July 26

Шейх Абдул-Мәлик Абдур-Рахман әс-Сағди әл-Ханафи ән-Нақшбанди حفظه الله تعالى

Кіріспе:

Қадірлі шейхымыз Абдул-Мәлик әс-Сағди ғылым иелері мен талапкерлері арасында шығыс пен батысқа бірдей танымал тұлға. Оның пәтуалары, еңбектері және текті әулеті бұл жөнінде айқын дәлел. Сондықтан бұл тарауды жазбай-ақ қоюға да болар еді. Алайда тарих, өмірбаян және тұлғатану саласындағы ғылыми зерттеу әдістемесі кітаптың басында осындай жалпы мәлімет беруді талап етеді. Бұл кейінгі зерттеушілер үшін де бағыт-бағдар болмақ әрі осы салада қалыптасқан ғылыми әдіске сай келеді. Айта кету керек, шейхтың қысқаша өмірбаянының бір бөлігі интернетте де жарияланған. Аллаһ ниеттерімізді біледі.

Маңызды ескерту:

Әс-Сағди әулеті Мароккодағы Сағди мемлекетіне телінбейді. Дегенмен екі әулетті де Пайғамбарымыздың ﷺ құрметті әулетіне барып тірелетін шарапатты тегі біріктіреді.

Сондай-ақ, шейхымыздың аты – Абдул-Мәлик әс-Сағди – кейбір марокколықтарға Марокконың Сағди мемлекетінің билеушілерінің бірі болған Абдул-Мәлик әс-Сағдимен шатастыруы мүмкін. Сол сияқты Мароккодағы Абдул-Мәлик әс-Сағди университеті де шейхтың емес, дәл сол патшаның құрметіне аталған.

Есімі мен тегі

Ол – Абдул-Мәлик ибн Абдур-Рахман ибн Әсғад ибн Джасим ибн Мухаммад ибн Хусейн ибн Хасан ибн Әли ибн Сағди ибн Ашур ибн Дур ибн Хыдыр ибн Аббас.

Бұл Аббас – Самаррадағы ірі әл-Бу Аббас руының арғы атасы. Оның шежіресі мүміндердің әмірі Әли ибн Әбу Талибтің ұлы, имам Хасан әс-Сибтқа барып тіреледі.

Әс-Сағди әулеті – һижраның шамамен XII ғасырынан бастап Ирактың Хит қаласын мекендеп келе жатқан әулеттердің бірі.

Жоғарыда айтып өткеніміздей, шейх Абдул-Мәлик әс-Сағди Пайғамбарымыздың ﷺ құрметті әулетіне барып тірелетін текті әулеттен шыққан.

Туған жылы және өскен ортасы

Шейх Абдул-Мәлик әс-Сағди һижраның 1356 жылы (миләди 1937 жыл) Ирактың Хит қаласында дүниеге келген.

Хит – Ирактың Анбар провинциясындағы көне қалалардың бірі. Онда Аллаһтың тақуа құлы, заһид шейх Абдуллаһ ибн әл-Мубарактың қабірі орналасқан. Бұл өңір бұрын «Дилим лиуасы», кейін «Рамади лиуасы», одан соң «Рамади провинциясы», ал бүгінде «Анбар провинциясы» деп аталады.

Шейхтың атасы Әсғад өз дәуіріндегі білімі мен тақуалығымен танылған ғалым болған. Ол Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде жиһадқа аттанып, содан оралмай хабар-ошарсыз кеткен. Сол кезде оның ұлы, яғни шейхтың әкесі Абдур-Рахман небәрі он екі жаста еді.

Абдур-Рахман Аллаһқа бойсұнумен тәрбиеленіп өсті. Ол Құран Кәрімді оқуды, жазуды үйренді, ғалымдарды және олардың мәжілістерін ерекше жақсы көретін. Оларға зор құрмет көрсетіп, олардан көптеген пайдалы білім жаттап алатын.

