Ғұлама мухаддис, фақиһ, имам Мухаммад Ғабид әс-Синди әл-Ханафи ән-Нақшбанди رحمه الله تعالى
Өз дәуірінде Мәдина қаласы мухаддистерінің басшысы саналған — шейх, имам, ғалым, хадисші, фақиһ Мухаммад Ғабид ибн Ахмад Әли ибн Мухаммад Мурад ибн Яқуб әл-Хафиз ибн Махмуд әл-Ансари әл-Хазражи. Ол — Әбу Әйюб әл-Ансаридің ұрпағынан.
Шейх Синд өлкесіндегі Хайдарабадтың солтүстігінде, өзен жағасында орналасқан «Сиуан» атты елді мекенде дүниеге келген. Атасы өз туыстарымен бірге араб жеріне һижрет еткен. Атасы «Шейхул-Ислам» деген лақаппен танылған, ілім мен ізгіліктің иесі болған адам еді. Әкесі Жидда қаласында қайтыс болды.
Шейх шамамен һижри 1190 (миләди 1776) жылы дүниеге келген. Кейін шейх Мухаммад Әбид әс-Синди өзінің көкесі шейх Мухаммад Хусейнмен бірге Хижаз жерінен Йеменге сапар шекті. Бұл шамамен һижри 1208 (миләди 1793) жылдары болған.
Ол көбіне Йемендегі атақты «Зәбид» қаласында тұрғандықтан, тіпті сол жердің адамдарының қатарынан саналған. Сондай-ақ Йеменнің Сана қаласына да барып, сол жерде тұрақтаған. Өмірінің бір бөлігін олардың әміршісін емдеумен өткізді әрі уәзірдің қызына үйленді.
Шейх Мухаммад Ғабид оқыған ілімдерінің басым бөлігін өзінің көкесі Мухаммад Хусейн ибн Мухаммад Мурадтан алды. Кейін Йемен мен Хижаз ғалымдарынан білім үйренді. Олардың ең көрнектілері:
1 — Ғұлама Абдур-Рахман ибн Сулайман ибн Яхья ибн Умар әл-Әһдәл. Шафиғи мәзһабын ұстанғанымен, Зәбид қаласының мүфтиі болған. Һижри 1250 (миләди 1834) жылы қайтыс болды.
2 — Шейх Юсуф ибн Мухаммад ибн Алауд-Дин әл-Музәжжәжи әз-Зәбиди әл-Ханафи. Ол — ұлы ғұлама, муснид, хафиз, риуаят пен дираят ілімдерінде озық шыққан ғалым еді. Ханафи мәзһабындағы пәтуа ісі соған сүйенетін. Шейх Мухаммад Ғабид одан Йеменнің Зәбид қаласында һижри 1213 (миләди 1798) жылы «мусәлсәл бил-әууәлия» хадисін естіген. Оның туылған жылы — һижри 1140 (миләди 1727) жыл.
3 — Шейх, ғұлама Мухаммад Таһир Сунбул ғұлама Мухаммад Саид Сунбулдің баласы. Ол өзінің әкесінен — «әл-Әуәил әс-Сунбулия» кітабының авторынан риуаят етеді. Әкесі һижри 1175 (миләди 1761) жылы қайтыс болған. Шейх Мухаммад Ғабидтің шейх Мухаммад Таһирден «Сахих әл-Бухариға» қатысты арнайы ижазасы әрі жалпы ижазасы болған. Шейх Мухаммад Таһирдің өзі һижри 1218 (миләди 1803) жылы қайтыс болды.
4 — Меккелік муфти Абдул-Мәлик әл-Қуләи. Һижри 1228 (миләди 1813) жылы қайтыс болған.
5 — Шейх Салих ибн Мухаммад ибн Нух әл-Умари әл-Фулләни әл-Мәкки әл-Мәдәни. Һижри 1218 (миләди 1803) жылы қайтыс болған. Оның кітаптарының қатарында басылып шыққан «Қатф әс-сәмәр фи әсәнид әл-мусаннафат фил-фунун уәл-әсәр» атты еңбегі бар. Сондай-ақ «Ийқаз һимәм улил-әбсар лил-иқтида бисәййид әл-муһәжирин уәл-әнсар» атты кітабы да басылған. «әл-Фулләни» деген текке жатқызу— Судан жеріндегі Фулан атты тайпаға әрі халыққа қатысты айтылады. Ол сол халықтың ортасында дүниеге келіп, сонда өскен.
6 — Шейх Абдуллаһ ибн Мухаммад ибн Абдул-Уәһһаб ән-Нәжди әт-Тәмими. Һижри 1242 (миләди 1826) жылы қайтыс болған.
