August 8

﴾Аллаһ оған: «Кет, ендеше! Олардың арасынан кімде-кім саған ерсе, жазаларың расында да жаһаннам болады. Жаза болғанда да жетіп артылатын жаза!» «Білгеніңді істе, шамаң келгенді сұрқия дауысыңмен азғыра бер﴿.

Аллаһ оған (Ібіліске): «Кет, ендеше! Олардың арасынан кімде-кім саған ерсе, жазаларың расында да жаһаннам болады. Жаза болғанда да жетіп артылатын жаза!» «Білгеніңді істе, шамаң келгенді сұрқия дауысыңмен азғыра бер﴿ «әл-Исра» сүресі, 64 аят.

Тура жолдың имамы болған Имам Әбу Мансур әл-Матуриди әл-Ханафи (һ. 333 ж.қ), Аллаһ оған разы болын, өзінің әйгілі «Тәуиләт әһли әс-сунна» тәпсірінде аяттағы «шайтанның сұрқия дауысы» деген сөздің түсіндірмесінде айтты:

Аллаһу Тағаланың ﴾сұрқия даусыңмен﴿ деген сөзі үш түрлі мағынада түсіндірілуі мүмкін:

Біріншісі: мұны шынайы дауыс мағынасында түсінуге болады. Яғни, шайтанның адамдарды шақыратын даусы бар. Ол дауысты адамның болмысындағы жасырын нәпсі естиді, ал (құлақ секілді) сыртқы болмысы оны естімейді. Бұл адамның жүрегіне кейбір нәрселердің келуі секілді: адам оның қайдан келгенін, қайдан туындағанын және не үшін жүрегіне салынғанын білмейді. Сондай-ақ шайтан жүректерге түрлі нәрселерді сыбырлайды, бірақ адам оның қалай болғанын білмейді әрі оны аңғара алмайды.

Осыған орай, шайтанның адамдарды шақыратын даусы болуы мүмкін. Біз оны (құлағымызбен) естімесек те, ол сол дауысты нәпсіге естіртеді. Сыртқы болмыстың естуі де, көруі де осы жасырын нәпсі арқылы жүзеге асады. «Жасырын нәпсі» дегенім – осы. Ұйықтап жатқан адамның түрлі нәрселерді көретінін байқамайсың ба? Тіпті ол дүниенің ең алыс жерінде жүргенін көреді, ал оның сыртқы тәні осы жерде жатыр. Мұның барлығы жасырын нәпсі арқылы болады.

Екіншісі: бұл сөзді шынайы дауыс мағынасында емес, теңеу ретінде түсінуге болады. Дауыс адамдардың бір-біріне хабар жеткізуіне және алыстан бірін-бірі шақыруына себеп болғандықтан, мұнда «дауыс» сөзі шайтанның адамдарға алыстан уәсуәсә салып, сол арқылы оларды Аллаһқа қарсы күнә істеуге шақыруының орнына қолданылған.

Сол сияқты Хасан да Аллаһу Тағаланың:

﴾Содан шайтан оны: «Уа, Адам! Саған мәңгілік ағашын әрі әсте зауалға ұшырамайтын патшалықты көрсетейін бе?» – деп азғырды﴿ («Таһа» сүресі, 120-аят) деген сөзі жайында: «Ол оған жақындамай-ақ, алыстан уәсуәсә салды», – деген.

Үшіншісі: бұл жерде ән айту, музыкалық аспаптарды қолдану және басқа да күнәларды істейтін әрбір күнәһардың ісін шайтанға телу мағынасы болуы мүмкін. Яғни әрбір күнәһар мен адасушының ісі шайтанға телінеді.

Бұл істер шайтанның өз ісі болмаса да, оған телінеді. Мұса ﷺ да:

﴾Мұса әлгі адамды бір-ақ ұрып, өлтіріп қойды. Соңынан ол: «Бұл (төбелес) әзәзіл шайтанның ісі﴿, – деген («Қасас» сүресі, 15-аят).

Сондай-ақ:

﴾Саған ол жайлы айтуды маған ұмыттырған шайтан ғой﴿, – делінген («Кәһф» сүресі, 63-аят).

Негізінде, бұл шайтанның тікелей жасаған ісі емес. Алайда ол шайтанның бұйыруы мен шақыруы арқылы істелгендіктен, оған телінген.