Кәсіп ретінде құрылыс ісімен айналысты. Тек адал ризық табуға ұмтылып, күмәнді табыстан барынша сақтанатын. Ғылым мен ғалымдарға деген ерекше сүйіспеншілігінің арқасында балаларын шариғи білім жолына салуды мақсат етті. Олар Ислам мен мұсылмандарға қызмет етсе екен деп армандап, Аллаһтан сондай ұрпақ нәсіп етуін бар ықыласымен тілейтін. Сол арманының алғашқы жемісі – Абдул-Мәлик болды.

Шейхтың анасы былай дейді:

«Мен оны таң намазынан кейін дүниеге әкелдім. Әкесі әдеттегідей таң намазын жамағатпен оқу үшін мешітке кеткен еді. Ол өмір бойы таң намазын мешітте жамағатпен өткізуді ешқашан қалдырмаған. Үйге қайтып келгенде, баласының дүниеге келгенін көріп: “Бұл бала шариғи ілімді оқуға арналады, оған қандай шығын кетсе де”, – деді».

Білім алуы және ғылыми ижазалар алуы

Шейх Абдул-Мәлик әс-Сағди діндарлық пен тақуалық үстем болған отбасында тәрбиеленді. Бес жасқа толғанда ауылдағы молда медресеінде Құран Кәрімді оқуды бастады.

Жеті жасынан кейін, 1943 жылы, Хит қаласындағы бастауыш мектепке түсіп, 1948 жылға дейін оқу, жазу және есеп пәндерін оқыды.

Сол жылы бастауыш мектепті тастап, шариғи және араб тілінің ғылымдарын оқу үшін Хит қаласындағы Евфрат өзенінің жағасында орналасқан әл-Фаруқ мешітіндегі діни мектепке түсті. Бұл мектепте оған шейх Абдул-Азиз әс-Самарраи, Аллаһ оны рақымына алсын, дәріс берді.

1949 жылы шейх Абдул-Азиз Фаллужа қаласына көшкеннен кейін, жасы әлі кіші болғандықтан, Абдул-Мәлик оқу үшін басқа қалаға бара алмады. Оның орнына Хиттегі мектепке шейх Таһа Алуан әс-Самарраи, Аллаһ оны рақымына алсын, ұстаз болып тағайындалды. Абдул-Мәлик одан 1954 жылға дейін,балиғат жасына жеткенше білім алды.

1954 жылы Фаллужа қаласына көшіп, Евфрат жағасындағы үлкен мешітте орналасқан әс-Сафия медресесінде бұрынғы ұстазы шейх Абдул-Азиздің қасына барып, оқуын жалғастырды. Ол ұзақ уақыт бойы ұстазынан және басқа ғалымдардан діни (нақли) әрі ақли ғылымдарды, сондай-ақ тіл ғылымдарын меңгерді.

Шейх Абдул-Мәлик әс-Сағди мәтіндерді жатқа білумен және олардың түсіндірмелерін терең түсінуімен танылды. Соның нәтижесінде көптеген ғылымдарды игеріп, энциклопедиялық білім иесі саналатын ғалымдардың қатарына енді. Ол меңгерген негізгі ғылымдар:

  1. Тәпсір және оның ғылымдары.
  2. Құран ғылымдары.
  3. Хадис және хадис ғылымдары.
  4. Салыстырмалы фиқһ.
  5. Салыстырмалы усул әл-фиқһ.
  6. Кәләм ілімі және ислам ағымдары.
  7. Тәжуид ілімі.
  8. Араб тілі ғылымдары: наху және сарф.
  9. Бәләғат ғылымдары: маани, баян және бәдиғ.
  10. Мантық (логика).
  11. Хикмет (философия) ілімі.
  12. Уадғ ілімі.
  13. Өлең өлшемі (ғаруд) және ұйқас (қауәфи) ілімі.
  14. Фараид (мұрагерлік құқығы) ілімі.
  15. Ғылыми зерттеу әдебі және пікірталас қағидалары.
  16. Исламдық жүйелер.
  17. Ислам заңнамасының тарихы.
  18. Араб әдебиеті және басқа да ғылымдар.

