Yesterday

Әбу Һурайра (Аллаһ одан разы болсын) тағы былай деді: «Мен Аллаһ Елшісінің ﷺ осы аятты оқып тұрып, екі саусағын қойғанын көрдім».

Бізге Әли ибн Наср және Мухаммад ибн Юнус ән-Нәсаи (екеуінің риуаятындағы мағына бірдей) айтты: бізге Абдуллаһ ибн Язид әл-Муқриу жеткізді, ол Хармала (яғни Ибн Имраннан), ол Маған Әбу Юнус Сулайм ибн Джубайрдан — Әбу Һурайраның (Аллаһ одан разы болсын) азат етілген құлы — жеткізіп айтты: «Мен Әбу Һурайраның (Аллаһ одан разы болсын) мына аятты оқып отырғанын естідім: ﴾Аллаһ сендерге аманаттарды иелеріне қайтаруды және адамдар арасында билік айтқандарыңда әділ үкім шығаруды бұйырады﴿ — деген жерінен бастап, Аллаһу Тағаланың: ﴾Шүбәсіз, Аллаһ – Сәмиғ (бәрін естуші) һәм Басир (не істеп, не қойып жүргендеріңнің бәрін көруші)﴿ деген сөзіне дейін. Сонда ол былай деді: «Мен Аллаһ Елшісінің ﷺ бас бармағын құлағына, ал оның қасындағы саусағын көзіне қойып тұрғанын көрдім».

Әбу Һурайра (Аллаһ одан разы болсын) тағы былай деді: «Мен Аллаһ Елшісінің ﷺ осы аятты оқып тұрып, екі саусағын қойғанын көрдім».

Ибн Юнус былай деді: Әл-Муқри айтты: «Бұл — жәһмия ағымына қарсы дәлел».

Үлкен мухаддис имам Халил Ахмад әс-Сәһәранфури әл-Ханафи әл-Матуриди өзінің әйгілі «Бәзл әл-Мәджһууд фи халли сунан Әбу Дәуд» кітабында (3893-ші) хадистің түсіндірмесінде айтты:

«(«Мен Әбу Һурайраның (Аллаһ одан разы болсын) мына аятты оқып отырғанын естідім: ﴾Аллаһ сендерге аманаттарды иелеріне қайтаруды және адамдар арасында билік айтқандарыңда әділ үкім шығаруды бұйырады﴿ — деген жерінен бастап, Аллаһу Тағаланың: ﴾Шүбәсіз, Аллаһ – Сәмиғ (бәрін естуші) һәм Басир (не істеп, не қойып жүргендеріңнің бәрін көруші)﴿ деген сөзіне дейін. Сонда ол) яғни, Әбу Һурайра (былай деді: «Мен Аллаһ Елшісінің ﷺ бас бармағын құлағына, ал оның қасындағы саусағын) яғни, сұқ саусағын (көзіне қойып тұрғанын көрдім»). Бұл — есту және көру сипаттарына ишара. Мұндағы мақсат — осы екі сипаттың бар екенін бекіту, ұқсату (тәшбиһ) мен қалай екенін анықтау (тәкииф) емес.

(Әбу Һурайра (Аллаһ одан разы болсын) тағы былай деді: «Мен Аллаһ Елшісінің ﷺ осы аятты оқып тұрып, екі саусағын) құлағы мен көзіне (қойғанын көрдім»).

(Ибн Юнус былай деді:) Адуллаһ ибн Язид (Әл-Муқри айтты: «Бұл) хадис (— жәһмия ағымына қарсы дәлел») себебі олар Аллаһтың есту және көру сипаттарын¹ жоққа шығарады».

¹Жәһмилер мен муғтазилелер Аллаһтың «есту» және «көру» сипаттарын жоққа шығарып, бұл екі сипаттың мәні Аллаһтың «ілімі» деп түсіндіреді (бұл жөнінде хафиз әл-Байһақи әш-Шәфиғи әл-Әшғаридің «әл-Әсмә уә ас-Сифат» атты еңбегінен оқуға болады).