Дін үшін тұрмыста үнемшіл болу.
Сахабалардың көпшілігі, соның ішінде мүміндердің әмірі Омар әл-Фаруқ та дәулетті, ауқатты адамдар еді. Жорықтардан түскен олжалардан олардың мол кірістері болатын. Алайда олар өздеріне жұмсауда үнемшіл болып, қарапайым өмір сүретін. Тамақ пен киімде молшылық пен жайлы тұрмыстан гөрі қарапайымдық пен қатаң тұрмысты артық көретін.
Тіпті олардың кейбірі тірі кезінде жағдайы жақсы, ауқатты бола тұра, мойнында қарызы бар күйде дүниеден өтті. Өйткені ол мал-дүниесін игілік жолдарына жұмсап кеткен еді.
Себебі олар Аллаһ жолында және қайырлы істерге мал жұмсауды жақсы көретін, қолдарындағы дүние-мүлік пен байлыққа сараңдық танытпайтын. Олардың өзі мұқтаж бола тұра, қолындағы бар дүниесін жұмсап жіберетін.
Өйткені мүмін адам өзінің бүкіл мал-дүниесін Аллаһ жолында жұмсау үшін берілген деп біледі. Малды таза, адал жолдармен жинап, кейін Аллаһу Тағаланың разылығын көздеп, оны қайырлы істерге жұмсайды.