Ол бұл ғылымдардың мәтіндерін толық меңгеріп, олардың мағыналары мен түсіндірмелерін терең зерттеді. Соның арқасында Аллаһтың кеңшілігімен бұл ғылымдардан мол үлеске ие болды.

Шейхтың өзі де көптеген еңбектер жазып, оларды діни медреселерде, Ирак университеттері мен колледждерінде, сондай-ақ Иорданияда және дәріс берген өзге де жерлерде студенттерге оқытты.

1962 жылы он екі жылдық діни мектепті үздік бітіріп, сол кездегі мешіт-медреселердің бітіру куәлігі болып саналатын он екінші сынып туралы куәлікті алды. Ол өз сыныбында бірінші орынмен тәмамдады.

Оқуын аяқтағаннан кейін ұстазы шейх Абдул-Азиз әс-Самарраи оған дәстүрлі ғылыми ижаза берді. Бұл – ертеден бері ғалымдар өз шәкірттеріне беріп келген ғылыми рұқсат. Оның бұл ижазасының иснады бірінен бірі жеткізген ғалымдар арқылы мүміндердің әмірі Әли ибн Әбу Талибке, Аллаһ оған разы болсын, дейін жалғасады.

1967 жылы Бағдатта Имам Ағзам атындағы Исламтану колледжі ашылған соң, сонда оқуға түсіп, мына ұстаздардан тәлім алды:

  • доктор Ахмад Нажи әл-Қайси;
  • доктор Нажи Мағруф;
  • доктор Омар әш-Шайләхани.

Сонымен қатар әл-Азһардың бірқатар ғалымдарынан да дәріс алды. Атап айтқанда:

  • шейх Ахмад Фәһми Әбу Сунна;
  • шейх Хасан әз-Зауахири;
  • шейх Юсуф Абдур-Раззақ;
  • шейх Шамсуд-Дин Абдул-Хафиз;
  • доктор Ахмад әл-Хуфи.

Бұлардан бөлек тағы басқа көптеген ұстаздар мен ғалымдардан білім алды.

1970 жылы аталған колледжді Ислам шариғаты мамандығы бойынша үздік деген бағамен бітіріп, бакалавр дәрежесін алды.

1971 жылы Бағдат университетінің Әдебиет факультетіндегі Дінтану бөліміне түсіп, магистратурада оқуын жалғастырды. 1974 жылы салыстырмалы фиқһ мамандығы бойынша магистр дәрежесін үздік бағамен қорғады.

Бакалавриат пен магистратурада оқып жүргеніне қарамастан, өзі дәріс беретін медреседе ұстаздық қызметін үзген жоқ.

1975–1976 жылдары Имам Ағзам колледжінде оқытушы болып тағайындалды.

Сондай-ақ шейх Абдул-Кәрим әд-Даббаннан усул әл-фиқһтағы «Шарх Мухтасар Ибн әл-Хажиб» кітабын оқып шықты. Осыдан кейін оған иснады сахаба Абдуллаһ ибн Аббасқа, Аллаһ ол екеуіне разы болсын, дейін жалғасатын ғылыми ижаза берілді.

Кейін Меккедегі Уммул-Қура университетіне докторантураға түсіп, қасиетті Мекке қаласында және Қағбаның маңында 1400 һижри (1980 ж.) жылдан бастап өмір сүрді. 1404 һижри (1984 ж.) жылы Уммул-Қура университетінің Шариғат факультетінде шейх, доктор Ахмад Фәһми Әбу Суннаның ғылыми жетекшілігімен Ислам шариғаты мамандығы бойынша докторлық диссертациясын үздік бағамен қорғады.

1986 жылдан 1995 жылға дейін доцент (қауымдастырылған профессор) ғылыми атағында қызмет атқарды.

Ал 1995 жылғы 15 наурызда профессор дәрежесіне көтерілді.

