«Зул-Хиджаның айын көріп, құрбандық шалғысы келген адам шашы мен тырнағын алмасын».
Умму Сәләма риуаят еткен хадисте: «Аллаһ Елшісі ﷺ айтты: «Зул-Хиджа айының он күні басталып, біреулеріңіз құрбандық шалғысы келсе, шашына да, денесіне де тиіспесін». Басқа бір риуаятта: «Шашын мен тырнағын қысқартпасын». Басқа бір риуаятта: «Зул-Хиджаның айын көріп, құрбандық шалғысы келген адам шашы мен тырнағын алмасын». Хадисті Муслим жеткізген.
Мулла Әли әл-Қари әл-Ханафи әл-Матуриди «Мирқату әл-Мәфәтих шарх Мишкат әл-Масабих» (хадис нөмір: 1459) кітабында халиске қатысты ғалымдар арасындағы көптеген келіспеушіліктерді келтіргеннен кейін қорытындылап айтты:
«Түптеп келгенде, бұл ғалымдар арасындағы хиләф мәселесі. Мәлик пен Шафиғидің көзқарасы бойынша құрбандық шалуға ниет еткен адамға құрбандық шалмайынша шашын мен тырнағын алмауы мустахаб. Егер солай істесе, мәкруһ (тәнзиһ) болады. Әбу Ханифа айтты: «(Құрбандық шалуға ниет еткен адам шашы мен тырнағын алуы) рұқсат, (егер істесе) мәкруһ емес, және (құрбандық шалуды ниет еткен адам үшін шашы мен тырнаған алмау) мустахаб та емес». Ахмад былай деді: «(Құрбандық шалуды ниет еткен адам үшін шашы мен тырнаған алуға) тыйым салынады». Осылайша, имамдардың хиләфында үмметке Аллаһтың рақымы бар.
Ханафи мәзһабынан болған хадис шархтаушылардың сөзінен шығатыны: «Әбу Ханифаның (құрбандық шалуды ниет еткен адам үшін шашы мен тырнағын алу): «Рұқсат», - сөзінің мағынасы, оның құзырында бұның (яғни, құрбандық шалуды ниет еткен адам үшін шашы мен тырнаған алмау) мустахаб екенін көрсетеді (яғни, кейбір ханафи ғалымдардың құзырында құрбан шалуды ниет еткен адам шаш пен тырнақ алмауы мустахаб). (Ал хадисте келген шаш пен тырнақты алмау туралы) бұйрық райда келген тыйым жеңіл мәкруһті, (яғни,) хадиске келген тыйымға қайшы әрекет ету абзал амалды тәрк етуді білдіреді».
- Шәфиғи және Мәлики мәзһабында құрбандық шалуды ниет еткен адам шашын немесе тырнағын алу - мәкруһ тәнзиһ.
- Ханафи мәзһабында екі көзқарас бар: ешқандай мәкруһ емес; кейінгі буын ғалымдар: «Егер істесе, онда тек абзал амалға қайшы келген болады», - деді.
- Ханбалилер құрбандық шалуды ниет адам шашы мен тырнағын, тіпті денесіндегі кез-келген түкті алу/жұлу харам деді. Бұл көзқараспен ханбалилер көпшлік ғалымдар ұстанатын жолдан дараланды.