May 11

Пайғамбарымыздың ﷺ атынан құрбандық шалу абзал ма немесе бидғат па?

СҰРАҚ:

Пайғамбардың ﷺ атынан құрбан шалудың маңыздылығы қандай? Бұл мұсылмандар арасында кең таралған әдет. Бұл амал рұқсат па немесе абзал ма, әлде бидғат па?

ЖАУАП:

Рахман әрі аса Рақымды Аллаһ атымен (бастаймын)!

Бұл сұрақ шариғатта марқұмның атынан сауапты амал жасап және соның сауабын оларға бағыштау мәселесіне қатысты. Ислам ғұламаларының көпшілігінің, соның ішінде төрт суннит мәзһаб ғалымдарының пікірі бойынша, марқұмның атынан сауапты амал жасап, оның сауабын марқұмға бағыштау рұқсат («исалу ас-сауаб). Және ғалымдар бұл амалдың марқұмға пайда әкелетініне келісті.

Бұл амал екі санатты қамтиды:

1. Мал-мүлкпен орындалатын ғибадат («ғибадату әл-мәлия») – зекет (садақа), құрбандық (удхия) немесе қажылық (қажылық);

2. Физикалық ғибадат – намаз, ораза, Құран оқу сияқты.

Мал-мүлікпен жасалған амалдың сауабын марқұмға бағыштауға рұқсат екендігіне ғалымдар арасында иджма бар (Ибн Абидин «Радд әл-Мухтар»; Хаттаб, «Мәуәһиб әл-Джалил»; ән-Нәуәи «Әл-Минһадж»; Ибн Қудама, «Әл-Муғни»).

Ендеше, марқұмның атынан сауапты амал жасап, оның сауабын оған бағыттаудың еш айыбы жоқ. Сауабы оған жетеді және ол осы амалды істеген адамның, ин шәә Аллаһ, сауабын кемітпестен алады.

Бұған марқұмның атынан құрбандық шалуға қатысты (удхия) кіреді – ата-анасы, ата-әжесі, басқа туыстары, ұстаздары, тәрбиешілері және дін қайраткерлері, сахабалар мен Алла Елшісінің отбасы мүшелері (Аллаһ олардан разы болсын), барлық пайғамбарлар мен Аллаһтың елшілері (оларға Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) және сүйікті Елшіміз ﷺ. Удхия/құрбан мал-мүлікпен жасалған ғибадат түрлерінің бірі болғандықтан, ғұламалардың бірауыздан рұқсат етілгендігі туралы ортақ пікірі бар.

Алла Елшісінің ﷺ атынан құрбан шалу немесе басқа да ғибадаттарды орындау оның бұл нәрсеге мұқтаж ететінін білдірмейді; керісінше, біз пайда аламыз. Имам Ибн Әбидин (Аллаһ оны рахым етсін) өзінің «Радду әл-Мухтар» кітабында Аллаһ Елшісі ﷺ бізді күпірліктен алып қалғаны үшін кішігірім шүкіршілік ретінде сауапты амалдарға құқығы бар деп түсіндіреді.

(Оған қоса, құрбандық шалғанда да Пайғамбар ﷺ өз үмметін ұмытпағанын көреміз). Бұл (Пайғамбар ﷺ атынан құрбандық шалу) салауат айтып, Аллаһтан оның дәрежесін қазіргіден де жоғары көтеруін сұрауымыз секілді.

«Осы себепті, бізге белгілі болғандай, Абдулла ибн Омар (Аллаһ одан разы болсын) Алла Елшісі ﷺ дүниеден өткеннен кейін (Пайғамбарымыз ﷺ) атынан умра жасады (Пайғамбар ﷺ оған бұйырмаған болсадағы). Сол сияқты кейбір өткен ізгі мұсылмандардың да Аллаһ Елшісінің ﷺ атынан қажылық өтеп, Құран хатым етіп, құрбандық шалғаны анықталған».

Қараңыз: «Радду әл-Мұхтар әлә әд-Дурру әл-Мұхтар», 2/244.

Дәл осылай имам Зафар Ахмад Усмани (Аллаһ оны рақым етсін): «Кімде-кім өзінің сүйікті Пайғамбарының ﷺ атынан жыл сайын құрбан шалу мүмкіндігіне ие болса, онда құрбан шалуы керек - ұсақ мал болсын (қошқар, қой) немесе ірі жануардың (сиыр сияқты) жетіден бір бөлігі болсын» («Иғлияу әс-Сунан», 17/268).

Аяқтамас бұрын мен жоғарыда айтылғандарға қатысты үш тармақты атап өткім келеді:

1. Алла Елшісінің ﷺ атынан құрбан шалу – парыз амал емес, мустахаб (және сауабы бар) амал. Кейбір мұсылмандар мұны парыз санап, соның салдарынан Пайғамбар ﷺ атынан құрбан шалмаған адамдарға менсінбей қарайды. Бұл дұрыс емес және одан аулақ болу керек!

2. Алла Елшісінің ﷺ немесе басқа марқұмның атынан шалынған малдың еті адам өз атынан шалған малдың еті сияқты бөлінеді. Демек, адам бұл еттің бір бөлігін жей алады немесе өзі қалаған адамдарға - бай немесе кедей, мұсылман және мұсылман еместерге бере алады. Бірақ құрбандықтың етін үшке бөліп: бір бөлігін өзіңе, бірін туысқандарға, бірін кедей-кепшіктерге таратқаны абзал.

Егер құрбандық марқұмның өсиеті себепті сойылса және оның мүлкі есебінен алынса, онда бұл малдың етін жеуге болмайды, құрбандықтың барлық еті кедейлер мен мұқтаждарға (зекет алуға құқығы бар адамдарға) таратылады.

3. Сауабын Аллаһ Елшісіне ﷺ немесе басқа бір марқұмға беру ниетімен өз атынан құрбан шалуға болады. Бұл жағдайда екі мақсатқа жету үшін бір құрбандық жеткілікті болады – егер басты ниет өз атынан құрбандық шалу парызын орындау болса.

Бірақ, негізгі ниет марқұмның атынан нәпіл құрбан шалу болса, онда (өз атынан) құрбандық парызын өтеуге бір құрбан шалу жеткіліксіз болады. Бұл жағдайда екі бөлек құрбандық шалу керек.

Аллаһ жақсырақ білуші.

Муфти Мухаммад Адам әл-Кәусәри

(Дарул-Ифта, Лестер Англия).

DARULIFTAA.COM

Institute of Islamic jurisprudence

Аударған:

https://azan.ru/maqalat/read/sovershenie-kurbana-ot-imeni-proroka-mir-emu-i-blagoslovenie-zhelatelnoe-11002