7 — Шейх Абдуллаһ ибн Мухаммад ибн Исмаил әс-Санғани — ұлы имам әрі хафиз. Ол «Субул әс-сәләм шарх Булуғ әл-мәрам» кітабының авторы әмир әс-Санғанидің ұлы. Һижри 1242 (миләди 1826) жылы қайтыс болған.
8 — Шейх Мухаммад ибн Әли әш-Шәукәни әс-Санғани, «Нәйл әл-әутар» кітабының авторы. Һижри 1250 (миләди 1834) жылы қайтыс болған. Әш-Шәукәнидің өзі «әл-Бадр әт-Талиғ» кітабында шейх Мухаммад Ғабидтің Санада өзінен дәріс оқығанын айтып, оны көп мақтаған.
Шейх Мухаммад Ғабид шамамен отыз жылдай Йемен жерінде дәріс беріп, ілім таратумен айналысты. Сондай-ақ белгілі бір уақыт Мекке мен Мәдинадағы екі қасиетті мешітте де сабақ берді. Өмірінің соңында Мәдина қаласына тұрақтап, ай сайын алты хадис жинақты (кутуб әс-ситтә) риуаят жағынан оқытатын, ал дираят жағынан әр алты ай сайын түсіндіріп шығатын. Мұны қайта-қайта жалғастырып отырды. Сонымен қатар Үндістан, Мысыр және өзге де елдерге сапар шеккендіктен, шәкірттері өте көп болды.
Кәттани оның үлкен шәкірттерінен жиырма алтысын атаған. Солардың ең танымалдары:
1 — Имам, ғалым, хадисші Абдул-Ғани ибн Әби Саид ибн әс-Сафи әл-Умари. Ол Раббани ғалымдардың бірі болған әрі шейх Ахмад ибн Абдул-Уахид әс-Сирһиндидің ұрпағынан еді. Бұл — мужаддидия тариқатының имамы.
Абдул-Ғани һижри 1230 (миләди 1815) жылы Делиде Шағбан айында дүниеге келген. Құранды жаттап, наху мен араб тілін Мәуләнә Хабибуллаһ әд-Дәһләуиден оқыды. Кейін фиқһ пен хадис ілімдеріне толықтай ден қойды. Хадисті шейх Исхақ ибн Афдал әд-Дәһләуиден — шейх Абдул-Азиздің жиенінен тыңдады. Әкесінен Мухаммад ибн Хасан әш-Шәйбанидің «әл-Муатта» кітабын оқыды. «Мишкәт әл-Масабихты» Махсус ибн Рафиғуд-Диннен оқыды. Тариқатты әкесінен алды.
Һижри 1249 (миләди 1833) жылы әкесімен бірге Мекке мен Мәдинаға сапар шегіп, қажылық жасап, зиярат етті. Сол жерде хадисті шейх Ғабид әс-Синди мен Әбу Заһид Исмаил ибн Идрис әр-Румиден риуаят етті. Кейін Үндістанға қайтып, хадис ілімімен айналысты. Одан көптеген ғалымдар білім алды.
Һижри 1273 (миләди 1856) жылы Үндістанда үлкен бүлік орын алып, ағылшындар билікті қолға алып, халыққа үстемдік жүргізген кезде, ол өз жамағатымен бірге һижазға көшті. Алдымен Меккеге барып, Қағбаның Рукні мен Хатиміне қайта қауышты. Кейін Мәдинаға қоныстанып, сол жерде тұрақтады.
Ол Мәдина халқының арасында ілім, амал, зуһд, сабыр, байыптылық, шыншылдық, аманатшылдық, ар-намыс, ықылас, Аллаһтан қорқу, Оны үнемі бақылаушы деп білу, сүннет ұстану, адамдарды Аллаһқа шақыру, көркем мінез және адамдарға пайда тигізу жағынан имам дәрежесіне жеткен тұлға болды. Дүниеге аз көңіл бөліп, одан барынша алыстаған еді. Оның мәжілісімен, дұғасымен, ықыласымен және рухани әсерімен көптеген ғалымдар мен шейхтар пайда көрді. Үндістан мен араб елдерінің адамдары оның уәлилігі мен ұлылығына келіскен.
Оның «Сунән Ибн Мәджәға» жазған «Инджәх әл-Хаджә» атты өте құнды хашиясы бар.
Ол һижри 1296 (миләди 1878) жылы Мұхаррам айының алтысында, сейсенбі күні Мәдинада қайтыс болды.
2 — Ыстанбұлдағы Шейхул-Ислам Арифуллаһ ибн Хикмәтуллаһ әт-Турки әл-Ханафи әл-Хусәйни. «Ариф Хикмәт» атымен танымал болған.
3 — Шейх Иртида Али Хан ибн шейх Ахмад Мужтәбә әл-Умари әс-Сафауи әл-Мәдәраси әл-Һинди. Кәттани оны: «Ғұлама, муснид, хадисші, қазы» деп сипаттаған. Һижри 1270 (миләди 1853) жылы қайтыс болған.