Ұстаздары

Ұстаздың шәкіртіне тигізетін ықпалы сөзсіз зор. Ғылымының молдығы, бойындағы құндылықтары, көркем мінезі мен меңгерген ілімдері шәкірттің тұлға болып қалыптасуына әсер етеді. Қадірлі шейхымыз Абдул-Мәлик әс-Сағди де әртүрлі ғылым салаларында танылған бірқатар көрнекті ұстаздардан тәлім алды. Олар оның ғылыми жолының қалыптасуына және өмірдегі дұрыс таңдау жасауына елеулі үлес қосты.

1. Шейх Абдул-Азиз Салим әс-Самарраи

Шейх Абдул-Азиз әс-Самарраидің өмірбаяны жоғарыда қысқаша айтылып өтті. Оның шейх Абдул-Мәликке және оның қатарлас шәкірттеріне сіңірген еңбегі өте зор болды.

Ұстазына деген құрметі мен адалдығының белгісі ретінде шейх Абдул-Мәлик өзінің «Изәләту әл-қуюд ған әлфази әл-Мақсуд фи фаннис-сарф» атты еңбегін оған арнап, былай деп жазған:

«Евфрат жағасында ілім таратушыға, Анбар өлкесінде шариғат мұрасын қайта жандандырған, ежелден ғалымдар шығарып келе жатқан өлкеге қызмет еткен жанға; менің білімімнің іргетасын қалаған, алдымнан ғылым мен таным жолын ашқан және жастық шағын шәкірттерге қызмет етуге арнаған ұстазыма;
Ас-Сафия медресесінің ұстазы, Фаллужаның бас хатибі, ұлағатты ғалым шейх Абдул-Азиз Салим әс-Самарраиға осы кітапты арнаймын».
Шәкіртіңіз Абдул-Мәлик әс-Сағди.
25.01.1973 ж.

2. Шейх Таһа Алуан әс-Самарраи

Шейх Абдул-Мәлик әс-Сағди ұстазына деген адалдығы мен құрметін өзінің бір еңбегінде былай деп білдірген:

«Шынайы барлық игілік әуелде де, ақырда да бір Аллаһ Тағалаға ғана тән. Егер адамдар арасында қандай да бір игілік бар деп айтылса, ол – олардың бір-біріне жасаған жақсылығы. Иман мен ізгі амалдан кейінгі ең үлкен нығметтердің бірі – ілім, ал оның ең абзалы – ғалымдардың оны шәкірттеріне жомарттықпен үйретуі.Маған білім беруде ерекше жақсылық жасаған адамдардың бірі – марқұм, қадірлі ұстазым шейх Таһа Алуан әс-Самарраи болды. Мен онымен Хит қаласындағы діни мектепте шамамен алты жыл бірге болып, одан көптеген пайдалы білім алдым.Сондықтан оның мендегі ақысының бір бөлігін өтеу ниетімен, оның жасаған жақсылығын мойындап әрі рухына дұға етіп, осы қарапайым еңбегімді соған арнаймын.Аллаһ оған және маған білім берген барлық ұстаздарыма ең қайырлы сыйын берсін, сауаптарын еселей көрсін. Бізді амал етуші ғалымдардың қатарында, ғалымдардың мырзасы, абзалдардың абзалы – Аллаһтың ең игі салауаты мен сәлемі болсын – Пайғамбарымыз Мұхаммадтың ﷺ туының астында бірге тірілтсін».

3. Доктор Ахмад Нажи әл-Қайси

Шейх Абдул-Мәлик әс-Сағди өзінің ұстазы, доктор Ахмад Нажи әл-Қайсидің өзіне ерекше қолдау көрсеткенін де атап өткен. Ол «Изәләту әл-қуюд ған әлфази әл-Мақсуд фи фаннис-сарф» атты кітабының кіріспесінде былай дейді:

«Бұл кітаптың қадірлі ұстазым, ұлағатты ғалым доктор Ахмад Нажи әл-Қайсидің қаламынан туған асыл сөздермен безендіріліп, оның алғысөзімен жарық көруі мен үшін үлкен мақтаныш әрі зор мәртебе. Ол кісі бұл кітапқа алғысөз жазуға келісімін беріп, маған үлкен құрмет көрсетті».

