінде, олардың тойлайтын екі күндері бар болатын. Пайғамбарымыз ﷺ: «Бұл екі күнді не үшін атап өтесіңдер?», - деп сұрады. Олар: «Жәһилдік дәуірде біз бұл екі күнді көңіл көтеріп, атап өтетін едік» - деп жауап берді. Пайғамбарымыз ﷺ оларға былай деді: «Аллаһ ол екі күннің орнына сендер үшін әлдеқайда қайырлысын берді: Құрбан және Рамазан айты»». Хадисті Әбу Дәуіт жеткізді.
Мулла Әли әл-Қари әл-Ханафи әл-Матуриди «Мирқату әл-Мәфәтих шарх Мишкат әл-Масабих» (хадис нөмір: 1439) кітабында хадистің түсіндірмесінде айтты:
«(«Пайғамбар ﷺ Мәдинаға келген кезінде) яғни, Меккеден һижра жасап келген кезде, (олардың) ат-Тыйби айтты: «Яғни, бұл жерде "олардың" (яғни Мәдина халқында) деген нақты сөз айтылмаса, біз "олар" дегенді ансарлар немесе сахабалар деп шатасып түсініп қояр едік. Сол үшін бұл нақтылау маңызды болды»; (тойлайтын екі күндері бар болатын) бұл екі күн: “Наурыз” және “Мәһражан” күндері болатын. Бұны хадис түсіндірмешілер айтып өткен. «Әл-Қамус» сөздігінде: «Наурыз» – жылдың алғашқы күні. Бірде хазіретті Әлиге, Аллаһ одан разы болсын, тәтті тағамдар әкеліп, ол бұның не үшін екенін сұрайды. Оған: «Наурызға арналған тағам», – деп жауап береді. Сонда ол: «Біздің наурызымыз – күн сайын», – дейді¹. Ал “Мәһражан” туралы: «Біздің Мәһражанымыз – күн сайын», – деп айтқан.
¹Бұл сөз мақтау емес, керісінше, даттау және ескерту мәнінде айтылған. Яғни, «біз үшін арнайы мұндай пұтшылдық немесе отқа табынушылардың мейрамын бөліп қараудың қажеті жоқ, біз үшін әр күн Аллаһқа құлшылықпен, ізгі амалмен мереке» деген ойды білдіреді.
Наурыз – кеңінен танымал мейрам. Бұл күн – күн мен түн теңеліп, күннің Тоқты шоқжұлдызына кіретін күні. Бұл – күн есебі бойынша жылдың басы, ай есебі бойынша жылдың басы – Мұхаррам айының бірінші күні секілді.
Мәһражан – шариғат түсіндірмешілерінің айтуынша, бұл – күннің Таразы шоқжұлдызына кіретін күні. Бұл екі күн – ауа райының бірқалыпты болатын: ыстық та емес, суық та емес, күн мен түн теңелетін мезгілдер.
Сол себепті ежелгі астрономияға жақын данышпандар бұл күндерді ерекше санап, мейрамға айналдырған. Кейінгі адамдар да өз ғұламаларының ақылын кемел деп сеніп, соларға еліктеп бұл мейрамдарды жалғастырған.
Алайда Пайғамбарлар келіп, бұл ақыл иелері (фәлсәфашылар, жұлдызнамашылар) негіз еткен мейрамдарды жойды. (Пайғамбарымыз ﷺ: «Бұл екі күнді не үшін атап өтесіңдер?», - деп сұрады. Олар: «Жәһилдік) яғни, исламнан бұрынғы надандық (дәуірде біз бұл екі күнді көңіл көтеріп, атап өтетін едік» - деп жауап берді. Пайғамбарымыз ﷺ оларға былай деді: «Аллаһ ол екі күннің орнына сендер үшін) яғни, бұл дүниелік және ақыреттік жағынан (әлдеқайда қайырлысын берді) бұл жердегі «қайырлы» деген сөз «абзалдықты» емес, абсолюттік жақсылықты меңзейді [яғни, Құрбан айт пен Ораза айт – Наурыз бен Мәһражаннан абзал деген мағынада емес]. Яғни, бұл жердегі «әлдеқайда қайырлы» дегеннің мағынасы – бұрынғы екі мейрамда (яғни, Наурыз бен Мәһражан) мүлде, ешқандай «қайыр» жоқ дегенді білдіреді: (Құрбан және Рамазан айты»): Құрбан айт бірінші аталып тұр, өйткені ол үлкен айт (әл-Иду әл-Акбар). Бұл — ат-Тыйби айтқан пікір.