4 — Шейх Джамал ибн Абдуллаһ ибн шейх Омар әл-Мәкки. Меккедегі ханафи мәзһабының муфтиі болған. Һижри 1284 (миләди 1867) жылы қайтыс болған.
5 — Шейх Хасан ибн Ахмад ибн Абдуллаһ әд-Дамәди әл-Йәмәни. «Аакиш» деген атпен танымал болған хафиз әрі қазы. Ол шейх Мухаммад Ғабидпен ұзақ уақыт Йеменде, Меккеде және Мәдинада бірге жүрген. Һижри 1289 (миләди 1872) жылы қайтыс болған. Кей деректе һижри 1292 (миләди 1875) жылы делінеді.
6 — Шейх Дауд ибн Сулайман әл-Бағдади әл-Халиди ән-Нақшбанди әш-Шафиғи. «Ибн Жәржис» атымен танымал. Һижри 1299 (миләди 1881) жылы қайтыс болған.
7 — Ұзақ өмір сүрген тақуа, Әбу әл-Бәракәт Сайид Сафи ибн Абдур-Рахман әл-Жәфри әл-Мәдәни. Ол — шейх Мухаммад Ғабидтен риуаят еткен адамдардың ішінен дүниеде ең соңғы қалған кісі.
Шейх Мухаммад Ғабид әс-Синдидің кейбір шәкірттерін ғана атап өттік. Толығырақ білгісі келген адам Кәттанидің «Фиһрис әл-фәһәрист» кітабына жүгінсін.
8 — Шейх Мухаммад Бурһанул-Хақ ибн Мухаммад Нурул-Хақ ибн шейх Ахмад Әнуарул-Хақ әл-Ансари әл-Ләкнауи әл-Һинди. Ол ізгі құлдардың бірі болған. Үш жыл Харамейнде тұрып, хадисті шейх Мухаммад Ғабид әс-Синдиден алған. Һижри 1286 (миләди 1869) жылы қайтыс болған.
9 — Шейх Мухаммад Хайдар ибн молла Мухаммад Мубин әл-Ансари әл-Хайдарабади әл-Һинди. Ардақты ғалым әрі ханафи фақиһтерінің бірі. Ләкнауда туып-өскен. Кейін Харамейнге сапар шегіп, сол жерде шейх Мухаммад Ғабид әс-Синдиден және басқа ғалымдардан хадис риуаят еткен. Хайдарабадта қайтыс болған.
Шейх Мухаммад Ғабидтің ілім үйретуде, кітап оқуда, оларды түзетіп салыстыруда және осыған ұқсас істерде өте жоғары жігері болған. Ол жалығу мен шаршауды білмейтін адам еді.
Ол «Сахих әл-Бухари», «Сахих Муслим», «Джәмиғ әт-Тирмизи», «Сунән ән-Нәсәи», «Сунән Әбу Дауд» және «әл-Муатта» кітаптарын өте ұсақ жазумен бір томға көшіріп жазған. Бұл еңбек 575 парақтан тұрған.
Оларды көшіріп жазып қана қоймай, негізгі нұсқаларымен салыстырып тексеруді де өте қысқа мерзімде аяқтаған. Бұл жұмыс һижри 1212 (миләди 1798) жылғы Рамазан айының 11-інен бастап, һижри 1222 (миләди 1807) жылғы Рабиғ әс-сәни айының 4-іне дейін созылған. Барлығы жеті айдан жеті күн кем уақытта біткен.
Сондай-ақ «Фәтху әл-Бәрри» кітабын да бір том етіп көшірген. Сол сияқты «Мәджмәғ әз-Зәуәид» кітабын да бір томға жинап жазған.
Сирек кітаптарға толы кітапханасы:
Шейх Мухаммад Ғабидтің өте үлкен әрі құнды кітапханасы болған. Онда сирек кездесетін көптеген кітаптар сақталған еді.
Мәдинаға деген қатты сүйіспеншілігі:
«Әл-Йәниғ әл-Джәни» кітабында былай деп айтылған:
«Шейх Мухаммад Ғабид Мәдина шаһарының мекендеріне қатты іңкәр болатын. Оның хош иісіне ерекше сағынышпен ынтығатын. Аллаһтан үнемі өмірінің де, өлімінің де Мәдинада болуын сұрайтын. Сондай-ақ Аллаһ Елшісі ﷺ панасында болуды әрі оның қорғанына сыйынуды аңсайтын».
Ғалымдардың оған берген бағасы:
«Әл-Йәниғ әл-жәни» кітабының авторы ол туралы былай деген:
«Ол — жан-жақты ғалым, озық әрі артықшылық иесі, хадисті жетік меңгерген хафиз-мухаддис, терең түсінікті әрі зерек фақиһ, сондай-ақ дүние мен оның әшекейлерінен бойын аулақ ұстаған заһид еді».