Автор ары қарай шейхтың тағы да көптеген ұстаздарын таныстырады. Алайда оқырманды жалықтырмау үшін олардың барлығын тізіп келтіруді жөн көрмедік.

Отбасы

Шейх Абдул-Мәлик әс-Сағди, Аллаһ оны сақтасын, екі рет үйленген.

Бірінші жұбайы – Хәдижа. Онымен 1957 жылы некелескен. Ол 2006 жылы дүниеден өтті, Аллаһ оны рақымына алсын. Бұл некеден төрт перзент сүйген:

  1. Маруан – Рамадидегі Үлкен мешіттің азаншысы. Діни оқуын аяқтамаған.
  2. Амина.
  3. Заһра.
  4. Ахмад – фиқһ және усул әл-фиқһ ғылымдарының докторы. Қазіргі таңда университетте оқытушы болып қызмет атқарады.

Екінші жұбайы – Джунбуз. Онымен 1974 жылы некелескен. Бұл некеден алты ұл және екі қыз дүниеге келген:

  1. Тамадур.
  2. Мухаммад – физика ғылымдарының докторы, университет оқытушысы.
  3. Осман – компьютерлік бағдарламалау және стоматология мамандықтары бойынша екі жоғары білімі бар. Қазіргі таңда тіс дәрігері болып жұмыс істейді.
  4. Бара – фиқһ және усул әл-фиқһ ғылымдарының докторы, университет оқытушысы.
  5. Абдур-Рахман – фиқһ және усул әл-фиқһ мамандығы бойынша магистр.
  6. Сария – іскерлік басқару (MBA) мамандығы бойынша магистратура студенті.
  7. Аруа.
  8. Халил – қазіргі уақытта сәулет инженериясы мамандығы бойынша бакалавриатта білім алуда.

