May 20

«Тозақ нәпсіқұмарлқпен, жәннат қиыншылықтармен қоршалған».

Хазіретті Әбу Һурайрадан риуаят еткен хадисте: «Аллаһ Елшісі ﷺ айтты: «Тозақ нәпсіқұмарлқпен, жәннат қиыншылықтармен қоршалған» (Хадисті Бухари мен Муслим риуаят етті. Бірақ Муслминің риуаятында «қоршалған» деген сөздің орнына «перделенген» деп келеді).

Мулла Әли әл-Қари әл-Ханафи әл-Матуриди «Мирқату әл-Мәфәтих шарх Мишкат әл-Масабих» (хадис нөмір: 5160) кітабында хадистің түсіндірмесінде айтты:

(«Аллаһ Елшісі ﷺ айтты: «Тозақ) арақ пен зина секілді (нәпсіқұмарлқпен) қоршалған, (жәннат) намаз және зекет секілді (қиыншылықтармен қоршалған»)...

Ән-Нәуәуи, Аллаһ оны рақымына алсын, былай деген: «Хадистің мағынасы жәннатқа тек қиыншылықпен, ал тозаққа нәпсіқұмарлықпен ғана жетеді. Сол сияқты жәннат пен тозақ солармен перделенген. Демек, кімде-кім пердені жыртса, перделенген нәрсеге жетеді. Сонымен жұмақ пердесі қиын істер жасау арқылы, ал тозақ пердесі нәпсіқұмарлық істер жасау арқылы жыртылады. Қиындықтарға келетін болсақ, ғибадаттағы ыждахат, мойынсұнушылықта табандылық, нәпсіқұмарлықтан аулақ болуда сабыр ету және т.б. сауапты амалдар. Тозақты қоршап тұрған нәпсілерге келсек, олар ішімдік, зина, ғайбат және т.б. сияқты харам амалдар. Ал рұқсат етілген нәпсіқұмарлыққа келсек, олар бұған кірмейді. Бұл Әс-Суютидің «әл-Жәмиғу әл-Кәбир» кітабында келген Пайғамбардың ﷺ хадисімен сәйкес келеді: «Аллаһ Тағала Меккені қиыншылық пен дәрежелерге тұрғызды», яғни: Меккенің дәрежесіне қиыншылықтарға сабыр ету арқылы ғана жету мүмкін. Дұрысын Аллаһу Тағала жақсырақ біледі».