Ғұлама хадисші шейх Ахмад ибн Мухаммад Шакир «Сунән әт-Тирмизи» кітабына жасаған тахқиқының кіріспесінде оны:
«Ұлы ғалым шейх Мухаммад Ғабид әс-Синди — өткен ғасырдағы Мәдина қаласының хадисшісі», — деп сипаттаған.
«Ол — Һижаздың хадисшісі әрі мусниді, ханафи ғалымы шейх Мухаммад Ғабид әс-Синди», — деген.
«Оның медицина ілімінде үлкен орны бар еді. Сондай-ақ наху мен сарфты өте жетік меңгерген болатын. Ханафи фиқһы мен усулын терең білетін. Өзге ғылымдардан да хабары мол, түсінігі дұрыс әрі өте жылдам еді», — деген.
«Хафиз шейх Мухаммад Ғабид әс-Синди танымал тұлға еді. Ол хадистен дәріс беретін», — деп айтқан.
1 — «Минхат әл-Бәри фи джәмғи риуәят әл-Бухари» (басылған).
2 — Имам Әбу Ханифаның Муснадын әл-Хаскәфи риуаяты бойынша ретке келтірген еңбек. Бұл кітап ғұлама Мухаммад Хасан әс-Сәнбәһлидің «Тәнсиқ ән-низам фи Муснад әл-имам» атты шархымен бірге басылып шыққан. Сондай-ақ жеке түрде де бірнеше мәрте басылған.
3 — Имам Шафиғидің Муснадын ретке келтіру еңбегі. Кітап һижри 1370 (миләди 1950) жылы басылып, кейін Бейрутта қайта көшіріліп жарияланған.
4 — «Муғтәмад әл-әлмәғи әл-муһәззәб фи халли Муснад әл-имам әш-Шафиғи әл-мурәттәб». Бұл — Имам Шафиғидің реттелген Муснадына жазылған шарх. Алайда автор дүниеден өткендіктен, кітап толық аяқталмай қалған.
5 — Ибн әд-Дибағтың «Тәйсир әл-усул» кітабына шарх. Онда шамамен 1600 хадис түсіндірілген (қолжазба).
6 — «Хаср әш-шәрид мин әсәнид Мухаммад Ғабид». Бұл еңбек Эр-Риядтағы «Мәктәбәт әр-Рушд» баспасынан екі том болып жарық көрген.
7 — «Тәуалиғ әл-әнуар шарх әд-Дурр әл-Мухтар». Он алты томдық қолжазба еңбек.
8 — «Шейх Мухаммад Ғабид әс-Синдидің ұстаздары мен бауырларының өмірбаяндары». Көлемі 69 бет, қолжазба.
9 — Имам әс-Суютидің хадис мусталахына қатысты «Алфияға» жазылған үлкен шарх.
10 — «Булуғ әл-мәрамға» шарх. Бірақ толық аяқталмаған.
11 — «Әт-Тәуәссул бил-Әнбиә уәл-Әулиә».
12 — «Әл-Мәуәһиб әл-ләтуифа шарх Муснад әл-имам Әби Ханифа».
Оның бұлардан бөлек тағы да көптеген жинақтары мен рисалалары бар. Бірақ біз қазір қолжазбалар арасынан шығарып, тахқиқ жасап баспаға дайындап жатқан «әл-Мәуәһиб әл-ләтуифа әлә Муснад әл-имам Әби Ханифа» кітабына қысқаша тоқталумен шектелеміз.
Бұл еңбек — жоғарыда аталған өзінің «Тәртиб Муснад әл-имам Әби Ханифа» атты кітабына жазылған шарх. Өте құнды еңбек болып, онда хадис, фиқһ және басқа ғылымдарға қатысты көптеген асыл пайдалар қамтылған.
Автор бұл кітапты Меккеде жаза бастаған. Сол себепті оны: «әл-Мәуәһиб әл-ләтуифа фил-харам әл-Мәкки әлә Муснад әл-имам Әби Ханифа» — деп атаған. Бұл еңбек әл-Хаскәфи риуаяты бойынша келген Имам Әбу Ханифа Муснадына жазылған шархтардың ішінде ерекше орын алады. Әсіресе Мулла Әли әл-Қари мен Мухаммад Хасан әс-Сәнбәһлидің (һижри 1305 (миләди 1887) жылы қайтыс болған) шархтарынан өзгеше артықшылықтары бар.
Осы кітапқа жазған кіріспемізде оның кейбір ерекшеліктеріне ишара жасадық. Сәттілік беруші — Аллаһ.
Шейх Тақиуд-Дин ән-Нәдәуи әл-Ханафи
Һижри 1433 жылы Жумадә әл-әхира айының 21-і
Миләди 2012 жылы 13 мамыр.