Бұл күндерінде, яғни Наурыз бен Мәһражанда, ойнап-күлуге, көңіл көтеруге тыйым салынды, хадисте өте жұмсақ ескерту бар. Бұл екі (Құрбан мен ораза) айт күндері құлшылық ету бұйырылды, себебі шынайы қуаныш пен шаттық — сол құлшылықта. Аллаһ Тағала айтты: ﴾(Уа, Мұхаммед!) Оларға: «Бұл тек Аллаһтың шексіз шарапаты мен рақымының арқасы. Ендеше, (адамдар) тек осыған ғана қуансын! Өйткені бұл олардың бүкіл жиған-тергенінен әлдеқайда артық», – деп айт﴿.
Имам әл-Мәзһар былай деді: «Бұл аят пен хадисте — Наурыз, Мәһражан және өзге де (кәпірлердің) мейрамдарын ұлықтауға тыйым салынғанына дәлел бар».
Әбу Хафс әл-Кәбир әл-Ханафи айтты: «Егер кімде-кім Наурыз күніне байланысты мүшрікке құрмет ретінде бір жұмыртқа сыйласа, ол Аллаһу Тағалаға қарсы күпірлік еткен болады әрі оның амалдары жойылады».
Қазы Әбу әл-Мухасин, әл-Хасан ибн Мансур әл-Ханафи, айтты: «Кім бұл күні (яғни, Наурызда) әдетте сатып алмайтын бір нәрсені сатып алса, не басқа біреуге сыйлық берсе — егер бұл әрекетті кәпірлер секілді осы күнді ұлықтау ниетімен жасаса, онда бұл — күпірлік. Ал егер жай ғана демалу, серуендеу мақсатында сатып алса, немесе әдеттегі өзара сыйласу ретінде ғана сыйлық берсе — онда бұл күпірлік емес, бірақ кәпірлерге ұқсау сипатында болғандықтан — мәкруһ (тахрим) болады. Сондықтан ондай істерден бой тартқан жөн».
Мекке халқы да Қағбаға кіру күндерін мереке ретінде атап өтетін. Бірақ бұл – жоғарыда айтылған тыйымға кірмейді. Алайда Ашура күні қуаныш көрсету – харижиттерге еліктеу болып табылады², ал қайғы-қасірет белгілерін ашық көрсету – рафидилердің әдеті. Екіншісі біріншісіне қарағанда жеңілірек болса да, екеуінен де аулақ болу абзал. Өйткені бұлар – жаман бидғаттар. Олар насабилердің мансапта болған кездерінде және шииттердің үстемдігі жүріп тұрған заманда пайда болды. Ал Мекке халқы, Аллаһқа шүкір, бұл екеуінен бейхабар, олардың мән-жайын білмейді.
Рафидилер отқа табынушыларға (мәжусилерге) қосылып, Наурызды да ұлықтайды. Оны былайша дәлелдейді: осы күні хазіретті Осман өлтірілген және халифалық Әлиге, Аллаһ екеуіне разы болсын, бекітілген дейді. Мұндай сөздің арсыздығына қарамастан, мен бұны мұндайға ұқсамаудан сақтандыру үшін айтып отырмын.
Ибн Хаджар айтты: «Осы бәлеге Мысыр халқы мен соларға ұқсастар да түсті. Өйткені ол жақтағы яһудилер мен христиандар өздерінің мейрамдарын шамадан тыс дәріптейді. Олардың көпшілігі соларға еліктеп, сол дәріптеулердің түрлерін қайталайды: тамақты молайту, сәндену – бәрі кәпірлердің істегеніне ұқсас. Сондықтан ибн әл-Хадж әл-Мәлики өзінің «әл-Мадхал» атты еңбегінде бұл істерді қатаң айыптады, мұсылмандардың оларға қалайша ұқсағанын, қандай әрекеттерін қайталағанын ашып көрсетті. Тіпті ол былай деген: «Кейбір ғалымдардың әйелдері күйеуіне кәпірлердің мерекелерінде істейтін нәрселерді өздері үшін де жасатуды бұйырады, ал күйеуі келісіп, солай істейді»».
(Хадисті Әбу Дәуіт жеткізді) және хадис жайлы еш нәрсе айтпады, сондай-ақ әл-Мунзири де хадиске қатысты үнсіз қалған. Хадисті тағы әт-Тирмизи мен ән-Нәсәи да жеткізген. Мұны Мирк те келтіреді».