Ғылыми және әкімшілік қызметтері

  • 1958 жылы, өзі әлі осы медресенің сегізінші сыныбында оқып жүрген кезінде, ұстазы шейх Абдул-Азиз әс-Самарраимен бірге сол медресеге ұстаз болып тағайындалды. Бағдаттағы Ислам тәрбиесі қоғамының қаржыландыруымен бір топ шәкіртке дәріс берді. Осылайша, бір мезгілде әрі шәкірттерді оқытып, әрі өз ұстазынан білім алуды жалғастырып, 1962 жылы оқуын толық аяқтады.
  • 1963 жылы Фаллужадағы діни мектепке ресми ұстаз болып орналасу үшін емтихан тапсырып, 120 ұпайдың 120-сын жинады. Соның негізінде сол кездегі республика президентінің жарлығымен 1963 жылдың ақпан айында Әуқаф министрлігіне қарасты ресми ұстаз қызметіне тағайындалды.
  • 1965 жылы Анбар провинциясының орталығы Рамади қаласына көшіп барып, шариғи және араб тілі ғылымдарын оқытатын діни мектеп ашты. Бұл мектеп Рамадидегі Үлкен мешіттің жанынан ашылып, Ауқаф министрлігіне қарады. Бұл игі іске оның бауырлары да атсалысты. Олар: Олар аймақтағы діни және ғылыми қозғалыстың дамуына үлкен үлес қосып, шейх Абдул-Мәликтің ең сенімді көмекшілері болды.
    • шейх, доктор Абдул-Әлим;
    • шейх, доктор Абдул-Хаким;
    • шейх, доктор Абдур-Раззақ;
    • шейх, доктор Абдул-Қадир;
    • шейх, доктор Абдуллаһ.
  • Шейх Абдул-Мәлик бұл мектепті басқарып, онда 1975 жылға дейін дәріс берді. Кейін сол кездегі үкімет діни мектептердің қызметін тоқтатып, оларды ислам лицейлерінің құрамына қосты.
  • 1966 жылы шейх Абдул-Мәлик әс-Сағди Рамадидегі Үлкен мешіттің имамы әрі хатибі болып тағайындалды. Бұл қызметті ұстаздық жұмысымен қатар атқарды.
  • Ол Фаллужа мен Рамадидегі діни мектептерде, сондай-ақ түрлі колледждерде, университеттерде және діни институттарда көптеген шәкірт тәрбиеледі. Шәкірттерінің көбі кейін мешіттерде имамдық, хатибтік және басқа да діни қызметтер атқарды. Олардың басым бөлігі докторлық ғылыми дәрежеге ие болды.
  • 1966 жылы Рамади қаласында Ирак ғалымдары қауымдастығының бөлімшесін ашуды талап еткен бастамашылардың бірі болды. Аллаһтың қалауымен бұл бөлімше ашылып, шейх 1979 жылға дейін оның төрағасының орынбасары қызметін атқарды. Кейін 1412 һижри (1993 ж.) жылы осы ұйымның төрағасы болып сайланып, оның аясында көптеген исламдық және мәдени жобаларды жүзеге асырды.
  • 1406 һижри (1986 ж.) Бағдатта Имамдар мен хатибтерді даярлайтын Жоғары ислам институты ашылған соң, сонда оқытушы болып тағайындалды. Кейін доцент атағын алып, институт «Саддам атындағы имамдар, хатибтер және уағызшыларды даярлау колледжі» болып қайта құрылғаннан кейін де 2001 жылға дейін қызметін жалғастырды.
  • 1407–1408 һижри (1987–1988 жж.) аралығында Бағдаттағы Шариғат факультетінде дәріс оқи бастады және бұл қызметін 2001 жылға дейін жалғастырды.
  • Сонымен қатар:
    • Бағдаттағы Ислам университетінде;
    • Анбар университетінде;
    • Әл-Мағариф университеттік колледжінде оқытушы болды.
  • 1413 һижри (1991 ж.) Ислам банкіне шариғат кеңесшісі болып тағайындалды.
  • 1411 һижри (1992 ж.) Рамадидегі Үлкен мешіт жанындағы Абдуллаһ ибн әл-Мубарак атындағы діни мектеп қайта ашылғаннан кейін оның директоры болып тағайындалды.
  • 1412 һижри (1992 ж.) Ислам университетінің Қамқоршылар кеңесінің мүшесі болып сайланды.
  • 2001–2008 жылдар аралығында Иорданиядағы Мута университетінің Шариғат факультетінде оқытушы қызметін атқарды.
  • Екі жыл бойы Мута университетінің ғылыми журналының редакциялық алқа мүшесі болды.
  • Бүкіләлемдік мұсылман ғалымдары одағының Бас ассамблеясының мүшесі болды.
  • 2001 жылға дейін Ислам ынтымақтастығы ұйымына қарасты Ислам фиқһы академиясының мүшесі қызметін атқарды.
  • 1414 һижри (1993 ж.) Жоғары Ауқаф кеңесінің мүшесі болып тағайындалды.
  • Уақып қаражатын инвестициялау жөніндегі кеңестің мүшесі болды.
  • 1413 һижри (1993 ж.) мен 2001 жыл аралығында шариғи айды бақылау комиссиясының мүшесі қызметін атқарды.
  • 2007 жылы Ирак Республикасының Бас мүфтиі қызметіне тағайындалды. Алайда аз уақыттан кейін бұл қызметтен өз еркімен бас тартты.
  • Қазіргі уақытта Иордания астанасы Амман қаласындағы Халықаралық Ислам ғылымдары университетінің оқытушысы болып қызмет атқарады.

Ғылыми еңбектері

Төменде шейх Абдул-Мәлик әс-Сағдидің ең маңызды еңбектері берілген. Автор кітаптың соңғы тарауларында олардың әрқайсысының құрылымы мен негізгі тақырыптарына жеке-жеке тоқталатынын айтады.

