ИСТИХАРА НАМАЗЫ
▪️ Истихара сөзінің араб тіліндегі мағынасы: Аллаһтан қандайда бір істің хайырын сұрау. Истихара намазында құл Аллаһу Тағаладан бастайын деп жатқан ісіне хайыр сұрайды. Бұл намаз әрбір маңызды шаруа үшін сүннет. Егер бір адам қызға сөз салуды қаласа немесе сапарға шығуды қаласа немесе қандай-да бір маңызды шаруаны қаласа, онда ол адам сол істі бастамас алдын Аллаһу Тағаладан (истихара намазын оқып) сол істің хайырын сұраған жөн. Пайғамбар ﷺ айтты:
«Адам баласының бақыты – Аллаһу Тағаладан жиі жәрдем (истихара) сұрау мүмкіндігі. Адам баласының бақыты – Аллаһтың тағдырына риза болу. Адам баласының бақытсыздығы – истихараны тастау. Адам баласының бақытсыздығы – Аллаһу Тағаланың тағдырына ашуы».
Екі ракағат нәпіл намаз оқып, кейін былай дейді:
«Иә, Аллаһ! Маған іліміңнен игілік бергейсің. Құдіретіңмен мені қуатты еткейсің. Кең пейіліңмен мені қуанышты еткейсің. Расында менің құш-құдіретім жетпейді. Мен еш нәрсені білмеймін. Ал Сен барлық нәрсені білесің. Әрі Сен көместі де толық көрушісің. Иә Алла! Егер бұл істің дінімде, тіршілігімде, істерімнің соңында, (немесе: қазіргі өмір тіршілігімде, келешекте) (бұл істің) мен үшін қайырлы екендігін білсең, оны маған нәсіп ете гөр, әрі маған ол істі оңай етіп, кейін оны мен үшін берекелі ет! Ал егер бұл істің дінімде, тіршілігімде, істерімнің соңында (немесе: қазіргі өмір тіршілігімде, келешекте) (бұл істің) мен үшін жаман екендігін білсең, оны менен алыстата гөр. Әрі мені де одан аулақ ет. Қай жерде болса да мен үшін жақсылықты нәсіп ет, мені сол жақсылықпен разы ете гөр».
(Бұл істің) деген жерде истихара дұғасын оқушы адам бастайын деп жатқан ісін айтады, сосын дәретті күйі құбылаға қарап жатып ұйықтайды.
▪️ Истихара оқығаннан кейін жүрегі сол іске қуанады немесе жүрегінде сол іске көңілі ауу пайда болады. Егер жүрегінде еш нәрсе болмаса, онда жеті күн бойы жеті рет истихара намазын оқиды, ин шәә Аллаһ, истихара намазы мен дұғаның берекеті себепті сол ісінде оған хайыр бар екені көрінеді.
▪️ Қажылыққа баруды қалаған адам қажылықтың өзі үшін истихара намазын оқымайды, бәлки нақты қай уақытта шығатынына байланысты оқиды.
Үмметтің данасы Шейх Ашраф Әли әт-Тәһәнәуй әл-Ханафи әл-Матуриди, «Бәһишти Зиуәр», 163-164 бет.