  1. Шариғат пен заңдағы некесіз жыныстық қатынас және оның жазасы.
  2. «Мизан әл-Усул фи нәтәиж әл-Уқул фи усул әл-фиқһ» (2 томдық, тахқиқ, түсіндірме және ғылыми ескертпелер).
  3. Ауыл және қала тұрғындарына қажетті пайдалы мәселелер мен ғибраттар.
  4. Қажылық пен ұмрадағы жолбасшыңыз.
  5. «Ән-Нәсафия» ақида мәтінінің түсіндірмесі.
  6. Исламдағы бидғат ұғымының дәл түсіндірмесі.
  7. Құран Кәрімдегі құлдардың амалдары: мәжбүрлік пен таңдау арасында.
  8. «әл-Мақсуд» кітабындағы сөздерге қойылған шектеулерді жою (сарф ғылымы).
  9. «әш-Шафия» мәтінінің түсіндірмесі (сарф).
  10. «Мәрах әл-Әруах» мәтінінің түсіндірмесі (тахқиқ және шарх).
  11. Мантық ғылымындағы «әс-Суллам әл-Мунаурақ» назымына жүйелі түсіндірме.
  12. Уақып және оның қоғамның дамуына әсері.
  13. Ислам фиқһы тұрғысынан талақ және оның қазіргі қолданыстағы сөздері.
  14. Шариғаттағы серіктестің ақы алу мәселесі.
  15. Ғылыми зерттеу мен пікірталас әдебіндегі көркем сұхбат.
  16. «әл-Бадр әт-Талиғ» – әл-Махаллидің әс-Субкидің «Жамғ әл-Жәуамиғ» еңбегіне жазған шархы (тахқиқ, түсіндірме және ғылыми ескертпелер).
  17. Құлшылықтар фиқһы.
  18. Муамалат (азаматтық-құқықтық қатынастар) фиқһы.
  19. Анттар мен нәзірлер фиқһы.
  20. Уақып, сыйға тарту және табылған заттар фиқһы.
  21. Фиқһ және усул әл-фиқһ қағидаларынан таңдамалы үлгілер.
  22. Зекет фиқһы және қазіргі заман мәселелері.
  23. Меншік құқығын ауыстыратын келісімшарттар (сату және сыйға тарту).
  24. Заманауи фиқһ мәселелері.
  25. Некенің бұзылуынан туындайтын құқықтық салдарлар.
  26. Ислам қылмыстық заңнамасына қатысты зерттеулер.
  27. Усул ғалымдарының дәлел түрлері (дәләлаттар).
  28. Араб тілінің синтаксисіне (нахуға) қатысты зерттеулер және басқа да еңбектер.

Ғылыми мақалалары мен зерттеулері

Шейх Абдул-Мәлик әс-Сағди көптеген ғылыми мақалалар мен зерттеулер жазған. Солардың ішіндегі ең белгілілері:

  1. Атаның және бауырлардың мұрагерлік мәселесі.
  2. Бөгде әйелмен қол алысудың үкімі.
  3. Исламдағы сақалдың үкімі.
  4. Ирактағы кәләм мәзһабтары мен мектептері және олардың көрнекті өкілдері.
  5. Пайғамбарымыздың ﷺ затының өзі – мұғжиза.
  6. Мутға некесі – діни сипатқа бүркелген қоғамдық кесел.
  7. Екі намазды қосып оқудың үкімі.
  8. Айт күні жұмаға сәйкес келсе, жұма намазының парыздығы.
  9. Азл (ұрықтың жатырға түсуіне жол бермеу) және оның ислам фиқһындағы үкімдері.
  10. Ислам фиқһындағы сәфәһтің (мал-мүлкін орынсыз ысырап ететін адамның) үкімі.
  11. Бес уақыт намаздың, екі айт намазының және оразаның уақыттары.
  12. Шамамен бес мыңға жуық шариғи пәтуа. Олардың көпшілігі Иракта жарық көрген ислам журналдарында, сондай-ақ кейбір интернет сайттарында жарияланған.

Доктор Хасан Яшу

Усул әл-фиқһ және мақасид ғылымдарының профессоры.